Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2334 0 пікір 12 Маусым, 2009 сағат 12:54

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Орталық Азия шеңберінде аймақтық мәдени-ақпараттық кеңістік құруымыз керек

 

- Расул мырза, Еуропа елдерінде мүдделері түйіскен кезде бас қосып, кейін тарап кететін уақытша коалициялар бар. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдері басшыларының Орталық Азиядағы су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі ортақ мәмілеге келе алмауы бес елге де уақытша бірігетін коалициялар қажеттігін тағы да дәлелдеген секілді. Тілдік тосқауыл жоқ, 55 млн адамның басын біріктіретін, көлік, коммуникация жүйелері бір жүйеде тоғысып жатқан елдерді уақытша болса да біріктіретін коалициялар қажет шығар?

- Коалициялар, әлбетте, қажет. Көш жүре түзеледі емес пе? Мемлекеттердің түйткілді мәселелерді шешу мақсатында тізе қосуы да бір күннің шаруасы емес. Әлемдегі қандайда бір озық интеграциялық ұйымдарды алып қарасақ, әу баста олар екі не үш елдің топтасуынан болатынын аңғару қиынға соқпайды. Айталық, Еуропалық одақ. 1960 жылдары оның негізін Германия мен Франция арасындағы көмір мен құрыш келісімін құрды. Бертін келе екіжақты келісім аумақтық жағынан да, салалық жағынан да құлашын кеңінен жайып, қазіргідей 25 мүшесі бар іргелі тұғырға ие болып отыр.

 

- Расул мырза, Еуропа елдерінде мүдделері түйіскен кезде бас қосып, кейін тарап кететін уақытша коалициялар бар. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдері басшыларының Орталық Азиядағы су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі ортақ мәмілеге келе алмауы бес елге де уақытша бірігетін коалициялар қажеттігін тағы да дәлелдеген секілді. Тілдік тосқауыл жоқ, 55 млн адамның басын біріктіретін, көлік, коммуникация жүйелері бір жүйеде тоғысып жатқан елдерді уақытша болса да біріктіретін коалициялар қажет шығар?

- Коалициялар, әлбетте, қажет. Көш жүре түзеледі емес пе? Мемлекеттердің түйткілді мәселелерді шешу мақсатында тізе қосуы да бір күннің шаруасы емес. Әлемдегі қандайда бір озық интеграциялық ұйымдарды алып қарасақ, әу баста олар екі не үш елдің топтасуынан болатынын аңғару қиынға соқпайды. Айталық, Еуропалық одақ. 1960 жылдары оның негізін Германия мен Франция арасындағы көмір мен құрыш келісімін құрды. Бертін келе екіжақты келісім аумақтық жағынан да, салалық жағынан да құлашын кеңінен жайып, қазіргідей 25 мүшесі бар іргелі тұғырға ие болып отыр.

Орталық Азия да осындай тәжірибені кәдеге асыруына болар еді. Бірақ соңғы 18 жыл ішінде біздің ұйымдасқанымыздан гөрі іргеміз ажырап бара жатқаны байқалады. Қынжылтатын жайт.
Рас, тілдік тосқауыл жоқ, 55 млн адамның басын біріктіретін, көлік, коммуникация жүйелері тоғысып жатқан елдерміз. Оның үстіне тарихымыз бір, дініміз ортақ, діліміз бен мәдениеттеріміз ұштасып жатыр. Кешегі кеңес дәуірінде 70 жылдан астам ортақ мәдени және экономикалық кеңістікте болғанымыз тағы да бар. Осындай бірегей мүмкіндікті әлі күнге дейін пайдалана алмай жүргеніміз, әрине, ағаттық. Бұл төңіректе мәселені тек экономикалық, иә болмаса экологиялық дәрежеде қарастырумен де шектеліп қалмауымыз керек. Ресей, Қытай секілді алып көршілеріміз тұрғанда, аймақ елдерінің өз саяси, экономикалық мүдделерін, рухани құндылықтарын сақтап қалудың бірден-бір жолы - бірігу, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару. Онсыз болашағымыз қараң болмақ.

- Жаңа "болашағымыз" деп қалдыңыз. Бірақ өткенімізде де бірігуге шақырған ұрандардың басым бөлігі үнсіз қалып келді ғой.

