Әміржан Қосанов. Сонымен не болды өзі?
Полицияны, яғни Ішкі істер министрлігін реформалау керек деген жер астынан жеті қоян тапқандай дүмпу шығып, бұған дейін нақты шендіге қарсы пікір айтпай жүрген әртүрлі ұйымдар кәдімгідей шулай бастады. Бір ғана шендіні ағаш атқа мінгізгісі келіп, «министр отставкаға кетсін!» деген сыңайдағы «серьезный» сөз саптала бастады. Не істемек керек?
Реформа, сөзсіз, керек-ақ!
Өркениетті ортада «менің полициям мені қорғайды» деген ұстаным болса, бізде «менің полициям» мені қарғайды, арбайды, көшеге шыққан шал-шауқанды қудалаудан таңбайды! Парақорлық пен азғындықтың символына айналып, өзін асырап отырған елге әбден жеккөрінішті көрінген бұл органдарды бір сілкіп алатын кез келгелі қашан!
Осы тұрғыдан алғанда Денис Тен секілді танымал тұлғаны тапа-тал түсте аяусыз пышақтап, жап-жас ғұмырын қиған қылмыскерлер, әрине, полицияның қоғамдағы орны туралы әңгіменің жаңаша жандануына өз септігін тигізді.
Бірақ қарақшылардың қолынан қаза тауып жатқан жалғыз Тен бе?! Айналаңызға қараңызшы: ондай қылмыс күнделікті жасалып жатқан жоқ па?!
Тен өлімінің әлеуметтік-экономикалық астары тағы бар: жастар қай жетіскенінен автомобиль айналарын ұрлап, сатып, нәпақа тауып жүр дейсіз?! Өзін асырайтын тұрақты жұмысы болса, олар ондай бассыздыққа бармас еді ғой!
Айтпақшы, кезінде менің де машинамның айнасын ұрлаған, базарға барсам, сатушылар маған өз айнамды қайта ұсынғандай болды...
Жұрттың бәрі Грузиядағы полиция реформасын тілге тиек етіп, ондағы әйнектен жасалған полиция кеңселерін мысалға келтіріп жатады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ біздің әккілер әйнектің артында тұрып та ойына келгенін жасай беретін сияқты! Сондықтан бізге әйнек кеңсе ғана емес, әйнектей, ашық та жария заңдар, полицияны тырп еткізбейтіндей темірдей тәртіп керек!
Естеріңізде болса, Алматыдағы снайпердің тірлігінен кейін қаладағы полиция бөлімшелерінің ғимараттары жұрттан оқыс әрі одағай түрде оқшауланып, өздерін биік дуал-шарбақпен қоршап алды. Тура бір ешбір жау ала алмайтын қамал-бастиондар секілді! Террористер қаупі болса, неліктен балабақша, мектеп, ауруханаларды дәл солай қоршап тастамайды?!
Сол, қолдан жасалған қорғандар полицияның осы жылдар бойына тірнектеп жиған абыройын бір сәтте айрандай төгіп тастады!
Қоғамда қызу талқыланып жатқан осы тақырыптың бір астары маған ұнамайды. «Қасымов кетсін!» деген талаптың артында жекебастық жоба-жорамал жатқан секілді. Иә, оны алып тастайық. Бірақ ол кеткеннен не өзгереді – жеке министрді емес, жүйені түгелдей ауыстыру керек!
Оның үстіне жеті жыл бойына бір орнында тапжылмай отырып, «кет десе де, кетпей қойған» оған тағар кінә баршылық. Қазақстанның жаңаша тарихында орнын ойып алған, баршамыздың ортақ қайғымызға айналған Жаңаөзен трагедиясының өзі не тұрады! Ол тұста жалғыз Қасымов емес, сол кезде саяси шешім қабылдауға қатысқан барлық шенді орнынан қуылуы керек еді! Бірақ, өтіріктің құйрығы бір тұтам, ерте ме, кеш пе, Жаңаөзен ақиқаты ашылады! Міне, Арменияның өзінде осыдан 11 жыл бұрын болған оқиға үшін елдің бұрынғы президенті Кошарянды тұтқындалды, сот алдында (ең алдымен, Ар алдында!) жауап бермек! Бізде де солай болмақ! Желтоқсан, Шаңырақ, Жаңаөзен үшін бәрі жауап береді!
Енді реформа мәселесіне көшелік.
Меніңше, құқық қорғау мәселесінің ерекше асқынып тұрғанын ескеріп, мынадай бір қадамға бару керек: таяу болашақта Ішкі істер министрі шын мәнінде ел мойындайтын, бас билік сөзіне құлақ асатындай ерекше тұлға болуы керек!
Яғни, ол Қазақстан билігінің қарапайым адамға, оның қарапайым тұрмыс-тіршілігіне, қарапайым құқтарына деген мемлекеттің колдаушы көзқарастың мықты көрінісі мен болмысы ретнідегі тұлға болуы тиіс! Оған, оның жаратылысы мен түріне қарап, әрбір қазақ «осы кісі болса, мен өзім жіне отбасымның құқықтық жағдайына еш алаңдамауыма болады» деген сенімде брлуы тиіс! Оның комиссар Каттани секілді тұлғасына қарап, қылмыстық топтар да именуі, етек-жеңін жинап жүруі керек!
Бұл үшін ол адам мұнтаздай таза, ешбір кланға қатысы болмауы керек! Әйтпесе, өз адамдарының сойылын соғып кетуі мүмкін! Бәлкім, оған ешкімнен де пара алмайтындай, ешкімнің қабағын жаутаңдап қарамайтындай жағдай жасап беру керек болар. Оның үстіне ол полиция қызметінің не екенін білетін, сонау аудандық деңгейде жұмысын бастаған кәсіби кадр болуы керек шығар. Әйтпесе бізде сол, ауылдың иісі мұрнына бармайтын, жергілікті деңгейдің мектебінен өтпеген қаншама министр мен әкім жүр десеңізші!
Асып-тасқан полицияны тәубасына келтіріп, халыққа жақындатудың бір жолы ретінде кейбір елдердегі секілді (мәселен, АҚШ-тағы шерифтер) жергілікті басшыларды сайлау механизмін енгізсе де артық болмас еді. Ондай жағдайда ол басшылар ел алдына шығып, есебін беріп, өз бағдарламасы мен жоспарларымен жүйелі түрде бөлісіп тұрар еді. Әйтпесе, БАҚ өкілдерінен қашып жүрген министр мен басқа полиция басшыларын көргенде кәдімгідей-ақ жерге кіріп кеткің келеді...
Аты мен заты пәлелі полицияның ел алдына шығып, ақталар дәлелі бар ма? Қоғамдық пікір деген өзі қызық қой: осы күндері погонды құқық қорғаушыларды қолдап, өзінің оң көзқарасын танытып жатқан адам некен-саяқ. Неге?! Сабыр суы сарқылған болса керек.
Ішкі істер министрлігі – атқарушы биліктің бірегей бөлшегі. Қарға қарғаның көзін шұқымайды, ал погонды қарға көзді шұқуды айтпағанда, бір-бірінің қабағын аңдып, тонның ішкі бауындай араласып, ымы-жымы бір болады. Оның өзі жемқорлықтың көкесі боп танылады. Меніңше, осы құрылымға шын мәніндегі, қауқарлы да қарекетті қоғамдық қадағалау керек-ақ! Оны, мәселен, тегеурінді әрі өкілетті парламенттік комиссия жүзеге асыра алар еді. Ол жағын да ойластырып қою керек сияқты.
Жақында ғана Қауіпсіздік кеңесінің жаңа мәртебесі анықталып, өкілеттіктері ерекше күшейтілді. Оның құзырына бүгінде ешкім де шәк келтіре алмайды. Осыншама қауқары бар сол орган неліктен осы реформаны өз қолына алмайды? Реформаны бастасын, ел алдына шығып, есебін берсін!
Бір нәрсе анық: полиция - мемлекет пен қоғамның бір ғана бөлігі. Сондықтан бір мекемені ғана реформалап, қалғанын баяғы жартас - сол жартас қалпында қалдыра беруге болады деген ұстаным – қисынсыз. Ортақ шаңырақ – мемлекетті жаңалағанда бір ғана бөлмені жөндеп қана қоймайды ғой!
Өз басым полиция реформасын жалпыұлттық, жалпымемлекеттік реформаның бір саласы деп қабылдағым келеді: жабық мемлекет жағдайында жеке ведомство ашық бола алмайды! Полиция жақсы боп қалып, «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» боп, оның қызметінің «крышасы» боп келе жатқан прокуратура мен сот жаман боп жатса, не істейміз? Жемқорлыққа түбегейлі әрі түпкілікті салынған ол инситуттарды реформалау үшін тағы бір танымал тұлға қаза табуы керек пе?!
Сондықтан реформа деген кешенді әрі келелі болуы тиіс!
Ал мұның өзі қазіргі Қазақстанның саяси болмысына қатысты бүкпесіз әңгіме бастауға жетелейді...
Әміржан Қосанов, саясаткер
Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін