Әкім болсаң, бес мектеп жабылса да былқ етпейтін біздің Архимедтей бол!
Міне, биылғы жаңа оқу жылы басталуына санаулы күндер ғана қалды. Алайда бұл біздің облыс үшін аса қуанарлық жайт болмай отыр. Өйткені биылғы жылы өңірімізде бес бірдей мектептің есігіне қара құлып салынады.
Мұны Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Дауымова амалсыз мойындады. Оның сыртында біздегі білім жүйесінде қордаланып қалған проблемлар жетерлік көрінеді.
- Бүгінгі таңда облысымызда шағын комплектілі метептің саны 345. Ал нормативтке сәйкес келмейтіндер 108 болды. Өңіріміздегі 175 елді мекенінде мектеп атымен жоқ. Бұл жерлерде 1 мың 621 мектеп жасындағы бала бар. Оның 250-і мектеп интернаттарында тұрады. 55-і туған-туыстарының қолында. Ал қалғандары елді мекендерден жырақтағы мектептерге көлікпен жеткізіледі, - деді Дауымова ханым.
Мінекей, осыдан-ақ біздегі мекептердің жылдан-жылға азайып, жеткіншектеріміз Қостанайдың алты айға созылатын қақаған аязында пәлен жерге дірдектеп автобуспен қатынайды екен. Өзгесін былай қойғанда сол автобустардың өздері де жетіспейді. Қазіргі таңда тағы да 29 автобус қажет көрінеді. Алайда оған бас ауыртып отырған ешкім жоқ. Биылғы жыл тек қана Сарыкөл ауданында бір автобус сатып алынған. Ал Қостанай ауданында бұған ақша бөлінгенімен, ол әлі алынған жоқ. Оқу басталғандағы біздің жұртты қуантатын емес, көңілін пәс ететін жаңалығымыз осындай.
Жалпы, біздің шенеуніктеріміз өз кемшіліктерін бүркемелеп, оны білдірмеу үшін таппайтын қулығы жоқ. Мәселен, жоғарыда біз айтқан бес мектеп пен 175 елді мекенде оқу орнынының мүлде жоқтығын олардың нормативке сәйкес келмегенімен түсіндіріп бағады. Алайда ол не қылған норматив екенін халыққа талдап айтып беретін ешкім жоқ. Өйтіп несіне бас ауыртады? Дап-дайын сырты жылтыр, іші түтін жауап тұрғанда. Нормативке сәйкес келмейді. Бітті шаруа. Оған ешкім де кінәлі емес.
Бұны айтамыз, жақында өткен арнайы жиналыста бұған өзгі түгілі облыс әкімі Архимед Мұқанбетов осындағы білім саласының тізгінін ұстап отырған адамнан «Бұл мектептер не себепті жабылып жатыр?» деп сұрауға уақыт таппады. Мүмкін бұл оған бас қатыратындай үлкен шаруа емес шығар. Одан да қазір ешкімге керегі жоқ, былайғы жұрт атын да, затын білмейтін «Қытайдың теледидарын шығаратын болдық» жоғарыға жаққа жылтырақ есеп беріп, жақсы атты көрініп қалу әлдеқайда пайдалы болар. Ал бес мектеп түгілі, бір мектептің де жабылуы сондағы халық үшін үлкен трагедия екендігін, мектепке қара құлып салынды дегенше, ол жерде өмір тоқтады десе де болғандай екендігін өзге түгілі облыс басшысының ешбір көңіл аудармауы бізді сыпайылап айтқанда таң қалдырды.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей қызықтың бәрі алда екен. Мұны біз өткен аптаның соңында өткен білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында анық байқадық. Онда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Киселева біраз қызық жайттардың бетін ашып тастады. Сөйтсек, «Бақсақ бақа екен» дегендей облысымызда жабылған мектептің саны бесеу емес, тұп-тура сегіз болып шықты. Ал «нормативке сәйкес келмейтін» білім ұясы жүзден асып кетіпті. Жалпы обысымыздағы шағын комплектілі мектеп жалпы білім ұяларының 68 пайызын құрайды. Демек, бұлардың барлығының да тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз.
Ал бір қызығы бұл жаңа деректер де облыс әкімін елең еткізген жоқ. Ол тіпті «ау, мен осы екі жиналыстың екеуіне де қатыстым ғой. Неге цифлар екеуінде екі түрлі?» деген сұрақ та қоймады. Неге? Оның ешбір құпиясы жоқ. Өйткені біздің әкім өте сыпайы. Кемшіліктерді көрсе де байқамаған болады. Қашанда «қатты айтсам қарамағымдағылардың көңілі қалып қояр» деп ылғи қысылып жүргені. Үндемейтіндігі де содан. Кемшіліктерді әдейі көрмегендіктен емес. Көреді. Алайда оны бетке айтуға Ақтөбеде қала әкімі, кейін облыс әкімі болғанда әбден қанына сіңіп кеткен биязылығы жібермейді. Міне сондықтан да біздің қостанайлықтар «Осы әкімімізді басқа жаққа алып кетпесе екен» деп күндіз-түні құдайдан жалынып сұраудан жалықпайды.
Қысқасы, әкім болсаң, біздің Архимедтей бол!
Жайберген Болатов
Қостанай
Abai.kz