- Толықтай келісемін. Дей тұрғанмен, осы өткен тарихымыздан неге ғибрат алмаймыз? Күні кеше Орталық Азияны жоңғар келіп шапқанда, шүршүттер тізесін батырғанда, осындай бытыраңқылығымыздан, алауыздығымыздан қаншама жапа шектік, қан төктік. Ресейдің отарына айналғанымыз да кездейсоқ бола қалды деп ойлайсыз ба?

Жоқ. Әлсіздігімізден, қанымызға сіңіп қалған бақталастығымыздан. Өкінішке қарай, өзбек, түрікмен, тәжік ағайындарымыз осыны түсінбей, Мәскеумен бөлек, Бейжіңмен бөлек тіл табысамыз дегенге сеніп бағуда. Бекер. Кеш қалып, бармақтарын шайнап жүрмесе болды. Әзірше қазақ пен қырғыздың жақындасуының өзектілігі күмән туғызбайды. Бәлкім, заман ағымы аймақтағы басқа көршілерімізді де бір ұйым шеңберіне жетелейтін шығар.

Мәселен, ХХ ғасырдың басында осындай тұтас Түркістан мемлекетін құруды Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Абид Саидов, Файзулла Хождаев сынды қазақ-өзбек зиялылары армандап өткен.
Бірақ олар "бөліп таста да, билей бер" деген әдісті ұстанған кеңес билігінің озбырынан шыға алмады, нәтижесінде оның құрбанына айналды.

- Мүмкін, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия елдері одағы туралы идеясының тиісінше қолдау таппауы, оған қырғыз елінен басқаларының күдікпен қарауының себебі бір-бірімізді жете танымауымыздан шығар. Ресейді, Қытайды немесе іргемізде ғана тұрған өзбектің ХХІ ғасырдағы бет-бейнесін танып үлгірдік пе? Көрші елдердің позициясын терең зерттеумен айналысатын саяси-сараптамалық институттар бізге де керек шығар.

- Өз көршілерімізді жете білген, әрине, қажет. Иә, тарихымызда бейбіт араласқан шақтарымыз да, найза түйістіріп, шайқасқан кездеріміз де болды. Алайда бұл біздің тарихымыз, оған құрметпен қараған абзал. Бірақ тарих тағылымы дегеніміз оған жүгініп, кекшілдікке, жікшілдікке бой алдыру емес. Қайтадан Еуропаны мысалға алайық. Жаратылысынан бері сан ғасыр олар бір-бірімен керісіп, соғыстан көз ашпай келді. Тіпті өткен ХХ ғасырда 80 миллион адамның өмірін жұтқан Бірінші, одан кейін Екінші дүниежүзілік соғысты айтса да жеткілікті ғой. Солай бола тұрса да, Еуропа өткенінен тиісті сабақ алып, әлемнің ең дамыған, ең қуатты әрі қауіпсіз аймағына айналып отыр.

Көршілерімізді әлбетте білуіміз керек, оларға менменшілдікпен емес, сыйластықпен қарағанымыз абзал. Тіпті жомарттық танытып, кейде қол ұшын бергенді орынды деп санаймын. Өмір болғаннан кейін арада түрлі даулы мәселелердің пайда болуы заңды нәрсе. Оларды одан әрі ушықтырмай, керісінше, жалпының мүддесінен шығатын шешімдерді іздеу керек. Саяси ұмтылыс болса, өзара сенім ұяласа, қандай да қиындықтардың алдын алуға құдіреттіміз. Ал енді біріміз бай, біріміз кедей, біреу артық, біреу кем дегеннен түк шықпайды. Әркім көрпені өзіне қарай тарта бергеннен тасымыз өрге домаламайды.

- Еуропа, Батыс елдерінен келіп жатқан идеологиялық экспансия Орталық Азия елдерінің этно-мәдени құрылымының тұтастығына қауіп төндіріп тұр. Орталық Азия елдерінің сырттан келіп жатқан идеологиялық-ақпараттық экспансиясына бірлесіп тойтарыс бере алатын мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Орталық Азия дегенде, көпшілік жағдайда белгілі бір сауда нарығы, экономикалық кеңістік, Еуропа мен Азияның арасындағы көпір, табиғат байлықтарына бай өлке сықылды стереотиптерге басымдық беріледі. Бірақ Орталық Азия - ең алдымен үш мың жылдық тарихы бар өркениет, алдыңғы қатарлы мәдениет пен өнердің, озық білім мен ілімнің ошағы. Жарты әлемді тізе бүктірген қолбасшы Еділ мен Бумын қаған, Шыңғыс хан мен Әмір Темір сияқты тұлғалардың немесе еуропалық ренессансқа дем берген Фараби мен Бухари, Бируни мен Ибн Сина сияқты ғалымдардың да ата қонысы дәл осы біздің аймақ. Оның үстіне Орталық Азияға әділ, мығым және өміршең діни-рухани негіздер тән. Яғни әу бастан-ақ бөтен бір идеологияның енуіне алғышарт жоқ сияқты.

