Латын қарпіне көшу ісінде ғалымдар зауыттың рөлін атқармауы керек
Латын қарпіне өту – жиырма бесінші жылға шейін жоспарланған шара. Бірақ неге екенін қайдам, әйтеуір 2019-2020 оқу жылы әліппені латын қарпімен шығарамыз. Сондықтан осы жыл аяқталмай жазудың емле ережелерін бекіту қажет деген жоспар құрылып, соны орындау үшін жауапты мекемелер барынша жанталасып жатқан жайы бар.
Дыбыстарға таңдаған таңбалары дұрыс болып, жасаған емле ережелеріміз тіл табиғатына жайлы болса, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізуге көп уақыт қажет емес. Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын жасалған Ақаңның әліпбиімен хат танып кету үшін қабілеті орташа балаға төрт-ақ апта қажет (Т.Шонанов) болғаны белгілі. Ал енді сауаты бар қазаққа дұрыс әліпбимен жүгіртіп оқып, жазып кету үшін төрт-ақ сағат қажет болар. Яғни дайын әліпбиді енгізу қазіргі таңда тіптен оңай шаруа. Қазіргі ІТ технологияның дамыған кезінде электронды нұсқасы бар кириллдегі барлық мәтіндер әпсәтте-ақ конвертер арқылы жаңа латын әліпбиіне қотарыла салады. Бұл өте қарапайым операция. Тіпті мәтіннің скан нұсқасын танып жаңа әліпбиге аудару да аса қиын шаруа емес. Яғни, латынды енгізуге көп уақыт қажет емес. Әліпби мен оның емле ережесін әзірлеп, бекітуге көп уақыт керек. Алдағы жеті жылдың төрт жылын талқылауға, үш жылын енгізуге қалдыруымыз керек. Ғалымдар саясаттың айтқанымен жүріп, жоғары жақ не сұраса соны жасап беретін қытай зауытының рөлін атқармауы керек. Қазақ дыбыстарына әріп таңдауға, емлесін әзірлеуге саланы білетін мамандарды қатыстырып, ереженің әр бабын жеке-жеке талқылау қажет. Өйтпеген жағдайда қазақ әдеби тілінің он бес томдық сөздігін асығыс шығарған сияқты ел алдында, әсіресе болашақ алдында ұятқа қаламыз.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын он бес томды соған жауапты азаматтар (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын) мерзімін белгілеп қойып, көлемін асығыс толтырып, ұйымдастыру кезінде «менбілемге» салып, тез-тез шығарып тастады. Алайда артынан іле-шала сол он бес томға енбей қалған тағы бір том (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2014) жарық көрді. Бұрынғы 10 томдық сөздіктің бар жұмысын атқарған профессор Байынқол Қалиев сияқты өте тәжірибелі мамандар белгілі бір себептермен он бес томдықтың жұмысына тартылмай, сөздік ішінде көптеген теориялық қателер кеткен. Сөздікке 12 мың сөз бен сөз тіркесі енбей қалған. Оны Байынқол ағай «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» деген тағы бір еңбегінде тізіп, көрсетіп берді. Ал 15 томдық сөздікті жасаушылардың бірде-біреуі оны терістей алмады. Міне асығыстық пен жұртқа ортақ жұмысқа осы саланы білетін мамандарды түгел тартпаудың және «менбілемдіктің» кесірі.
Үнді дауыссыздар и мен у-дың емлесі, бірге не бөлек жазылатын сөздер емлесі және шеттен енген сөздердің жазылуы бойынша тілші ғалымдар әлі де бір мәмілеге келген жоқ. БАҚ-та бұл мәселелер қызу талқылануда. Оның шешімі біреу – асықпай әрқайсысын жеке-жеке талқылап, оң-терісін өлшеп, тіл табиғаты үшін тиімдісін таңдап барып бір шешімге келу. Оған уақыт қажет екені белгілі. Қазір әлі піспеген, әлі жетілмеген емле ережемен қаржы шығарып, әліппе және басқа да қажетті оқулықтар басу немесе конвертер жасау не үшін керек? Ертең бәрі керексіз, жарамсыз болып қалатынын біле тұра мұндай қадамдарға бару зиянкестік емес пе? Алдымызда әлі жеті жыл уақыт бола тұра, алдымен асықпай жатық әліпби мен жақсы емле құрастырып алмай оны енгізуге кірісетіндей, осы бізді қуып келе жатқан қандай жын екендігін біле алмадым.
Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz