Головкин - Альварес жекпе-жегін «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді
Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы екінші жекпе-жекті еліміз жанкүйерлері отандық телеарналардан тікелей эфирде тамашалай алатын болды.
Аталған жекпе-жекті қазақстандықтар «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінде көре алады. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин өзінің facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
"Сіздермен тағы да бір жақсы жаңалықпен бөліскіміз келіп отыр. Бірнеше апта бойы жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, бүгін түнде американдық әріптестерімізбен нақты келісімге келіп, қазақстандықтардың көптен күтіп отырған Генадий Головкиннің кезекті жекпе-жегін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары арқылы тікелей трансляция жасауға қол жеткіздік. Бұл келіссөздер ұзаққа созылды, дегенмен де әріптестерімізбен қалыптасқан жақсы байланыстардың нәтижесінде келіссөздер уақытылы аяқталып, алдағы трансляцияның негізгі шарттары мен техникалық параметрлері екі жақты қарастырылып шешімін тапты",- деп жазды Ерлан Қарин.
Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен «Канело» арасындағы екінші кездесу 15 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді. Бұл Астана уақытымен 16 қыркүйек таңертеңге тура келеді.
Abai.kz