Жетекші мемлекеттердің өрлеуінің түп қазығы - оның идеологиясында

- Дегенмен әлсіздік мәселесіне қайта оралайық. Мысалы, әлсіз адам басқалардан көрі жұқпалы ауруларға, түрлі кеселдерге жиірек бой алдырады.

- Мемлекет те сол тәрізді. Бұл жерде тағы бір стереотипті айналып өтуге болмас. Қазіргі нарық, ақшаға табыну заманында әлдебіреудің әлеуетін оның қалтасының қалыңдығымен, мемлекет болса, қаржылық, экономикалық күш-қуатымен өлшеуге дағдыланып кеткендейміз. Бұл - үлкен қателік.

Бүгінгі таңда Америка, Еуропа, әлде Азия болсын, қандай да бір жетекші мемлекеттердің өрлеуінің түп қазығы олардың жүргізіп отырған идеологиясында. Яғни алдымен елді бір жұдырыққа жұмылдыратын бағыт-бағдар ұсынылған, сол арқылы білім беру, жастар ісі, тәрбие, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым, мәдениет сияқты салалар көтерілген. Ал осы шаралардың заңды нәтижесі ретінде экономика, өндіріс, технологиялар дамыған. Біз болсақ табиғи байлығымызды талан-таражға салып, жайбарақат отырғанға әуеспіз, қалған салаларға тиісінше мән бөлуден қалдық. Осалдығымыздың да себебі сонда жатыр.

- Не істеу керек деп ойлайсыз?

- "Осылай болса екен, мынадай әрекеттер қолға алынса екен" деген ойлар өте көп. Солардың ішінде, менің пайымдауымша, ең алдымен өзіміздің тарихымызды зерделеуден бастағанымыз жөн көрінеді. Себебі біздің тарих 1917 немесе 1991 жылдан бастау алмайды. Мұны көпшілік, әсіресе, жастар онша ұғына бермейді. Екіншіден, ұлттық рухта білім беру саласына, орта болсын, жоғары болсын, тәрбие мәселелеріне ерекше мән беруіміз керек. Тек қана надан, рухани аш қоғам кірме идеологияға бейім тұрады. Бұл тұрғыда басқа біреуге еліктей бергенімізді де доғару керек, саясат пен экономикадан бастап, шетелдік әншілер мен киноға дейін.

- Сіз айтып отырған түйткілдер бір-бірімізді танымауымыздан, білмеуімізден таралып жатқанын жоққа шығара алмайтын шығарсыз?

- Ол да мүмкін. Орталық Азия шеңберінде айтар болсақ, меніңше, ең алғашқы қадам - аймақтық мәдени-ақпараттық кеңістік құруымыз керек. Өз басым, әлі күнге дейін таңым бар, біз шалғай жатқан Жапонияда, не Америкада болып жатқанды жақсы білеміз де, іргелес елдердің тыныс-тіршілігінен мүлдем бейхабармыз.
Бұл тұрғыда, мәселен, Қазақстанның нақты үлесі ретінде жалпыаймақтық телеарна ашуға болар еді. Ол үшін барлық ұйымдастырушылық, қаржылық мүмкіндіктер жетерлік. Сөзіме тиек, осыдан он-ақ жыл бұрын шынашақтай Қатар мемлекеті жалпыарабтық "Әл-Жазира" атты ғарыштық телеарнаның тұсауын кесті. Бүгінде осы телеарна Батыстың ең белді деген CNN немесе BBC арналарынан асып кеткені былай тұрсын, араб қауымдастығының бірігуінің, тұтастығының маңызды факторына айналып отыр. Ал бізде ше?
Орталық Азияға ғана емес, жарты әлемге тарайтын "Caspіonet" деген ғарыштық телеарнамыз бар. Алайда біріншіден, атының өзінде оның қазаққа қатысын көресіз бе? Жоқ. Бағдарламаларының өзін көрдіңіз бе? Сапасы төмен, талғамдық жағы көңіл көншітпейтін түсірілімдер мен көбіне қайталана беретін "Хабар" жобаларының көшірмелері ғана. Ағылшын тілінің сапасы мүлде сын көтермейді. Егер осы арнаны керегінше жасақтап, кәсіби отандық мамандарды жұмылдыратын болса, бұл біріншіден, Қазақстанмен қатар бүкіл аймаққа игі қызмет атқарар еді, екіншіден, біздің аймақты күллі әлемге танытудың мықты тетігіне айналар еді және үшіншіден, Ресей БАҚ-тарының жетегінде жүрмей, өзіміздің сапалы да бәсекелестікке қабілетті ақпараттық кеңістікті құруға септігін тигізер еді.

