Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12709 85 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 10:50

Шыңғысхан - Оғыз ханның ұрпағы

Орта ғасыр тарихын, оның ішінде Шыңғысханның тарихын алғаш жазған адам - Иранды билеген Газан ханның уәзірі, саясаткер, ғалым Рашид-Ад- Дин еді. Рашид-ад- динге «Шыңғысханның тарихын жаз» деп тапсырған Газан хан еді. Газан хан Шыңғысханның кенжесі Толыханның немересі Арғыннан (орысшасы Аргун) туады. XIII-ғасырдың аяғында Иран билігіне Арғын ханнан кейін Газан хан таққа отырды. Сөйтіп Газан ханның тапсырмасымен Рашид-ад-дин 1310 жылы өзінің «Жамиғат -ат -тауарих» атты үш томдық тарихын жазып бітірді

«Жамиғат ат тауарихтың» қазақша мағынасы «Ел тарихы» дегенді білдіреді.

Бұл тарихи еңбектің алғашқы томы «Шыңғысхан мен Алтын орда» тарихына, екіншісі «Газанхан тұсындағы Иранның тарихына», үшіншісі Әлем тарихына, яғни, Үндістан, Қытай, кейбір Еуропа елдерінің тарихын баян еткен.

Шыңғысханның тарихы туралы жазылған екінші әлемге әйгілі еңбектің бірі - Әбілғазы ханның "Түрік шежіресі" . Бұл атақты шежіре «Жамиғат-ат-тауарихтан»  үш жүз жылдан астам уақыт өткеннен кейін жазылған.

Бұл әлемге әйгілі еңбек түркі тілінде жазылған еді. Сол «Жамиғат-ат-тауарихты» Әбілғазыға дейін  түркі тіліне аударған оннан астам шежіреші болыпты.

Әбілғазы бахадүр  олардың парсы, түрік, қытай тілдерін білмегендіктен олардың аудармаларынан қателіктер көп кеткенін айтқан.

Рашид-ад-диннің «Жамиғат-ат-тауарихынан» 500 жыл өткеннен  кейін , Шыңғысханның тарихы  туралы жазған орыс тарихшысы Николай Карамзин еді. Ол 1811 жылы жазылған «История Государства Российского» атты он екі томдық монументалды ғылыми еңбегінің  III-тарауынан бастап,  VIII-тарауына дейін Шыңғысханның тарихын, Батудың тарихын, оның Русь еліне, Батыс елдеріне жорық жасап, басып алғанын, Алтын орда тарихын толық баян еткен. Сол Карамзиннің oн екі томдық көлемді тарихында  Шыңғысхан, Бату, және Алтын орда тарихы туралы жазғандарында «монгол» атты этностық тіркес мүлдем жоқ.

Атақты тарихшы ол кезде «Татар монғол» деген тіркесті естіп көрмеген, және ондай сөзді өз еңбектерінде қолданып көрмеген. Өйткені, ол кезде орыс таихшылары  «татар монғол» деген тіркесті білмейтін еді.

«Татар монголы» деген тіркес орыс тарихшыларының шығыстанушы И.Березиннің, белгілі тарихшы Соловьевтің еңбектерінде 1850 жылдан кейін пайда болды. Өйткені, басқа елдің басқыншы қолбасшыларын, батырларын әспеттеу, олардың елдік намысына тиетін нәрсе еді. Сондықтан  Шыңғысханның, Батудың , Алтын орданың тарихын мүмкіндігінше көлеңкелеу оңтайлы болды да,  бұрын  «Татар моғол шапқыншылығы»  деп аталып келсе, 1851 жылдан кейін шыққан  тарихи еңбектерде  «Татаро монголское завование» деп аталып кете барды.

Ал, сол кездегі тарихтың шындығы қандай? Соны біз осы жолғы әңгімемізге өзек етеміз.

VIII- XI ғасырлар аралығында сонау Байқал көлі, Алтай жерінен бастап Астарханға дейінгі алып мекенді ОҒЫЗ ҚАҒАНДЫҒЫ билеген. Қағандықтың негізін салушы Оғыз хан болған. «Оғызхан түркі тұқымы, діні мұсылман» деп дәлелдейді  Әбілғазыхан өз шежіресінде.  Оғыз ханның бәйбішесінен туған тоғыз ұлы болған екен. Оғыз хан осы тоғыз ұлдан жиырма төрт немере сүйген.

Жиырма төрт немересінің ішінде ел билегендері Күнхан, Айхан, Жұлдызхан, Елхан екен.  Әбілғазы хан өзінің түрік шежіресінде Шыңғысханның әкесінің руы Қиятты (кейде Қиян деп те атайды) осы Елханнан таратады.

Қияттан - Есугей, Шыңғысханның әкесі.

Әбілғазы хан бұл шежіренің деректерін өзінен үш жүз жылдай уақыт бұрын жазылған Рашид-ад-диннің «Жамиғат ат тауариғынан» алған.

Бұл шежіренің дұрыстығына шүбә келтіру қиын, өйткені, қанша дегенмен «Жамиғат-ат-тауарих»  Шыңғыс хан дүниеден өткеннен кейін сексен бес жылдан кейін ғана жазылып отыр, яғни, сол дәуір тарихына жақын болды. Екішіден, Рашид-ад-дин  Шыңғыс ханның Толы атты кенжесінің шөбересі Газан ханның аузынан естіп жазып отыр.

Рашид-ад-дин мен Әбілғазы ханның шежіре тарихында  Оғыз хан түркі текті, діні мұсылман болған.  Осы Оғыз хан шежіресінде үрім бұтағымен таратылғандай Шыңғыс хан  Оғыз ханның ұрпағы екені айдан анық деректелген.

Тағы бір қосымша тарихи деректер мынадай:

Шыңғысханның әкесі Есугейдің шешесі қоңырат руынан екен. Шыңғысхан бірде Қоңырат елімен кездесіп қалғанда «Біз қоңырат елімен ертеден құда жекжат едік» деп айтқаны бар екен (Әбілғазы).

Есугей бахадүр ел билеген адам болған. Оның жұрты Байқал көлі маңындағы Алтай екен. Өз заманында батыр болған адам, жалайыр, найман, керейт, меркіт және т.б. сол маңдағы этностық топтарды өзіне қаратып алған бахадүр. Татарлармен көп жауласып, оларды да жеңген екен. Есугей Шыңғыс он үшке толғанда шайқас кезінде  қаза тауыпты.

Шыңғыс хан  1162 жылы Алтай тауының етегінде туған. Шешесінің аты Бөрте.

Бала кезіндегі есімі Теміршын.  Орыс тарихшылары оны тура айтуға тілі келмей «Тимучин» деп атаған.  Содан кейін шетелдің тарихшыларыда Шыңғысханның бала кезіндегі есімін орыстарша «Тимучин» деуді дағдыға айналдырған.

Ал, тереңірек үңіліп қарағанда Шыңғыс ханның өзініңде, балаларының есімі таза қазақы сөзден, түбірден тұрады. Мәселен. Шыңғысханның жас кезіндегі есімін  қазақша сөздік тұрғысынан қарастырайық.

Теміршын түбірі «темір» деген сөз. «Шын» деген жалғаудың  өзіндік тұбірі бар. Екеуін қосқанда «нағыз темір, шыңдалған темір» деген мағына береді.

Шыңғысханның балаларының есімдеріне назар аударайық.  Үлкені Жошы. Таза қазақы сөз, таза қазақы есім.  «Жошы, жосы,  «атқа шапқыш» деген мағынада.  Екінші ұлының есімі Шағатай - таза қазақы есім. Түбірі «шағады», «құртады», «жояды» деген мағынада. Үшінші ұлының есімі де  «Үгеді» ден қазақы түбірден тұрады.  Төртінші кенжесінің есімі - Толы. Бұл есімнің де  таза қазақы ұғымдағы сөзден тұратынына ешкім дау айта алмас.

Сонымен, әкеден ерте жетім қалған Теміршын  1202-1206 жылдардың арасында әкесінен қалған елге ие болып, билік құрады.  Татар, меркіт, жалайыр, найман, керейт және т.б  үлкен рулы елдерді жаулап алып, солтүстүгі  Ертіс, Тобылға дейін, шығысы Балқашқа дейнгі, оңтүстігі Жетісуға дейінгі жерлерге ие болады.  Содан бағынышты ел мен үлкен рулар 1206-жылы қазіргі Шыңғыстаудың етегідегі «Найман кер» деп аталатын жерде  Теміршынды ақ киізге көтеріп хан сайлайды. («Әбілғазының «Түрік шежіресінен»)   Теміршынге сол жолы «Шыңғыс хан» деген жаңа есім береді.  «Шыңғыс хан» деген есімде таза қазақы ұғымнан тұрады. Жаңа есімнің түбірі «Шың» «ғыс жалғауы «қыс» деген мәнде қолданылады. Есімнің жалпы мағынасы «Ең биіктегі қыстай қатал адам» деген мәністе.  Ол кездегі Шыңғыс хан билеген ел мен жер «Моғол хандығы» деп аталған. 1219 жылдан  1225 жылдар арасында Шыңғыс хан Орта Азиядағы Самарқан, Отырар, Бұхара, Хиуа хандықтарын  басып алып, одан кейін Иран мен Қытайдың солтүстік шығысын жаулады.

(Оқырмандарға ескерте кететін бір маңызды нәрсе, бұл мақала міндетті түрде Шыңғысханды қазақ қылу мақсатында жазылып отырған жоқ).

Керісінше,  осы күнге шейін, пәлен ғасыр бойы бет бақтырмай бұрмаланған Орта Азия тарихының мүмкіндігі болғанша шынайы тарихын  ашуға талпыныс.

Әлемдік тарихта болған  пәлен мың жылдық тарихи оқиғалар сол болған күйінде емес, әр мемлекеттің мақсат мүддесіне орай бұрмаланып жазылады және жазылды.  Мәселен Еуропа елдері өз тарихы мен басқа елдердің тарихын еуроцентристік бағытта жазса, Ресей мемлекетінің мүддесіне орай тарихты өз ыңғайларына алып, өзгертіп жаза берген. Атақты орыс тарихшысы В.Ключевский  Елизавета патшайымның  «Россия живет для самой себя, Россия все должна делать своими рукми»  деген сөзін мысалға келтіре отырып,  Россия тарихының орыс халқының рухын көтеретін патриотизм бағытында жазылуына маңыз бергенін айтады. Патшалық Ресейде болсын, Кеңес өкіметі тұсында болсын, оған бағытта  елдердің тарихы коммунистік идеология талабы негізінде жазылған.

Сондықтан, бұл мақаланың мақсаты осыдан 718 жыл бұрын жазылған  әлемдік тарихтың алғашқы негізін қалаған Рашид-ад-диннің «Жамиғат-ат-тауарих» еңбегімен  содан бері Орта Азия халықтарының, оның ішінде жарты әлемді жаулап алған ұлы қолбасшы Шыңғысханның, оның ұрпақтарының шежіресі туралы  Әбілғазы бахадүрдің «Түрік шежіресі» және Ресей тарихшыларының, оның ішінде әсіресе, атақты орыс тарихшысы Николай Карамзиннің «История Государство Росссийского»  атты он екі томдық тарихи монографиясын  талдау арқылы Шыңғысханның ғұмырбаяны мен Алтын орда тарихы неге түрліше бұрмаланғанын талдау арқылы  шынайы шындықтың шегін ашу.

Әбілғазы бахадүр «Түрік шедіресін»  1663 жылы жазды.  Осы шежірені жазуды бастағанда Әбілғазы бахадүрдің «Менің алдымда он жеті байлам кітап жатыр. Бәрі Шыңғысхан мен оның ұрпақтары туралы. Олардың көбісі «Жамиғат-ат-тауарихтан» аударылған» десе тағы, « Рашид-ад-диннен бермен қарай үш жүз жетпіс екі жыл бойы көшірмешілер бір кітаптан бір кітапқа көшірген сайын жазылған тарихтың үштен бірін, немесе жартысын бұзып бүлдірген...» дейді (Әбілғазы. «Түрік шежіресі»).

Оның себебін Әбілғазы бахадүр олардың парсы, түрік тілдерін жақсы білмеуінен деп түсіндіреді.  Әбілғазы аудармашылардың осындай кемшіліктерін (100 жылдан 500 жылға дейін  араға салып, Рашид-ад-диннің «Жамиғат-ат-тауарихын» , Әбілғазының «Түрік шежіресін»  француз, неміс, орыс тіліне аударғандар дәл Әбілғазы бахадүр айтқандай «тілді білмеушіліктен» түпнұсқаға қайшы еркіндікке жол берген.

XVIII ғасырдың аяғында Әбілғазының «Түрік шежіресін» Тобылда тұтқында жүрген швед офицері тауып алып, оны Бұхара ахунына орысшаға аудартады.

Сосын швед офицері оны неміс тіліне аударады. Одан кейін француз тіліне аударылған. Оны Тредяковский  орыс тіліне аударады. Бірақ ол сәтсіз болып, жұртқа тарай қоймайды. 1825 жылы граф Румянцев  «Түрік шежіресінің» алғашқы нұсқасын  араб графикасымен Қазан қаласында шығарады. Содан кейін ғана Әбілғазының «Түрік шежіресі»  әлем зерттеушілерінің назарына түсіп, жоғары бағасын алады.

Оған дейін 1811-1818 жылдар арасында орыстың тарихшысы Н.Карамзин өзінің атақты «История Государства Российского» атты он екі томдық монументальды  еңбегін жазғанда, Әбілғазының еңбегін дерек өзі ретінде  пайдаланғанын өзінің осы тарихында атап көрсеткен.

Оның басты себебі Николай Карамзин жеті жыл бойы жазған он екі томдық тарихының үшінші тарауынан бастап, сегізінші тарауын Шыңғысханның тарихы мен Батудың Русь жеріне, Еуропаға шапқыншылығына, Алтын орданың тарихына арнаған.

Осы жерде ең басты назар аударатын мәселе, соған дейін, яғни XVIII ғасырдың аяғында  неміс француз тіліне аударылған Орта Азия тарихына қатысты дерек көздер мен Н.Карамзинның  Шыңғысхан мен Бату туралы және Алтын орда туралы жазған көлемді зерттеу тарихында «татар монголы» деген этнонимді тіркес,  түсінік болмаған.

Н.Карамзин «татар монголы» деген тіркесті  тіпті білмеген. Оның кітаптарының бір жерінде «татар монголы» деген тіркесті кездестіре алмайсыз.

Неге олай?  Өйткені,  Әбілғазының «Түркі шежіресінде де» «монгол» деген этникалық тіркес болмағанға ұқсайды. Менің зерттеуімше,  «татар монголы» деген этнонимдік термин  Ресей тарихшыларының еңбектерінде тек 1850 жылдан кейінгі тарихи еңбектерде кездеседі.  Оған  белгілі тарихшы Ключевский айтқандай, сол кездегі мемлекеттік ұстаным себеп болған.

Жұрт мойындай қоймаған, назар аудармаған, Ломоносов жазған «Ресей тарихын» есепке алмасақ,  орыстың ең алғашқы көп томдық тарихы Н.Карамзиннің «История Государства Россиийского» атты күрделі еңбегінде «татар монгол» деген этникалық атау жоқ, екенін, болмағанын айттық. Бұл Орта Азия тарихына қатысты бұрынғы, немесе осы күнге дейін тарихта қалыптасқан көзқарасты өзгертуге  мүмкіндік беретін,  Шыңғысхан тарихының шынайы шындығын ашуға мүмкіндік беретін - кілт.

Мәселен, Н.Карамзиннің  жұрт мойындаған он екі томдық тарихынан кейін отыз жылдай уақыт өткенде орыстың белгілі тарихшысы С.Соловьев өзінің 29 томдық «История России с древнейших времен» атты көлемді тарихы 1851 жылы жарыққа шғарды.

Соловьевтің бұл тарихи еңбегі сол кездегі «орыс патротизмі» ұранын көтеріп жүрген орыс аристократтарының, интелегенциясының ойынан шықты. Өйткені, бұл тарихта Н.Карамзиннің «История Государства Россииского» көп томдықтарында кеңірек баяндалған Шыңғыс ханның тарихы, Батудың Русь княздіктерін, Киевті басып алып, халқын  қалай аяусыз қырғаны туралы суреттемелер, Соловьевтің  29 томдық тарихында қысқартылып қалған, былайша айтқанда көлеңкеленіп қалған.

Тіпті Карамзиннің  «История Государства Российского Государства» атты көп томдық еңбегінде қолданылған  «татар моголы» этникалық тіркес  Соловьевтің  «История России с лревнейших времен» көптомдығында  ол  «татар монголы» этникалық атау болып өзгеріп шыға келген.

Осы уақиғадан сәл кейін Петербургтің университетінде қызмет істеген профессор, шығыстанушы ғалым И.Березин  «Шығыс кітапханасы» атты сериялы кітаптар тобын баспадан шығарады. Оған  Рашид-ад-диннің «Жамиғат-ат-тауариғын, Әбілғазының еңбегін, Жалайыр Кәдірғалидің еңбектерін қосқан. Бұл 1855 жыл еді.

«Жамиғат-ат-тауарихты парсы тілінен сол кезде орыс тіліне аударған  осы шығыстанушы И.Березин.  Әбілғазы айтқандай,  парсы, түрік тілдерін ойдағыдай терең меңгермеген кезі, олар көбіне аударма сөздіктерін пайдаланған, сондықтан Березин «Жамиғат-ат-тауарихты» тұтас аудармаған.  Және өзінің алдында ғана «Ресей тарихын» жазған Соловьевтің Орта Азия тарихы мен шыңғыстанудағы ұстанымын көрген  Березинде сол «ізбен» бұрын қолданылып келген «татар моғол» этникалық терминінен бас тартып, өзінің аудармаларында «татар монголы» деген тіркестерді еркін қолдана бастаған.

Жалпы мен осы мақаланың бас кезінде  орыс тарихының жазылуына қатысты Елизавета патшайымның «...Россия  должны делать все своими руками» деген  нұсқау ретіндегі сөзі болғанын орыс тарихшысы В.Ключевский айтқанын жазып едім. Карамзиннің тарихында Шыңғысханның тарихы, Батудың Ресей княздіктерін аяусыз талқандауы, Алтын орданың ұзақ жылдар бойы Руссиядан алым салық алып тұруы кең жазылған болса, Соловьевтің тарихында ондай «көркем суреттер» қысқарып қалған.

Яғни, онда орыс княздерінің батырлығына, олардың орыс жерін біріктірудегі  күш қайраттарына, ерліктеріне көп назар аударылған.

Әрине, Соловьевтің «История России с древнейших времен» атты тарихының патриоттық тұрғыда жазылған еңбек екенінде дау жоқ және оны ол үшін айыптауда жөнсіз. Өйткені ол өз мемлекетінің мүддесін қорғап тұр. Дегенмен, бұл Ресей патшалығының мүддесінде жазылған империялық тарих.

Одан кейінде Ресей тарихын жазған тарихшы ғалымдар болды. Дегенмен, оларға да, әсіресе, Кеңес өкіметі кезінде жазылған тарих оқулықтарында да сол Соловьевтің « История России с древнейших времен» атты еңбегін нұсқа ретінде пайдаланды. Кезінде Солавьев пайдаланған, енгізген «ТАТАР МОНГОЛЫ» аталған этникалық тіркесі осы күнге дейін «өлмей» келе жатқан негізгі себебі сол деп ойлаймын. Оның екінші мәні - XVIII ғасырдың бас кезінде  Ресей патшалығы Швеция, Осман империясын жеңіп,  Солтүстік Кавказды өзіне қаратып, Орта Азияны отарлап, үлкен империя болды. Сондықтан Ресей Шыңғысхан тарихын, Батудың шапқыншылығын, Алтын орданың тарихын көлеңкелеп,жазылған немесе жазылып жатқан тарихында өздерінің ұлттық рухын көтеруге міндетті болды.

Ол үшін Ресей тарихшыларын айыптауға болмайды, өйткені кез келген мемлекет  мүмкіндігі болса, солай істер еді.

Міне, сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді талдай отырып,  орыс тарихшыларының , шығыстанушыларының  бұрын қолданыста болған «ТАТАР МОГОЛЫ» этникалық тіркесін, кейін өз еңбектерінде ТАТАР МОНГОЛЫ» деп өзгертулерінде осындай  себептері болды деп түйіндеуге  әбден болады.

Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты әйгілі шығармасы  1992 жылы алғаш рет қазақ тіліне аударылған. Аудармашы Б.Әбілқасымовтың  Әбілғазы бахадүрдің атаулы шығармасын  аударуда түрлі  (бұрынғы басқа тілдерге аударғандағы әртүрлі қисындары болғанына қарамастан) қиындықтарды жеңіп, оқуға жеңіл «Түрік шежіресін» оқырмандарға жеткізді.  Мұны кітаптың атауына қарап, кей адам «Осман түріктеріне қатысты шежіре шығар» деп ойлап қалуы мүмкін. Әбілғазы бахадүрдің бұл шежіресі  - орта ғасырда Орта Азияда мекендеген түркі Елдері мен Шыңғысханның, оның ұрпақтарының шежіресі.

Яғни, алдыңғы сөзімізде  Әбілғазы бахадүр өзіне дейін Рашид-ад-диннен бері келе жатқан Түркі шежіресін талдау арқылы  Шыңғысханның  ОҒЫЗ ХАННЫҢ  немересі ЕЛХАННАН тарайтын  ТҮРКІ ТЕКТІ болғанын, руы Қиян (Қият» деп те айтады) екенін дәлелдеп шыққан. Бұл біріншіден.

Екіншіден, Есугейдің үлкен ұлы Теміршынның, оның балаларының есімдерінің түбірі де, жалғауы да қазақы түсінікке көп жақын екенін дәлелдедік деп ойлаймын.

Үшіншіден, Есугейдің үлкені ТЕМІРШЫННЫҢ  осы күнгі Семей жеріндегі (бұрын айтылып жүргендей, Моңғол жерінде емес)  Шыңғыстаудың етегіндегі «НАЙМАН КЕР» деген жерде  татар, меркіт, жалайыр найман және т.б. рулардың өкілдері жиналып, Теміршынды ақ кигізге көтеріп, өздерінің Ханы етіп сайлап, оған ШЫҢҒЫСХАН деген ат берген (Әбілғазының  «Түрік шежіресінен»).

Төртіншіден, XIX ғасырдың бас кезінде орыс тарихшыларының арасында «татар монголы» деген этникалық термин, не түсінік, не ұғым болмағанын дәлелдедік деп ойлаймын. Егер сол кезде Ресей тарихшылары арасында «татар монголы» деген этникалық термин таныс болса, ең білікті орыс тарихшысы Николай Карамзин  «История Государства Российского» атты көп томдық тарихында  « татар монголы» деп жазып, атап көрсетуге қысылмаған болар еді. Ол қолындағы парсы, түрік, түркі тілдерінде жазылған деректі жазбаларға сүйеніп, Бату шапқыншылығын «ТАТАР МОҒОЛ» шапқыншылығы деп атады. Шыңғысхан тарихын жазғанда да осы этникалық терминді  жиі пайдаланды.

Бесіншіден, X-XIII-ғасырларды Орта Азияда түркі тілінде  араб графикасы пайданғаны мәлім. Сондықтан, кейде туындайтын «Шыңғысхан мен оның ұрпақтары «қай тілде сөйлеген» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Сол дәуірде Хиуа, Хорезм, Самарқан, Үргеніш, Отырар тәрізді қалаларда арап графикасын қолданған жазба болған екен. Мешіттердегі молда, ишан, ахундар хандардың тілегіне орай хат, жолдамаларды парсы, түркі тілдерінде жазып отырыпты.

Шыңғысхан  1227 жылы қайтар алдында өсиетін жазып қалдырған екен. Ол өсиет түркіше жазылған. Оған басты дәлел Рашид-ад-дин мен Әбілғазы Шыңғысханды түркі тектес екенін дәлелдегенінде. Екіншіден, Шыңғысханның екінші ұлы оның өсиеті бойынша Мавреннахр өлкесіне хан боп тағайындалады. Бір қызығы, Шағатайдың тірі кезінде де, одан кейін де Мавреннахрдр өлкесінде «шағатай тілі» кең қолданылғанын байқауға болады. XVI ғасырдың  26 жылына дейін өмір сүрген Ұлы Моғол империясынң негізін қалаушы Бабыр өзінің «Бабырнама» атты тарихи жылнамасын  «Шағатай тілінде жаздым» деп айтып кеткен. Шағатай тілі түркі тектес тіл, оны бүгінгі күні өзбек зерттеушілері  «біздің тілімізге жақын» деп жүр.

Олай болса, Шыңғысхан мен оның басқа ұрпақтары «моңғолша сөйлеген» деп айтуға қалай тіліміз барады!?

Сонымен, біз осы сөзімізде осы күнге дейін тарихи оқулықтар мен зерттеулерде  идеологиялық негізде болған біраз бұрмалаушылықтардың бетін ашып, нағыз шындықтың қайда екеніне жол сілтейтін, ой түсіретін  деректерді талдап өттік. Тәуелсіз Ел, Мемлекет үшін тәуелсіз тарих қажет. Мақсат, орта ғасырдағы тарихтың қалтарыстарын талдау арқылы шынайы шындыққа көз жеткізу.

Жұмат Әнесұлы, жазушы, тарихшы

Abai.kz

 

 

 

85 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371