Сағатбек Жүсіп. 1991 жыл. 17 наурыз
Осыдан 20 жыл бұрын 17 наурызда өткен КСРО-ны сақтап қалу жөніндегі референдум неге тез ұмытылды? Бұл күнді ұмыту кімге тиімді?
КСРО тарайтын 1991 жылдың тарихи оқиғаларға толы жыл болғаны анық. Сондай оқиғалардың бірі - 1991 жылдың 17 наурызында өткен КСРО империясын сақтау мақсатында ұйымдастырылған бүкілхалықтық референдумның өткеніне биыл 20 жыл толады. Бұл референдум М.Горбачев бастаған компартияның одақты сақтап қалуға бағытталған соңғы іс-әрекеті еді. Осы референдум кезінде орталықтың тапсырмаларын ерекше ынта, ықласпен, ыждағатпен орындаған Қазақстан басшылығы болды. КСРО-ны сақтауға деген ерекше құлшыныс пен ерен жігер, күш жұмсалынды, компартияның үгіт-насихат машинасы қолындағы мемлекеттік басқару аппаратын осы науқанды ұйымдастыруға, халықты одақты сақтауға дауыс беруге бар күшін салып жұмылдырды. «Ортақ үйіміз - Одақты сақтайық!» деген ұранмен жүргізілген үгіт-насихат жұмысына билік пен коммунистік жүйе, ақпарат құралдары жанын салып жұмыс істеді. Мақсатына жетті де.
Осыдан 20 жыл бұрын 17 наурызда өткен КСРО-ны сақтап қалу жөніндегі референдум неге тез ұмытылды? Бұл күнді ұмыту кімге тиімді?
КСРО тарайтын 1991 жылдың тарихи оқиғаларға толы жыл болғаны анық. Сондай оқиғалардың бірі - 1991 жылдың 17 наурызында өткен КСРО империясын сақтау мақсатында ұйымдастырылған бүкілхалықтық референдумның өткеніне биыл 20 жыл толады. Бұл референдум М.Горбачев бастаған компартияның одақты сақтап қалуға бағытталған соңғы іс-әрекеті еді. Осы референдум кезінде орталықтың тапсырмаларын ерекше ынта, ықласпен, ыждағатпен орындаған Қазақстан басшылығы болды. КСРО-ны сақтауға деген ерекше құлшыныс пен ерен жігер, күш жұмсалынды, компартияның үгіт-насихат машинасы қолындағы мемлекеттік басқару аппаратын осы науқанды ұйымдастыруға, халықты одақты сақтауға дауыс беруге бар күшін салып жұмылдырды. «Ортақ үйіміз - Одақты сақтайық!» деген ұранмен жүргізілген үгіт-насихат жұмысына билік пен коммунистік жүйе, ақпарат құралдары жанын салып жұмыс істеді. Мақсатына жетті де.
Бұл кезде Балтық жағалауындағы елдер - Латвия, Литва мен Эстония өз тәуелсіздіктерін жариялап одақтан шығып үлгірген. Бірінші болып 1990 жылдың 11 наурызында одақтан Литва шығып кетті.Артынша көп ұзамай Эстония мен Латвия КСРО-ны тастап кетті. 28 маусымда Экономикалық ынтымақтастық кеңесі (СЭВ), үш күннен кейін Варшава келісімі тарады. Молдавия, Украина, Кавказдағы одақтас республикалар ғана емес, РСФСР құрамындағы Татарстан, Башқұртстан,Тува, Якут елдерінің өзінде күн сайын тәуелсіздікті қолдаған митингтер, жиындар өтіп Ұлттық майдандар бірінен соң бірі құрылып жатқан кез. Бірақ, бұл хабарлар халыққа жеткен жоқ. Мұндай жаңалықтарды хабарлауға тиым салынғанын кейін барып білдік.
Қазақ елінің тәуелсіздік алу мүмкіндігі жайлы, Одақты сақтауға қарсы пікірлерді тек «Азат» қозғалысы мен «Алаш» ұйымының мүшелері айтып жүрген кез болатын. Бірақ, олардың бұл пікірлерінің жариялануы түгіл, ашық айтылуының өзі мүмкін емес-ті. Одақты сақтауға бағытталған бұл референдумға қарсы үгіт жүргізген азаттықтар мен азаматтар 17 наурыздағы сайлауға көпшілігі қатысқан жоқ, сайлау учаскелеріне келген жоқ.
Сүйтіп, 1991 жылдың 17 наурызында өткен «Жаңарған Одақтың сақталуын қолдайсыз ба?» деген сұраққа Қазақ республикасының 10 миллионға жуық сайлаушыларының 88,2 пайызы қатысып (ресми дерек бойынша) оның 94,1 пайызы «иә», 5 пайызы «қарсымын» деп жауап берген, 0,2 пайыз бюллетень «жарамсыз» деп танылған.
Қызықтың көкесі осы референдум өткеннен кейін басталды. Басқа одақтас республикалардың КСРО-ның құрамынан бірінен соң бірі шығуы жалғасып жатты. РСФСР-ң өзі 12 маусымда тәуелсіздігін жариялап КСРО-ы тастап кетті. Тек Қазақстан ғана Одақтан кетпейміз деп омалып отырып алды. Референдумнан 9 ай өткен соң Қазақстан халқының 94 пайызының қарсы болғанына (Референдум қорытындысы бойынша) қарамастан 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігі жарияланды. Сүйтіп, тәуелсіздікті қолдаған 5 пайыз ғана халықтың дауысының дегені орындалды. Бұл қалай? Қисын қайда? Бұл жағдайды қазір қалай түсіндіріп жатырмыз? Сөз жоқ, бұл 5 пайыздың ішінде Қазақстан компартиясының басшыларының, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық ұйым басшыларының, қазақ интеллигенциясының, зиялыларының өкілдерін болмады деп батыл айта аламыз.
Әйтсе де, қателесіп отырған болармыз деген сұрақ туады. Мүмкін, осы 9 ай ішінде қазақ халқы мен оның басшылығының тәуелсіздікке деген бағыты күрт өзгеріп кеткен болар? 17 наурыздан кейін елде тәуелсіздікті қолдаған бейресми ұйымдар мен саяси күштер қаулап өсіп, Ұлттық майдандар құрылып, азаттық пен еркіндікке шақырған ұрандар елде толып кеткен шығар? Басылым беттері мен телеарналарда тәуелсіздікке шақырған мақалалар күн құрғамай шығып жатқан болар? Қазақстан компартиясы өз бағытын өзгертіп, республика халқын тәуелсіздікке бұрып халықты азаттыққа жетектеген болар? «Азат» қозғалысы мен «Алаштың» мүшелеріне ақпарат құралдарынан көрінуге жол ашылып, мінбе беріліп, оларға оң көзқарас танытыла бастады ма? Жоқ, қателесесіз. Республика басшылығында, Қазақстан компартиясының бағытында тәуелсіздікке деген оң көзқарас түгіл, азаттық мәселесінің йісі де шыққан жоқ. Ақпарат құралдары, үкіметтің үгіт-насихат машинасы КСРО-ы нығайтуға, компартияның беделін арттыруға бар күшін еселете жұмсап, үгіт жұмыстарын үделетті. Тәуелсіздік мәселесін көтерген «Азат», «Алаш» ұйымдарының мүшелері қуғындалып олар ұлтшыл, экстремист, ұлттық араздықты қоздырушылар ретінде танылып оларды айыптаған мақалалар БАҚ беттерінде жиі басылып жатты. Мысалы, жазушы Ә.Нұршайықовтың азаттықтарды қарғап-сілеген мақаласын басылымдар іліп алып кетіп көбейтті.
Міне, осы жағдай 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін ұласып жалғасып отырды. Тәуелсіздік, азаттық, еркіндік жайлы бірде бір ауыз сөз, шақыру, ұран болмаған үн-түнсіз жағдайда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі сол жылдың 16 желтоқсанында елдің тәуелсіздігін жариялады. Бұл қуанышты хабар ешбір қазақтың (басқа ұлттардың онша қуанбағанын ескерсек) көңіл-күйін, шабыты мен сезімін, тебіренісін білдірмейтін, көтермейтін дауыспен радио мен теледидардан айтылды. Ешқандай аспанға тақия лақтыру, бөрік ату, көшеге шығып қуану немесе салтанатты жиналыс өткізу болған жоқ. (Сол кездегі газет-журнал тігінділері мен теледидар бағдарламаларын қараңыз). Күнделікті қалыптасқан кеңестік өмір, ештеңе өзгермегендей тұрмыс, тіршілік жалғасып жатты. Билік қайғырған болса керек, адамдарды алаң мен көше салтанатына шақырған жоқ. Басылымдар мен теледидар көздері президенттікке баламасыз түскен Н.Назарбаевты қолдауға арналған үгіт-насихат материалдарынан аса алмады.
Хош, сонымен не айтпақсыз дейсіз ғой. Айтпағымыз мынау. Қазақ еліне тәуелсіздік келген 1991 жылы қазақ басшылығы мен басым жұртшылығында ешқандай тәуелсіздікті «аңсап күту», «асыға күту» болмағанын, сол кездегі ел басшылығының елді, халықты тәуелсіздікке бағыттамағанын, жетектемегенін, керісінше оған қарсы болғанын, қарсы күрескенін айтпақпыз. Тәуелсіздік бізге М.Мағауиннің тілімен айтсақ «... көшкен елдің жұртында қалғандықтан» амалсыз жариялауға мәжбүр болған, Алланың қазаққа рахымымен келген жағдай.
Тәуелсіздік алуымызға 1991 жылдың 12 маусымында Ельцин басқарған Ресейдің КСРО-дан «басын алып қашып» енші алуы, тамыздағы янаевшылдардың Горбачевқа қарсы сәтсіз бүлігі де аз әсер еткен жоқ. Тамыз бүлігінен соң Борис Ельцин Ресей аймағында СОКП-ң жұмыс істеуіне тиым (23 тамызда) салды. 24 тамызда М.Горбачев СОКП ОК бас хатшылығынан кететіндігін жариялады. Міне осындай нақты жағдайлардан кейін ғана Н. Назарбаев 28 тамызда Қазақстан компартиясының бас хатшылығынан кететіндігін жариялауға мәжбүр болды. Солай бола тұрса да, оның одақтан шығамын деген ниеті болмады. Дереу компартияның атын өзгертіп сол идеологиямен, сол платформамен партия ұйымдастыруды қолға алды. 1991 жылдың 7 қыркүйегінде өткен Қазақстан компартиясының төтенше съезінде компартияны Социалистік партияға айналдыру жөнінде шешім қабылданды. Съезді Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашып, басқарып, өзі жүргізді, бірақ жаңа партияның құрамына кірмеді. Осы кезде бір аптадан кейін, орыс казактары 15 қыркүйекте қазақ жерінде өздерінің ақ патшаға қызметінің 400-жылдығын өткізуге жан-жақты дайындалып жатты. Бірақ съезде бұл туралы бірде бір қазақ аузын ашып тіл қатпады..
Сонымен бірге, 1991 жылғы орын алған басқа оқиғаларды, атап айтқанда «Азат» қозғалысы бастаған тәуелсіздік бағытындағы іс-шараларды (Орал оқиғасы, Семей полигонын жабу т.б.) өзім «Азат» қозғалысының мүшесі болғандықтан айтпай отырмын.
«Қалай десеңіз де, бес ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті емес пе?! Бұл сирек қайталанатын тарихи оқиға. Арты жақсы болып келе жатқан қасиетті азаттық мәселесіне енді тас лақтырмай-ақ қойсақ қайтеді?» деушілер де болар. Рас. Бес ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздігіміздің әрбір қазақ үшін қасиетті де киелі екені шүбәсіз. Бірақ, бүгінгі еліміздегі басшылықтың басқару саясатындағы, идеялық ұстанымындағы жалғандық пен өтірік сол тәуелсіздік жайлы ақиқатты аттап өтіп, алдаудан бастау алды емес пе? Бүгінгі жастарымыз бен келесі ұрпағымызды қасиетті тәуелсіздік жайлы өтірікпен тәрбиелеудің аяғы неге әкеледі? Кешегі 1917 жылғы қазан төңкерісі жайлы шылғи өтіріктің қалай аяқталғаны бізге сабақ болмағаны ма?
Құлдыққа мойын ұсынған, Одақтан шықпаймыз деген сүлбемізбен азат елдің таңертеңінде бір-ақ оянып еркіндік пен азаттық алған ұлт боп шыға келдік. Бірақ, бір классик айтқандай «құлдық санадағы халыққа тәуелсіздік пен еркіндікті қаншама үйіп-төгіп бергеніңмен, ол бәрібір ешқашан еркін ойлы, азат көзқараста бола алмайды» деген екен. Құлдық мінез бен құлдық санадан шықпай жүріп тәуелсіздік алған қазақ сол бодандық санасында қалды. Қазақтың осындай құлдық санада қалғандығын ұнататын басшылыққа мұндай халықты басқару өте оңай және ұзақ басқаруына таптырмайтын жағдай болды. Халқының тәуелсіздігі мен еркіндігіне қарсы болған басшылық Тағдыр сыйлап ұсынған еркіндікке жеткеннен кейін шапанын теріс айналдырып киіп «мен халқымды тәуелсіздікке, еркіндікке жетеледім» деп шыға келді. Құл халықтың көшбасшысына, қаһарманына айналды..
...Бәріне уақыт таразы. Уақыт кезі келгенде бәріне баға берер. Биылғы салтанатпен өтетін тәуелсіздігіміздің мерейі мен мәртебесін көтеру мақсатында неше түрлі сән-салтанат құрып, керней-сырнай тартып, шерулер жасап, жүрек тебірентер жалынды сөздер айтатын шақтарымызда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тәуелсіздікке қарсы болған кездерімізді, қарсы айтқан сөздеріміз бен әрекет-қимылдарымызды жадымыздан ұмытпасақ дегім келеді.
«Абай-ақпарат»