Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2682 0 пікір 16 Ақпан, 2011 сағат 21:02

Сәбит Байдалы. Демократияның тарихи тағылымдары

Конституция Қазақстан халқының демократиялық мемлекет құру ниетін жария етті. Демократия - қозғалыс, үдеріс. Ендеше демократияның тарихи тағылымдарынан қорытынды шығаратын зерде болғаны абзал. Елдегі  саяси бастамалардың демократияға сәйкестігін бағалау жалаң көрсеткіштерді салыстыру арқылы емес, біздің өткен жолымыз бен алға қойған мақсаттарымызға негізделуі тиіс.

Қазақстанда 20 жыл ішінде Республика Президентін сайлау 3 рет өткізілді. Бұл сайлаулар бірде-бір рет тұрақтылықты шайқалтып, еліміздің қауіпсіздігіне, біртұтастығына және тәуелсіздігіне қатер төндірген жоқ. Оның себебі аталған құндылықтар қазақстандықтардың басым көпшілігі мен барлық жауапты саяси күштер тарапынан қолдауға ие. Сайлаулар қорытындыларының көп жағдайда алдын-ала белгілі екендігіне қарамастан, олар қазақстандықтардың ел тағдыры үшін жауапкершілік алуға дайындығы мен ерік-жігерін паш етті. Президенттікке кезекті сайлау 2012 жылдың аяғына қарай өтуі тиіс болатын.

Конституция Қазақстан халқының демократиялық мемлекет құру ниетін жария етті. Демократия - қозғалыс, үдеріс. Ендеше демократияның тарихи тағылымдарынан қорытынды шығаратын зерде болғаны абзал. Елдегі  саяси бастамалардың демократияға сәйкестігін бағалау жалаң көрсеткіштерді салыстыру арқылы емес, біздің өткен жолымыз бен алға қойған мақсаттарымызға негізделуі тиіс.

Қазақстанда 20 жыл ішінде Республика Президентін сайлау 3 рет өткізілді. Бұл сайлаулар бірде-бір рет тұрақтылықты шайқалтып, еліміздің қауіпсіздігіне, біртұтастығына және тәуелсіздігіне қатер төндірген жоқ. Оның себебі аталған құндылықтар қазақстандықтардың басым көпшілігі мен барлық жауапты саяси күштер тарапынан қолдауға ие. Сайлаулар қорытындыларының көп жағдайда алдын-ала белгілі екендігіне қарамастан, олар қазақстандықтардың ел тағдыры үшін жауапкершілік алуға дайындығы мен ерік-жігерін паш етті. Президенттікке кезекті сайлау 2012 жылдың аяғына қарай өтуі тиіс болатын.

Бірақ өткен жылдың соңына таман елде бастамашыл топ пайда болып, референдум арқылы Елбасы өкілеттігін 10 жылға ұзартпақ болды. Бұл бастаманы Президенттің өз Жарлығымен қабылдамай тастағанына қарамастан Парламент бірауыздан қолдап, кейінірек  Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған  шешімін шығарды. Биылғы жылдың 31 қаңтарында Қазақстан халқына Үндеу арнаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев референдумды қолдамайтындығын және президенттік өкілеттігінің 2 жылға қысқаратындығына қарамастан, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынатындығын мәлімдеді. Ал 2 ақпан күні Қазақстан Парламентінің қос палатасы Президенттің кезектен тыс сайлау өткізу туралы ұсынысын бірауыздан мақұлдады.

Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың сәуір айының 3-і болып белгіленді. Республика Президентін сайлау азаматтардың өз отанының өзекті мәселелерін талқылауының ең жоғарғы формасы болып табылады. Сондай-ақ сайлаушылар ой-пікірлерінің мемлекеттік саясатты жасауда ескерілетіндігінің де маңызы зор. Бүгінгі айтып отырған көзқарас-ойларымды да көп сайлаушының бірінің пікірі деп санауларыңызға болады.

1. «Тағылымды дәріс»

 

Халықаралық деңгейдегі әртүрлі ірі жиын-форумдарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алып, өз елінің имиджін халықаралық деңгейге сай көтеруге ұмтылып отырған Қазақстанды халықаралық стандарттарға сай емес саяси науқан - Президенттің өкілеттігін референдум арқылы 10 жылға ұзарта салудан құдай сақтап қалды. Халықаралық құжаттарда сайлау ұдайы, тұрақты болуы керектігі тайға таңба басқандай айқын айтылған. Президенттің атын қалқан етіп алып, қолдарын жылы суға малып отыра беруді аңсаған биліктің әртүрлі тармақтарында отырғандар референдум өткізу идеясын сайлаушыларға құптата алды. 5 миллионнан астам сайлаушы референдум өткізу керек деп шешті. Осы халықтық автографтарды санауға байланысты «қосып жіберді», «бұрмаланды» деп үлкен қарсылық акциялары өткізілген жоқ. Тым әлсіз шыққан жекелеген басылымдар мен жекелеген адамдардың қарсылық дауыстары болмаса, басы артық дау-дамай, даңғазалық болған жоқ. Тіпті олардың өзі Президенттің референдум болмай, сайлау болған күнде де ұтып шығатынына күмән келтіре алмады. Қалай болғанда да 5 миллион есептеспеуге болмайтын сан еді.

Халықтың басым көпшілігі «осы күнімізге де зар болып қалмасақ, жарайды» деп қазіргі жағдайға шүкіршілік етеді. Билік тарапынан тұрғындардың қарсылық көрсетуге бейіл бөлігін тыныштандыратын шешімдер де қабылданып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. 13600 отбасын қанағаттандыратын тұргындардың үлесімен салынып жатқан үйлердің құрылысын аяқтауға уәде берілді. Ипотекалық қызметті пайдаланушылардың мүддесіне жауап бере алатын ипотектік несие және қаржы қызметінің тұтынушылар құқын қорғайтын заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдайтын бірқатар әрекеттер де жасалды. Билік сондай-ақ тиісті кәсіпорындарда жалақыны көтеру мен әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту бағытында шаралар қабылдаттыруда ірі бизнес өкілдерімен де келісе алады деп ойлаймын. Көп жәйт біздің қоғамымыздың менталитеті мен саяси мәдениетіне келіп тіреледі. Мәселен қазақстандықтардың әжәптәуір бөлігі өздерінің материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуда мемлекеттен ұдайы қайырымдылықтар күтеді. Бұл өз кезегінде азаматтық сананың дамуын тежейді. Мұндай адамдарға, олардың пікірінше, салыстырмалы түрде алғандағы уайым-қайғысыз тіршілік етуін бұзуы мүмкін ауқымды өзгерістердің қажеті жоқ. Соңғы кезде жекелеген шенеуніктердің жұмысына көңілі толмаған адамдар «Нұр Отан» ХДП құрылымдарына өздерінің проблемаларын шешу үшін баратын болды. Айналып келгенде, мемлекет тарапынан болсын, «Нұр Отан» тарапынан болсын барлығы Президент ретінде де, осы партияның көшбасшысы ретінде де Нұрсұлтан Назарбаевқа келіп тіреледі.

Халық Президенттің жыл сайынғы Жолдауларынан да саяси бағыттағы өзгерістерді емес, әлеуметтік бағыттағы жақсылықтарды көп күтетін болды. Билік халықты осыған дағдыландырды. Биылғы Жолдауда да Президент Үкіметке көптің көкейінде жүрген халықты еңбекке тарту, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық және ауызсу мәселелері бойынша бағдарламалар әзірлеуге тапсырма берді. Былайынша айтқанда, Үкімет өзі-ақ атқара беруі тиіс ағымдағы жұмыстарға бел шеше кірісуіне Елбасыдан батасын алды. Оның сыртында білім, ғылым, денсаулық сақтау саласына да назар аударылды. Біздің «ұлтшылдарымыздың» жүрегіне жағатын тіл мәселесі де орындалуы үшін мерзімдері белгіленген нақтылық сипатқа ие болып Жолдаудан өз көрінісін тапты.

11-ақпан күні президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевты кандидат ретінде ұсынған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті Х111 съезінде де Жолдауда қамтылған жаңа әлеуметтік саясат мәселесіне тағы бір тоқталды. Ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдауды одан әрі жалғастыру, тұрғын үй және тұрмысты жақсарту тағы басқа да әлеуметтің игілігіне қызмет ететін міндеттер туралы тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктеді. Осының бәрі Президенттің өз аузынан шыққандықтан да, биліктің басқа тармағында отырғандар мұның бәрі тек Президенттің арқасында ғана жасалып жатыр деген уағыздарының арқасында қазір қоғамда Президенттен жақсылықтар күтушілердің саны мейлінше көбейгені анық.

Қоғамда мәселені терең түсінушілікке ұмтылу жоқ. Мәселені бағамдауға тек қана процедуралық тұрғыдан келу басым. Референдум бола ма, болмай ма? Сайлауда Президентке басты үміткерден өзгелерге талғажау етуге қанша пайыз бөліп береді екен? (Өкінішке қарай, қоғамда сайлау әділ өтіп, дауыс беруді халық шешеді деген ұғым жоқ. Сайлау комиссиялары әкімдердің тапсырмаларын орындап, кімге қанша дауыс беретінін солар шешеді деген ұғым халықтың бойына әбден сіңіп қалған.)  Парламентті тарата ма, таратпай ма? Үкімет ауыса ма, ауыспай ма? Барлығын тек жалғыз ғана билікке келумен, кім қандай креслоға барып қонжиятындығымен ғана өлшеу етек алып тұр. Мәселе тек қана осында емес, менімше. Бір парламент келіп, тағы бір сондай парламент келуінен не өзгереді? Бір Үкіметті келесі Үкіметтің ауыстырылғанынан не өзгереді? Қазақстанға терең саяси өзгерістердің жасалу қажет екенін түсінушілер қатары қоғамда айтарлықтай көбейіп жатқаны байқалмайды. Қазақстанда саяси дәстүр қалыптастыруға ұмтылыс аз. Немесе әркім өзінің ішкі таным-түйсіктерін цензурамен ұстап, ішкі көңіл-күйін сыртқа шығаруды доғарған. Президентті жаппай қолдау саясаты асыра сілтеу формасына ұласып бара жатыр. Президентсіз атар таң, шығар күн жоқ, ол болмаса құрдымға кететін сияқтымыз. Жамандар мақтаса, жақсылардың жағасы жыртылғанша мақтайды дейтін бе еді. XX1-ғасырда жеке басқа табынушылық түгілі, сол жолға бағытталған аздаған тенденцияның өзі ерсі, ақылға қонбайтынын ұқпаудан артық саяси мәдениетсіздік болу мүмкін емес. Ал егер осыны ұға отырып, Президент маңындағылар осындай бағыт ұстаса, онда бұлар Президентке дос емес немесе олардың достығы қастықпен пара-пар. Барлық жақсылықтар мен барлық жамандықтар үшін бір адамды ғана жауапты ғып қою қоғамда қазіргі таңда тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында жауапкершілік алатын саяси күш, саяси элита жоқ деген ұғымды қалыптастырады.

Маған референдум өткізбеу туралы шешім қабылдаған Елбасы дәл осыған алаңдайтын сияқты әсер етті. Мен үшін Мемлекет басшысының халыққа арнаған Үндеуіндегі басқа сөздері бір төбе, ал мына сөздері бір төбе болып көрінді. «Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын». Мен Елбасының жалпы жастарға, жас ұрпаққа арнаған қағидалы сөздерін оқып жүрмін. Бірақ болашақ саясаткерлерге деп айтқан сөзін естімеппін. Мүмкін Ұлт көшбасшысы өзінен кейін ел басқару тізгінін қолға алатын жас саясаткерлер толқынын тәрбиелеуге ден қоя бастаған шығар. Өз басым Президентке шын жүректен мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сонымен қатар алдағы 5-10 жылда елімізде жоғары билік ауысатын болса ел басқаруды Елбасы тәрбиелеген, Елбасы бастап орнатқан орнықты, демократиялық саяси жүйенің мектебінен өткен, ұлттық элитаның болашақ буынына - шамамен Ресейдегі қазіргі Медведевтің жасындағыларға әділ бәсекелестік негізінде эволюциялық жолмен табыстау керек деп санаймын. Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысының тарихтағы ең үлкен рөлінің бірі де бірегейі - өзінен кейінгі қоғамды, елдегі саяси билікті тұрақты демократиялық жолға салып кетуімен байланысты болары сөзсіз.

Ол үшін Конституцияға референдумдар мен кезектен тыс сайлаулар өткізуге байланысты толықтырулар мен өзгертулер ғана емес, саяси жүйеге ұзақ мерзімді орнықтылық әкелетін шынайы жергілікті өзін-өзі басқаруға, сондай-ақ мәслихаттар мен Парламент өкілеттілігін, азаматтық қоғамның белсенділігін көтеруге қатысты Конституцияға өзгерістер енгізу қажет. Тек өз азаматтарының күш-қуатын жүзеге асыруына олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету арқылы жағдай жасаған мемлекеттің ғана ұзақ кезеңдер бойына бәсекелестікке қабілетті әрі күшті болып қала алатынын тарих талай рет көрсетіп, дәлелдеп берген. Толғағы жеткен бұл қажеттіліктерді мүдделі саяси күштердің талқылауы мен үнқатысуының тақырыбына айналдырса болар еді.

Президенттің Үндеуіндегі жоғарыда келтірілген салихалы дәлелдемесіне жүгінсек, референдум өткізудің бастамашылары және оларды қолдаған биліктегі партияның басшылығы, Парламенттің қос палатасының депутаттары сайлауды болдырмаудың ұзақ мерзімді салдарларын ойламаған болып шығады. Сонда сәл алыстау болашақты ойлауға басқа-басқа бірде-бір халық депутатының қарымы болмаған ба? Сұрақты осылай төтесінен қойсақ, онда Парламент депутаттарының референдумды жақтап берген 100 пайыз дауысы өте қорқынышты. Маған сайлаудың не екенін, өкілеттілікті ұзарту жөніндегі референдумның не екенін түсінбейтін депутаттардың арасынан ең болмаса бір депутат шығып, біздің бұл креслода отыруға моралдық тұрғыдан алғанда қақымыз жоқ, қашанғы бізді Президент түзетіп отыруы керек, одан да өзімізді өзіміз тарқатайық, бұл жерге бізден гөрі сауаттырақ, бізден гөрі жігерлілеу адамдар келсін деп ұсыныс енгізетін сияқты көрінеді.

Референдум идеясын сынап, бұдан әрі қарай қандай демократиялық бағытпен жүру керектігі жөнінде құлаққағыс жасағысы келген Батыс елдеріне тіл тигізіп, өзі білмей, білгеннің тілін алмай саяси мәдениетсіздіктің үлгісін көрсетіп, бізді олар үйретпесін, бізге олар үрмесін деп бүкіл Батысты сыбаған, фамилиясы «жақсы емес» деген мағынаны білдіретін депутат креслосымен де оңай қоштасқысы келе қоймас. Бір депутаттың білгішсінгеніне мән берудің де қажеті шамалы, әрине. Кеңес дәуіріндегі «қызыл үгіт» өтіп кетіп, сол кездегі ойлау жүйесінен желімше жабысып шыға алмаудан, жұмсартып айтсақ, осындай біржақты тұжырымдар шығады. Біздің айтқымыз келіп отырғаны, жалпы, тұтастай алғанда да, қазіргі бір партиялық депутаттар еліміздегі аса маңызды саяси институт - Парламент ұғымының беделін жұрдай еткені. Қазіргі таңда Президент мерзімінен бұрын сайлауға түсіп отырғанда, уақыттың ағымынан қалып қойған Парламенттің 2012 жылды күтіп отыра беруі ыңғайсыз-ақ.

Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілгіміз келіп отырғанына себеп: Президенттің референдум өткізбеу туралы шешімі азаматтық қоғамды терең саяси мәдениеттілікке жетелейтін қарапайым қағидаттарды түсінбегендер үшін де, жалпы болашақта ерте ме кеш пе талантымен жарып шығатын саясаткерлердің жаңа толқыны үшін де Елбасы айтқандай «тағылымды дәріс» деп қабылданғанына байланысты болып отыр. Референдум  үрдісін жан алып, жан беріп қолдағандардың өз бастамаларының тәуелсіздіктің жиырма жылдық кезеңінің қоғамдық-саяси қорытындыларына теріс баға берумен пара-пар екенін түсінбеуі мүмкін емес. Ендеше, оларды азаматтардың конституциялық құқын және бостандықтарына нұқсан келтіруі мүмкін мәселелерді заң бойынша референдумға шығаруға тиісті еместігі неге қымсындырмады? Сайлау құқығы және сайлану құқығы азаматтардың конституциялық құқықтарына жатады емес пе? Бұл сұрақтардың жауабын біздің елдегі сайлауларды тек лауазым мен мандат үшін күрес деп қана санайтын тар шеңбердегі түсініктің белең алуынан іздеу керек болар. Онсыз да сайланатын Президентті сайлаулар арқылы сайлап әуреге түспей-ақ мәселені шеше салмаймыз ба деген қасаң ойдан туындаған ойын, бұл. Оның үстіне Президент алдында көрініп, ұпай алып қалуға тырысқан жандайшаптық, бұл. Ойды тұман басты. «Болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске» баруға халықты да үгіттеп бақты, Президентті де үгіттеп бақты. Әділдік үшін айта кетейік. «Демократиялық дәстүрлер енді ғана қайта жаңғырып келе жатқан елде сайлау тек депутаттық мандат пен лауазым үшін күрес емес», - деген пікір «Ақ жол» партиясының Мәлімдемесінде білдірілді, - «Барлық деңгейдегі депутаттар және Президент сайлауы, олардың әділ өткен жағдайында халық үшін азаматтықтың саяси мектебі, азаматтық белсенділіктің жария көрінетін және республика тағдыры үшін азаматтардың жауапкершілікті өз мойнына алатын кезі. Конституцияда көрсетілген идеологиялық және саяси әралуандылық аясында сайлау азаматтардың өз ұстанымдарын жүзеге асыру құралы болып табылады». Партия төрағасы Әлихан Байменов қол қойған мәлімдемеде Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың референдум өткізу жөніндегі бастамадан бас тарту туралы шешімін құптай отырып, заң шығару мен саяси процеске қатысушыларды өздерінің азаматтық және тарихи жауапкершіліктерін есте сақтауға шақырған  еді.

Елдің ішінде де, тіпті сол 5 миллионның ішінде де референдумнан гөрі сайлаудың өтуінің  дұрыс екенін сезінушілер әлдеқайда көп болатын. Президент сайлау өткізу керек деп шешкенде көптеген саналы азаматтардың үстерінен жүк түскендей болғандығы рас. АҚШ, Еуропаның өркендеген елдері, күні кеше Қазақстан төрағалық еткен ЕҚЫҰ референдумды құптаған жоқ, тұтастай алғанда демократиядан ауытқушылық деп бағаланды. Әрине өркениетке ұмтылған, демократияны үлкен құндылық деп түсінетін елдер үшін Қазақстандағы референдум төңірегіндегі жүрген үрдісті, тіпті қазақ елінің мұнайы, тағы басқа жер асты байлығы керек болып жатса да, ақтау қиынның қиыны еді. Оның үстіне саммит өткізіп, бүкіл дүние жүзін демократиялық жолмен жүретініне сендіріп, оның артынша референдумды ойлап табудың қисынсыздығы көзге ұрып тұрған жәйт еді. Абырой болғанда үлкен саммит өткіздік деп эйфорияға түсуге болмайтынын, дүниенің бір шетіндегі жағдайлардың дүниенің екінші шетіне де әсері тиіп жататын заманда өмір сүріп жатқанымызды Президентіміз бағамдап үлгеріп, жағдайды түзеді. Мемлекет басшысы референдум өткізбеу туралы шешім қабылдап, мерзімінен бұрын  Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсынысын енгізді. Елбасының өзінің сөзімен айтсақ «Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн».

2. Сайлау - елімізге деген сенімнің тарихи актісі болсын десек...

11-ақпан күні «Нұр Отан» партиясының Х111 съезінде Нұрсұлтан Назарбаев 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына бірауыздан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды. Тап сол күні Орталық сайлау комиссиясына келіп, президенттік сайлауға қатысу үшін өтінішін берген  Мемлекет басшысы барлық үміткерлерге ортақ талап бойынша Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссия алдындағы емтиханды сәтті тапсырды.

Бұған дейін мемлекеттік тілді еркін меңгермегенінің салдарынан Президенттіктен үміттенгендердің бірі - Уәлихан Қайсаров, ә дегеннен-ақ, саяси додадан шығып қалып та үлгерген еді. «Айқын» газетінің (11 ақпан, 2011) сауалына Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі, Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы «Уәлихан Қайсар - өте сауатты әрі интеллектуалды деңгейі жоғары, кез келген мәселе бойынша өз көзқарасын білдіре алатын азамат. Бірақ саясаткердің мемлекеттік тілді білу деңгейі оның интеллектуалды білім деңгейіне толық сәйкес келеді деп айта алмаймын»,- деп жауап беріпті. Менің жеке пікірім: Президенттікке түскісі келетін Қазақстан азаматтарының өресінің жоғарылығына, білімінің тереңдігіне қарамай, мемлекеттік тілді білмесе ол Президенттікке үміткерліктен үзілді-кесілді шығарылуы керек. Лингвистикалық комиссияға ешкім де тапсырыс беруге тиіс емес. Тілді білмей саяси тапсырыспен біреу-міреу Президенттікке үміткерлікке тіркелсе, ол артынан бәрібір әшкереленеді ғой. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Онда лингвистикалық комиссиядағы абыройлы адамдардың абыройлары айрандай төгіліп, ұятқа белшеден бататыны анық. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді білмесең сен Президенттік түгілі қатардағы мемлекеттік шенеунік қызметке алынбауың керек. Ал бізде қазақ тілін білмесең де Қазақ елі үкіметінің премьер-министрі, министрлері болып отыра береді. Енді бұдан бұрынғы жылдардағыдай солқылдақтық жасауға болмайды. Мысалға, кезінде Ғани Қасымов Президенттікке үміткер ретінде жіберілді. Ал оның қазақ тілін білуі Уәлиханнан әлдеқайда төмен. Ол қазірге дейін де қазақша түртпейді. Ниет болса, тілді үйренуге болатынын Қазақстандағы басқа ұлттардың өкілдері қайта-қайта дәлелдеуде. Біз қазақ қоғамы болашақ Президенттен шет елдерге шыққанда халықаралық келіссөздерді тек қана мемлекеттік тілде жүргізуін талап етуіміз керек. Түптің түбінде осылай болады да. Бұл талапты орындау үшін қазақ тілін шалдыр-шатпақ білу аз, мемлекеттік тілді жетік біліп, ой-пікірлерін айқын, сауатты қағаз бетіне түсіре алуы керек. Президенттікке үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі - Президент болу үшін сайлауға қатысудың ең қарапайым алғышарты. Ендеше мемлекеттік тілді меңгермегендерге, шала білетіндерге, ей азамат, Президент боламын деп шалабыңды шайқама деу керек. Ондайлардың миларына мұндай  ой кірмеуі де керек қой. Егер ол өзін-өзі сыйласа, өзгені сыйласа, әрине. Тілді білмегенімен тұрмай қасиетті ана тілін қорлауға жол беруге бола ма? Дүниеде өзінің мемлекеттік тілін білмей мемлекет басқарып отырған адам бар ма екен? Демократияның тағы бір тарихи тағылымын Конституцияның  сақталуының кепілі ретінде тіпті 5 миллион қолға қарамай референдумды өткізбей тастаған Елбасыдан үлгі алған Орталық сайлау комиссиясы көрсетті. Лингвистикалық комиссия мүшесінің бірі айтып отырғандай интеллектуалдық деңгейінің жоғары болғанына қарамай Президенттікке үміткерді Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа ала отырып, жарыс жолынан шығарып тастады. Бұл партияларға, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстарға да сабақ болуы керек. Орыс тілінде «бұлбұлша» сайрап, мемлекеттік тілде амандық-саулықтан аса алмай, шүлдірлеп-былдырлап жүргендерді Президенттікке үміткер ретінде ұсынып, ұятқа батпасын! Демократияның ең басты өлшемдерінің бірі - Конституцияның, заңдардың талаптарын бұлжытпай орындау. Заң талаптары жұрттың бәріне ортақ. Президент сайлауы еріккеннің ермегі, ойыншық емес. Сөйлесе сөздің шешені болмай, ел басқаратын көсемі қалай болады?   

Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың санын 2017 жылға дейін 80, ал 2020 жылы 95 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берді. Халқымыздың 65 пайызға жуығы қазақтар. Өзге ұлттардың өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеріп жатқанын айттық. Оның үстіне Қазақстанда бір-бірімізді түсінетін түркітілдес азаматтар жеткілікті. Қашанғы өзге тілде сайрап ел басқара беруге болады. Ендеше бұл мәселеде бір мысқал да шегініске жол жоқ. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарып отырған партиясының форумының мінбесінен жас қазақстандықтарға бағыттаған келесі үндеуіне толық қосыламын. «Патриот болу дегеніміз - өз Отанын шынайы сүюді білдіреді. Өзіне, өз халқына сену, Отанға қызмет ету. Ал ата тарихын, ана тілі мен түп тамырын, тегін білмей тұрып нағыз патриот болу мүмкін емес».

Сайлау үдерісі қатаң болса да әділ басталды. Мемлекеттік тіл мәселесіне көбірек көңіл бөлінгенін оқушы қауым дұрыс түсінеді деп сенемін. Қазақ тіліне деген көзқарас Қазақ еліне, Қазақстан мемлекетіне арқау болатын, соған негіз болатын фактор. Осы мәселені қанша саясаттандырмайық дегенімізбен де, бұл біздің елімізде үлкен саясат. Ендеше, саяси реформалар жасауға бет бұрамыз деген үміт оянған кезімізде, осы мәселені бір сәтте естен шығарып  алмайық. Ал үміт отын Президенттікке ең басты үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отанның» съезіндегі «Біз саяси жүйені жаңартуды бірте-бірте жүзеге асыратын боламыз» деп айтқан сөздері тұтата түсті. Көңілге аз да болса күдік келтіріп, секемдендіретіні - осы сөйлемдегі «бірте-бірте» деген қосарланған сөз. Менімше, саяси реформаны шұғыл бастау қажет.

Бұл өзі әбден қайнап, піскен мәселе. Осыдан 5 жыл бұрын, 2006 жылы Қазақстан Республикасында Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жұмыс істеді. Сонда басқа да жұмысшы топтарымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі іске асыру және оны дамытудың перспективаларын айқындау жөніндегі жұмыс тобында сарапшы  болғаным бар. Саяси, демократиялық реформалар жайлы ең нақты бағыт-бағдарлар одан да бұрын, сонау 1998 жылы Президент сайлауының алдында Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған-ды. Сол Жолдауда қазіргі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұрған әділ сайлау өткізу, саяси партияларды нығайту, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін өсіру, баспасөз, сөз бостандығы, тәуелсіз соттар жүйесін құру, т.т. бәрі айрықша аталған. Президенттің 1998 жылғы терең, одан кейінгі Жолдауларда ішінара ғана көтерілген саяси реформалар мәселелері бойынша Үкімет өзінің іс-қимылдар бағдарламаларын жасағанда арнайы шаралар қарастырып, бағдарламасына қосып көрген емес. Нәтижесінде демократиялық реформалардың негізгі бағыттары мен бағдарламалар айқын да нақты белгіленген сол 1998 жылғы Жолдауды іске асырудың жолдарын 2006 жылы мен жұмысшы тобында болған комиссия іздестіргендей болған, сонымен тынған. Одан бері де іздестіріліп жатқан шығар, түйіп айтқанда, демократиялық реформаларды дамытудың болашағын содан бері әлі айқындап, нақтылай алмай жатырмыз. ПДС, НКВД...қайсысын айтып тауысасыз, толып жатқан комиссия, кеңес дегендер болды. Таусылмайтын әңгіменің тиегі ағытылғаны болмаса, оларда қабылданып, іске қосылған ештеңе жоқ.

Саяси жүйенің нағыз орталық буыны - мәжіліс. Елбасы сол тұста Парламенттің мемлекеттік саясатты жасаудағы белсенділігінің әлсіздігін сезгенінен болар, қайта-қайта комиссиялар құрумен болды. Парламент, тіпті басқаны айтпай-ақ қояйық, өзі қабылдаған заңдарының орындалуын бақылай алмайды, ол атқарушы билікті де бақылай алмайды. Ал заңдардың орындалуына бірдер-бір жауапты орган ол Үкімет. Үкіметті бақылай алмаған Парламенттің кімге қажеті бар, оны кім сыйлайды?  Сол себепті де бүгінгі таңда мәжілістің өкілеттігін күшейтуді шұғыл жүзеге асырған абзал. Оның санын да өсіру керек, сапасын да арттыру керек. Сан мен сапа. Бұл екі ұғымды қарсы қоюға болмайды. Сан сапаға тікелей әсер етеді. Саны жоқ мәжіліс толып жатқан министрліктері, олардың қуатты аппараттары бар Үкіметтің азуына, адуынына төтеп бере алмайды. Сапалы заң шығару мүмкіндігі азаяды. Сондықтан мәжіліс депутаттарының санын әлде де өсіру керек. Қазіргі және болашақ Президент Н.Назарбаевтың өзі жетекшілік ететін партиясының съезіндегі сөзін сайлауалды тұғырнамасы деп есептеп және ол уәдесінің орындалатынына сенім білдірсек, онда саяси жүйені жаңартудың негізі - «Парламенттің, оған есепті Үкіметтің өкілеттігін кеңейту, саяси партиялардың және жергілікті билік органдарының, сот жүйесінің рөлін нығайту».

Бұл мәжілістің ғана рөлін арттырып қоймай, азаматтық қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі - партиялардың да рөлін өсірер еді. Мәжілістегі партиялық фракциялардың да рөлі өсер еді. Осыдан келіп Парламенттің Үкіметті жасақтауына  кең жол ашылар еді. Сайлауда шын бәсекеде жеңген партия Үкімет мүшелерінің кандидатураларын ұсынуына толық негіз қаланар еді. Ал қазіргі жекелеген министрдің кандидатурасын Парламенттің салалық комитеттерінде талқылау қағидалы түрде алғанда маңыздылығы шамалы, Парламентті алдаусыратқан ғана тірлік. Оның үстіне қазіргі бір партиялық парламентте мұның бәрі жасанды сипатта. Бұл жерде кейбір оппозициялық  күштердің «Нұр Отан» партиясы өне бойы, мәңгібақи жеңе береді деген тұрғыда ғана бұл пікірге қарсы тұруы жөн емес. Күндердің күнінде бір партия жеңіп, келесі де жеңіліп, одан ешқандай қайғы жасамайтын мықты мемлекет орнатуымыз керек. Мемлекеттің деңгейі бір партияның ұтысынан нығайып, ұтылысынан шайқалып қалады дегеннен ойымыз бен бойымыз биік тұрмаса онда біздің кім болғанымыз? Бір жолы «Нұр Отан», одан кейін «Әділет» немесе «Патриоттар» жеңіп,  келесі де «Ауыл» мен «Руханият» озып немесе «Ақ жолдың» жолы болып, одан «Азат» асып немесе мүлдем жаңа тұрпатты партиялар пайда болып, саяси аренаға шығып дегендей бәсекелестік болып жатса және осы үдерістің бәрі әділ жүріп жатса одан қоғам тек қана ұтпай ма? Осының бәрі қалыпты жағдайға айналып жатса құба-құп емес пе. Мұнда да саннан сапаға деген қағиданы басшылыққа алу керек. Қолдан көп партия жасап, қолдан екі партия жасап, мың құбылып жатудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Оппозициялық партиялардың пайда болуын шектейміз деп тіркеу үдерісін қолдан қиындатудың тіптен қажеті шамалы. Партияны тіркеу үшін міндетті партия мүшелерінің санын әрі кеткенде 5 мыңнан асырмау керек. Партиялардың мәжіліске өтетін пайыздық мөлшерін 7 пайыз деп белгілеу тым жоғары. Оның шегі 3 пайыздың ғана маңайында болуы керек. Партиялардың өрісінің кеңеюі немесе тарылуының жалғыз ғана критерийі - олардың идеялар мен бағдарламаларының жарысы болуы шарт. Әрбірден соң оппозициясы әлсіз елдің күштілігінің өзі күмән тудырады. Ой жарысы, білім жарысы жоқ, әділ бәсекелестікке жол бермейтін елдің , бәрі бір данышпанға тірелген елдің болашағы түптің түбінде бұлыңғыр. Саяси жүйені демократияландыру күттірмейтін қажеттілік. Бүгінгі өзгерістер - болашақтағы қалыптылық. Пікір саналуандығы, оған төзімділік демократиялық қоғамның әліппесі сияқты ақиқат. Елбасы дұрыс айтады. «Бәсекелестік партияны шыңдайды, өзіне-өзі масаттанушылыққа және күштердің ыдырауына негіз бермейді». Саяси күрестің логикасы осыны қажет етеді. «Бірақ біздің Тәуелсіздікті нығайту мәселесінде және халықтың әл-ауқатына қол жеткізуде Қазақстанның барлық партиялары біртұтас болуға тиіс. Бұл - бүкіләлемдік дәстүр. Міне, дәл осындай бәсекелестікке үйрену қажет, тек сонда ғана демократия дамиды». Мұнымен де келіспеу қиын. Партиялар тек қана өзін және билікті көретін, қоғамды көруден қалған менмендіктен арылу керек. Халықтың қамы, қоғамның дамуы, тәуелсіздіктің баянды болуы алға қойылуы тиіс.

