Мұхтар Қожа. Арыстанбаб кесенесi құлау алдында тұр
Тарихи құндылығы аса жоғары, елiмiзде республикалық дәрежедегi ескерткiштер қатарына жататын Арыстанбаб кесенесiнiң жағдайы соңғы бiр-екi жылда күрт төмендеп кеттi. Ақпан айының 3-i күнi ғимаратты аралап көрген соң, ескерткiштi сақтау шаралары жасалмаса, оның бұзылу алдында тұрғанына көзiм толық жеттi. Құрылыстың есiк пен терезе ойықтары үстiндегi қабырға бөлiктерiне сызаттар, жарықшалар түскен, кейбiр қыштар орындарынан босаған. Бiр бөлмеде қабырға жоғары бөлiгiнен iргесiне дейiн жарылыпты. Қабiрхана бөлмесiнiң ешбiр терезе-есiгi жоқ қабырғасында кiрпiштер қақ айырылып жарылған, осы қабырғада жоғарыдан төмен қарай бiрнеше сызықшалар қатар түскен. Яғни бұл тұтас қыштан қаланған қабырғалардың өзi жарылып жатыр деген сөз.
Мұның себебi неде? Менiң пайымдауымша, кесене астындағы топырақ қабаттарының тұтастығы бұзылып, өз қасиетiнен айныған. 1988 жылдан берi мен бiлетiн Арыстанбаб кесенесiнде бұрын-соңды осыншама жарылу сызаттары болған емес. Бұрын сызаттар кесененiң бiр бөлiктерiнде ғана болатын. Ал қазiргi жағдай мүлдем басқаша, олар кесененiң барлық бөлiгiнде байқалады.

Арыстанбаб ескерткiшi күйiнiң өзгеруi ең алдымен кеңес дәуiрiнде кесене айналасына жүгерi егуден басталды. Егiстiктердi суару жер астындағы тұзды су деңгейiн қатты көтердi, бұрын тұщы, тәттi болып келген Арыстанбаб құдығының суы ащыға айналды. Жерасты су деңгейiнiң көтерiлуi кесенеге едәуiр зиян әкелдi. Ғимарат қабырғаларында тұз пайда болып, ол сылақ пен кiрпiштердi бұза бастады. Арыстанбаб айналасын көгалдандыру мақсатындағы шаралар кейбiр қабырғалардың, күмбездердiң жарылуына әкелiп соқтырды. Осыған байланысты ескерткiштiң қорғау аумағында көгалдандыру, су жiберу жұмыстарына тыйым салынды. Кесенеге жақын жерден өтетiн каналдан ескерткiшке зияны тимесiн деп лоток салынды, қашыртқылар жасалды. Бұл шаралар ескерткiш жағдайын бiршама тұрақтандырды.
2004 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында реставраторлар Арыстанбаб кесенесiнде жаңа жөндеу жұмыстарын жүргiздi. Алматыдағы Мәдениет министрлiгiне қарасты Республикалық материалдық мәдени ескерткiштердi ғылыми-зерттеу және жобалау институты (НИПИ) мамандары кесененi тұз зардабынан құтқаратын жаңа тәсiл қолдануды ұсынды. Реставрациядан соң Арыстанбаб ғимаратының қабырғаларына тұз шығу тоқтады. Бұл Қазақстан аумағында ескерткiштердi сақтауда бұрын пайдаланылмаған жаңа тәсiл болатын. Институт мамандары реставрация жасалып болғаннан кейiн де ескерткiштiң жағдайын үнемi қадағалап тұруды ұсынды. Алайда реставраторларға жаңа тәсiлдiң мүмкiншiлiгiн соңына дейiн тексерiп, қадағалап, iстi аяғына дейiн апаруларына сол кездегi Мәдениет министрi Қосубаевтың көп жылдар бойы кәсiби маман-реставраторлар шоғырланған Республикалық материалдық мәдени ескерткiштердi ғылыми-зерттеу және жобалау институтын тарқатуы тосқауыл болды. Арыстанбаб кесенесiн жаңаша жөндеудi ұсынған мамандар басқа мекемелерге жұмысқа кетуге мәжбүр болды. Министрдiң ақылсыз, таяз шешiмi бүкiл Қазақстан бойынша ескерткiштердi жөндеу жұмыстарына керi әсерiн тигiзiп келедi десем, қателеспеймiн. Өзбекәлi Жәнiбековтей тарихи тұлғамыздың және басқа да ескерткiшке жаны ашитын бiлiктi мамандар қалыптастырған, бiрiн-бiрi бақылап тұратын ғылыми реставрациялық жүйе тас-талқан болды. Әлемдiк практикада бiр ескерткiштi мәпелеп, аялап оның реставрациясына ондаған жылдарды сарп етiп жатса, бiздегi бiр жылда жөнделген ескерткiштер санын естiсең, шошисың!
