Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5495 9 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 17:35

Мықтылардың басын қосу – ұлт жанашырларының парызы

 

Посткеңестік кеңістіктегі төңкеріс пен жаппай тәртіпсіздік кезіндегі ең «қорқынышты» көріністі үнемі біздің есімізге салып отырады. Бұл кеңістікте көп нәрсе болды, олардың ауқымы да әртүрлі, бірақ қазақтар үшін дәл осы насихаттың өтімді болатыны неліктен?

Тарихын өзі жазғысы келген, тағдырына бетбұрыс жасағысы келген халықты көргенде неге біздің төбе шашымыз тік тұрады деп ойлайды? Олардың әрекеті соншалықты қорқынышты ма? Шындыққа тура қарасақ, жұрттың майданында тұрған түк те жоқ екенін көреміз. Осындай оқиғалар болған сайын біздің санамызда 1986 жылғы Желтоқсанның жарасы жаңғырады.

Желтоқсан бір жағы  Ар-намыс мәселесі (құқығын талап етіп шыққан барак тұрғындарының намысы) болса, екінші жағынан Трагедия да. Ұлтымыздың бұл жан жарасы әлі жазылған жоқ. Оның ең бірінші себебі өткенмен бірге тарих қойнауына кетпегенінде; ол қазір де бізбен бірге, біздің күнделікті саяси өмірімізде, қуанышы аз, түнерген қыс та оны еріксіз есімізге салып тұрады.

Арада қанша жыл өткенімен, әлі де Желтоқсан ызғары қайтқан жоқ. Желтоқсанның түнерген бір сәтінде жым-жырт күздің дауысы, алда келе жатқан көктемнің шуағы, Жаңа жылға деген бір үміт, қыстың атып болмайтын таңы мен батып болмайтын күні, бәрі-бәрі араласып кетті. Қазақстанның күнделікті тынысын көрсеткендей. Ал егер шындап назар аударсақ, шын мәнінде көп ештеңенің (немесе ешкімнің) өзгермегенін көрер едік. Тіпті саяси «қуғын» жөніндегі оппозицияның уайымына да жауап бар: жылу да ызғарға сай болмақ.

Желтоқсанның ызғарынан арылу үшін шындықтың бетіне тура қарау керек. Әбігерге салып,  әрі-сәрі еткен жағдайлармен және тарихи тоқыраумен осындай жолмен ғана күрескен жемісін беретін көрінеді. Ал алдымен осындай ызғарды аттап өтіп, шуақты күнге жеткендерге назар аударған дұрыс.

Бізге ең жақын мысал – Арменияның жағдайы

Уақыт кеңістігі бойынша ғана емес, тарихи жағдай тұрғысынан да ең жақыны осы. Бұл елдегі жағдай коррупцияға қарсы төңкерістің жеке бір мысалы ғана емес, әртүрлі елде болуы мүмкін жалпы саяси сценарий.

Армениядағы ең негізгі позиция – Ұлттық мүдде деген сценарий жүзеге асты, саяси күрес екінші орынға ысырылды. Әдетте төңкеріс болған жағдайда қуғын-сүргін, қызмет атқаруына шектеу қою және есеп айырысу іске қосылатын тұста Арменияда мүлдем басқа вариант алға шықты және ол қазіргі кезге дейінгі ең дұрыс нұсқа дер едік.

Биліктен кетіп жатқандар биліктің қанша маңызды болғанымен, қарғыс арқалауға тұрмайтынын айтты. Атыңа кір келтірмеу әлдеқайда абыройлы, ал өмір осыменен тоқтап қалмайды. Көп жыл ел басқарған Саргсян өз еркімен отставкаға кетті. Премьерлік қызметке барған Саргсян ел алдында қатесін де мойындады. Ал іштей күткен қызметіне қол жеткізу үшін өлердегі сөзін айтып, қулыққа басқаны белгілі. (Толыққанды билік жүргізген президенттен дәл сондай билігі бар премьерге айналғысы келген).

Бір ғана өтіріктің бүкіл прагматикалық табыс пен саяси мақсатты жуып-жайып жіберуі кездейсоқтық емес.

Билікті қолға алып жатқандар саяси тартыс пен «өз» адамдарыңды билікке тартудың маңызды екенін, бірақ соған бола ұсақталуға тұрмайтынын айтты. Ондай ұсақ-түйек алаяқтар мен көртышқандардың жолы, ал көшбасшылардың әрекеті ауқымды, пейілі кең болуы тиіс. Өзгелерді кешіре білуі, қажет болған жағдайда өзін де құрбандыққа шала білуі маңызды. Айлакер ретінде танылғаннан аңғал болып көрінген абзал. Сондықтан да жаңа премьер Пашинян командасына бұрынғы билік өкілдерін де алды.

Ұлттық мүддемен қатар қойған уақытта саясаттың екінші кезектегі мәселе екеніне баса назар аудартты. Халықтың ықыласы саяси құйтырқылық пен биліктегі талас-тартыстың барлығын жуып-шайып жіберді, ұсақ кландардың амбициясын қанағаттандырудың қажеті де болмай қалды. Осының барлығы айналып келгенде Ортақ мақсат үшін, алаңдарда жүздеген мың адамның жүрегі бір кісідей соққанын сезіну үшін еді. Әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер мен үгітшілердің, биліктің айналасындағы жағымпаздардың қорқатыны да осы болатын. Өйткені олар билік дегенді өзім деп білетін.

