Жүкті Барби...
Барби деген қурышақ бар. Қазір тұлымшағы желбіреген бүлдіршіндердің екінің бірінің қолынан көресің. Ес тоқтатқандары да, оң-солын ажыратып болмағандары да сол «сүйкімді сұлуды» ермек қылады.
Ол қуыршақтың өзінен жасауы көп. Айна-тарағынан бастап, опа-далабын есептемегенде, ыдыс-аяғы, ақыр соңы жеке төсек-орнына дейін жетіп артылады. Бала көңілі үшін ата-ана шама-шарқынша бәрін алып береді ғой... Бірақ... жақында сол қуыршақтың «жүкті екенін» білдім... Мүмкін «аяғы ауыр болғанына» біраз уақыт өткен шығар. Өз басым жақында көрдім. Әлгімен тілі де толық шығып үлгермеген қыз бала ойнап жүр.
Аяғы ауыр Барбидің іші «ашылады», яғни, туады, ішінен бала шығады. Қайта «жүкті қылғысы келсе», баласын ішіне қайта салып қояды. Тіпті, youtube-те қаршадай қыздардың Барбиді қалай «босандырып алу керектігін» бүге-шігесіне дейін «түсіндіріп» беретін видеосы да өріп жүр. Сәби-қуыршақты «анасының ішінен шығара» білген бала оның «іште қалай пайда болатынынан» да хабары барына күмәнім жоқ... Қарап отырып, ана жеткіншектердің жасында бұл тақырыпта «қараңғы» болғаныңа қарадай қысылады екенсің.
«Қазір заман басқа», «уақыт бөлек» деп өз-өзімізді алдаусыратқанымызбен, бала балалық шағында бала болғаны дұрыс. Балалық шақтың бар бақыты да сонда емес пе – сәбидей таза, сәбидей пәк, сәбидей аңқау көңілінде. Ал, Барби сол балалықты ұрлап жүргендей көрінді маған...
Бәріміз бала кезде қуыршақ құндақтап, шашын тарап, көйлегін тігіп өстік. Бірақ «бала босындырып» ойнаған емеспіз.
Жалпы батыстың қаңсығын таңсық қылуды қашан қояр екенбіз? Баланың мінезін бұзу деген осы емес пе? Сіздің балаңыз да Барбимен ойнай ма? .... сұрақ көп...
Бану Әлімжанованың Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz