Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Жаңалықтар 3368 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 12:30

Бауыржан Иманғалиев. «СІЗ РЕСПУБЛИКАНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН БІЛУГЕ ТИІССІЗ ! … »

 

 

Ахмет Байтұрсынов! Темірбек Жүргенов! Ілияс Омаров! Өзбекәлі Жәнібеков!
Бұлар халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әр қилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген Қайраткерлер. “Елім”, “жұртым” деп жан айқайымен жанын оққа да, отқа да қарсы тосқан Күрескерлер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған Жасампаздар. Сол жасампаздық, туындыгерлік еңбектерімен есімдері ел есінде мәңгі қалған арыс Тұлғалар! Тарих оларға, белгілі ақынның образды сөзімен айтқанда, “бір мезгілде әрі ағартушы, әрі жарық түсіруші” міндетін жүктеді. Ал олар бұл миссияны көбеден қандары, кеудеден жандары шыққанша абыроймен атқарып кеткендері бүгінде дау-дамайсыз тарихи ақиқатқа айналып отыр. Дүниеде өз бойындағы жаратылыс сыйлаған талант өртіне өртеніп өлгендер, өнер салмағын көтере алмай мертігіп ажал тапқандар аз емес. Қарап отырсақ, соның көбі жиырма мен қырық жастың арасында, ой мен қырды бірдей барлап тұрған шағында кеткен екен. Өз тағдырын өзі жасаған кісіге не дауа, ал бойынан өмірге құштарлық отын бір сәт бәсеңсітпей, еліне деген алаулы сезімі жүрегімен қоса дүрсілдеп соғып тұрғанда ғұмыры мезгілсіз қиылғаннан аянышты нәрсе бар ма екен ?! Т.Жүргенов небары 39 жыл жасады – үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десе не болғанын жөнді ұғып та үлгермей кете барды. Кешегі 37-де орылып түскендердің баршасының түйінді тағдыры бұл. Олардың барлығы көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді бойындағы барын сарқи алмай кеткендер.
Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады. Ол Тәжік АССР-інің қаржы наркомы, Өзбек АССР-інің Халық Ағарту комиссары, Қазақ АССР-інің Халық Ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Т.Жүргеновтің ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімін дамытуға, олардың аса қиын кезеңде қалыптасуына қосқан үлесі зор. Ол қазақ өнерінің дамуы мен қазақ тілінің республикада негізгі қолданыс тілі болуын арман етті және сол үшін күресті.
Оның жазушылық, публицистикалық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді, қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтің қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып келеді. Себебі, оның қаламгерлік қабілеті мемлекеттік қызметінің тасасында қалды.
Темірбек Қараұлының жаны ғалым, зерттеуші еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейімнің соңына біржола түсуге заманы мұрша бермесе де, ол өмірінің ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағынышының сарығын баса алмай өтті.
Т.Жүргенов 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің “Шұға” пьесасының алғашқы қойылымына арналған “Ушуга” рецензиясын (Казахстанская парвда, 1934, 21 маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет.
Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер - қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық басшылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20 жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды.
Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады:
«Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.Н.Орлов және мен – орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» - деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?»- деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».
Апырмай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», - деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сол 30-жылдардағы мәрттігі осы ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», -деген Темкеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасы бастауын 3 нәрседен: жеке басының бұйдагерлік (лидерлік), саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б.очерктер мен мақалалары жатады. Аталған дүниелерде ой айқындығы, дәлел мығымдылығы, сондай-ақ сипаты жағынан экономика тарихын және саяси тарихты молынан қамту, саяси полемика, мемлекетшілдік қасиеттер тән. Соңғы айтылған жәйт Жүргенов публицистикасын өзгеден бөлектейтін, тек соған ғана хас белгі.
Темірбек Қараұлының көсемсөз мұрасының бір бөлігі жедеғабыл шұғылдығымен назар аударады. Әсіресе, бұл оқу-ағарту саласын қамтитын мақалаларына тән болғандықтан олар өз кезеңінің ең өзекті, ең көкейкесті ең қажет мәселелеріне арналып отырған. Темірбек Жүргенов өзі өмір сүрген кезеңнің идеологиясына қалтқысыз сенген қайраткер, ол не жазса да өзі жүрегімен сеніп, иман келтірген нәрсені ғана жазды. Оның әдеби-публицистикасының салмағын да осы шыншылдығы көтеріп тұр.
Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды. Амал нешік, өзі құрысқан үкіметтің солақай саясатының кесірінен репрессия құрбаны болды. Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек атылған күні абақтыға жабылған, 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізген. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске – Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне сарп етумен келді. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. 1957 жылы КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтағасын, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғыртам деп фольклорист М.Байділдаевпен көп шаруа тындырды. Қайраткердің туғанына 80,90,100 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік - әңгіме, кітап шығарып, ерінің еліне істеген ерен еңбегін жұртшылыққа жариялап жүріп, өзі де өмірден өтті. Өткен жылдың 14-15 қарашасында туған жері Қызылорда, алғаш қызметін бастаған Ақтөбе облыстарында қайраткер-қаламгердің 110 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Ғылыми–танымдық конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылып, әр түрлі мәдени шаралар өтті.
Ал Мәдениет және ағарту басшылығында қызмет етіп, еңбегі сіңген Алматы қаласы мен өзі айқара ашқан театр ұжымдары, бүгінгі Өнер академиясы тікелей Т.Жүргеновтің аяулы есімін атап өтуді ұмытып кеткендей болды.
Қазіргі уақытта, Т.Жүргеновтің мол мұрасын зерттеу ісі әлі баяу жүргізілуде. Өзі мерт болса да оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі бүгінде толық өз дәрежесінде бағалануда деп айту қиын.
Қорыта айтқанда, артында мұра болып қалған 7 кітабы 150-ге жуық әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері 70-80 жылдан бері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, ғылыми айналымға түсіп өз бағасын алса деген ниет білдіреміз. Себебі, әлі күнге дейін қолымызда бар қайраткер-қаламгердің қолжазба мол мұрасы толық жүйелі жинақ болып жарыққа шыққан жоқ. Осыған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық етеді деген сенім бар. «Жүргеновтің публицистикалық мұрасы» атты тақырып алда өз зерттеушісін күтіп тұр. Оның осы саладағы қызметі жүйеленіп, жазғандары түгел жарыққа шаққаннан кейін жүргеновтанудың аясы кеңейіп, міндеттері саралана түспек.

 

 

Бауыржан Иманғалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
«Ана тілі» газеті 5 маусым 2009 жы
л

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1561
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3365
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6396