Отаншылдық Отан соғысы тарихын білуден бастала ма?
Дәурен ҚУАТ
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» Жаңылыспасам бұл - әйгілі ақын Әбу Сәрсенбаевтың майдан туралы жазған өлеңінің бастапқы жолы. Мектептің төменгі басқышында оқып жүрген кезімізде жаттасақ керек. Ұмыта бастаппыз. Қазір ақынның әлгі өлеңі жалпы білім беру бағдарламасында бар ма, жоқ па оны білмейміз. Білетініміз - бүгінгі жас ұрпақтың күркіреп өткен кешегі соғыс туралы түсінігінің шамалы екендігі. Турасын айтқанда жалаң цифрдың шегінде ғана. «1941 жылы немістермен соғыс басталып 1945 жылы кеңес одағының жеңісімен аяқталыпты» дер еді таңдаулы мектептің ең озат оқушысы егер сіз тақымдап сұрақ қойып отырып алсаңыз. Нағызында бала байқұс бұдан өзге не десін? Себебі ол - жаңа заманның төлі. Өткенге, тарихқа балама көзқарастар табылып, бұрынғы мен соңғыны сарапқа салып жатқан уақыттың ұланы. Сондықтан жыланбауыр жиҺан көшіне ілескен бұла буынды айыптауға асықпағанымыз абзал. Алайда, 9 мамыр қарсаңында жарық көрген баспасөз, қазақшасы мен орысшасы аралас, қарт майдангерлердің қатары сиреп, селдіреп қалғанын, коммунистер мен комсомолдардың тәрбиесін көрмеген жастар өз тарихына өгейсіне қарайтынын жарыса жазып, жамырай жылап пәле қылды.
Дәурен ҚУАТ
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» Жаңылыспасам бұл - әйгілі ақын Әбу Сәрсенбаевтың майдан туралы жазған өлеңінің бастапқы жолы. Мектептің төменгі басқышында оқып жүрген кезімізде жаттасақ керек. Ұмыта бастаппыз. Қазір ақынның әлгі өлеңі жалпы білім беру бағдарламасында бар ма, жоқ па оны білмейміз. Білетініміз - бүгінгі жас ұрпақтың күркіреп өткен кешегі соғыс туралы түсінігінің шамалы екендігі. Турасын айтқанда жалаң цифрдың шегінде ғана. «1941 жылы немістермен соғыс басталып 1945 жылы кеңес одағының жеңісімен аяқталыпты» дер еді таңдаулы мектептің ең озат оқушысы егер сіз тақымдап сұрақ қойып отырып алсаңыз. Нағызында бала байқұс бұдан өзге не десін? Себебі ол - жаңа заманның төлі. Өткенге, тарихқа балама көзқарастар табылып, бұрынғы мен соңғыны сарапқа салып жатқан уақыттың ұланы. Сондықтан жыланбауыр жиҺан көшіне ілескен бұла буынды айыптауға асықпағанымыз абзал. Алайда, 9 мамыр қарсаңында жарық көрген баспасөз, қазақшасы мен орысшасы аралас, қарт майдангерлердің қатары сиреп, селдіреп қалғанын, коммунистер мен комсомолдардың тәрбиесін көрмеген жастар өз тарихына өгейсіне қарайтынын жарыса жазып, жамырай жылап пәле қылды.
Газеттер бір сәтте қызыл түске боялып жарты әлемді жатқызып өргізген кремльдік реңк алып шыға келсе, телеарналардың бәрі неміс әскерлерін тырқырата қуған ержүрек орыс азаматтарының қаһарман бейнесіне толып кетті. Бұл кинолардың қасында Американың «боевиктері» жіп есе алмай қалды. Мәселенки, Ресей арналарының бірінде көрсетілген «Маусым, 41 жыл» атты киноның басты кейіпкерін сомдаған Сергей Безруков дейтін жұп-жұқа жігіт немістің бір двизиясын жалғыз өзі қырып кете жаздады. Ақырында дал болған неміс офицері «Орыс халқы соғыстың тәртібін білмейді екен ғой» деп «бригадир» Безруковтың («Бригада» филімінде рэкитерлердің мықтысы болып танылған актер), жаудан беті қайтпайтын, жеңілмейтін орыс жұртының ерлігіне бас шайқады. Назар аударыңыз, «Ұлы Отан үшін!» «Ұлы Сталин үшін» деп ұрандап ұрысқа кірген КСРО халықтарының емес, орыстардың ерлігіне тәнтті болды.
Кино - өнер туындысы десекте, тарихи шығармалар өмірдің шындығынан тым шалғай кетіп жатса, шып-шылғый өтіріктің өзі болып шықпай ма? Оның үстіне, қан майданда ғұмыры аяқталған немесе ерен ерліктің үлгісін паш еткен ұлт өкілдерін ұмыт қалдырып даңқ пен дақпыртқа өнер туындысында да, өмірде де орыс азаматы лайық саналаса, тәуелсіз ұрпақ санасы қырық жылға созылған қырғынның өзін қабылдамауы мүмкін. Өйткені, жас ұрпақ «Ұлы Отан соғысы» аталған майданда аталары жасаған ерлікті бәрінің мойндағанын талап етеді. Көркем шығармалардан, құнды құжаттардан аталарының есімін оқып, соғыс турасындағы кино-эпопеялардан аталарының бейнесін көргісі келеді. Өкінішке қарай, ортақ жеңісті отаршылдық пиғылы үстем түскен Ресейдегі орыс халқы жекешелендіріп алды. Сталин бокалды «отты суға» меймілдете толтырып «Ура, жолдастар, орыс халқының жеңісі құтты болсын!» деп тост көтерген сәтте-ақ сол кездегі кеңес елі мәселенің мәнісін бек ұққан-ды. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннің ертеңінде олардың екіншідүниежүзілік соғысқа байланысты орыс тарихшыларының күшеніп отырып жазғандарын жылы жауып тастап өткенге өзгеше қарап шыға келгендері сондықтан болса керек. Мұнда өткенге өзгеше қараудан зәре-құты қалмай қорқатын ел біз екеніміз ешкімге құпия емес. Өзгеше қарауды былай қойыңыз, Ресейге бодан болғанымызды еске салатын шараларды мемлекеттік деңгейде жиі-жиі атап өтіп, жадымызды жаңғыртып тұрамыз. Әйткенменде, тәуелсіздік рухын бойына сіңіре алмай шалабудан жүрген топқа (билік басындағылар мен саяси партия серкелеріне, қаржылық күштер мен солардың сойылын соғатындарға, т.б.) жауап ретінде жас ұрпақ КСРО тарихына самарқау қарайтын салқындық байқатады.
Тәуелсіздік ұрпағының осындай ұстынына еліміздегі орыстілді баспасөз, әсіресе, қатты шамданатын болып алды. Қайсібірі әуелі «мына заманның жастары өз тарихын білмейді, мәңгүрт, тарих оқулықтары саясиланып кетті» деп байбалам салып бастады. Сөз жоқ, қазақтың жалғыз қарасы барып араласқан оқиғаның бәрі біздікі, тарих та біздікі, бірақ, ғасырға жуық үзілістен кейін қазақ өзінің шын тарихын енді оқуға отырды. Осы күнгі талғампаз оқырманды сақтар мен ғұндар дәуірі, табғаш елімен қарым-қатынас, Үйсін, Найман, Қаңлы мемлекеттері, Ұлы Жібек жолының бойында гүлденген шаһарлар, Шыңғыс хан жорығы, Шағатай ұлысының құрылуы, Дәшті қыпшақ, ноғайлы заманы, Алтын Орданың ыдырауы, Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығының шаңырағын көтеруі, Жоңғар шапқыншылығы, Әбілхайыр баһадүр мен хан Абылайдың ерліктері сияқты ықылым замандардың болмысын ашатын тамырлы тарих толғантады. Қазақты әлем халқымен тұтастыратын, міне, осы тарих. Өткеннің шындығына әбден сусаған халық өз тарихын оқуға қақылы шығар. Ендеше, Ресей тарихшылары мен саясатшы-идеологтары ен салып, еншілемей келеге келсе, екіншідүниежүзілік соғыстан кейінгі жеңіс те ұрпақатар сабақтастығына, Қазақстан мен Ресей арасындағы «мәңгілік достыққа» арқау болары даусыз. Алайда солтүстіктегі көршіміз жыл жылжып, ай аунаған сайын оқшауланып, баяғы дөкірлігінің бояуын қоюлата түсуде. Дегенде, Балтық бойы елдері мен Украина, Молдова, Қапқаз жұрты мен ортазиялықтардың «Ұлы Отан» соғысының жеңісі үшін мамыр айында бұрынғыдай массаттанбауы да Мәскеудің шымбайына бататын секілді. Себебі, қызыл алаңда РФ қарулы күштері 9 мамырда сап түзеп өтіп, өздерінің әскери әлеуетінің күштілігін жарнамалап баққан сайын соғыста жеңілген Германияның экономикасы екпіндеп алға кетуде. Мынаған қараңыз: Германияда ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда жылына 34 мың доллардан келеді. 