Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 6038 7 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 10:22

Әшкере

Түркістан автономиясы Үкіметінің Премьер-министрі, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі, атақты  азаттық күрескері, атын атауға коммунистік идеология тыйым салған аңыз-қайраткер Мұстафа Шоқай жайындағы шынайы деректер советтік республикалар одағының билеуші партиясы қайта құру саясатын жария еткен жылдары ғана там-тұмдап шыға бастаған. Сексен алтыншы жылғы  әйгілі жастар толқуынан соң тоталитаризм қайта тұтаса бастаған шақта ұлттық намысы жоғары жас ғалым Самат Өтениязов оның бір кітапшасын және ол жайында шыққан естеліктер жинағын  шетелден жасырын алып келген еді. Соларды пайдалана отырып,  мен оны оқырмандарға 1990 жылы «Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» беттерінде жаңаша ойлау рухында  таныстыруға тырыстым, алғашқы саяси портретін бердім. Содан кейін белгілі қаламгерлердің жарияланымдары жарық көріп жатты. Ұзамай Самат әкелген Мұсекең еңбегінің шетелдік басылымы да өз баспамыздан шығарылып, көпшілік игілігіне айналды.

Оның өзімізді өзіміз танудағы маңызына оқырман назар аудару мақсатымен 90-шы жылдары «Тіршілік» журналы мен «Zaman-Қазақстан»  газетіне «Уыт», «Мұстафаны оқығанда» деген мақалалар бергенім есімде.   Өйткені Мұстафа Шоқайұлын мұқият оқу арқылы өзіміз темір құрсауынан әлі де толық шығып үлгермеген тоталитарлық жүйе басқа салған қасіреттің мән-мағынасын терең түйсініп, бүгінгі ахуалымыздағы кейбір келеңсіздіктердің түп-тамырын айқын ажыратамыз және оларды дұрыстаудың жолдарын қапысыз бажайлаймыз деп білген едім. Коммунистік партия билеген ғұмырымызда ірі жетістіктер де болды, әдемі ұрандар мен өтірік те көп орын алды. Соңғысы жайында жаңаша ойлау саясаты дәуірлеген заманда ғана айтыла бастады. Ал олар  Мұстафа Шоқайға өз уақытында-ақ мәлім болған-ды және сол кездің өзінде-ақ кеңестік жалған ұрандармен бұрмаланған «озық өмір» шындығын әшкерелеуге ол бар күш-жігерін жұмсаған еді. Совет дәуіріндегі  шын тарихымыздың маңызды беттерін осы әйгілі қайраткердің  дер шағында жазып қалдырғанына қазіргі таңда күмәнданбаймыз. Жасырылып келген ақиқатты бізге содан оқып үйрену қажеттігін оның қолымызға алғаш тиген еңбегімен – бұдан 90 жыл бұрын шыққан «Советтер Орта Азияда» (бірнеше жылдан кейін қилы кеңестік құжаттармен толықтырып басылған «Советтер билігі астындағы Түркістан» («Туркестан под властью Советов») дейтін кітапшасымен танысқан сәтте-ақ түйсінген едік. Өйткені сол бір шағын кітапша өзінің ағартушылық мәні жөнінен кеңестік тарих оқулықтарынан шыншыл, мазмұнды, пәрменді де өтімді екені айқын-тын. Оның ел санасына, ұлттық санаға, әркімнің азаматтық айқын позициясын қалыптастыруға игі әсерін шапшаң тигізе алатын еңбек екеніне шүбә жоқ болатын. Осы бір көлемі шағын, айтпақ ойы көл-көсір еңбегімен Мұстафа Шоқайұлы Түркістан өлкесін билеген большевиктердің сөзі мен ісі арасында жер мен көктей алшақтық барын Еуропадағы демократиялық қозғалыс қайраткерлері алдында тұңғыш рет аяусыз әшкерелеген екен. Ол бұрынғы Ресей империясының әміршіл құрылымының орнына жәдігөйлігі  патша  отаршылдарынан  асып кеткен қатыгез, аяр билеушілер жүйесі келгенін нақты деректермен жан-жақты ашып көрсеткен еді.

Әңгімені оның жазылу тарихынан бастайық. 1927 жылы Мәскеуде Қазан революциясының он жылдығы тойланды. Мерейтойға қатысқан француз жұмысшылары делегациясының бір тобын КСРО үкіметі Орта Азиядағы Кеңестік республикаларға саяхатқа жіберіп алды. Шетелдік меймандардың бұрынғы Түркістан өлкесі аумағында құрылған совет республикаларын аралаудан жақсы әсер алуы, әрине, ойдағыдай ұйымдастырылып, қамтамасыз етілді. Қонақтар көріп-білгендерін өте жоғары бағалады. Бірақ олардың Түркістан халықтарының нағыз тұрмысын көрмегенін, тек «москвалық агенттер» нұсқаған жерлерде ғана болып, жалған да жасанды «жарасым мен бақытқа» мәз болғандарын Мұстафа еңбегінде дәлелдеп жазды. «Шын мәнінде, большевизмге берілгендердің барлығы үшін қасиетті ақиқат тәрізді есептелетін сөздерді: «Совет елінде бәрі жақсы», әсіресе, «Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты кіршіксіз таза екен» дегенді айту үшін осынау қымбат тұратын саяхатқа шығып, алыс Түркістанға барудың ешқандай қажеті жоқ болатын, – деді. – ...Олар Францияда отырып-ақ сол сөздерін айтып та, жазып та берер алар еді. Оларға қажет анықтаманың бәрін Еуропадағы кез келген кеңес өкілдігі берер еді». Шынында, «бәрін  өз көздерімен көру үшін» шалғайға саяхатқа шыққан шетелдік делегаттар Советтік Қазақстанды араламай-ақ, оның алып аумағымен тоқтаусыз жүріп өте шыққан-тын. Тек республика астанасы Қызылордада ғана олар мінген пойыз түнгі сағат бірде жеті минутке аялдады. Сол қас-қағым уақыт ішінде, ресми сәлемдесулерден кейін, Қазақстан революцияшыл кәсіподақтарының бастығы Ізмұқан Құрамысов оларға арнайы әзірленген альбомдар сыйлады. Қазақстанның революциялық жетістіктеріне «иланып», «әлемдегі асқан бақытты» республика еңбекшілерінің тіршілік жайына естері кете шаттану үшін француз делегаттарына пойыз үстінде танысқан сол альбомдар жеткілікті болып шықты. Артынша «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Француз жұмысшыларының Қазақстан еңбекшілеріне хатында» олар өздеріне «қазақтардың жолымен жүруге» ант берді. Сөйтіп, «бақытты қазақтар» өмір сүріп және жұмыс істеп отырғандай мәдени тыныс-тіршілік пен табысты еңбек жағдайына өз отаны Францияда да қайткенде қол жеткізуге белді бекем буып, табанды түрде шешім жасады...

«Мәскеу үкіметінің француз қонақтары» дүйім жұртқа жария еткен декларацияға жауап беруді өзінің түркістандық азамат ретіндегі парызы деп білген, әрі отандастарының тапсырмасын орындауды мақсат еткен Мұстафа Шоқай «Кеңестер Орта Азияда» деп аталатын полемикалық рухта орындалған француз тіліндегі кітапшасын 1928 жылғы ақпанның басында бітірді де, едәуір қиындықтардан соң, сол жылдың шілде айында бастырып  шығарды. Мұсекең еңбегінде тек кеңес өкіметінің дерек көздерін, орыс, қазақ, өзбек тілдеріндегі түркістандық газеттер мен журналдарды, партия және үкімет мәжілістерінің хаттамаларын, кеңес мемлекеттік баспаларынан шыққан басылымдарды пайдаланған. «Мен деректер туралы, оның үстіне, жоққа шығарылмайтын деректер туралы әңгімелеймін, – деді ол, – өйткені бұлардың бәрі кеңес баспасөзінің өзінде тіркелген. Оларды тек қана қабылдап, мойындау қалады. Бұл реттегі қабылдау дегеніміз – оларды түрлі саққа жүгірту мүмкін емес деген сөз. Ал бұл қорытындылардың мәні – кеңес өкіметі ұстанған ұлт саясатының теориясы мен ұрандарының және олардың Түркістанда  жүзеге  асырылуының арасын  бөліп  тұрған орасан зор шыңырауда жатыр».

Сол «шыңырауды» алыс Париждегі Шоқайұлының бұлтартпас дәлелдермен күллі батыс демократтарына айқара ашып көрсеткені сондай, Мәскеудегі большевиктердің жандары шығып кете жаздады. Лауазымды шешендер КСРО Орталық Атқару Комитеті сессиясының мінберінен эмигрант Шоқаевты «ұлтшыл» деп таңбалап, ғайбаттап жатты.  Ғажабы, «кеңес өкіметінің идеялары, оның директивалары мен олардың атқарылуы арасында белгілі бір қашықтық барын» өздері де ашық айтып, Мұсекең таққан айыпты – «шыңырауды» – іс жүзінде мойындап та қалды. Тек большевизмге тән бірбеткейлік әдетпен, деректерді «ұлтшыл» Шоқаев жалақорлықпен тергіштеп жинаған дегенді уағыздады... Мұндай уағызын партия-совет қайраткерлері ұйымдық шаралармен – оның еңбегін еліне жеткізбеу арқылы тиянақтады. Осындай жолмен кеңес өкіметі Мұстафаны күрт бетбұрыс шоқпарынан және репрессиялардан қорқып-үріккен, санасы озбыр саясатпен шырмалған халыққа жау етіп көрсетті.  Бірақ большевиктердің пиғылы сөз бостандығы мен демократия іс жүзінде орын тепкен елдерде қолдау таба қоймады. «Өздеріне көрсетілген «Потемкин деревнялары» бойынша фантастикалық мәлімдемелер жасағандар, әрине, Түркістандағы кеңес өкіметінің ғажайыптарын әшкерелеген кітапшаның авторы олардың адалдығына жала жабады деп шағымданар. – Шоқайұлының еңбегін мұқият оқып, кітапшаға алғысөз берген белгілі француз социалисі Пьер Ренодель осылай деп жазды. – Олардың сорына қарай, Шоқаев мырза ең жақсы, ең сенімді тәсілді қолданған. Ол оқырманды өз байқаулары мен пайымдарының жәрдемімен иландыруға тырыспайды. Ол мұны большевиктік құжаттардың өздерінің көмегімен жасайды». Кітапшаны оқығанда бұған кім-кімнің де көзі жетеді. Өйткені, Ренодель айтқандай, «нағыз орыстық империалистік және ұлтшылдық отарлау тәсілдерінің» Түркістанда қалай қолданылып жатқанын батыс социалистік қозғалыс қайраткерлері алдына Мұсекең кеңес коммунистерінің газет-журналдарынан алынған деректердің көмегімен жайып салған еді. Не керек, француз коммунистік делегациясына өтірікті шындай етіп айтқызу арқылы әлемдік қоғамдық пікірді өз пайдаларына бұрмақ болған большевиктердің жәдігөйлік әрекетіне Мұстафа Шоқайұлы аталмыш ғылыми-публицистикалық жұмысымен осылай дер кезінде батыл тойтарыс берді.

Қазан төңкерісінен кейінгі он жылдың шындығын – Франция жұмысшылары делегациясы мүшелерінен жасырылған ақиқатты – Мұстафа кеңес басылымдары беттерінен іздеп тауып көрсеткен. Сондықтан да оның бұл кітапшасы, Ренодельдің әділ атап көрсеткеніндей, жүздеген мың түркістандықтың аштан өліп, режим құрбаны болғанын нақты куә көзімен әңгімелейді. Жергілікті әкімшіліктің негізінен орыстармен толтырылғанын, ондағы туземдіктердің саусақпен санарлық қана екеніне дәлелдер келтіреді. Елді белгілі бір дәрежеде надандық билеп отырғанын әшкерелейді. Маркстік ленинизм дегеннің, большевиктік мекемелердің көбі тәрізді, тек фасад-фарс екенін айтады. Метрополияның ішкі-сыртқы мұқтаждарын өтеуге қажет боп тұрған ақ мақта, аграрлық революцияны желеу етіп, қалай күштеп, қанаушылықпен, кең көлемде өндіріліп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, француз коммунистік партиясы өкілдерінің Түркістанда «ұлттар теңдігі жүзеге асырылды», «өзбектер – өз елінің қожайыны» деп куәлік етуіне байланысты, Мұсекең осы еңбегінде оның жалғандығын ашып көрсеткен еді. Сол ретте «тәуелсіз кеңес республикасы» саналатын Өзбекстан құрылған кезеңдегі, кеңес өкіметінің масқаралығы жағынан мәдениетті елдер тарихынан іздеп табылуы қиын бір шарасын ашына келтірген. «1925 жылғы 21 қаңтарда, Лениннің өліміне бір жыл толғанда, көне Ташкент шаhарының туземдік халқы, өкімет жарлығы бойынша, тізерлеп отырғызылды, – деп жазды ол. – Осылай туземдіктер бірнеше минут бойы шынайы отар құлдары жағдайында қалдырылды... Сириялық Али-Мира мынаған дайын болу керек: Лениннің немесе Кашеннің өлген күніне орай сириялық шаруалар тізерлетіп қойылады (француздар бұл кезде түрегеп тұрып: Ленин мен Кашен (Франция коммунистерінің көсемі – Б.Қ.) өлді, бірақ олардың істері жасай береді! – деп айқайлайды), ал мұндай  әрекетке қарсылық жасауға ниеттену – қатерлі «ойдағы қателік» болып табылады». Бұлармен қатар, әйелдердің пәрәнжі киюі мен «орыс-түркістан коммунизмінің»: «Ленин пайғамбар ма, жоқ па?» деген мәселені анықтауға тырысқанын суреттеген саяси комедиялар да еңбектен орын алған. Ренодельдің пікірінше, өз идеалдарына осынша ерсі де мұңды нәтижелердің телінуі – социалистерді ұялуға мәжбүр етеді...

Қысқасы, большевиктер жүргізген солақай саясат салдарынан Түркістанда халықтың ұлттық бостандық алу хұқы да, әр адамның жеке бостандыққа  деген хұқы да аяққа тапталған. – Шоқайұлы өзінің батыстағы оқушыларын осы ойға меңзейді. Ол 1928 жылы француз тілінде жарияланған бұл жұмысын – негізгі мақсатын дәйектей түсетін жаңа деректерге сүйеніп жазылған тараумен, қосымшалармен толықтырып, «Түркістан кеңестер билігі астында» делінген атпен 1935 жылы орыс тілінде шығарды. Қалың кеңестік көптомдықтарға бергісіз жұқа кітапша. Көл-көсір ащы шындыққа тұнған шағын көлемді үлкен тарих... Шығыстың отар және жартылай отар елдерінде революциялық күрес  ісін, Сталиннің айтуынша, Ленин «Шаруа кеңестерін» ұйымдастырудан бастау қажет десе керек. Сол «Шаруа кеңестерінің» лениндік «революциялық-азаттық» бағдарламасының орындалуына мысал ретінде, Иосиф Сталин Түркістанды атаған. Ал Мұстафа Шоқай ондай тұжырымның ойдан шығарылған өтірік екенін дәлелдеген... Түркістандағы кеңес өкіметі билігін жергілікті халықтың өкімет ісіне қатысу хұқын жоққа шығарудан бастады деді ол. Ташкент «большевиктері» – отарлық режимнің  қалдықтары еді, Түркістанның жаңа дәуірі солардың билігімен басталды. Жаңа өкіметтің отаршылдық сипаты Түркістан Кеңестері ІІІ съезінің қарарымен бекітілген-тін. Ал жергілікті мұсылман кедей-кепшіктер патша заманында қалай мал сияқты болса, пролетар үкіметі тұсында да сол қалыпта қалды. Тіпті, кеңес өкіметіне қарсыласпағанмен, одан да жаман күйге түсті. Өкімет өкілдері капиталистермен күресеміз деген желеумен момын халықтың жиған-тергенін сыпырып ала берді. Қызыл әскерлер жергілікті халықты қорғаудың орнына тонап, өлтіріп жатты. Өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғаштады, жақсылап киіндіріп, тамақтандырды. Ал аш-жалаңаш мұсылман мыңдап, он мыңдап қырылып жатты. Ташкент большевиктері қазақтарды маркстік көзқараспен қарағанда – экономикалық жағынан әлсіз, бәрібір өліп-өшіп жойылуға тиіс деп есептеді. Сондықтан, революция мүддесі үшін – бар күш-жігерді ашаршылықпен күресуге емес, майданға жәрдем беруге жұмсау маңызды деп білді. Аштан өлген мұсылмандар саны тек ресми тіркелген дерек бойынша  бір миллион жүз он төрт мыңға жетті. «Мәскеудің «ұлт-азаттық саясатынан» алған біздің «ұлттық пассив» осындай», – деп жазды Мұсекең. Ал «кеңестік актив»: миллиондап аштыққа ұшыраған жергілікті халық, большевиктер оларға тамақ тауып бермесе де, олар өздерінің аштан қырылуы арқылы большевиктердің жалпы жағдайын сақтап қалды... «Мен француз коммунистерінен мынаны сұрар едім: сириялық, марокколық, үнді-қытайлық және басқа «маркстік көзқараспен қарағанда экономикалық жағынан әлжуаз» халықтарға қатысты (егер, Францияның сорына қарай, олар өкімет басына келе қалса) тура осындай саясат ұстанған болар ма еді? – дейді Мұстафа. – Ал сириялық Али-Мира Сириядағы болашақ кеңес өкіметі сириялық кедейлердің қырылуы нәтижесінде, сириялық шаруалар өліктерінің үстінде орнағанын қалар ма еді?»

Мұстафа Шоқайұлы Түркістанда орнаған кеңес өкіметінің негізінде мұсылман кедейлерінің қанына араласқан большевиктік өтіріктің лас кір-қоқысы жатыр деп есептеді. Ол Қазан төңкерісінен кейін іле-шала жүргізілген бұл аштық саясатының он шақты жылдан соң мейлінше жәдігөйлікпен қайталанғанын дәл уақытында білмеді-ау... Егер большевиктер билікке келген алғашқы кезеңде іске асырған қылмысты шараларының нәтижелері түрлі жолмен тасқа басылып қалған болса, күш жинап, күллі басқару тізгінін қолдарына алғаннан кейін, олар сол кемшіліктерінен қорытынды шығара білді. 30-шы жылдарғы көшпенділерді аштан қыру қылмысын сырт көзге білдірмеу жағын мұқият ойластырып жүзеге асырды. Газет-журналдар ашаршылық көлемі мен салдары туралы ауыз аша алмады, партия мен үкімет жиындарында да аштықтан жүз мыңдап өліп жатқандар тасада қалып, тек мал басының азаюына өкініш білдірілді. Ресми құжаттар мен басылымдарды сүзіп оқитын Мұсекең, нақты деректерге ғана сүйенуге дағдыланған қайран Мұсекең сонау Париж түбінде отырып, алуан құжаттардан жиыстырып ала алған экономика деректерін,  тек  қана  шаруашылық көрсеткіштерін сипаттайтын цифрларды талдады. Ол мұны толық социалистік қоғамда, тіпті коммунизм кезінде де көшпенді мал шаруашылығы бола беруі ықтималдығы жөнінде шығарылған жаңа сталиндік теорияға байланысты істеді. Сталин бұл теориясын қазақ даласындағы аштық саясатын ойдағыдай орындап біткен соң таратқан-ды. Сонау ғасырлық қылмыстан бейхабар Мұстафа, тек баспасөз мәліметтерін арқа тұтқан қайран әділ ғалым Мұстафа совет өкіметі егіншілікке жарамды жердің көбін орыс переселендеріне тартып алып бергеннен соң ғана Сталиннің жаңа теориясының дүниеге келгенін ескертті... 30-шы жылдарға дейін, тіпті 1931–1933-ші жылдарғы алапат ашаршылық аяқталғанға шейінгі шақтарда – кеңес режимі көшпенділік әдіспен мал бағуды еске алудың өзін қылмысқа пара-пар көретін... Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ иелігіндегі 40 миллион бас мал 1934 жылы тоғыз жарым миллионға дейін кеміп кетті. 1916–1923 жылдарға созылған күллі апаттардан кейін Қазақстандағы Түрксіб желісіне бейімделген аймақта 1927 жылы 29 миллион мал бар-тұғын. 1935 жылы, Казкрайком секретары Мирзоян салтанатты түрде үлкен табыс ретінде хабарлаған Қазақстанның мал саны жеті миллиондай ғана болды – Мұстафаша айтқанда, «мал бағушы түркістандық халықтың шаруашылықтағы «жетістігіне» бұдан өткен сендіргіш мысал келтіру мүмкін бе?»

Шоқайұлының кітабы күні кешеге дейін әділдігіне бәріміз құлай сеніп келген «лениндік ұлт саясаты» бүркемелеген ащы шындыққа, бұлтартпас деректерге тұнып тұр. «Алайда большевиктер ұлт саясатының лениндік-сталиндік теориясы хақында сөйлеуді тым ерекше жақсы көреді, – деп жазды Мұсекең. – Ленин мен Сталин іргесін қалаған ұлттық өз тағдырын өзі айқындау негіздерінің өзгеріс-бұлтарысты білмейтін дұрыстығы жайында айта беруді, өздерін де, өзгелерді де сендіріп-иландыруды жақсы көреді. Бірақ ұлттардың өз тағдырын өздері айқындауы жөніндегі кеңестік (лениндік-сталиндік те сол) теорияның құбылуын – метаморфозасын – кім қаншалықты есінде қалдырып, біліп жүр екен?» Бұл мәселе бойынша Ленин мен Сталин Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін қандай теориялық пайымдар жасағанына көз жүгіртейік. 1914 жылғы сәуірде Ленин: «ұлттардың өз тағдырларын өздері айқындауы дегеніміз – олардың өзге ұлттық ұжымдардан мемлекеттік бөлінісі, дербес мемлекет құруы» деп есептеді. Лениннің бұл мәселедегі осы негізгі ойын большевиктердің бәрі қолдады. 1917 жылғы сәуірде, большевиктердің фракциялық конференциясында Сталин: «езілген халықтар Россия құрамында қала ма, дербес мемлекетке бөліне ме – өздері шешуге тиіс» деді. Конференция тиісті шешім қабылдады. Одан кейін де Ленин (1917 жылғы мамырда): ұлттардың саяси тұрғыдан өз тағдырларын айқындауын – «Россиядан бөліну еркімен қоса шешілетін мәселе» ретінде айрықша атап айтып жүрді. Ал 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасап, билікке келгеннен соң бірнеше  жыл өткенде, большевиктер басқаша сайрай бастайды. Партияның Х сьезінде Сталин: «ұлттық өз тағдырын өзі айқындау туралы ұран ескірді, ол – империалистер өздерінің ыңғайына келтіріп пайдаланғысы келетін бос ұранға айналды, бұндай көмескі ұранды біз бағдарламамыздан алып тастағанбыз, біздің бағдарламада басқа, айқын ұран бар, ол – халықтардың мемлекет болып бөлінуге деген хұқы. Бұлар екі бөлек өзгеше дүниелер...» дейді. Тиісінше, «Ресейден жеке мемлекет болып бөлініп кету хұқы» халықтардың «өз еріктеріне» сәйкес пайдаланылмай қалды. Сөйтіп ұлттың өз тағдырын өзі айқындау хұқы, Шоқайұлы айтқандай, «бос ұран» боп шықты, ал халықтардың мемлекеттік негізде бөліну хұқы олардың «өз қалаулары бойынша» жүзеге асырылған жоқ. Бұлардың ішкі мәнін 1920 жылы Сталин ашып айтып та берген: «шет аймақтардың Ресейден бөлінуін талап ету – революцияның қазіргі кезеңінде өте-мөте зиянды контрреволюциялық әрекет болып табылады...» Ешкімнің «контра» болғысы келмеді – революция жалғасып жатты...

Мемлекеттік басқару аппараттарын «ұлттандыру» жөніндегі революция талаптарына сай қабылданған қаулының «орындалу» әдісін Мұстафа Шоқай кітабынан оқу да біраз нәрсеге көз ашады. 1919  жылы  Россия  Коммунистік партиясының  Орталық  Комитеті  Түркреспублика халық комиссарлары кеңесіне «туземдіктерді халық санына пропорционал дәрежеде мемлекеттік қызметке кең тарту қажеттігін» нұсқады. Алайда Мәскеудің түркістандық агенттері орталық биліктің тапсырмасын орындаудан бастартты. Мәскеу болса, өз эмиссарларын маңдайынан да шерткен жоқ, сөйтіп ұзамай, «ұлттандыру» мазмұнына жаңадан елеулі өзгеріс енгізді. Мемлекеттік аппаратты жергілікті халыққа «тақалту» мәселесін көбірек айтып, орыстар үшін жергілікті тілдерді оқытатын қысқа мерзімді курстар аша бастады... Басқару аппаратын халыққа осылай «жақындату» тәсілін ХХ ғасыр басында Түркістан генерал-губернаторы Субботич қолданған-ды. Жергілікті тілдерді жылдам үйренген әкімшілік және сот мекемесі қызметкерлеріне сыйлық та тағайындаған. Бұл шараны ақымақтау патша үкіметі «революция» деп есептеді де, Субботичті тезірек генерал-губернаторлықтан тайдыруға асықты. Мұсекең осы мәселеге ызалана назар аударды: мәскеулік кеңес үкіметі де енді сол тәсілді «революция» дейді! Мемлекеттік аппаратты халыққа «жақындатуды» көздейтін осынау «революциялық» жүйе нәтижесінде онсыз да саусақпен санарлық түркістандық қызметкерді әр қолайлы сәт туған сайын орыспен алмастыру ашық жүргізілді. Аппараттың жұмыс тиімділігін арттырып, оны ұстауды арзандату желеуімен жергілікті ұлт қызметкерлерін жұмыстан шығару, яки қысқарту орын алды... Орта Азияда 1927 жылдың ортасында 28,6 мыңнан астам жұмыссыз бар-тын, соған қарамастан, заводтарда істейтіндерді қысқартып, олардың орнына Ресейдің ішкі губернияларынан жұмысшылар шақырып әкелу жиі кездесіп тұрды. Орыс жұмысшылары жалақыны туземдіктерден әлдеқайда көп алды, азық-түлікпен де солар молырақ қамтамасыз етілді. Олар жергілікті жұмысшыларға сенімсіздікпен, астамшылық сезіммен қарады. Оры тілін білмейтін туземдіктердің шағымын өз тілінде тыңдайтын ешкім болмады. Көзбояушылықты жетік меңгерген эмиссарлар орталыққа: «Түркістанда мемлекеттік автономия құру жолымен толық түрде ұлттық өзін өзі басқару жүзеге асырылды», – деп баяндады. Ал орталықтан арнайы аралай келген идеяға адал большевиктер Түркістанда жергілікті халықты отаршылдықпен қанаудың ең масқара түрі жүзеге асырылғанын көрді: «Отаршылдарға туземдік кедейлердің шынайы басшылары, өздерімен тең құқықты жолдастар керек емес болатын. Оларға тілмәштар мен полицей атқарушылары ғана қажет еді...» Жаңа тұрпатты отаршылдар сырт көзді алдау үшін – сауаты шамалы, бірақ айтқандарынан шықпайтын «туземдіктерге» басшылық лауазым беріп қоятын. Француз делегациясы Түркістанды аралардың алдында ғана баспасөзде жарияланған мәлімет: «округтік атқару комитеттері төралқаларының төрағалары мен мүшелері арифметиканың алғашқы төрт амалын білмейді, өз ана тілдерінде сауатты жаза алмайды. Париж бен Лондонның қайда екенін ажыратпайды, партия тарихымен таныс емес, партияның бағдарламасын оқымаған...» Кеңестік Өзбекстан өкіметінің басына хат танымайтын адам сайланды, Кеңестік Қазақстанда да өкімет басшысы шала сауатты кісі болды, екі елде де бұл жағдайды – «оқу-тоқусыз кедейдің ел басқарғанын» – мақтаныш тұтты. Бұл «жетістік» – большевиктердің арқасы... Ал бірінші нөмірлі большевик Лениннің өзі, Мұстафа атап көрсеткендей, сауаты ашылмаған жанның саясаттан тыс тұратынын, тек өсек-аяң, ертегі, ұзын-құлақ жетегінде ғана жүретінін тұжырымдаған болатын...

Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Қазақстан үшін бекіткен көшпенді және жартылай көшпенді аудандардағы жерге орналастыру туралы ережеде «негізгі жерге орналастыру жұмыстары аяқталғанша... сырт адамдарға қоныстандыру үшін де, жалға беру үшін ешқандай жер бөліп алуға жол берілмейді» делінген-ді. Алайда бұл құжат та большевиктік екіжүзділіктің тағы бір ескерткіші болып қала берді – арнайы әдебиетте Қазақстандағы жерге орналастыру жұмыстарын «артық жерлерді анықтау мен ол жерлерге қоныстандыруды бір мезгілде және қатар жүргізу» туралы ой тасталды. Әйтпесе жер-су көздері қате және тиімсіз пайдаланылуы ықтимал екен. Қалай дейсіз ғой? Жақсы жерлер сонда отырған халықтың қарамағына бекітіліп беріліп қойылады да, артық-ауыс қалғандардың құны жойылады. Мұсекең мұның астарында кеңес орталығының: «таңдаулы жерлер қазақтарға тиіп қалмасын», – деген «қаупі» жатқанын, әрі сондай «сескеністің» тікелей салдары ретінде – қазақтардың шұрайлы жерлерден қуылып, тастақта, шөлде, ұйымдастырылған колхоздарға апарылғандарын бұлтартпас мысалдармен дәлелдейді. Қазақтардың өздерін жерге орналастырып болғанша Ресей тұрғындарын Қазақстанға көшіруді доғара тұру жөнінде РСФСР Орталық Атқару Комитеті 1924 жылғы 17 көкекте және 1925 жылғы 14 қыркүйекте арнаулы қаулылар қабылдаған-ды. Алайда бұлар жәй ғана, қазақ өкіметін алдаусырату іспетті құжаттар болып шықты – жұмаққа ұмтылғандай сезінген переселендер қазақ жеріне толассыз ауа берді, ал оларға Ресей үкіметі тыйым салмады. Бір мезет өзін азат та тәуелсіз мемлекет басы санап қалған Қазақстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті қазақ жеріне өз беттерінше 1925 жылғы 31 тамыздан кейін қоныс аударған орыстарды жер алу хұқынан айыру жөнінде шешім шығарды. Олар келген жақтарына оралуға, немесе жерді жалға алу хұқына разы болуға тиіс-тін. Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин өзіне ұнамсыз бұл шешімді жою үшін – әуелі большевиктік қулықтың сыннан өткен тәсілімен комиссия құрғызды. Сосын комиссияға келіп, мұндай қаулыны орындауға болмайтынын, оның күшін жою керектігін айтты. 200 мың орысты кері қайтарып жібере алатын қарулы күші  бар ма екен қазақтың? Оларды келген жерлеріне кері тасымалдауға жұмсалатын шығынды жабарлық ақшалай қаржысы бар ма екен қазақтың?.. Әрине қазақта әскер жоқ, байлығы да шамалы... Қазақ өкіметінің қаулысы қабылданар-қабылданбастан күшін жойды. Сөйтіп, Компартия келімсектердің өз беттерімен ағылуына тоқтам салмау былай тұрсын, құлаған режимнің жер-су хақындағы әділетсіздігі түзелетінінен үміттендірген бұрынғы қағаз жүзіндегі әділ шешімдерін жиып тастап, қазақ жерін жаңаша отарлауды ашықтан-ашық жоспарлауға кірісті. 1928 жылы Бүкілодақтық Переселендік Комитет 1928–1933 жылдарға арналған қоныс аударту шараларының бесжылдық перспективалық жоспарына Солтүстік Қазақстанның жеріне ішкі Ресей облыстарынан 400 мыңдай переселен апаруды қосты. Революцияға дейін 6 миллионнан асқан қазақ 1927 жылы 4 миллионға жетпей қалды... Республика аумағын мекендеген халықтар ішіндегі үлесі 90 проценттен 60 процентке түсіп кетті... Кеңес үкіметінің Қазақстандағы аграрлық саясаты 20–30-жылдары да, бертінде де – 17-ші жылы құлаған царизмнің ескі отарлау саясатын еске салып тұрды: тың өлкесін игеруге байланысты айтылған Хрущевтың әйгілі сөзін ойлап қойыңыз – патшалық тәсілмен істей алмағанды большевиктер кеңестік әдіспен жүзеге асырды... Мұның бүгінгі неоимпериалистер үшін қолайлы болғандығы сондай, олар қазақ елінің терістік өңірін ұялмай-қызармай «байырғы орыс жері» деп жалаулатады. Оның себебін, өкінішке қарай, қазақ халқының тәуелсіздік дәуірінде де өз жер-суына дұрыстап орналастырылмағанынан, тарихи атамекенінің шұрайлы пұшпақтарын өз күштерімен игеріп, заңды қожайыны атануына егемен өкімет тарапынан қажет жағдай жасалмағанынан көруге болады. Әлі күнге дейін қазақ мүддесін көздеуден гөрі, сонау Столыпин заманынан басталған «қазақ жерін игеру, гүлдендіру», яғни жекелеген жергілікті адамның хұқын қорғап, оған жағдай жасаудан гөрі жалпы экономика мүддесін, мемлекет дәулетін күйттеу саясаты басымдық етуде...

Шоқайұлын оқи отырып, патша әкімшілігі мылтық, арақ, айланы астастыра жұмсап жаулап алынған ел-жұртты «біртұтас та бөлінбес» мемлекеттің кәдімгі мұжық секілді боданына айналдыруды көздеген орыстандыру жұмысын кеңес өкіметі түу бастан-ақ ең өтімді жолмен сабақтастыра ілгері бағыттағанына көзіміз жетеді. Октябрь төңкерісінің он жылдығы қарсаңында (1927 ж.) қазақ мектептерінің саны 1600 болыпты.  Бірақ, сабақ өткізетін ғимараты бар мектеп – 40-қа жетер-жетпес екен. Демек, мектептің іс жүзіндегі саны да 40 болғаны ғой... Қазақ мектептерінде бір шәкіртке 7 сом 70 тиын, орыс мектептерінде – 16 сом шығындалады... Яғни қазақша оқу – сапасыз, сауат ашарлық қана білім алу деген сөз, «есі бар» ата-ана баласын орысша оқытады... Бұған Қазан төңкерісінен соң большевиктер дүниеге әкелген Қазақ мемлекетінде негізгі халықтың тілімен қатар орыс тілінің де ресми мәртебеге ие болғанын, саяси-қоғамдық тыныс-тіршіліктің орысша жүруі биік дәрежеге саналғанын қосыңыз... Өкіметтің арқасында, орыстандыру саясатының құрбаны болу салдарынан пайда болған шалақазақтар саны күрт артып, түрі бір, бірақ тілі бөлек ұлыс деңгейіне жетті. Олар оған намыстанбайды, қайта, сонысын мақтан тұтады, тіптен, өздері арасынан шыққан  қара халық өкілдеріне, олардың ұлттық мүддені көздеген әрекеттеріне ашық менсінбеушілікпен қарайды. Өкінішке қарай, саналары уланған «әлем азаматтары» бүгінгі ұлт патриоттары «ғайыптан мемлекеттік мәртебеге ие болған ауылдық тілді индустиялық қоғам тіліне жеткізбек боп  тыраштанады» деген ұғымнан арылмай, қазақтың шынайы ұлттық мемлекетін орнатуға қилы кедергі келтіріп жүр. Тәубә дерің, әйтеуір, ондайлардың бәрі бірдей қазақ рухын жоғалтқан жоқ...

Ұлттар қатынасы мәселелерін Мұсекең аталмыш жұмысының негізгі өзегі еткен. Одан кеңес өкіметінің Түркістан өлкесіндегі билігінің он жылдық тәжірибесі мен қол жеткізген нәтижелері сипатталатын, ең бастысы, кеңес дәуірінде бізге қаршадайымыздан оқытқан, шынайы тарихқа кереғар оқиғалар мен құбылыстар суреттеліп-баяндалатын мысалдарды жеткілікті де түсінікті мөлшерде табамыз. Және осынау 20-шы жылдарғы «ақтаңдақтар» ақиқатын ашатын, тәтті өтірікпен көлегейленіп келген ащы шындықты әйгілейтін еңбек авторының қорытындылары ол дүниеден көшкелі бергі дәуірді де түсінуге жәрдемдеседі. Мұстафаның бұл кітабынан және тәуелсіздік жылдары елімізге оралған күллі басқа туындыларынан  «заманымыздың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» «ажарландырған» жалпақ қазақ жеріндегі «халықтар достығы лабораториясы» тәжірибелерінің, Алматы мен Жаңаөзен алаңдарында «тәртіп орнатушылардың» және оларды қостаушылардың іс-әрекеттері астарын ұғу кілтін көреміз. (Осы жерде оның шығармаларын шетел мұрағаттарынан тірнектеп жинап, он екі томдық толық жинақ ретінде оқырман игілігіне тартқан айтулы зерттеуші-ғалым, туғанына биыл сексен жыл толатын  Көшім Есмағамбетовтің жанкештілік еңбегін ерекше атап өту жөн). Бүгінгі ұрпаққа Мұстафа Шоқайұлын мұқият оқу ләзім. Қазақ та, орыс та, күллі түркі, сондай-ақ орыс тілді жұрт біткен зерттеп оқуға тиіс. Себебі Мұсекең сонау қатыгез заманның өзінде-ақ қағаз бетіне ұмытылмастай етіп, өшпестей етіп жазып қалдырып кеткен жазықсыз төгілген қанның, қорлық пен қанаудың, надандықтың жан түршіктірер суреттері бүгінгі ұрпаққа зор тарихи тәрбие береді. Жаңа таным, мүлдем соны шындық арқылы барша ұлт өкілдерінің жан сарайына жаңаша ұстаным, ар-ұят, иман, парыз сәулелерін тоғыстырады. Сананы жаңарту, рухани жаңғыру жолына түсіреді. Біз бүгінгі күн ақиқатымен санасамыз, қазіргі тыныштығымызды ертеңгі тоқ, бақытты өмірге ұластырудан үміттенеміз. Бірақ елімізде тұратын көп ұлт өкілдері арасындағы келісімді қалыптылық пен бірлікті баянды етудің дәйекті бір жолы – азаматтарымызды қаралы тарихпен тәрбиелеуде жатқанын ескере бермейміз... Қазақ 1917–1918, 1920–1921, 1931–33 жылдары миллиондап аштан өлді, төңкеріс, азамат соғысы, тәркілеу мен ұжымдастырудың асыра сілтеулеріне қарсы көтерілу, жаппай жазалаулар кездерінде мыңдап, жүз мыңдап қырылды, шамалары жеткендері шетелдерге қашты. Сөйтіп, Қазан төңкерісіне дейінгі алты миллиондық халық екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында екі миллионға жетер-жетпес болып қалды. Осы мөлшерінің төрттен бірге жуығын майдан далаларында құрбан етті. Қазақ тек соңғы жарты ғасырдан сәл астам уақыт ішінде ғана біршама демографиялық жаңғыру құбылысын бастан кешіп келеді. Ал әлгі аталған қасіреттер салдарынан пышырап, большевиктер «Қазақстанды көтеру үшін» сырттан үстін-үстін әкеп төккен кеңестік переселендер арасында арал-арал болып қалған халықтың тілінен жаппай айрыла жаздағаны, үлкен бір бөлігінің айрылып та қалғаны, көп құқтарының шектелгені, экологиялық күйзеліс, қилы дағдарыстарға душар болғаны баршаға аян. «Тарих  осылай шешті» дегенді ұнатамыз-ау, дегенмен, тарихты жақсы тұрмыс іздеген адамдардың көмегімен билеуші және қуыршақ өкіметтеріміздің жасағанын тереңірек зерделеуге тиіспіз. Барлық болған істерде жанама түрде болса да баршамыздың «үлесіміз» бар. Мұстафа Шоқайұлы осыны түсінуге жәрдемдеседі.

Күнәңді сезіну, пиғылыңды жақсартуға ұмтылу – қазақ байрағы астында отаныңның дәулетін тасытысудың, тату-тәтті, жарасымды, жақсы өмір сүрудің кепілі. Қазақтың әлі күнгі жеткілікті дәрежеде танылмай жатқан ұлы перзентінің мұрасын, орайы келгенде еселеп айта кетейік, бүткіл қазақстандықтарға жеткізу жөн. Мұсекең қалдырған тарих қазақ мемлекетін мекендеушілердің моральдық тұрғыдан қайта жарақтануы қажет екеніне иландырады, бүгінгі ұранға салғанда, қоғамдық сананы жаңғыртып, жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Түсініктірек етіп айтқанда, тілге тиек болған кітап, жалпы Мұстафа  Шоқайұлының күллі шығармашылық мұрасы өзге ұлт өкілдері мен тілдік тұрғыда бөлектеніп жүргендер үшін өте пайдалы, баршасының қазақтың ұлттық мүддесін қорғауын тарихи әділеттілік деп білуіне,  қазақ төңірегіне тығыз топтасу идеясын жасампаздық деп қабылдауына қызмет етеді.  «Советтер Орта Азияда» кітапшасының 90 жылдығын еске алу осындай ойларға жетеледі...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz                             

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404