Ержұман Смайыл. Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы
Елдің еркіндігі мен дамудың дербестігі жөнінде сөз қозғалғанда қазақ халқының арғы тарихындағы қарулы көтерілістер шежіресін де, идеялық ұмтылыстар барысын да әкеп тірейтін, ал бергі тарихындағы қоғамдық-өркендеу кезеңдерін шендестіріп қарастыратын құбылыс - Алаш қозғалысы екендігі анық. Алаш ағаларының бостандық көксеген өлең-жырлары мен қазақ халқының намысын қайраған, ұйқыдан оятуға, талпынған үндеу-толғаныстары ХХ ғасырдың басынан бастап көзі ашық, көкірегі ояу баршаның жүрегіне шоқ түсірсе, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі талқандалып, оларға тыйым салынғаннан, Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері ғана емес, оған қатысушылардың барлығы дерлік сотталып, атылғаннан кейін де Алаш идеясы қазақ жастары арасында сақталып қалды.
1940-1941 жылдары алғашқы қадамдары жасалып, соғыстан кейінгі жылдары қайта жанданған «ЕСЕП» ұйымының түп негізінде де Алаш ағаларының азаттық идеясы жатқан еді. «ЕСЕП» жетекшілерінің бірі, бүгінде Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Көбетей ауылында тұратын 87 жастағы ардагер ағамыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмет ТЕМІРҰЛЫМЕН әңгімеміз де осы тұрғыда өрбіген болатын.
- Махмет аға, «ЕСЕП» партиясы деп айтқанымызбен, ол саяси тұрғыда қалыптасқан ұйым дәрежесіне көтеріле алған жоқ қой...
Елдің еркіндігі мен дамудың дербестігі жөнінде сөз қозғалғанда қазақ халқының арғы тарихындағы қарулы көтерілістер шежіресін де, идеялық ұмтылыстар барысын да әкеп тірейтін, ал бергі тарихындағы қоғамдық-өркендеу кезеңдерін шендестіріп қарастыратын құбылыс - Алаш қозғалысы екендігі анық. Алаш ағаларының бостандық көксеген өлең-жырлары мен қазақ халқының намысын қайраған, ұйқыдан оятуға, талпынған үндеу-толғаныстары ХХ ғасырдың басынан бастап көзі ашық, көкірегі ояу баршаның жүрегіне шоқ түсірсе, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі талқандалып, оларға тыйым салынғаннан, Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері ғана емес, оған қатысушылардың барлығы дерлік сотталып, атылғаннан кейін де Алаш идеясы қазақ жастары арасында сақталып қалды.
1940-1941 жылдары алғашқы қадамдары жасалып, соғыстан кейінгі жылдары қайта жанданған «ЕСЕП» ұйымының түп негізінде де Алаш ағаларының азаттық идеясы жатқан еді. «ЕСЕП» жетекшілерінің бірі, бүгінде Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Көбетей ауылында тұратын 87 жастағы ардагер ағамыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмет ТЕМІРҰЛЫМЕН әңгімеміз де осы тұрғыда өрбіген болатын.
- Махмет аға, «ЕСЕП» партиясы деп айтқанымызбен, ол саяси тұрғыда қалыптасқан ұйым дәрежесіне көтеріле алған жоқ қой...
- Ол Компартиядан басқа партияға рұқсат жоқ кез болатын. Одан басқаның бәріне тыйым салынатын. Қазіргідей бәлен мүшесі болып, ел Конституциясына қайшы келмейтіндер тіркеуден өте беретін жағдай қайда... «ЕСЕП» қауіпсіздік қызметінен басқа жерде тіркелген де жоқ. Бірақ бізді қуғындағанда, соттағанда партия құрды деп айыптады ғой.
- Ал «ЕСЕП» дегеннің өзі нені білдіреді?
- «Елін сүйген ерлер партиясы» дегеннің қысқартып алынғаны. Бүркіт Ысқақов ұсынып, мен қостаған атау.
- Ал оны құру неден басталып еді?
- 1940-1941 оқу жылында Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Қазгородок (қазіргі Кертінді) ауылындағы орта мектепті бітірген бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық оқытушылар институтына түстік. Бәріміз де бір бөлмеде жатамыз. Ауылда радио жоқ еді. Мұнда күндіз-түні радио сайрап тұр, әр түрлі хабар естіп, қазақтың тамаша ән-күйлерін тыңдап, рухани азыққа кенелдік те қалдық. Өзіміз бұрын көрмеген газет-журналдарды да тауып алып, қызыға оқимыз.
Институтта біздерге қазақ әдебиетінен Айтбай Нәрешев лекция оқитын. Ол лекция оқығанда бәріміз де ұйып тыңдап, елтіп қалғандай болатынбыз. Өйткені қағазға да, кітапқа да қарамай түсіндіріп, ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтатын. Институттағы «Жас қалам» деп аталатын үйірмеге өзі басшылық етті. Онда оқып талдайтын кітаптарды да өзі әкеліп отыратын. Оның әдеби үйірмені басқарып жүргізіп отырудағы тікелей көмекшісі ақын Бүркіт Ысқақов болды.
Бір күні Айтбай Нәрешев ауырып қалып, институтқа келмеген соң Бүркіт екеуміз үйіне бардық. Төсек тартып жатыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен бір-екі кітап алғызып берді. Оның жеке кітапханасындағы кітаптардың көптігі бұрын мұндайды көрмеген біздің есімізді шығарып жібергендей болды. Біз көзбен сүзіп, таңдана қарап жатырмыз. Ашық тұрған кітап сөрелерінің қасында құлыптаулы бір шкаф тұр екен. Онда да кітап толып тұр. Оны ашып қарауға бізге рұқсат бермеді. Біз не болса да соны ашып көруге құмарта түстік. Кейіннен ағасының үйде жоқтығын пайдаланып, інісі Рамазанға жалынып, шкафты аштырып көрсек, іші толған «халық жаулары» Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың т.б. кітаптары. Шкафтың ең төменгі түп жағында бізді ерекше қызықтырған арапша әріптермен жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптары сақтаулы екен. Бүркіт екеуміз бұл кітаптарды біртіндеп қана білдіртпей алып, ешкімге көрсетпей оңаша оқып шықтық. Өзімізге ұнаған өлеңдерді дәптерге жазып алып, жаттап жүрдік.
Алаш көсемдері жайында түсінік алып, олардың не үшін күрескенін білгеніміз біздерді ерекше рухтандырып жіберді. Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық.
- Махмет аға, сонда неше жастасыздар?
- Он алты-он жеті жастағылармыз.
- Сол кезде қазақтың бар жастары жаңа өзіңіз айтқандай, «Алаш жолын қууға» дайын деп ойладыңыздар ма?
- Бізге солай болып көрінетін. Бәлкім ол туралы терең ойланып жатпаған да болармыз. Бізді азаттық аңсаған Алаш азаматтарының бәрі де туған елін отарлық бұғаудан құтқарып, бостандық, азаттық әперу үшін төніп тұрған қауіп-қатерден қаймықпай, шыбын жандарын да пида етуге дайын тұрғандары тәнті еткен.
Бұған Мағжанның мына өлеңі толық дәлел бола алады.
Желе бер, жаным қара көк,
Желкілде желмен айдарым.
Қолымда найза көк болат,
Ерлігіме айғағым.
Ұлт дегенде көпіршіп,
Жарайсың, қаным, қайнадың!
Ұлтымнан мен садаға
Бекіндім, белді байладым.
Білгенін енді істесін,
Өлімменен ойнадым!
Бұдан асқан туған халқы үшін жасайтын ерлік болар ма!
Осы сарында жазылған өлеңдер біздерге жігер беріп, рухымызды көтере түсетін еді.
Бүркіт екеуміз өзіміздің сенімді деген достарымызға жаттап алған Алаш ақындарының өлеңдерін ауызша айтып жүрдік. Байқасақ, естіп, тыңдағандардың бәрі де сүйсініп, өте ұнататын болды. Екеумізді де бұл жағдай жігерлендіре түсті. Енді Алаш партиясы сияқты халықты сүйетін, тек халық үшін қызмет қылатын жаңа партия құрсақ деп ойлай бастадық. Ондай партияны қалай деп атауымыз керек деген ой көп толғандырды. Әуелі «Жас алаш» деп атамақ болдық. Мұны қойып «Жас қазақ» демек те болдық. Ақыры «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқарта айтқанда, «ЕСЕП» деп атадық. Бұл 1941 жылдың бас кезі еді.
Енді мұны пікірлес достарымызға жария етпекпіз. Өзіміз жатқан жатақхананың бір бөлмесіне тегіс жиналдық. Бүркіт Кеңес өкіметінің қазақ ауқаттыларын зар жылатып, мал-мүлкін тартып алғанын, бұл тәркілеудің нәтижесінде байларды ғана емес, олардың жұмысын істеп, бала-шағаларын асырап жүрген кедей-жалшыларды да ауыр жағдайға ұшыратқанын айтып өтті. 1929-1930 жылдары колхоздастырамыз деп барлық қазақтың күнелтіп отырған малын түк қалдырмай тартып алып, бүкіл халықты аштық алапатына, жаппай қырғынға ұшыратқанын, тіпті қазақты біржолата құрта жаздағанын тәптіштеп түсіндірді. Мұнан кейін есеңгіреп қалған елдің есін жиғызбай, «халық жауларын әшкерелеу» деген сұмдық науқан бастап, ел басқарып жүрген зиялы қауымды да, сауатсыз қарапайым адамдарды да жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқанын айтты. Қатынасқандардың бәрі де ұйып тыңдап отыр. Сөзінің соңында: «Халықтың басына түскен осындай ауыртпалықтарға, жан төзбес қайғы-қасіретке кім кінәлі деп ойлайсыңдар?» - деп сұрақ қойды. Ешкім үндей қоймады. «Ендеше, - деп әрі қарай жалғастырды Бүркіт өзінің айтар пікірін, - бұған бүкіл елді билеп-төстеп тұрған Компартия және оның көсемдері айыпты. Егер олар халықтың қамын ойлап, қызмет атқарса, халықты қайғы-қасірет, күйзеліске ұшыратпаған болар еді. Сондықтан бүкіл халыққа, әсіресе қазақ халқына елін сүйіп қызмет ететін ғана партия керек. Сондай жаңа партияны өзіміз құрып алуымыз керек», - деген Бүркіттің сөзі отырғандарды тегіс қызықтыра, ынтықтыра түсті. Олардың ұнатып отырғанын білгеннен кейін шабыттана түсіп: «Жолдастар, - деді ол, - біздің құрайық деп отырған жаңа партиямыз «Елін сүйген ерлер партиясы» деп аталады. Оны қысқаша айтқанда «ЕСЕП» дейміз, осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы «ЕСЕП» партиясының мүшесіміз деп есептей беріңдер», - деп тұжырымдады өзінің пікірін. Тыңдап отырғандар тіпті риза болып, қол шапалақтап жіберді.
Сөйтіп, өзіміз жаңа бір саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның бағдарламасын да, жарғысын да әзірлеп, қабылдаймыз деп келістік. Оларды тездетіп жазу Бүркіт екеумізге тапсырылды. Осы күннен бастап студенттер, қызметтегі жастар, тіпті жоғарғы сыныптардағы оқушылар арасында үгіт жүргізіп, пікірлестеріміздің санын өсіре беруге талпындық. «ЕСЕП» партиясының мүшелері деп мына төмендегілерді есептедік: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Олардан басқа ауылда тұратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев (кейіннен Мақуов), Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбеков еді. Біздің пікірлестеріміз, тілектестеріміз біртіндеп өсе берді.