63 миллион халық бақ қуатты өмір сүруде. Екіншідүниежүзілік соғыс барысында вермахта әскери қызметін аяқтаған кіші офицер, яғни осы замандағы қарт жауынгер, айына 2500 евро көлемінде зейнетақы алады. Қоғамдық көліктердің бәрінде тегін жүреді. Медициналық қызмет және тегін. Әгәрәки, майдангер соғыс уақытында тұтқынға түскен болса, зейнетақысы 2800 евроға дейін өседі екен. Германия өкіметі қарт жауынгерлер бұрын өзі соғысқан жерлерді, шетмемлекеттерді аралап қайтуды жөн көрсе, барлық шығынын: жолақысын, жатын орнын, ішім-жемін түгел көтереді. Бұл - ақылды неміс билігінің екіншідүниежүзілік соғыстан отанына жеңіліп қайтқан сарбаздарға жасап жатқан сый-құрметінің біз білетін бірлі-жарымы. Ал, білмейтініміз қаншама?..
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Ресей өкіметі бұғаулап ұстаған бодан халықтардың жеріндегі қазба байлығын, ырыс дәулетін ысырап етіп төгіп- шашты. Демек, сол қисапсыз төгілген байлықтың қайтарымы ретінде Мәскеу екінші жиһан соғысының ардагерлеріне өтемақы төлеп, жағдай жасауға тиіс. Өйткені олар алдымен орыстың отанын қорғады, содан кейін рас, Ресей коммунистері билеп-төстеп білгенін жасаған, адам баласын жосадай қыратын қасапханалар мен сынақ полигондарына айналған геосаяси картадағы ұлан байтақ кеңістік КСРО-ның тұтастығын қорғады. Тарихты құрметтеуге болады. Жек көруге де болады. Бірақ сызып тастау мүмкін емес. Осыдан шығатын қисын: азат ойлы жастар «Ұлы Отан соғысы» дейтін терминге теріс қабақ танытып отырса, оған ТМД елдерінің ортақ тарихқа қосқан үлесін ескеруден қалған Ресей өкіметінің идеологтары, саясатшылары кінәлі. Бұдан кейін «соғыстың тарихын білмейді» деп бір, «соғыстың тарихын білмегендіктен отаншыл емес» деп екі, жас ұрпақты несіне жазғырамыз? Жастардың бойына даруға тиісті патриоттық рух «Ұлы Отан» соғысының тарихын білуден ғана басталама екен? Даңқты Дәшті қыпшақтың дәуірі қайда? Үш жүз жыл шапқан жоңғардан қазақ даласын азат еткен Қабанбай, Бөгенбайлардың ерлігі қайда? Анығына аусақ, қазақ - табиғатында патриот халық. Гитлердің соғыс тәсілдеріне қаны қызып жатыққан қалың армиясын тоқтату үшін майданға сұранып аттанған қырқыншы жылдардағы қыршын жастарды қалай патроит демейсің? Аспанды жалмап қоярдай жалын атып аласұрған қызыл оттың ортасынан жарымжан халін сүйретіп шығып, еңбекке араласқан, отбасын құрып ата жолын жалғастырған ерлерді қалай патриот демейсің? Тәні жаралы, көңілі алаңды әкенің кіндігінен таралып өмірде жолын тапқан ұл мен қызды қалай патриот демейсің? Тоқсаныншы жылдардың реформалық эксперименттері кәсіп етіп ұсынған соң амалсыз көніп алақап арқалап кеткен бойжеткендер мен екі қолды арбаның қамытын киген бозбалаларды қалай патроит демейсің? Ашттыққа ұрынып, азып-тозбай аман қалудың жолында арпалысқанның бәрі де патриот. Дербес мемлекеттің ресми билігі атқаруға міндетті іс-шаралардың басынан табыла кететін «тұлымды тұлғалардан» бұрын өз басым осы бір қоңыртөбел жұртты Тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоттары деп есептеймін. Ал, екінші дүниежүзлік соғыс - адамазатққа ортақ тарих. Біз ол тарихты жадымыздан өшіріп тастай алмаймыз.