Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 6469 20 пікір 12 Шілде, 2018 сағат 08:43

Иман - мұсылмандық «формаға» үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құнды қасиет...

Құрметті Таубол ұстаз!

Сіз бұл сұрақтың жауабын менен жақсы білесіз. Амал не, ұстаз сұрап тұрған соң жауап бермей болмайды. Сіздің не мақсатпен сұрағаныңызды, қандай қажеті болғанын зерттемей-ақ қояйын. Сіз білетін мәселе деп үнсіз қалсам, үлесімнен құр қалармын. Елеусіз тастасам, құрметсіздік болар. Шәкірттің міндеті ұстаздың алдында өз әдебін сақтап әлінен аспау екенін білемін. Жауабым діттеген жерден шықса, ол сіздің ұлағатыңыздан жұққаны. Айтқаным теріс-қағыс кетіп кейітсе, әрине, шәкіртіңіздің шәкене болғаны, сөйте тұра жіптің бір ұшы өзіңіздің қолыңызда екенінде жасырмаймын...

Олай болатыны, біздей әлсіз пенденің санасын жарықтандырып, қиялын қиырға қанат қақтыра алмаған, ұйқыдағы түйсіктерді оята алмаған жауапкершіліктен айналып өте алмайтыныңызды білесіз. Бұл сөзім ыңғайсыз, әдептен аттағандық болып тұр, сөйте тұра айтып қалғаным, «сөйлемес бұрын ойланып алыңдар, сүзгіден өткен пікірді ірікпеңдер!» - деп, едіңіз. Сол үшін турасынан тарттым.  

Осы жерде бір мәселені айтар болсам, адамдар «ұстаз» десе, ақ сақалы беліне түскен, ақ шашты қарияны елестетеді. Үстіне ұзын шапан киіп, қолына имек таяғын ұстап келе жатқанын, немесе асықпай сөйлеп, айналасын үйіріп  тұрғанын елестетеді. Ал, жасы кіші, өзіне шақ костюм киіп, галусток байлаған жігітті көз алдына келтіре алмас. Ондай болса, егде жастағы ересек ұстаздар қайда? Жолаушы кеткен бе? Тіпті де олай емес, осы кезге дейін біз оқыған білім жұртында, жоғары оқу орындарында не ағайлар мен не апайларға жолықтық. Дәрісін алдық, тапсырмасын орындадық... Шынына келсек, сол ағайлар мен апайлар шын тәрбиеші, нағыз ұстаз бола білді ме? Білім кітап оқудан, естуден, жаттығудан келеді екен... оны адамның себебінен алып отырғанымызды білсек те, ұстаздық өнеге, жүректің сүйіспеншілігіне бөлену бола қойды ма?.. Кім біледі!...

«Ұстаз» сөзінің терең астарына бара алмаймын, сөйте тұра маған «ұста» болып сезіледі. Яғни ол адам білім де, өнер де, өнеге де, ұста, шебер дегенді білдіріп тұрғандай. Екінші жақтан, етегінен ұста, қолынан ұста, сонда ғана адаспайсың деп тұратындай. Үшіншіден, «ұстас» деп тұрғандай, қолына қолыңды беріп ұстас! Тәнің бөлек болғанымен жаның тоғыссын, көңілің көздессін, қалауың бірге, қадамың күнде жалғассын дегенге саяды деп түйемін. Ендеше, сізге дейін ұстазға кездеспегенімді қарапайым көргеніммен дәлелдеп бере аламын.

Сіз бірде сөйлеп тұрып, «Бұрынғы тақуалар жамандыққа жоламайтын, істеген жақсылығын жасыратын. Ал, бүгінгі адамдар жамандығын ерлікке балап, жақсылығын базарға салады» - деп, қалдыңыз.

Сонда қалай болғаны, өнер жердің бетіне шықты. Адамдар ақылды, жер астында тығылып жатқан көмірді отқа жағып, мұнайды өңдеп көлікке құйды. Технология ұшқан құстай дамып қиял жетпейтін қызыққа тап болдық. Киімнің неше түрлісі тігіліп иініңе ілінсе, тамақтың сан алуаны дасдарқанымыздан орын алды. Айшылық жол алты сағатқа қысқарды. Сөйте тұра адамдар арсызданып азып-тозып барады. Қарапайым ғана адамға керекті сүйіспеншіліктің орнын жеккөру сезімі, көмектесудің орнын орға теуіп түсіріп кету қатігездігі, өзара құрметтің орнын менсінбеушілік, такаппарлық иеленді. Бұлай болуына Иман «өлшеуіштің» жоқтығы деп нық сезіммен айтамын. Сөйте тұра, Иман дегенннің мұсылмандық «формаға» үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құнды қасиет екеніне көзім жетті. Неге десеңіз, адамдар Ислам мен Мұсылманның арасын ажырата алмайды. Т