Арыстанбаб бейiтi жатқан бөлменiң кiру есiгiн байырғы ұсталар әдейiлеп, бабаға иiлiп, тағзым етiп кiрсiн деген ниетпен шағындау етiп төбесiн пәс, табалдырығын биiк етiп жасаған болатын. Ғылыми реставрация бойынша ол өзгерiссiз қалуы тиiс едi. Алайда жергiлiктi шенеунiктердiң "депутаттар мен Астанадан келген жоғары мәртебелi қонақтар бастарын ұрып алады, есiктi кеңейтiп берiңдер" деген нұсқауынан кейiн қайта жөндеушiлер байырғы табалдырықты ойып алып тастаған екен. Тарихи ескерткiштiң ана бөлiгiн немесе мына жерiн казiргi депутатқа немесе кейбiр лауазым иелерiне ұнамайды екен деп өзгерте берсек, ескерткiштерден не қалады? Мұны ғылыми реставрацияға жатқызуға бола ма?
Бұл сорақылығымыз аздай, қазiргi кезде Отырар ауданы әкiмшiлiгi ескерткiштiң айналасын көгалдандыруды қайта қолға алуды жоспарлап отыр. Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыз: "Қалаға әрдайым жаңа бастық келген сайын, өзiне сенiп тапсырылған шаһарды көркейтудiң орнына Әзiрет Сұлтанның ауласына қарай ұмтыла беретiн болғалы қашан. Олар 50-60 жылдарда Ахмет Ясауи сәулет ғимаратының айналасына жаңа қала тұрғызамыз деп жанықса, 60-70 жылдарда - жаңадан "ескi қала" саламыз деп арпалысты. Сөйтiп, ғимараттың айналасындағы көне құрылыстардың көзi жойылды... Қорғалатын аймағына су тартып, ағаш, гүл отырғызып... көне зираттарды құртуға алып баратын iс-қаракеттерге барудың қисыны жоқ. Мұның ЮНЕСКО-ның талаптарына да, тарихи және мәдени ескерткiштердi қорғайтын мемлекеттiк Заңға да, тiптi, ғимараттың қорғалатын аймағы жайындағы қағидаға да тура келмейтiнi хақ", - деп жазған болатын. Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесiне қатысты Отырар әкiмшiлiгiнiң абаттандыру бағытындағы жұмыстары мен жобалары ескерткiшке зиян тигiзерi анық.
Сондықтан ең алдымен ескерткiш айналасында гүл егiп суару, басқа да су деңгейiн көтеретiн жұмыстарға тыйым салып, оның айналасына бiр тамшы су жiбермеуiмiз керек. Қалай дегенде де, тарихи құндылығы жоғары ескерткiштiң заңмен белгiленген қорғалу ережесi қатаң сақталуы тиiс!
Мұхтар Қожа
археолог, тарих ғылымдарының докторы
«Жас Алаш» газеті