Бүркіт екеуміз бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласында Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне барып, өзіміз жатқа білетін Алаш ақындарының өлеңдерін айтып, оқушылардың ұлттық намысын ояту үшін әңгімелесіп қайтамыз. Пікірлестер шоғыры мектеп оқушылары арасынан да шыға бастады. Институттағы студенттермен әңгімелесіп, олардың пікірлерін, мінез-құлықтарын біліп алғаннан кейін ғана өз жағымызға тартуға тырысатынбыз. Біздермен пікірлес болғандар тарих факультетінің студенттері: Нүркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайритден еді. Институтта Бүркітпен жақын жүргендердің бірі - Жаппар Өмірбеков. Біздер кейінірек әдебиет үйірмесінде Алаш ақындарының шығармаларын оқып, талқылайтын болдық. Мұндай жаңалық үйірме мүшелеріне де қатты ұнайтын еді. Талқылауды Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) «Маса», «Қырық мысал» кітаптарын оқудан бастадық.
Қазағым - елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! - деген өлеңін бірден ұнатып, бәрі де жаттап алды. Қайран данышпан-ай, халқының басына қаралы күндер туып, ақыры аштық алапатына, қуғын-сүргінге ұшырап, қайқайып белі сынып, құрып кетуге де айналатынын қалай болжап айтқан деп таң қалатын едік. Жақаңның (Міржақып Дулатовтың):
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, - деген өлеңін оқығанда ақын біздерді, қазақ жастарын әділетсіз қоғаммен күресуге шақырып тұрғандай сезінетінбіз.
Шіркін, халқымыздың азаттығы үшін күресетін қолайлы бір күн туа қалса, біздер жан аямай айқасар едік-ау деп армандадық.
- Тек армандаумен ғана қалған жоқсыздар ма? Нақты атқарған істеріңіз болды ма? Оның үстіне соғыстың қарсаңы еді ғой ол кез?
- Иә, көп кешікпей соғыс та басталды. Сол кезде өзімізді құртып келе жатқан, тіпті біржолата жоқ қылатын ойы бар қоғамды, мемлекетті не үшін қорғаймыз? Бізге оның аман қалуы емес, күйреп жеңілуі керек, отарлық бұғауда отырған халықтар сонда ғана бостандық алады деген пікірде болғанымыз рас.
Бұл ойымыз жай қиял ғана екен. 1942 жылы қараша айында Бүркіт майданға аттанды. Мен кейінірек еңбек майданында болдым. «ЕСЕП»-тің басқа мүшелері де әскерге алынып, майданға жөнелтілді. Бірақ ұйымның алғашқы мүшелері тарап кеткенмен, «ЕСЕП» идеясын насихаттау соғыстың қызу жүріп жатқан кезінде де әрі қарай жалғаса берген.
1944 жылы Қарағандыда бір топ жастарды Кеңес өкіметіне қарсы жүргізіп жүрген саяси насихаттары үшін қамауға алған. Оларға «ЕСЕП» деген кеңес қоғамына қарсы ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылған. Бұлар: Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбеков болатын. Оларды қатты қысымға алып: «Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үйретті?» дегенде бәрі бірдей Бүркіт екеуміздің аттарымызды атаған.
Асығат Рүстемов пен Зейнолла Әбділдин жастау болған соң бірсыпыра қинап, қолдарынан қолхат алып, босатып жіберген. Жаппар Өмірбековті бір жыл бойы түрмеде ұстаған. Бейсембай Жақсылықовты он жылға соттап жіберген. «ЕСЕП»-тің идеясын жалғастырушылар мұнымен тоқтап, тоқырап қалмаған. Азаттық идеясын үгіттеуді саналы студенттер әрі қарай жалғастыра берген.
1960 жылдан бастап Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарында «Жас қазақ» немесе «ЕСЕП» атты жасырын ұйым құрылған. Бұлар Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясаты қазақ сияқты ұлттардың тілін де, мәдениетін де құртып жіберу екенін түсіндірген. Ұлттық іскер кадрларға үнемі қысым көрсетіп, оларға жауапты жоғарғы дәрежедегі қызмет атқаруға мүмкіндік бермей, ондай қызметтерге үнемі орыс коммунистерін ғана тағайындап отырғанын, қазақ мектептері жабылып, барлық мектептерде оқу орыс тілінде жүргізіліп отырғанын айтқан үндеу парақтарын таратып отырған. Қазақ жастарының ұлттық намысын ояту мақсатында үндеу парақтары басқа қалалардағы жоғары оқу орындарына да жіберілген. Бұлар қандай бүркеншік ат қолданса да, қолға түсіп, жазаланған. Олар Зейнолла Игіліков пен Кәмел Жүнісов еді. Азаматтарды қатты қысымға алып, қылмыстарын мойындатып, 4 жылға соттап, РСФСР-дің Орал тауындағы саяси тұтқындар лагеріне жіберген. Бұлардан кейін «ЕСЕП» партиясына тілектес болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргіздіңдер деп Кәрім Сауғабаев, Мақсым Омарбековті жазалаған.
Бүркіт «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейді. Мен шет тілдер институтында студентпін. Шеттен келген студенттер жатақханада жатамыз. Сенбі, жексенбі күндері әдебиетке құмар бірнеше студент бір жерге жиналып алып, қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, талқылаймыз. Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» мен Нұрқан Ахметбековтің «Күләндам» поэмаларын оқып, талқылағанда Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянатын, зорлық-зомбылығын алғаш рет естіп отырған студенттер өздері осыған дейін мектептегі тәрбиенің нәтижесінде ұнатып келген қоғамға күдікпен қарай бастады. Үйірмеге Жекен Қалиев, Мұстахым Азанбаев, Адырбек Аманқұлов сияқты талапты студенттер белсене қатысып отырды.
1951 жылғы 18 қаңтарда Бүркіт екеумізді тұтқындап, абақтыға әкеліп қамады. Алғашқы күндері Алаш ақындарының кітаптарын оқығанымызды да, «ЕСЕП» деген саяси ұйым құрғанымызды да мойындамаған едік. Ақыры өз айтқандарына көндіріп, бәрін де мойындатты. 5-6 айға созылған азапты тергеу жұмыстарын аяқтап, «Бүркіт Ысқақов пен Махмет Теміровтің ісі» деген қалың-қалың 4 папканы толтырып, біздің ісімізді сотқа берді.
1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақстанның Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 10-11-тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров және Айтбай Нәрешевті 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл бойы азаматтық құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарды. Мұстахым Азанбаевты, Рамазан Нәрешевті, Жекен Қалиевті, Адырбек Аманқұловты 8-10 жылға соттады.
Сөйтіп, біздерді Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрған, ұйымның мақсаты Орта Азия республикалары мен Қазақстанды Кеңес Одағының құрамынан бөліп, Түркияның қолдауымен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған, кеңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салынған әдеби кітаптарды көпшілікке таратып отырған деп айыптады.
Біздер әр түрлі лагерьлерде азап шегіп жүрген кезімізде 1956 жылы ақпан айында Коммунистік партияның ХХ съезі «жеке басқа табынушылық және оның зардаптары» туралы мәселе қарады. Сталин мен оның сыбайластарының қылмысты істерін әшкереледі. Олардың талай жазықсыз жандарды қырып-жойғандығын, қуғын-сүргінге ұшыратқандығын айыптады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ жазықсыз жапа шегіп жүргендерді әр жерде арнаулы комиссия құрып, босата бастады. Солардың бірі болып 1956 жылдың маусым айында мен де босанып шықтым.