- Әдетте, саясаткерлер халықаралық деңгейдегі бастамаларын жариялау үшін қоғамның тамырына "электрошок жүргізу" арқылы барлау жасайды. Өткен айдың аяқ шенінде Ресейдегі Қазақ елінің елшісі Әділбек Жақсыбеков мырза "Қазақстан Еуроодаққа Эстония мен Латвия тәрізді емес, тең әріптес ретінде өтеміз" деді" деп ресейлік басылымдар біраз шуласты. Мұндай бастама Орталық Азия елдері одағын құрайық деген ұсынысын іргедегі көршілеріне мойынсұндыра алмай жатқан Қазақ еліне тиімді ме?

- Менің білуімше, елші мырза мәселені дәл осылай қойған жоқ. Ол тек келешекте Қазақстанның Еуроодаққа ену мүмкіндігін жоққа шығармайтынын білдірді. Қалай болса да, әлемнің ірі елдерімен Қазақстанның етене араласуы, саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуі - қисынды дүние. Құба-құп. Алайда ділі басқа, мәдениеті мен руханияты жат қауымдастыққа толыққанды мүшелікке ену жақсылыққа бастамайды. Алысқа бармай-ақ іргедегі Қытайды караңызшы! ХVІІ- ХVІІІ ғасырларда ойраттың, ұйғырдың, басқа да көршілес халықтардың жекелеген көшбасшылары күнасты елінің өркениетіне қол жеткізейік деген үндеулерін төпелетті, оларға өздері де нанды. Нәтижесінде бұл неге әкеліп соқты? Бірі толығымен жойылып кетті, бірі мемлекеттігінен айырылды, енді бірі - ұлт болудан қалды.

Әр нәрсенің шегі болуы керек. Ал басқалармен терезесі тең ел боламыз десек, бәрінен бұрын өзіміздің төл, туа біткен, Алланың өзі бойымызға дарытқан қасиеттерімізді алға тартуымыз жөн. Басқаша айтқанда, көсемдерді, бой түзейтін үлгілерді, экономиканы алға сүйрейтін менеджерлерді жат жерден емес, өзі ішімізден іздеуіміз керек. Ол үшін сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі отансүйгіштік, өзімізге деген сенім керек.

Мәскеудің Еуразияны өз дегеніне қаратуы Иван ІV патшаның тұсынан басталды

- Сіз "Орталық Азияның геосаясаты" атты еңбегіңізде "Ресей диллема алдында тұрды. Ол посткеңестік жүйенің орнында қалған елдер арасында экономикалық-саяси-интеграцияның эпицентрі болу немесе Азия мен Еуропа арасында буфер міндетін атқарумен шектеліп қалу еді" дейсіз.

Ал Ресейдің Орталық Азиядағы елдер үшін тек буфер міндетімен шектеліп қалғысы келмейтіні байқалып қалды. Ресейдің қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және тәжік елдері алдындағы ықпалы уақыт өткен сайын күш алып бара жатқан жоқ па?

- Дәл солай. Бірақ Мәскеудің Еуразияны өз дегеніне қаратуға ниет танытуы бүгін, тіпті кеңес заманында емес, әлдеқайда бұрыннан бастау алады. Кем дегенде қатыгез Иван ІV патшаның тұсынан.
Бұл жерде Ресейге кінә тағудың да қажеті жоқ. Адамзат тарихында қай мемлекетті, империяны алсаңыз да, басқаларға, әсіресе, көршілеріне үстемдік орнатуға тырысқан. ХVІІ-ХІХ ғасырдағы Ұлыбритания, Испания, Францияларды алсаңыз да, одан әріректегі Осман империясы мен Рим империясын алсаңыз да, мұндай заңдылықты оңай аңғарасыз.

Сондықтан Ресей үшін посткеңестік кеңістікте баяғыдай беделін қайтару - ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат. Бұған еш күмән келтіруге болмайды.

Рас, кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін 1990 жылдары Ресей Федерациясы тым әлсіз еді. Тіпті Шешенстан, Дағыстан, Татарстан секілді өз ішіндегі автономиялардан айырылу қаупінің алдында тұрды. Алайда үшінші мыңжылдыққа аяқ басқалы Мәскеу біртіндеп күш-әлеуетін түгендеп келеді. Әлем экономикалары ішінде 15-орыннан 6-орынды бір-ақ иеленді, армиясын жаңғыртуда, бүкіл ТМД аумағында мәдени-ақпараттық ықпалын күшейтуін, ауқымды экономикалық, қаржылық тетіктерді, көліктік-транзиттік инфрақұрылымдарды, қарыздар мен несиелерді былай қойғанда. Ал ғаламдық қаржылық дағдарыс Кремльдің аталған мақсатқа жетуіне қосымша алғышарттар туғызуда. Бір ғана мысал келтіре кетейін.
Ресей үкіметі әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл Қырғызстанға 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржылық көмек беретін болып шешті. Есесіне Бішкек те ірі әріптесінің "көңілінен шығатын" қадамдарға барды. Олардың ішінде Мәскеудің талайдан бері мазасын алып келген Манас әуежайындағы АҚШ-тың әскери базасын жабу, ресейліктердің еншісіне қырғыз экономикасының ең ірі деген жобаларын аудару. Мұның өзінен экономика мен саясаттың өзара тығыз байланысып жатқанын, біріне-бірі тәуелді екенін байқауға болады. Әлбетте, жағдай осы жолмен дами беретін болса, ұтарымыздан гөрі ұтыларымыз әлдеқайда көп болады және тек қырғыздар ғана емес, ортақ аймағымыз үшін.

- Алдағы уақытта Қазақстанның екі бағытқа - ЕурАзЭҚ және Орталық Азия елдеріне бағытталған интеграциясына өзгерістер енуі мүмкін бе?

- Біріншіден, Орталық Азиядағы интеграцияның даму келбеті мәз емес. Мұны өздеріңіз де жақсы көріп отырсыздар. Онымен салыстырғанда, ЕурАзЭҚ бес қадам алдында тұр.

Иә, кереметтей белсенділік танытпаса да, бұл ұйым нақты интеграциялық жобаларды іске асыруда. Айталық, ортақ кедендік кеңістік құру немесе 10 млрд АҚШ долларына пара-пар ортақ қаржылық қор жасақтау тұрғысында. Екіншіден, қандай да интеграциялық жүйеге ене отырып, әрбір мемлекет алдыңғы шепте өзінің мүдделерін іске асыруға күш салады. Қазақстан да солай.

Өз басым ТМД кеңістігіндегі интеграцияға қатысты Қазақстанның саясаты әлдеқандай өзгере қоятынын күтпеймін. Себебі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әуелден ұстанған тұғыры - бірігу және бұл бүгінгі заман талабына сай ұстаным деп білемін. Бірақ көп нәрсе тек интеграция жүгін алға сүйреуші Мәскеу мен Астанаға ғана тәуелді емес. Бұл науқанға басқа да мүше елдердің белсене араласуы шарт. Ол жоқ, әсіресе, бүгінгідей ғаламдық дағдарыс кезінде. Әлде де барлық салаларда алға ұмтылу қажет. Әйтпесе Абай атамыз айтпақшы, "Қолымды мезгілінен кеш сермедім" синдромынан шыға алмаймыз. Ал олай болмас үшін Қазақстанның өзі ішкі саяси құрылымы берік, рухани, мәдени, адами әлеуеті зор, жікшілдікке, жемқорлыққа бой алдырмаған, демократиялық жасампаз мемлекет болуы шарт. Тек осындай жағдайда ғана өзбек, қырғыз, басқа ағайындар бізге келіп қосылмақ.

- Әңгімеңізге рақмет!

 


Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

«Айқын» газеті, 10 маусым 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5626