Қытайға осы жолы кім қанша қарыз болып қайтты?
Қазақстанның сыртқы қарызы 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 167 млрд 484,7 млн долларды құрады. Ұлттық Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік және үкімет кепілдігімен алынған сыртқы қарызы 307,9 миллион доллар болған. Ол жалпы қарыздың 8,5 пайызын құраған. Елбасының Қытайға жасаған сапары барысында бұл қарыз 730 миллион долларға және өсті. Сенатор Дариға Назарбаева өткенде мемлекеттің сыртқы қарызының көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Қытайда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше 8 елдің басшылары Бейжіңге бас қосқанын жазған едік. Үй иесі Ши Жипиң төраға қонақтарын қарсы алып, әрқайсысына айқара құшақ ашты.
Айқара ашылған құшақтың нәтижесі төмендегідей.
Өзбекке 250 миллион доллар қарыз береді
Жә, сонымен негізгі әңгімеге көшейік. Ендігі Қытайды өле-өлгенше билеп-төстеу құқығын мықтап иемденген Ши Жипиң 32 миллионнан астам өзбекті жарылқайтын болды. 250 миллион доллар көлемінде қарыз берді.
Қырғызстан да құр алақан қайтпады
Содан Алмазбек байкесінің қол астында қызмет етіп, сайлау кезінде әкімшілік ресурстарды еркін пайдаланып жүріп, ақыры қырғыз тағына қонжиған Сауранбай Жиенбеков те Шидің «шарапатын» көрді. Қырғызстанда электр көліктерін шығаратын зауыт салуды ұсынды.
Қызықты қараңыз, «Center for Global Development» ұйымы Қытайға қарызын қайтара алмайтын елдердің ұзын-сонар тізімін түзіп шыққан. Сол тізімде Моңғолия, Тәжікстан мен Қырғызстан бар.
Мысалы бүгінгі таңда Қырғызстан Қытайға 1,5 миллиард доллар қарыз. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайды.
«Қырғызстанның Қытай елі алдындағы қарызының көптігі соншалық, одан ендігі таңда тек қана жерінің біраз бөлігін беру арқылы құтылуға болады». Бұл менің сөзім емес, қырғыз саясаткерлерінің сөзі.
Қазіргі таңда Қырғызстанның сыртқы қарызы 4,2 млрд доллар. Оның 2,5 млрд долларын Ақаев пен Бакиев кезеңі алған. Ал қалған бөлігін Атамбаев президент болған сәтте алған. Енді содан құтылу үшін Қырғызстан Қытайға өз жерінің бір бөлігін, ірі кен орындары мен ЖЭС беруге мәжбүр көрінеді.
Өткен айда Қырғызстанның Нарын ауданына қарасты Эмгекчил (Еңбекші) ауылында 100-ден аса қырғыз митинг жасады. Солтон-Сары жайлауында алтын өндіру комбинатын салуға қарсы шықты. «Jhong ji Mining company» 2012 жылы Солтон-Сары кенін барлауға және өндіруге лицензия алған екен.
Қытай компаниясы Эмгекчил ауылына әлеуметтік көмек ретінде 13 миллион сом (шамамен 190 мың доллар) бөлетінін хабарлаған. Бұған дейін канал құрылысына 5 миллион сом аударған. Бірақ жергілікті тұрғындар мұндай көмекке келіспеген.
Бұл да бір мысал.
Қазақстанға 730 миллион доллар қарыз берді
Енді негізгі ақпарат: Қытай Қазақстанға 730 миллион доллар қарыз беретін болды. Назарбаев пен Ши жолыққанда шешілген шешімнің бірі осы. Әрине тағы. Қытайдың бұған дейін берген 40 миллиард доллар қарызы тағы бар.
Енді сұрақ – біз осы 730 миллион доллар қарызға қаншалықты мұқтажбыз?
Қытайдың несие беру тәртібі басқа елдермен салыстырғанда өзгеше жолға қойылған. Қытай өзге несие берушілерге қарағанда белгіленген сомманы толықтай бір ретте береді. Бірақ бір шартпен. Бейжің саясаты бойынша, бөлінген қаржыны әлемнің қай түкпірінде болса да Қытай компаниялары мен жұмысшалары игеруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда Қытай өзі берген қаржыны өзі игеріп, қытайлық компаниялар арқылы елге қайтадан қайтарып алуда. Ал несие алған ел соңында Қытай қаржысына салынған жол немесе зауытқа ие болады және миллиардтаған қарызды төлеуге міндеттеледі.
Демек, Қытай қарыз деп берген 730 миллионды игеретін компанияларын елге жібереді. Бұл сөзсіз. Бұл қауіпті.
Тәжікстанның мысалы
Енді Қытайдың қарызы демекші, мына бір ақпаратқа көз жүгіртіңіз: Тәжікстан жаңа жылу энергия зауыты үшін Қытайға алтын кен орнын тапсырды. «EADaily» ақпараттық орталығы осылай деп жазды.
Душанбе-2 ЖЭС-ты жаңа құрылыстан өткізу үшін Тәжікстан Қытайдан қарызға қаражат алған. Қарызды өтей алмаған тәжіктер Бейжіңге Сугда аймағының жоғары жағында орналасқан Кумарг алтын кен орнын тапсырған. Енді, Қытайдың TVEA компаниясы кен орнын өндіреді. Тәжікстан Үкіметі жанындағы Орталық геология басқармасының мәліметі бойынша, қытайлық компания Душанбе-2 ЖЭС құрылысына салынған қаражаттарды қайтарғанға дейін кен орындарында алтын өндіретін болады, содан кейін жаңа шарттар бойынша жаңа келісімшартқа қол қойылмақ. Бұрын TVEA компаниясы республикадағы көмір кен орындарының бірін игеру құқығын алса, енді алтын кен орнын қолға түсірді. Еске сала кетейік, Қырғызстан Бішкектің ЖЭС-ін жаңғырту үшін 386 миллион долларға Қытайдың Эксимбанкінен несие алған.
Солай, міне. Ал біз Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға жасап жатқан қатқыл саясаты жайлы аз жазған жоқпыз. Әсіресе, Қытайдағы 1,5 миллионға жуық қазақтың қуғынға түсіп, түрмеге тоғытылып жатқаны бізді алаңдатады.
Ал, сондай кезде қарыз алу... айтуға ұят.
Нұргелді Әбдіғани
Abai.kz