Жексенбі, 10 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 7393 5 пікір 27 Шілде, 2018 сағат 09:13

Жұрттың жоғын жоқтамаған жазушы жазушы ма?

Алаш зиялыларының һәрбір ісін, һәрбір сөзін, Ұлтына жасаған өнегесін, әсіресе, жас ұрпақтың санасына құя беру керек. Жас ұрпақтың ғана емес-ау, бүгінгі зиялы қауымның да ұстанар жолы осы Алаш мұрасы болуы керек емес пе еді?!.

Өйткені Алаш арыстары әдебиетке қана араласқан жоқ, отаршылдық саясаттың озбырлығына да ең бірінші болып үн қатып отырды, азаматтық ұстаным-көзқарастарын именбей ашық білдірді. Қолдайтын жерінде қолдады, толғайтын жерінде тартынып қалмады.

Мәселен қазақ даласына миллиондаған қарашекпенділерді патша өкіметі темір жол арқылы еріксіз күштеп жер аударды. Қазақ қашан да қонақжай халық емеспіз бе, оларды бөтенсіген жоқпыз, бауырымызға бастық. Ендігі жерлерде біз олармен кез келген даулы мәселені референдум арқылы шешетін деңгейге жеттік, санасатын болдық... Тіпті Лениннің, қорқау Сталиннің ескерткішін алып тастау туралы да ақылдасатын болдық, кезінде отарлару саясатымен орысшаланған жер-су, елдімекен атауларын өзгерту туралы да өз бетімізше тура тарта алмаймыз. Қас-қабаққа қараймыз, көзқарас-пікірлерін сұраймыз... Келіспесе, мораторий жариялаймыз.

«Оян, қазақ!» деп ұран салған Міржақып Дулатұлы бір мақаласында Америкаға осындай күшпен әкелінген қаранәсілділер туралы жазады. Қарап отырсаңыз, біздегі қарашекпенділердей бұлар да қазіргі күні Америкада көп басымдықтарға ие, халқының 70-80 пайызын құрап отыр... Біз осындай «мәдениетті» басқыншылыққа алаңдауымыз керек, алаңдасақ.

Алаш заманындағыдай осы іспеттес оқиғалар бүгін де көрініс бермей ме?! Көрінсе, байқалса, жауынгер қаламгерлеріміз неліктен бұғулы, көздері неге жұмулы? Қазір Қазақияға жұмыс күші деп көрші қытай, өзбек, қырғыз, т.б қауымы ағылуда. Неге бұл тақырып әдебиетке өзек болмай отыр, неге жазылмайды?

Біз жазушы тек махаббат тақырыбын, сүйіспеншілікті жазуы керек, саясат шаруасына килікпеуі керек деген советтік иделогияның құрсауынан әлі арыла алмай келе жатқан сияқтымыз... Әлде басқалай себептері бар ма, ақындарымыз да көзге ұрып тұрған шындықты жырлаудан гөрі, азаматтық лирикадан гөрі, пеш түбінде жатып алып мөлдір махаббатты жанынан бір елі тастамайды... Патриоттық дегенде де "Қалмақтарды шапқанбыз, жоңғарларды атқанбыздан" аса алмай келеміз. Қазақтың жеріне көз алартпаған, сол үшін соғыспаған басқа жаулары болмағандай құдды... Шүкір, Оспан, Зуқа баһадүрлеріміздің ерліктері туралы көркем шығармалармен оқырмандарымыз Тәуелсіздік арқасында енді-енді танысып сусындап жатыр.

Сөзіміздің басында қарашекпенділердің темір жол арқылы әкелінгені туралы айттық қой, кезінде Мағжан ақын осы темір жолға, отарбаға қарсы үн қатты. Жанайқайын ұқпадық. Көштен қалған дедік. Ал осының әлеуметтік-саяси астарына бір сәт үңілдік пе?! Әрине, жоқ.

Мағжан «Шойын жол» өлеңінде:

Қара айғыры ырсылдап,

Қара қабан қорсылдап,

Елді басып өтіп пе?

 

Кеселді болмай аяғы,

Баяғы байлық – баяғы,

Қолында мал бар ма екен?

 

Болмаса: «Оны ит жеген», - деп,

«Өшпес байлық егін» - деп

Қабы толған дән бе екен?

 

Екеуінің бірі жоқ,

Қалың қайғы, ойға тоқ...

Қайран ел тозып жүр ме екен?

 

Кемпір, шал, бала, азамат,

Станция біткенді аралап,

Көзін сүзіп жүр ме екен?

 

Сұр кетіп жұрттың жүзінен,

Сары қымыз көзінен

Бір-бір ұшып жүр ме екен?

 

«Қымыз жасық су ғой...» деп,

Ендігі жас жеткіншек

Ащы су ішіп жүр ме екен? (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. 1-том. Алматы, «Жазушы», 2013, 239-242-беттерде) – деп толғайды. Бәрі – рас, ақын ертеңгі хәлді тап басып танып отыр.

Сол шойын жол арқылы қазақ сахарасының жер шарында жоқ қазынасы Ресейге тасылды, тіпті қазақ өзі аштыққа ұшырап жатқанда да, қазақтың бүкіл малы, орман-талы, балығы, бар байлығы, халық аштан қырылып жатқанда ел жемесін деген сылтаумен Сталиннің бұйрығы бойынша 4 миллион тышқан терісі де осы шойын жол арқылы жөнелтіліп жатты, жөнелтіліп жатты. Аң-құс атуға, балық аулауға заңды түрде тыйым салынды. Мұның бәрі – геноцид.

Бұдан кейін шойын жол мәселесін Оралхан Бөкей өз шығармасына арқау еткенін алаштанушы Тұрсын Жұртбай бір сұқбатында былай айтқан болатын:

«Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» атты романында Оспан деген кейіпкер бар. Сол Оспан айтады: «Мына темір жол деген – қазақ даласының мойнына салынған темір бұғау! Ол сендерді қысады, ол қазаққа орыс әкеледі».

Ал біз Ай мен Күннің аманында дәп бүгін осылай айта аламыз ба?!. Қайдам-ау.

Қазір бізге бір-бір Мағжан, Оралхандар жетіспей тұр-ақ.

Жүсіпбек Аймауытұлының Джек Лондоннан аударған «Теңсіз, телегей аттаныс» әңгімесіндегі:

«Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек. Олар сауда жасап жүріп-ақ қатын-бала, үмек-шүмегімен сабанның топанындай ағылып келіп, сенің жеріңе атақонысындай орнығып алады. Ел алу, жер алу – Қытайға түкіргеннен де оңай. Ол көптігімен алады. Қаулаған өрттей басып қалады. Қытай өзімен қоңсылас елдерді соғысып жойған жоқ, сауда жасап жүріп-ақ жұтып қойды. Бұ сияқты жер алу, ел алу әдісін дүние жаралғалы тарих жүзі көрген жоқ», - деген сөзін оқып отырып, ойланасың, тұңғиық тереңге батқандай боласың.

Бұлардан бөлек қазақтың қайсар қызы Сайрагүлдің жанкешті тағдыры, Отанға деген махаббаты да бір-бір кітапқа жүк емес пе?! Бірақ бұл мәселе де әзірге мақала шеңберінде қалулы... Мүмкін ертең жазылар...

«Жұрттың бәрі жақсы, бәрі де ер, бәрі де ұлтшыл. Кімнің кім екені тар орын, тайғақ кешуде білінеді» (М.Дулатұлы. Алты томдық шығармалар жинағы, 2-том, «Талайдың сыры ашылды» мақаласынан. Алматы, «Мектеп», 364-бет), - деген Міржақып сөзін қаламгерлер қауымына қаратып айта аламыз ба осы біз?

Қордаланған мәселелер – шаш-етектен. Соның бәрін әдебиет жүзінде айта алу да – адамдық парызымыз. Жетістіктерді айтпайық деген бәтуә-байлам жоқ, айтайық. Бірақ «Бізде бәрі керемет, жұмақ өмір, тамаша!» деу әсіренауқаншылдыққа ұрындырары сөзсіз. Бүгінгі замана шындығын жырлап жүрген ондай қаламгерлеріміз де көп емес:

«Қылкөпір» романын берген Қабдеш Жұмаділов,

«Ұлтсыздану ұранын» жазған Мұхтар Мағауин,

Жаңаөзенді жырлаған Ұлықбек Есдәулет,

Қытайдағы қазақ қызының тағдырын толғаған Есболат Айдабосын, сондай-ақ әдебиетте азаматтық ұстанымын ашық танытып жүрген Темірбек Медетбекұлы, Сапабек Әсіпұлы, Қасымхан Бегман, Исраил Сапарбай, Думан Рамазан, Амангелді Кеңшілік, Талғат Ешенұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Асылбек Жаңбырбай, Жанат Жаңқашұлы, Дәурен Айманбет, Мирас Асан, т.б.

Біз Мұстафа Шоқайдың:

«Әдебиетшілер көздерімен көріп, санасында саралағандарын жазғанда ғана өздерінің нағыз қаламгерлік борышын өтей алады. Қаламгердің шығармалары сонда ғана халықтың рухани сұранысына жауап бере алады», - деген сөзін ұмыттық па?

«Халықтың ойлаған ойын, пікірін білдіретін, мұңын, мұқтажын көрсететін – осы әдебиет» (Райымжан Мәрсек) екені рас болса: «Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ» (Жүсіпбек Аймауытұлы) екенін бір уақ естен шығармайық, ағайын...

Бауыржан Берікұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1159
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2665
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2700