- Махмет аға, «ЕСЕП» партиясын, яғни бұрынғы өмір жолыңызды қоя тұрып, еліміздің ең жаңа тарихына келейікші. Сіз 1991 жылдың 16 желтоқсанын, тәуелсіздік жарияланған күнді еске түсіре аласыз ба?
- Егер де 1991 жылғы 16 желтоқсанда жүзеге асқан ұлы оқиға туралы айтып тұрған болсаң, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған күн деп нақтылап алғанымыз жөн. Біз Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған болатынбыз.
- Жоғарғы Кеңес жариялаған болатын...
- Сол Жоғарғы Кеңесті халық, яғни біз сайлағандықтан, менің «біз жарияладық» деуімнің еш әбестігі жоқ.
Сұрағыңды екі тұрғыда қарастырғым келеді. Біріншіден, «ЕСЕП» партиясын, бұрынғы өмір жолымды қоя тұрғым жоқ. Өйткені, тәуелсіздік, азаттық, елдік идеясы менің бойымда өмір бойы жасап келеді. Бұл идея - менің өмірім, менің тағдырым. Мен «ЕСЕП» болмаса, тәуелсіздік болмас еді деп тұрған жоқпын. Бірақ еркіндік, дербестік жолындағы ұлы қозғалыс қазақ халқының, хандары мен билерінің, батырлары мен бағландарының ел қорғаған жорықтары мен шайқастарынан, ұлт-азаттық күрестерден, Алаш идеясынан, содан туындаған «ЕСЕП», Мәскеудегі «Жас тұлпар», Павлодардағы «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдардан, Желтоқсан көтерілісінен тұрмай ма?
Екіншіден, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданғанын біз, ауылдағылар, ертесіне естіп қуандық қой. Көзімнен жас парлай отырып, қуандым. Осы жолда құрбан болғандарды, қыршын кеткендерді ойлай отырып, қуандым.
Тағы бір айрықша қуанған күн туралы айтқым келеді. Есіңізде ме, осыдан сәл бұрын Республика күні дейтін мереке болған, 25 қазанда атап өтетінбіз. Бұл Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн болатын. Әрине, мемлекеттік тәуелсіздік дегеніміз - ұлық мереке, оған талас жоқ. Дегенмен, тәуелсіз Қазақстанға барар жолдағы үлкен бір белес мемлекеттік егемендігіміздің жариялануы еді. Ал соны жария еткен Декларация еліміздің жаңа Конституциясын әзірлеу үшін негіз болғанын ұмытуға бола ма. Ол күні демалмай-ақ қояйық, бірақ Республика күні деп атап өткен жөн еді. «Егемен болмай ел болмас» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған болар. Сіздің газеттеріңіздің атауында да «егемен» деген сөз қалды ғой.
- Оның есесіне Тәуелсіздік күнін 16-17 желтоқсанда екі күн мерекелейміз ғой...
- 17 желтоқсан - Желтоқсан көтерілісінің күні. Есіңізде ме, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Желтоқсан оқиғасына «халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды» оқиға деп баға бергені. 1991 жылғы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып, Елбасы мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданғанын бұқара халық өкілдеріне сонда жария еткен.
«Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Ұзағынан сүйіндірсін! - деген болатын Президент. - Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын». Барша халықтың парызы ретінде Желтоқсан құрбандарын еске алу күнін Тәуелсіздік күнімен бірге атап келеміз.
- Президент Жарлығымен биылғы жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы болып жарияланды ғой.
- Бағана айттық қой, елімізде бұдан үлкен, бұдан маңызды мереке болмақ емес. Ал мереке дегеннің атқарылған істерді қорытып, атқарылмаған істерге назар аудару шаралары екенін ұмытпайық.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.
Суреттерде: Махмет пен Бүркіттің жас кездеріндегі бейнесі; М.Теміров, 2005 жыл
«Егемен Қазақстан» газеті