Ахаңның туған күнін бетперде етіп, тіл мерекесін біржола жоймақшымыз...
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған. Ол заңда сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал 1998 жылдың 20 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланған еді.
Сол кезден бастап қыркүйектің 22-ші жұлдызы адамдар Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі екенін еске алып іс-шаралар өткізіп келді. Қазақ тілінің Қазақстандағы мәртебесі ең жоғары тіл екенін жұртшылық жылына бір рет болса да дәл осы күні есіне алатын. Өтірік-шыны аралас, көбінде жоғары жаққа есеп беру үшін 22 қыркүйек «патриоттық» кештер мен кездесулер өтетін. Бұндай іс-шараның көбі мектеп қабырғаларында және жоғарғы оқу орындарында ұйымдастырылатын.
Несін жасырамыз, 22 қыркүйекке орайластырылған мерекелік кештер жылда бір жүйемен, бір сценариймен өтіп жататын. Ол күні міндетті түрде Солтанмахмұт Торайғыровтың «Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім» деп басталатын өлеңі, Мұқағали Мақатаевтің «Үш бақытым», Мұхтар Шахановтың «төрт ана» қатарлы өлеңдері оқылатын. Ал кеш соңы Қадыр Мырза-Әлінің:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», - деген өлеңімен аяқталатын.
Бұдан бөлек, түрлі оқу орындарында оқушылар, студенттер арасында мемлекет тілін ұлықтаудан түрлі жарыстар ұйымдастырылып жататын. Жылда қайталанып, жаттанды болса да осы іс-шараладың өзі қазақ тілінің насихатталуына өзіндік үлесін тигізіп келе жатқан. Баста айтқанымыздай жылына бір рет болса да қай тілдің мемлекеттік тіл екенін адамдардың есіне салатын.
Өкініштісі, ел билігі қазақ тілінің маңдайына бұйырған осы бақытын да көп көрді. Өздеріне өте түсінікті Ресей елінің тіліне болмаса қазақ тіліне бүйректері бұра бермейтін біздің шенділер 20 жыл бойы тойланып келе жатқан тіл мерекесі күнінің уақытын өзгертіп тастады. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы 31 қазан күні «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойды. Жаңа қаулы бойынша тілдер күні 5 қыркүйекте тойланатын болып бекітілді.
Тіл мерекесінің уақытын өзгерткенде не тұр демеңіз. Баста айтқанымыздай, ана тілімізді жылына бір мәрте болса да ұлықтайтын мереке негізінен оқу орындарында өтетін. Бәріміз білетіндей, жаңа оқу маусымы қыркүйектің бірі басталады. Ал оқу жаңа басталып, біреу келіп, біреу кетіп жатқан уақытта тілдер күнін атап өту әркімнің қолынан келетін іс емес. Мүмкін енді елімізде тілдер күні мүлде аталып өтпейтін шығар. Енді мемлекеттік тілдің мәртебесін оқушылар мен студенттердің есіне салып отырудың сәті түсер ме екен. Жаттанды болса да жоғардағы өлеңдердің жылына бір мәрте оқылып тұрғаны жақсы еді ғой.
Министрліктің түсіндіруінше, елімізде тілдер мерекесінің датасы өзгеруінің себебі — 5 қыркүйек Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні болғандықтан, тіл мерекесін осы күнге белгілеген екен. Бір қарасаң бұл шешім орынды секілді. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұсынұлының дүниеге келген күнін қастерлеу жөн-ақ. Бірақ, не үшін тіл жанашырының туған күнін тойлау үшін тіл мерекесін жоюымыз керек. 5 қыркүйек Ахаңды арнайы еске алып, 22 қыркүйек ана тілімізді ардақтап отырсақ артық болып кетер ме еді, әлде. Түкке тұрғысыз бірдеңені мереке деп тойлай беретін «тойшыл» қазақ билігінің осы жерде неге сонша тарылғаны түсініксіз.
Ресми дерек бойынша, елімізде бір жылда 46 мерекелік күн бар екен. Оның ішінде әр кәсіп иелерінің күні, қала күндері де бар. Бұған 11 мемлекеттік мерекені қосыңыз. Міне, осындай түрлі мереке-мейрамдар белгілеп, тойлаудан шаршамайтын біздің биліктің мемлекеттік тілге келгенде сараңдық танытқанын байқап отырмыз. Осыдан-ақ, ел билігінің қазақ тіліне қырын қарайтынын аңғаруға болатын шығар.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz