Елге кел, қазағыңа қайта орал, Мейрам!
Туа бітті дарынды, оқу-білімге құштар қазақ баласын қазір алыс елдердің бірінен көре қалсақ, не есім-сойын ести қалсақ, еш таңданбайтын болдық. Олар бір кездегі фарабилер сияқты дүниеге ғылым шамының жарығын шашып, жан-жақта жүр. Мейрам Мырзаболатов. 33 жаста. Ол – Пенсильвания штатындағы университеттің профессоры. Алматының тумасы. Әріпті ана тілінде таныған. Ақтөбе қалалық қазақ-түрік лицейінің түлегі. Алматыда Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқып, «ақпараттық технологияларды бағдарламалармен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бакалавриант атанған.
«Бакалаврды оқып жүріп математика мен Сүлеймен Демирел университетіне бағдарламалар енгізу пәні бойынша сабақ бердім. Сол кезде мен білімімді құрдастарыммен бөлісіп, оларға барымды үйреткім келді. Содан кейін мен аталған жоғары оқу орнында магистратура бітірдім», - дейді Мейрам.
Білімі тасыған Мейрам Демирелді тәмамадаған соң Пенсильвания штатындағы университеттің доктарантурасына қабылданады. Өзінің айтуына қарағанда, Мейрам доктарантураға «Болашақ» бағадарламасымен емес, өз талабымен қабылданған. «2012 жылдан бері осындамын. Бастапқыда бір жыл ІТ маман ретінде жұмыс істедім, сосын мені университетке оқытушы етіп алды. Енді алдағы тамыз айының 20-нан бастап профессорлық дәрежедегі қызметіме кірісемін», - деп өз жайынан мәлімет береді Мейрам.
Профессорлық дәреже алу үшін Мейрам Мырзаболатов «Сублинді алгоритм» тақырыбындағы еңбегін қорғап шыққан.
«Қарапайым тілмен айтсақ, компьютер ғылымындағы басты мәселе – алгоритм. Біз жедел алгоритм ойлап табамыз да, оны тез әрі көрнекі етіп шешудің жолын компьютерге түсіндіреміз. Бұл – математика мен компьютер ғылымына тән нәрсе», - дейді профессор.
Пенсильвания штатындағы университетте Мейрам әзірге жалғыз қазақ әр ең жас профессор. Оның жылдық табысы 70-80 мың доллар. Осындай табысы мен атақ дәрежесіне қарамастан Мейрам елге оралуды армандап жүрген көрінеді. «Бізде де жан жақты білім беретін жоғары оқу орындары бар. Алайда, бізде студенттердің ізденісі мен білімін тәжірибе жүзінде сынап көретін зертханалар жоқ. База жоқ», - деп қынжылады жас профессор.
Пенсильвания штатындағы университеттің іргетасы 1855 жылы қаланған. Университет 150 жылдан бері АҚШ-та ғана емес, әлемдегі үздік оқу орындарының бірі болып келе жатыр. Міне, сол оқу орнында біздің Мейрам жүр. Осы күні жансанының көптігіне қарамастан АҚШ сияқты елдер аса дарынды, қабылетті жастарды әлеменің түкпір түкпірінен іздеп тауып, өзіне тартуда. Азаматтық беріп, ақыл ойын түгел сарқып алуға ұмтылуда. Миллиардтан астам халқы бола тұра адамның тегіне біткен ілім-білімді қытай халқы да сырттан іздей бастады. Ал, біз өкінішке қарай, ұлтымыздың интеллектуалдық әлеуетін шетелдерге тегін экспорттап қойып, қарап отырмыз. Әйтсе де, еліңе кел, қазағыңа қайта орал, Мейрам!
Abai.kz