Мұның аты - арандату
Қазіргі таңда идеология саласында «мылтықсыз майдан» жүріп жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жанның барлығы да біледі. Мұның қаншалықты қатерлі, қаншалықты қауіпті екенін айтып жатудың өзі артық. Бұл қантөгіссіз күресте әлді мемлекеттер алып та жығады, шалып та жығады. Мұның мысалын алыстан іздемей-ақ, мына көршімізге көз салсақ та жеткілікті.
Кешегі Кеңес Одағы кезіндегідей алапат күші қалмаса да, анау-мынауға әл бермейтін Ресей өздерін періштедей таза да, қалғандарын әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерін жау етіп көрсетуде алдына жан салмайды. Әсіресе, өздерімен туыстас десе де болғандай, құдайы көрші Украина жұртына келгенде ашық қаһарына мініп, ақты - қара, қараны - ақ деуден еш шіміріккен емес. Бір ғана мысал. Жақында Украинаға әбден іріткі салып, соғыс ашқан Донецк республикасы дегеннің басшымағы Захарченко деген опат болғанда Путинннің қатты қайғырғаны бар. Тіпті ешбір факті, не дерек келтірместен мұның барлығына сол көршісінің кінәлі екенін мәлімдеп те үлгірді.
Басшысы осындай саясат ұстанғасын қалғандары несін аясын, мұндағы баспасөз құралдары алыстан ғана емес, жақыннан да жау іздеуге білек сыбана кірісті. Бұл арадатушылығын неге екені белгісіз ең жақын одақтас дейтін Қазақстаннан бастады. Бір кездері «Ойбай Қазақстан Каспийде АҚШ-тың әскери базасын салғалы жатыр» деп ұлардай шулады. Біздің Сыртқы істер министрлігінің «Біз АҚШ-тың әскери базасын салатын ешбір ниетіміз жоқ. Бізде тек Каспий арқылы АҚШ-тан Ауғанстанға жүк жіберетін транзит қана бар» деп сыпайылап жауап бергенін көзге де ілген жоқ.
Мұны аз десеңіз жақында осы Ресейдің Қазақстанға тарайтын сайттарының бірінде «Қазақстан Ресейге ашық қарсы шықты» деген мақаласымағын басты. «Сонша не болып қалды?» деген қауіппен әлгі материалға көз салсақ, улап-шулайтын ештеңе де жоқ екен. Сөйтсе Қазақстан Ресейден құс өнімдерін алуға тиым салыпты. Өйткені олардан «құс тұмауы» деген аурудың белгілері табылған. Міне, тек осы ғана. Қандай да екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынастарда болып жататын қатардағы құбылыс қана, Міне осының өңін айналдырып, болмашы ғана дүниені дабырайтып, «түймедейді түйедей етіп» көрсетудің астарында сол баяғы одақтастарының өзінен жау іздейтін арам пиғылы жатса керек.
Жә, бұған да мән бермес едік, жақында өзіміздің қазақстандық сайттан тағы бір жағамызды ұстайтын жайтты байқап қалмасақ. Біздің елде өзіндік орны бар «Nur.kz» сайты осы айдың басында Ресейдің «Media.lenta» сайтынан алынған «Қазақстан орыс тіліне қатысты мәселені қарайды» (Казахстан рассмотрит вопрос касаемо русского языка) деген таза арандатушылықтың сасық исі аңқып тұрған мақаласымағын көшіріп басты. Мұны енді елімізге жағылған ашықтан-ашық қып-қызыл жала десек, артық айтпаспыз. Өйткені осы мақалсымақтың басталғанынан ақ «Депуттар орыс тілінің мемлекеттік тіл есебіндегі конституциялық емес жағдайын мойындап, ондағы көрсетілген жағдайды алып тастауды талап етуде» деген мүлдем қисынға сыймайтын өтірігінен-ақ айқын аңғаруға болады (Депутаты требуют признать неконституционным положение о статусе русского языка как государственного языка и аннулировать соответстующие упоминия о нем в законах).
Өзгесі өзге, бұл мақаладағы ойдан құрастырылған өтірікті аталмыш сайттың байқамауы қалай? Әлде байқаса да әдейі жіберіп отыр ма? Өзгесін былай қойғанда біздің елде орыс тілінің мемлекеттік мәртебесі жоқ екенін бесіктегі бала да білмей ме? Болмаса, олар өтіріктен-өтірік «көрмес түйені де көрмес» деген саясат ұстанып отыр ма? Сосын мұндай талап қойып отырған қандай депутттар? Олардың аты-жөні бар ма? Ал біздің білуімізше, Парламенттен бастап жергілікті мәслихаттарға дейін ондай мәселені көтерген де емес, сөз қылған да емес.
Мұны бір деңіз. Екіншіден бұл сайт Ресейдің сайтындағы мақалын көшіріп басқанда тағы бір құйтырқылықа барып отыр. Біздің білуімізше ол мақала «Қазақстанда орыс тіліне тиым салынбақ» деген ашықтан-ашық байбаламмен аталған. Орысшасы «В Казахстан хотят запретит русский язык» деп аталады. Бұл да болса «Nur.kz»-тің «оның нақты тақырыбын кім біле қояр дейсің» дейтін сасық қулығының құлағы қылтиып тұр.
Сонда дейміз-ау, бұл сайттың жерден жеті қоян тапқандай осы дүниені соншама айқайлатып басуындағы мақсатын мүлдем түсінбедік. Әлде «Nur.kz» өздерін Ресейдің сайты, яғни сол елдің бір бөлшегі есебінде санай ма? Бізде осы көршінің сойылын соғып, өздері тұратын елге қарсы арандатушылық мақала басатын осындай сайттарға жол беріп отырғанымыз?
P.S. Біз аты аталған сайттың «Ондай мақала басқан жоқпыз» деп жалтарып кетуі мүмкін деген оймен сол материалдың көшірмесін сақтап қойдық.
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz