Үйсін империясының бізге беймәлім болып келген тарихы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Туған жердің тарихы дәл бүгінмен ғана өлшенбейді. Туған жер мен елдің тарихын білгіміз келсе, біз тым тереңге, сонау сақ, үйсін дәуіріне дендей еніп, тарихымызды түп қопара зерттеуге тиіспіз.
Мысалға, Қытай империясы жүнді халқын ыдыратқан б.д.д. III ғасырда Шыңжанда отырған юэчжилерді хоңыр (хунь) халқы басып алғаны жайлы қазір көп айтылмайды.. Өйткені қытай жазбасы Усун княздігін хуньмо билегенін, хуньмо әйелді тек хунь (хоңыр) халқынан ғана алатынын және тақ мұрагерлігі тек хунь қызынан туған адамға тиесілі екенін көрсетеді. Демек Шыңжанда отырған юэчжилерді хоңыр (хунь) халқы өкілдері биледі, мемлекеті қытай жазбасында Усун деп көрсетіледі (Үйсүн).
Усун княздігін билеген хоңыр (хунь) халқы адамдары өздерін «хоңырмын» деп атаған («хоңыр халқы адамымын» деген мағынада). Хоңыр халқын «хунь» деп атаған «р» дыбысы жоқ қытай, «хоңырмын» дейтін Үйсүн билеушілерін де «хуньмо» деп жазбаларына енгізді. Ал қытай деректеріндегі «Усун» атауы әуелде «Ю-сюн» болып жазылған деу орынды. Қытай деректері юэчжи тайпасының б.д.д. V ғасырда болғанын айғақтаса, «усун» атауы тек б.д.д. II ғасырда пайда болды. Қытайлар хұңдарды (хунь) «сюн» деп те атаған (мағынасы – жабайы, тағы). Француз тарихшысы Марсель Гране қытай деректеріндегі «Ю-сюн» атауының мағынасы «билеуші сюн» («сюн патша») екенін көрсетеді. Усун княздігін билегендер – хунь (хоңыр) халқының өкілдері, яғни патша «сюн» халқы адамы. Осы себептен қытайлар «сюн-патша» билеген княздікті «Ю-сюн» деп атаған («Сюн патша княздігі» деген мағынада). Ал юэчжилер мен хұңдар ол атауды «Үйсүн» деп қабылдаған, сондықтан қытай жазбалары да кейін «Ю-сюн» сөзін «Усун» деп жазады.
Қытай деректері юэчжилер мен уйсундер бір ғасырда бір жерде отырғанын дәлелдейді. Бұл жайт ғалымдарды тығырыққа тірейтінін Лев Гумилев атап өтеді. Ресей империясы «юэчжилер парсы тілді, ал уйсундер түркітілді, олар – өзара туыстығы жоқ дербес екі халық» деген тұжырым жасайды. Ал қытай жазбалары Үйсүн княздігімен байланысты оқиғаларда оларды кейде юэчжи, кейде уйсун деп атайды. Осы деректер екі атаудың да бір тайпа-халыққа тиесілі екенін дәлелдейді. Алайда Ресей империясы атақты Тохарстан мен Кушан патшалықтарын орнатқан юэчжилердің түркітілділер екенін мойындағысы келмеді. Олар қол астындағы түркі тілді ұлттардың даңқты тарихы ашылғанын қаламады. Ресей сол себептен Лев Гумилевтің «екі тайпа ол аймақты кезек-кезек иеленген болар» деген болжамын нақты тұжырым етті.