Кеңестер Одағы ыдыраған кеңістікте тәуелсіздігін алған елдерде 20 жылды артқа тастағаннан кейін де демократия бар ма, демократия өсіп, өркендеп, қанатын жая ала ма деген түйткілдер көп екенін жасыру жөн емес. Демократияның ең үлкен көрсеткіші - әділ сайлау. Кейбіреулерге ұнамаса да айтайық. Еуропада елдерді екіге бөледі: біріншісі, бастысы сайлаушы дауысы, екіншісі үшін - дауысты кім санайтыны маңызды. Қазақстан соның біріншісіне жатса дейміз, бірақ бұл - арман. Біздің елде судан таза, сүттен ақ сайлау өтіпті-міс дегенге сенетіндер аз. Шындықтан жалтарып кете алмайсың. Шындықты бүркемелеу - күннің көзін бүркемелеумен тең.  Халық жадынан ештеңе де ізім-қайым жоғалмайды. Өткен Президенттікке сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев дауыс санауды бұрмаламаса да жеңіске жетуге толық мүмкіндігі болды. Бірақ әкімдер өз орындарында қалуы сайлау нәтижесін қаншалықты «дұрыс» жасауымен тікелей байланысты болғандықтан дауысты артығымен жасап, «айқын басымдықты» қамтамасыз етті. Адамдардың биліктің әділетсіздігіне көніп, үйреніп кеткен соншалықты, олардың көбісі болып жатқан істерді әділдік тұрғысынан талқылап айыптаудан да мақұрым болып қалды. Сондықтан олар әділ жеңу (мәселен 70 пайыз) мен әділетсіз (мәселен 91 пайыз) жеңудің айырмашылығын да көре алмайды. Ал, өтірік пен әділетсіздіктің үлкен-кішісі болмайды, олардың екеуі де жиіркенішті әрі нәтижелері бірдей қорқынышты. Жалғандыққа негізделген саясат ерте ме, кеш пе, қай елде болсын бәрібір құрдымға кетеді. Жоғарыда мен Парламент депутаттарының өне бойы 100 пайыз дауыс беру әдеті шошындырады деп қалдым. Сол сияқты мені бүкіл халықтың сайлауда  90 пайыздан астам «дауыс беруі» де шошындырады. Бұл кеңестік дәуірдегі партия мен халықтың біртұтастығын меңзейтін 99,99 пайызбен пара-пар құбыжық сан. ХХ1 ғасырда адамдарда «бір кісідей» қолдау жоқ екенін ұққысы келмейтіндерді кейде тіпті аяйсың. Адамдар тоты құс емес, біреудің үйретіп қойғанын қайталай беретін. «Егер адамдардардың барлығы бірдей ойласа, онда ештеңені ойламағаны» - бұл Гегельдің сөзі. Күрессіз, қайшылықсыз, тіпті керек десеңіз теке-тірессіз өмір бар ма? Онсыз қоғамның алға жылжуы мүмкін бе, жалпы? «Халықтың бір бөлігін үнемі алдауға болады, белгілі бір уақытта халықты тұтастай алдауға да болады, бірақ бүкіл халықты және ұдайы алдауға болмайды». Бұл Линкольннің сөзі.

Қазақстан мен оның басшысының әлемдік масштабта саяси салмағы артып отырған шақта мен еліме де, Елбасыға құрметпен қарай отырып, сайлаудың еркін де әділ өтетіне сенім білдіргім келеді. Елбасы өзінің Президенттігі үшін ғана емес, сондай-ақ біздің елімізге деген сенімнің тарихи актісі болсын деп, сайлау өткізуге шешім қабылдағанын ағынан жарылып айтты. Біздің елде Конституцияға өзгерістер енгізуді талап ететін саяси жүйені демократияландыруды Президенттің ерік-жігерінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Президент өзі берген уәделерін, оның ішінде саяси реформаларға қатыстыларын да орындауға кіріседі деп ойлаймын. Менің сайлауда жеңіп шығатынына ешқандай күмәнім жоқ Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушы ретіндегі аманатым да осы.

Елді саяси реформалар арқылы демократияландыруда Елбасының төңірегіне жұмылайық. Біз демократияландыру өте жауапты іс, сондықтан асықпайық деген марғау ойдың жетегінде жүре бермейік. Өзіміздің шабандығымызды ақтау үшін қазақтың неше түрлі мақалдарын өз ауандарымызға бұрып алып пайдалануға да әбден машықтандық. «Көш жүре түзеледі» деп көп айтамыз. Асықпаған-аптықпаған дұрыс та шығар, бірақ өркениеттің көшінен қалып қоюға қақымыз жоқ. Қазақтың тағы бір мақалына қарсылау пікір айтсам, асықпаған арбамен қоян алмайтын заман бұл. Керісінше, уақыттан ұтылған бәрінен де ұтылатын заман бұл.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496