ағы бір мәрте айтайын «Ислам» таза дін. Жан біткенге зәредей қиянаты жоқ, қалыпты өмір сүрудің ең абзал қағидасы. Ал, мұсылман исламды тұтынатын, оны қабылдаған «адам». Пенделер алуан түрлі мінезде болғандықтан бойындағы бар «байлығын» сүйреп әкеліп исламға кіреді. Нәтижеде оның сәлдесі, сақалы, шапаны ғана өзгеріп, түпкі тегі қаз-қалпымен өте салады, сапасы титтей көркейген жоқ. Исламға кірген адам арының кірін кетіріп, жүрегіндегі қоймасын қопара тазалап, ақиқатқа бас иіп Мүсілім болуға тиіс.  Намаз оқып, таспих тартып жүрген сақалды сабазымның өзі мұсылман болудың ислам рухын қанына сіңіру екенін аңғармайды. Үйді былай қойғанда мешітке намазға барып отырған пенде өзі секілді біреуге сыбырлап көршісін жамандап отырады. Үлкендігі үйдей көлігін жүргіншілердің жолына көлденеңінен тастап, өзі сәждеге бас қойып Құдайдан Жұмақ сұрап жатады. Ал, оның кесірінен пенделер сағат бойы тосылып жолынан қалады.

Отыз жыл бойы «дос» болып келе жатқан жақының, достық туралы тереңінен толғанып сөйлеп тұрып, барды-жоқты термелеп, тырнақ астынан кір іздеп, бетіңді тырнаса, жүрегіңді ауыртып, көңіліңді түсірсе, қырсық сөздермен қыжыртып тұрса, осы «достықта» береке бар ма? сол сөздерді айтып болған соң:  «Әй, жарандар, құптан уақыты кіріпті тездетіп намаз оқып алайық!» деп алды-артына қарамай аттап-пұттап дасдарқаннан шыға жөнелсе... хамолиондай құбылған қылығына қарап қатып қаласың.

Бір ғұлама «Сан қайтара қажыға барсаң да, құранды жатқа оқыған қари болсаң да бейкүна бір кісінің көңілін ауыртсаң, онда сен мұсылман емессің!» депті. Менше осы сөзде мән бар. Менің анық білгенім мұсылманның иманы оқумен, жаттаумен келмейді екен. Сүйекке сіңбесе, жүрекке орнығып қаның арқылы алпыс екі тамырыңа тарамаса бәрі бекершілік екенін білдім.

Қарапайым намазсыз жұрттың арасында сондай бір адамдар болады, әдебі, білімі,  қадірі, кішпейілдігі, қайырымы, қалтқысыздығы таң қалдырады және соның бәрі шынайы. Әттең, «калима айтыңызшы!» десең, жәй ғана жүре береді. «Жүрегім таза, көңілім түзу дейді». Ол шын айтады, десе де, нағыз мұсылмандардың сапына келіп көркемдігін тұтас қауымға үлгі етсе дейсің ғой!.. Оның есесіне қарадүрсін қаталдау пенделер мүсылманның қарасын көбейтіп, исламға кір келтіріп жүрген де жүрегің ауырады. Жаңағы жаныңдағы «достық» туралы философия соғатын «дәнішпан» айналасын апырып-жапырып, жемір сиырдай жеп тастайды да, желпініп отыра береді. міне, мұсылманның сиқы.

Әлгі автоматтан оқ борататындар, адамды боршалап соятындар сондайлардың сойқан ірісі. Өткен жылы бір жолдасымыз Абғанстанға конференсияға барып келді. «Тәліптердің ойраны басылайын деп пе?» деп сұрақ қойдым. Ол, «тәліп болып соғысатындардың айлық жалақысы 500 доллар болған екен, соңғы кезде ДАИШ болып соғысса еңбегіне 1000 доллар алатындықтан олардың көбі сол жаққа кетіпті» деп жауап берді. Ендеше, дүниені дүрліктіріп жатқан мұсылман емес, ақша және саяси ойын екенін білетін кез жетті.

Құрметті Таубол ұстаз, сұрағыңызға келесі жолы жауап берейін.

Сізге деген құрметпен: Дәулетбек Байтұрсынұлы  

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392