Ішкі көші-қон еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттырады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Үшінші кешенді міндет − еңбек нарығын жаңғырту» атты бөлімінде басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету жөнінде орынды атап көрсетілген болатын. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға байланысты облыстың халқы тығыз орналасқан аудандарынан республикамыздың шалғайдағы өңірлеріне халықты көшіру барысы туралы айтқаны мәлім. Өздеріңізге мәлім, республикада халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары 4 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысымен, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнінде ынтымақтастық меморандумдары түзілді. Ал 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде облысымыздан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелді. Аталған басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары да жүргізілген. Қоныс аударған азаматтардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, білім саласында 42 азамат қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, жергілікті атқару органдарында 11, қызмет көрсету саласында 12, денсаулық сақтау саласында 7 адам еңбек етіп жүргені анықталды. Біздің өңіріміздегі мұндай игілікті әрекетті қанатқақты жоба ретінде қарастырып, сәтті өткен эксперимент ретінде бағалауға болады. Қазақстан Республикасы Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған өз еркімен қоныс аударушыларды ынталандыру, ішкі көшіқон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстік-Солтүстік» жобасын дайындауда. Себебі, республикамыздың солтүстік облыстары халқының саны (Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар) жыл сайын кеми түсуде. Расында да Оңтүстік Қазақстан облысы артық жұмыс күші бар, республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Оның үстіне өңірдің табиғи-климаттық және географиялық жағдайының қолайлы болуы да адам капиталының дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Ресми деректерге жүгінсек, соңғы бес жылда халық саны 272,8 мыңға немесе 24 пайызға артып, бүгінде тұрғындар 2 861,3 мың адамға ( оның ішінде жұмыссыздар саны 62,7 мың) жетті. Сөйтіп, республика халқының 16,1 пайызын құрап отыр. Ішкі көші-қон (миграция), яғни халықтың облыстан көшуі мен келуі барысындағы айырмашылықты қоса алғандағы көрсеткіштің өзі өсу динамикасын байқатады. Әрине, еліміздегі үшінші мегаполис болуға ұмтылған шаһарға қарай халықтың шоғырлана түсуіне заңды құбылыс ретінде қарауымыз қажет-ақ. Өйткені, облыс орталығы − Шымкент қаласына қоныс тебушілер қатары көбейіп тұр. Мұны төмендегі деректер дәлелдей түседі. Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үй салуға жер телімін алуға 173 мыңға жуық адамның өтініші тіркелсе, 49 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Ал, осыған әлі де құжаттарын ресімдеу қаракетінде жүрген, тіркеуге тұрып үлгермегендерді қосыңыз. Өңірдің экономикалық белсенді халқының жұмыспен қамтылғаны 1147,2 мың адам екен. Оның құрамында өздігінше жұмыспен қамтылғаны 502,8 мың адамнан асады. Бұл не деген сөз? Біздің ағайындардың «жұмыс жоқ» деп жүні жығыла салмайды. Жоқ жерден жұмыс таба қояды. Өз автокөлігін «такси» ете салады. Үлкенді-кішілі кеңсенің маңайын «ақылы» автотұраққа айналдырып, мәшине кіргізіп-шығарудан да өз нәпақасын айырып отырғандар аз емес. Жұмыс іздеген адам әйтеуір «осылай» айналысатын кәсібін тауып ала береді. Нарық заманына бейім мұндай жандар жалпы жұмыспен қамтылғандардың 43,8 пайызын құрайды екен. Ал облыс бойынша өздігінше жұмыспен қамтылғандар үлесі республикада ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Ішкі көші-қонды реттеу бойынша облыста бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен биылғы жылдың сәуір айында өңіраралық бірігуді дамытудың шаралары бірнеше аудандарда ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы (2019 отбасы мүшелерімен) қоныс аударуға ниет білдірді. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен, 794-і мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге талаптанып отыр. 2017 жылы қоныс аударушыларға 288 отбасына квота бекітілді. Демек, квотаға енген бағдарламаға қатысушылардың әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде (79 415 теңге) бір реттік субсидия және тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге 12 ай ішінде 180-360 АЕК мөлшерінде субсидиялар (408 420-816 840 теңге) беріледі. Бүгінгі таңда солтүстік өңірлердің мәліметіне сәйкес республика бойынша 119 отбасы қоныс аударса, оның 99-ы (262 отбасы мүшелерімен) Оңтүстік Қазақстан облысынан (Қостанай – 7, Павлодар – 13, Солтүстік Қазақстан – 44, Шығыс Қазақстан – 35) өзге өңірлерге көшпек. Оның ішінде 64 отбасы нақты квота алу үшін құжаттарын (Сарыағаш ауданынан – 11, Мақтаарал ауданынан – 3, Шардара ауданынан – 2, Сайрам ауданынан – 12, Түлкібас ауданынан – 3, Ордабасы ауданынан – 3, Түркістан қаласынан – 2, Шымкент қаласынан – 28 отбасы) тапсырды. Әрине, мұндай маңызды істе қоныс аудару процесін жылдамдату, туындаған мәселелерді жедел шешу, көшуге ниет білдіргендерге жағдай жасау үшін солтүстік өңірлердің өкілдері кезең-кезеңмен облысымызда болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл қуанарлық жағдай. Талпыныс табыс әкеледі. Нәтижесінде ерікті түрде қоныс аударуға 618 мүшесі бар 177 отбасының тізімі қалыптастырылды.
Серікқали Жексенбаев
Abai.kz