Қытай империясының Орта Азиямен және Таяу Шығыспен сауда қатынасын жасауына ортада орналасқан Үйсүн княздігі кедергі болып келді. Себебі Үйсүн княздігін билегендер қытайдың басты жауы хұң (хоңыр) халқынан шыққандар болатын. Нақтырақ айтсақ, Үйсүн княздігі Хұң империясы ықпалында еді. Қытай империясы қалайда Үйсүн княздігін Хұң (хунь) империясы ықпалынан шығаруды мақсат етті. Сондықтан б.д.д. II ғасырдың басында Үйсүн мемлекетіне арнайы елші жіберген. Қытай жазбасы ол елшіні «юэчжи елімен одақтасу үшін жіберілген» деп көрсетеді. Алайда оның Үйсүн княздігімен жақсы қатынас орнатқанын аңғарамыз. Осы деректің өзі «үйсүн» мен «юэчжи» деген бір елдің екі түрлі атауы екенін жақсы дәлелдейді. Демек Шыңжандағы Үйсүн княздігінің халқы юэчжи тайпасы болған. Нақтырақ айтсақ, юэчжи тайпасының мемлекеті Үйсүн деп аталған.
Үйсүн княздігін билеген хоңырды (хунь) жазбасына «хуньмо» деп енгізген сол қытай елшісі. Осыдан соң қытай жазбалары Үйсүн княздігін билегендерді хуньмо деп көрсетуді әдетке айналдырған. Қытай империясы сол елшінің артынша Үйсүн билігіне өз қыздарын ұзату арқылы туыстық байланыс орнатқанын, ал б.д.д. I ғасырда қытайлық әйелдің ықпалына түскен Үйсүн билеушісі Хұң (хунь) империясымен қатынасын біржолата үзгенін қытай жазбалары айғақтайды.
Қытай империясы б.д.д. II ғасырдың басында қазіргі Шыңжандағы Үйсүн княздігімен жақын байланыс орнатты. Ал сол ғасырдың екінші жартысында Шыңжаннан шыққан юэчжилер Орта Азияны басып алып, өз патшалығын құрды (ол тарихта Кушан патшалығы деп аталған). Осы екі тарихи оқиға өзара тығыз байланысты, яғни, Шыңжандағы шағын Үйсүн княздігі Қытай империясы көмегімен Орта Азияны басып алды. Осылайша шағын княздік алып Үйсүн империясына айналды.
Парфия патшалығын билеген Арынсақ (араншах) династиясы мен Шыңжаннан келген юэчжилер арасында б.д.д. II ғасырда болған соғыс грек жазбаларында баяндалады. Сол соғыстар нәтижесінде Парфия патшалығы Орта Азиядан айрылып, тек Иран мен Закавказеде өз билігін сақтап қалды. Осылайша жүнді халқының екі тайпасы орнатқан екі империя Орта Азияда көрші болып орнықты. Үйсүн-юэчжи елі Қытайдың әскери көмегін қолданған тәрізді, қалай болғанда да Ұлы Жібек Жолының пайда болуы сол оқиғалармен тығыз байланысты.
Осылайша қытайдың жібекпен сауда жасауына жол ашылып, сол ғасырда Ұлы Жібек Жолы дәуірі басталды. Ғалымдар Орта Азияда Парфия патшалығынан бөлек, тағы бір империя болғанын тек XIX ғасырда айта бастады. Ол патшалықты орнатқан Шыңжаннан келген юэчжилер екені анық. Бір билеушісінің Кушан Герей деген есімінен болар, Ресей ол империяны Кушан патшалығы деп тарихқа енгізді. Дұрысында оны орнатқан Шыңжандағы Үйсүн княздігі билеушілері еді, сондықтан империяның өз атауы Үйсүн патшалығы болу керек.
Қытай жазбалары Үйсүн мемлекеті батыс, шығыс және орталық деген үш аймақтан тұратынын баяндайды. Осы деректің өзі таудағы шағын Үйсүн княздігі үш аймақтан құралған алып империяға айналғанын дәлелдейді. Жоғарыдағы деректерге сүйенсек, үйсүндердің таңбасы «қарға» бейнесінде болған. Ұқсастықтарын пайдаланып, «тазқара» атауын «қарға» деп бұрмалаған кейінгі қытай жазбалары тәрізді немесе шындықты жасыру ниетімен тазқара атауындағы «қара» сөзін «қарға» деп аудартып тарихқа енгізген Ресей саясаты болар. Өйткені, көрінген жерде тезек шұқыған сансыз қарғаны мемлекет таңбасы ету ақылға сыйымсыз. Грек деректері Тохарстан княздігін орнатқан юэчжилерде грифонға (тазқара) сыйыну дәстүрі болғанын растайды. Ал «юэчжи» мен «үйсүн» бір тайпа-елдің екі түрлі атауы екенін ескерсек, Үйсүн империясы таңбасы тазқара (грифон) болғанын аңғарамыз.
Ғалымдар Шыңжандағы Үйсүн княздігі халқы жүнді халқына жататынын мойындайды. Б.д.д. II ғасырда үйсүндер жүнділер тәрізді көк көзді, қызыл шашты болғаны мәлім. Алайда ормансыз Орта Азиядағы кейінгі мың жылдықта олардың «көк көзділігі мен қызыл шаштылығы» өзгерген (б.д.д. II ғ. – б.з. VIII ғ. аралығы). Қытай жазбалары Үйсүндер отырықшы және көшпелі екі топтан тұратынын, олардың тас пен кірпіштен қалалар салатын отырықшылары барын және хұң (хунь) халқы тәрізді көшпенділері де кездесетінін баяндайды. Үйсүн империясында қалалардың өте көптігінен «бір қаланың әтештерінің шақыруын екінші қала тұрғындары еститінін де» көрсеткен сол қытай жазбалары. Осы деректер үйсүн-юэжчилердің тауларда тас қорғандар салған жүнді халқына жататынын айғақтайды. Басты кейіпкерінің бірі самұрық құсы болған Ер Төстік ертегісі тазқара құсына (самрұх) сыйынған жүнді халқына тиесілі деп байлам жасауға да болады.
Үйсүн империясын билеген хоңыр (хуньмо) тобы екіге бөлініп өзара жауласқаны, бірі Хұң (хунь) империясымен байланысын үзбей қытайға жау күйінде қалғаны, ал екіншісі қытай әскері көмегімен билігін сақтап Қытай империясының одақтасына айналғаны жазылған тарихи құжаттар бар. Олардың биліктен айрылған тобы юэчжилердің өздеріне бағынышты бөлігін ертіп Теңіз (қазіргі Каспий теңізі) жағалауына кеткен (Орта Азия түгелдей Үйсүн империясы аймағы болғандықтан, онда сыймаған). Қытай жазбалары көрсеткен осы оқиғаларды ресейліктер «үйсүндер мен юэчжилер қақтығысы» деп түсіндіріп келді.
Юэчжи атауының шежіресі
Юэчжи атауы «ошақ» деген сөздің қытайша дыбысталуы болып табылады. Сөз басында келген «о» әрпі қытайша «юэ» деп дыбысталады, сондықтан «ошақ» атауы қытайша «юэчжакы» деп айтылуы тиіс. Қытайлар бөтен атауларды «қысқартқыш» халық, осы себептен олар ОШАҚ тайпасын «ЮЭЧЖАКЫ» деудің орнына, «ЮЭЧЖИ» деп қысқартып алған. Қытай жазбалары юэчжилер б.д.д. V ғасырда өмір сүргенін дәлелдейді. Яғни ошақ тайпасы осыдан 2 600 жыл бұрын бар болған. Есік қорғанынан табылған Алтын адамның сақ ханзадасы екені және онымен бірге ескі түркілік жазуы бар тостақ табылғаны белгілі. Сол тостақтағы жазудың «АҒА САҒАН ОШАҚ» деген сөз екенін ғалымдар дәлелдеді. Алтын адамның б.д.д. V ғасырда өмір сүргені анықталған, яғни ошақ (юэчжи) тайпасының өмір сүрген заманы. Сонда тостақты Алтын адамға ошақ елі билеушісі сыйлағанын, ондағы «аға саған ошақ» сөзі арқылы ол өз дәрежесінің жоғары екенін ескерткенін көреміз.
Қазіргі ошақты тайпасы тасжүрек, аталық, қоңыр және байлы деген төрт рудан тұрады. Ошақтының төрт руыда юэчжи-үйсүндер жайлы деректерде кездеседі:
1. Грек жазбаларына сенсек, юэчжилерде Ата руы бар, осы атауға «лық» жалғауын қоссақ, «аталық» болып шығады. Алматы тұрғынын «алматылық» дегендей, Ата руы адамдарын «аталық» деумен ошақтының аталық руы қалыптасқан (Ата руы ошақ-юэчжилерді хоңыр (хунь) тобына дейін билегендер тәрізді).
2. Ал ошақтының қоңыр руы юэчжи-ошақ елін немесе Үйсүн мемлекетін билеген хоңырлардан (хунь), яғни «хуньмо» (хоңырмын) тобынан қалыптасқан.
3. Ошақты тайпасының басым бөлігін тасжүрек руы құрайды, оның таз деген жеке тармағы бар. Қазіргі Тәжікстан аумағын басып алған юэчжилер грифонға (тазқара) сыйынатындықтан шаштарын тақырлап қырып тастайтынын, осы себептен олар орнатқан княздік тарихқа Тохарстан болып енгенін грек жазбалары айғақтаған. Ол мемлекетті орнатқан әрі билеген ошақ-юэчжилер болғанымен, халқы парсы тілді болғаны түсінікті және сол мемлекетте тәжік ұлты қалыптасты.
Қырғыз тарихшылары Тохарстанды юэчжилердің Таз деген руы (жігі) орнатқан деп тұжырымдайды және қырғыздағы Тазлы руы солардан деп санайды. Тохарстан княздігін орнатқан ошақ-юэчжилердің Таз руы ошақтының тасжүрек руы құрамында сақталған (арғында да таз руы болуы арғын мен ошақтының арғы тегі жүнді халқынан екенін байқатады). Грек деректеріндегі ошақ-юэчжилердің тазқара құсына сыйынғанын ескерсек, онда ошақ-юэчжилердің негізгі бөлігі өзін «тазжүрек» деп атаған деген тұжырым жасағанымыз абзал («тазқара құсындай жүректіміз», яғни «батылмыз» деген мағынада). Ошақ-юэчжилердің басым бөлігі болған сол тазжүрек руы – қазіргі ошақты тайпасының басым бөлігін құрайтын тасжүрек руының тап өзі.
4.Қытай жазбасында жүнділердің жеті тайпалық одағы «байды» деп көрсетілген. Солардың ошақ-юэчжилерге келіп қосылғандарынан ошақты тайпасының Байлы руы қалыптасқан. Жүнділік жеті тайпа одағынан болғандықтан, олардың ошақ-юэчжилерден дәрежесі жоғары болмаса, кем емес. Осы себептен болар, байлы руы «ошақтының жолы үлкені» саналады.
Осылайша үйсүн-юэчжилер құрамындағы ата, хоңырмын (хуньмо), таз және байды топтары мен үйсүндік ошақты тайпасының аталық, қоңыр, тасжүрек және байлы рулары өзара байланысты екенін анық көреміз. Демек қытайлар «юэчжи» деген тайпа-елдің өз атауы – ОШАҚ. Сюн (хунь) тобы билегендіктен қытай ол елді «Ю-сюн» («сюн патша елі») деп атаған, осы қытайлық атау ықпалымен ошақ-юэчжи тайпасы өз мемлекетін Үйсүн деп кеткен. Тохарстан мен Үйсүн (Кушан) патшалықтарын орнатқан сол юэчжи-ошақ тайпасы, қазақ халқының ошақты тайпасы солардың тікелей жалғасы болып табылады.
Ошақты, керей, уақ және табын тайпаларының тарихы
Қазіргі Тәжікстан аймағында Таз жігі (руы) орнатқан Тохарстан мемлекеті болғанын айттық. Тохарстанды билеген «таз жігі» қол астындағы парсы тілділерге сіңіп, тазжік атауымен жеке ұлт қалыптастырды. Тәжік тілінің парсылық және түркілік сөздерден тұратыны да соның дәлелі. Ол заманда «ру» сөзі орнында «жік» сөзі қолданылған. Яғни, Тохарстан халқы өздерін билеген «Таз жігі» династиясы атауымен «тазжік» (таджик) деген жеке ұлт болып қалыптасты. Оларға сіңбей Алатауда қалған Таз жігі адамдары кейін Тараз қаласы мен Шымкент қалаларына орнығып, ондағы өзбектерге сіңген, олардың тауда қалғандары XVI ғасырда келген қырғыздарға Тазлы атауымен кіріккен.
Қытайдан жеңілген хұң (хунь) халқы I ғасырда Қаңлы (каньгю) мемлекеті орналасқан қазіргі қазақ даласына (сақ даласы) ауып келді. Биліктен шеттетілген қаңлы тайпасы Үйсүн империясына бой ұсынып, сонда ығысқан тәрізді. Сақ даласын иемденген хұң халқы Үйсүн империясы орналасқан Орта Азияны жаулап алуға қауқарсыз болды, оның себебі – Үйсүн империясы мен Қытай империясы одақтасқан. Хұң мен сақ халықтары араласып, біртұтас Хазақ деген халыққа айнала бастады. Билік хұңдарда болғандықтан, аймақ «Хұңзақ» деп аталды («хұң жақ», яғни «хұң аймағы» деген мағынада), кейін аймақ халқы да Хұңзақ деп аталып кетті. Шамамен VI ғасырда «Хұңзақ» қысқарып, әуелі Хзақ, сосын Хазақ болып біржола орнықты («ұң» бөлігі қолданыстан шығып қалғандықтан, Хұңзақ әуелі Хзах, сосын Хазах болып өзгеріп орнықты). Атаудың осылай өзгеріп орнығу фактісі сақ пен хұң (хунь) халықтары қосылуымен қазақ ұлты пайда болғанын айқын дәлелдейді.
Үйсүн империясы мен Қытай империясы тығыз одақтас болды, Үйсүн империясын қытай қыздарынан туғандар билегенін қытай жазба деректері растайды. Осы себептен болар, II ғасырда Үйсүн империясында будда діні өркен жайды, ол – Кушан Герей деген патша билеген заман. Осы патшаның есіміндегі «керей» атауы оның керей тайпасынан екенін немесе сенімді әскери күші керей тайпасы болғанын байқатады. Ежелгі деректерге сүйенген кей ғалымдар керей тайпасы әуелде үйсүндік болған деп тұжырымдайды.
Ал III ғасыр соңында Қытай империясы екіге ыдырап әлсірегені, оның солтүстік бөлігін «қытай еместер» билегені белгілі. Солтүстік Қытайды билеген Тоба тобы Үйсүн империясын билеген династиядан деу орынды. Өйткені, Қытай мен Үйсүн империяларының ұзақ ғасырлық тығыз одақтастығы және үйсүн билеушілері мен қытай билігі арасындағы нағашы-жиендік туыстық байланыс Үйсүндік династия өкілдеріне Қытай империясында билеуге жақсы мүмкіндіктер тудырған. Үйсүндік династияның Қытай империясы билігіне таласуы бұл империяны екіге ыдыратты десе де болады. Одақтасы Қытай империясы қатты әлсіреген Үйсүн империясының Орта Азиялық аймағын IV ғасырда Жужандар тартып алды. Үйсүн империясы Шыңжан аймағында ғана өз билігін сақтап қалды және Солтүстік Қытайдың билігін өз қолдарына алды. Оларды қытай жазбасы Тоба тайпасы деп көрсетеді және бір руы «туфа» екенін атап өтеді. «Тоба» деген табын тайпасы атауының қытайша дыбысталуы деп білеміз (табын тайпасын «тобаны» деудің орнына, қысқаша «тоба» деген). Башқыр халқы құрамына сіңген табындар «уйсун» деп те аталатыны мәлім, осы факт табын тайпасының әуелде Үйсүн империясында өмір сүргенін көрсетеді.
Ресейліктер тоба тайпасы маңғол тілділер деп бұрмалайды, алайда тоба тайпасының «туфа» руынан түркітілді тува ұлты қалыптасқанын ескерсек, тоба тайпасы түркітілді болғанын көреміз, яғни ол үйсүн-жүнділік тайпалар тобынан болған. Табын тайпасы құрамындағы қоңыр руы Үйсүн империясын билеген «хуньмо» (қоңырмын) династиясынан десек, қателеспейміз. Осы факті де Солтүстік Қытайды билеген тоба тайпасы қазақтың табын тайпасы екенін көрсетеді. Демек арғын, ошақты, керей, уақ және табын тайпалары арғы тегінде жүнді халқынан болып шығады.
Үйсүн империясы біздің дәуірдің IV ғасырына дейін өмір сүрді, яғни 500 жыл алып аймақты билеген империя болды, осы себептен қытай жазбаларында ол өңір «ежелгі үйсүн аймағы» деп көрсетіледі. Үйсүн империясы (Кушан патшалығы) құрамына қазіргі Өзбекстан мен Шыңжан, Ауғаныстанның кей аудандары мен Қазақстанның оңтүстік өңірлері кірді. Үйсүндер отырықшы және көшпелі екі топтан тұратынын және ру-тайпа көсемдерін «бек» деп атайтынын қытай деректері жазады. IV ғасыр соңында «ежелгі үйсүн аймағын» қазіргі Түркіменстаннан шыққан эфталит елі басып алды, дұрысында олар «үз» деп аталған тайпа-ел болатын (алабай итіне байланысты «епті алып ит» елі депте аталғандықтан тарихқа «эфталит» болып енген). Үз тайпасын билегендер «ақүз» деп аталды, арап әріпті жазбаларда кездесетін осы атауды «окуз» деп бұрмалаған, осылайша тарихқа «огуз» деген жалған атау енгізген Ресей империясы. Үз тайпасы үйсүндердің отырықшы бөлігін ғана бағындыруға қол жеткізді, ал көшпенді үйсүндерді бодандықта ұстап отыру мүмкін болмаған. Осылайша қазіргі Өзбекстан, Шыңжан, Ауғанстан және Оңтүстік Қазақстандағы үйсүндік қалалар толықтай Үз тайпасы билігіне көшті.
Үйсүндер бай-бағландары мен көсемдерін «бек» дейтін әдеттерімен Үз адамдарын «үз бек» деп атап кетті, кейін осы атау барша отырықшыларға ортақ «ҮЗБЕК» атауына айналды. Отырықшы үйсүндер мен көшпелі үз тайпасы адамдары араласып «үзбек» ұлтын қалыптастырды, олардың тілдері араласуынан «үзбек» тілі пайда болды. Осы себептен өзбек тілі түркімен-әзербайжан тілдері мен қазақ тілі ортасында орналасқан. Осылайша отырықшы үйсүндер мен көшпелі үздер үзбек (өзбек) халқын қалыптастырды (кейін оларға отырықшылыққа көшкен көптеген өзге тайпа-ру адамдары қосылды, өзбектер құрамына 92 рудың адамдары сіңген). Үз атаулы ру өзбектер құрамындағы рулар тізімінде бар, өзбек ғалымдары өз атауларының сол румен байланысты екенін ертеде айтып өткен (үз тайпасының аз ғана тобы Сырдария аймағында кейінгі XV ғасырға дейін болғанын тарихи деректер дәлелдейді). Ал үйсүндердің көшпенділері өздеріне дәстүр-салты жақын қазақ халқына қосылды.
Қытай жазбаларының «Кушан патшалығы болды» деген аймақты «ежелгі үйсүндер жері» деп көрсетуі, сол аймақта отырған өзбек халқының өз негізін уйшун деп тануы және сол аймақтағы қазақ тайпаларының жалпылай «үйсүндер» деп аталуы ертедегі империяның Кушан емес, Үйсүн деп аталғанын айғақтайды. Ежелгі гректік, римдік және қытайлық жазбалар албан, суан (сыбан), қаңлы, сіргелі тайпаларының сақ-скиф халқынан екенін, ал ысты, шапырашты, дулат тайпаларының хұң (хунь) халқынан екенін көрсетеді.
Әуелгі Үйсүн мемлекеті Шыңжанда орналасқан таулық кішігірім княздік болғаны белгілі, оның халқы ошақ (юэчжи) тайпасы болды. Кейін ол княздікке Орта Азия қосылып империяға айналғанда, атау Үйсүн болып қалды. Алайда Үйсүн империясы халқы құрамында жүнділік тайпалармен қатар жергілікті сақ-скифтік тайпалар да болған, кейін жужандар заманында оларға шапырашты, ал түркі ашиналар заманында ысты мен дулат тайпалары барып қосылды. Олар отырған немесе барып қоныстанған аймақтар «ежелгі үйсүн жері» деп танылғандықтан, олардың ортақ атаулары «үйсүндер» болып орнықты.
Ал қоңыр руы ошақты тайпасында ғана емес, Алматы, Талдықорғандағы ыстылар құрамында, Шымкент, Жамбылдағы ыстының тілік руы мен дулаттың сиқым руы құрамында (қоңырдың шуылдағы) және Қызылорда аймағындағы табындар құрамында да болуы Үйсүн империясын билеген «хуньмо» тобы атауы дұрысында «қоңыр» екеніне дәлел (билеуші династия болғандықтан империяның барлық аймағында олардың өкілдері болған, кейін олар өз аймағындағы тайпалар құрамына сіңген). Ал шапыраштылар мекеніндегі Үшқоңыр атауы, Үшарал қаласы маңындағы Қоңыр мекені, Қызылорда аймағындағы Байқоңыр мен Телқоңыр атаулы жерлер Үйсүн империясы аймағының территориясын паш етеді. Тіпті, Семей аймағындағы Қоңыр әулие үңгірі кейінгі мұсылмандық заманда сол аймаққа дін таратқан қоңыр династиясы ұрпағымен байланысты деуге әбден болады. Жалпы ошақты тайпасының Жамбыл, Шымкент, Ташкент аймақтарындағы көптеген елді мекендерде шашырап орналасқаны және бір тобының Байқоңырға жақын Аральск қаласы маңында отырғаны Үйсүн империясы заманымен байланысты.
Үйсүн империясын билеген хоңыр (хуньмо) тобы жүнділік «жеті тайпалық Байды одағына» сүйенген сияқты. Ошақты тайпасында байлы руының «жолы үлкен» саналуы және «үйсүндік» деп танылатын тайпалардың өз шежіресін Байды-бектен таратуы сондай себептерден қалыптасқан. Яғни, үйсүндердің арғы тегі саналатын «Байдібек» атауы жеке адамды емес, ол Үйсүн империясы билігіне жақын болған Байды тайпалық одағын көрсетеді. Үйсүн империясы 500 жыл билеген аймақ кейін «үйсүн жері» делініп кеткендіктен, онда отырған тайпалар да (үш түрлі халықтан болғанына қарамастан) жалпылай «үйсүндер» деп аталған. Өзгелер «үйсүндер» деп атағандықтан, ол тайпалар да кейінгі шежіре жазу заманында ортақ тектерін іздегені түсінікті. Олардың еміс-еміс есте қалған аңыздар жетегімен Байды тайпалық одағын «Байдыбек» деп көрсету арқылы «ортақ аталарын тапқандай» болғанын байқаймыз. Яғни, Байды атаулы жеті тайпа одағы жайлы аңыз әңгімелер «үйсүндік тайпалар Байдібек бабадан тарайды» деген түсінікті қалыптастырады.
Жалпы үйсүн, сақ (скиф) және хұң (хунь) халықтары – бір дәуірде өмір сүрген дербес үш халық. Олардың әуелде көрші орналасқан үш аймақта дербес өмір сүргенін барша әлем ғалымдары мойындайды. Алла қаласа, Үйсүндік топта деп танылатын шапырашты, дулат, ысты тайпаларының шынында хұң (хунь) халқынан екенін көрсететін деректерді Асылұя династиясы жайлы мақалада жазамыз.
Ол мақала да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасына үн қосу боларына сеніміміз кәміл.
Бекжан Әденұлы
Abai.kz