Билікке Келушілер биліктен Кеткендермен бірлесіп әрекет етуге ерікті түрде барғаны аса маңызды екенін тағы да қайталап айтайық. Дәл осы шешім мен әдетте қалай болатыны жөнінде егжей-тегжейлі баяндап көрелік. Билікке келушілер биліктен кеткен қарсыласқа жығылған үстіне жұдырық жұмсаған жоқ, оның орнына ортақ жауапкершілік жүктеді. Ең озық, идеал үлгі. Биліктен кетіп жатқан функционерлердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған заң шығару органы одақтас дегеннен гөрі кедергі келтіруші дегенге көбірек келетін еді. Соған қарамастан, Парламентті таратудан да бас тартты.

Армян нұсқасы халықтың сыртынан шешім қабылдау да, саяси элитаның билікті бөлісу үшін келісімге келуі де емес, мүлдем басқа жол. Киевтегі қызғылт-сары төңкеріс кезінде, мәселен, элита билікті бөлісуге келіскен болатын (парламент қайта сайлау өткізуді белгілейді, есесіне оппозиция парламенттік республиканы қолдайды, осылайша қарсыластармен келісімге келеді).

Жоқ, Пашинян бастапқыда алдына нақты әрі ауқымды міндеттер қойды, келіссөзге барған жоқ, мәмілеге келмеді, жүйені құлатты, тек содан кейін ғана өзі ұлттық келісім жөніндегі пактіні ұсынды. Экономика, сыртқы саясат, күштік құрылымдар саласындағы маңызды қызметке күні кеше билікте болған партияның өкілдерін ұсына бастады.

Неліктен? Қазақстанға үйлеспейтін ең негізгі және басты түйткіл осы тұста. Армян элитасы шын мәнінде патриот. Пашинян күштік құрылымдардың басына Валерий Осипянды алып келді, ал ол революция күндері шерушілерге кедергі келтірген арнайы жасақтың басшысы болатын. Назар аударыңыз, ол қайсыбір әскери бөлімдер секілді шерушілердің жағына өткен жоқ. Бірақ, басқа бір маңызды жағдай бар: бірнеше жыл бұрын Осипян радикал топтардың бірі кепілге алған адамдарды азат еткен. Ол кезде құрбандар да болды. Саяси күрестің соншама ушыққанына қайран қалған милиция басшысы: «Арменияда саяси мақсат үшін армянды өлтіру деген не сұмдық?» – деген болатын.

 Бұл шын мәнінде трагедия еді

Ал Қазақстанның жағдайы мүлдем бөлек, Жаңаөзеннен кейін мәселенің дәл осылай қабырғасынан қойылмағаны анық. Билік пен халық бір тілде сөйлемейді. Бір-бірін естімегеннен емес, екеуі екі бөлек ұлт болғандықтан. 1986 жылғы оқиғаның маңызы әлі де зор. Аяусыз басып-жаншу, халыққа қарсы қырғын әрекет еткісі келетін ұлттық қозғалысты жаныштап, қазақтардың өзін қорғау ниетін біржола өшіруді көздеді. Дегенмен, содан бастап қазақтар өзінің ұлттық ұстанымын ақтала отырып баяндайтын болды, бұл екінші бір жасырын мақсаттың орындалғанын көрсетеді. Әлі күнге дейін солай жалғасып келеді. Кез келген ұлттық бағдарлама ақталу, кешірім сұрау тұрғысынан жасалады, әрі міндетті түрде көпұлтты екеніміз, басқа ұлыстардың мүддесі ұмыт қалмайтыны ескертіледі.

Кенесары хан немесе Жанна д`Арк мақсат-мұраттарын осылайша қорқақтап жариялауын елестетіп көріңізші!

Армяндар үшін Қарабах қандай маңызды болса, қазақтар үшін Желтоқсан сондай маңызды бола алар еді. Дәлірек айтсақ, басым мақсаттарды дұрыс белгілеуге көмектесер еді. Сонда біз де саяси реформаның маңызды болғанымен де бірінші кезектегі мәселе емес екенін түсінер едік. Саяси реформа мәдени революция немесе экономикалық өсім секілді маңызды. Бірақ, одан да маңыздысы – қазақтар өз жерінде өзі билік жүргізетін Дербес ел қалыптастыру. Ал демократтар мен коммунистердің қақтығысына келсек… әрине, бүгінгі таңда коммунизмді қолдау әбестік, дегенмен ол бірінші кезектегі маңызды мәселе емес. Ең маңыздысы – елді ұлттық мүддені жүзеге асыратындардың басқаруы.

Ең болмағанда, соны түсінетін адамдардың салтанат құруы.

Желтоқсан біз үшін құндылыққа айнала алмады. Ал Арменияда өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Бірінші кезекте Ұлттық мәселе» деген ұстаным мықтап орныққаны соншалық, Компартия ОК бірінші хатшысынан бастап, қарапайым малшыға дейін Ұлттық азаттық дегенді ең маңызды және ең негізгі құндылық деп білді.

«Арменияда армян өлмеуі керек» деген түсінік те сол кезден бастап орнықты, Никол Пашинян мен Валерий Осипянды татуластырған да осы түсінік. Олар бір-бірінен жеңілген жоқ, ешқандай тактикалық келісімге де келмеді. Олар үшін шын мәнінде маңызды Бір ғана мәселе бар, қалғанының Барлығы соның құрбаны. Осындай жағдайда ғана екінші кезектегі саяси талас-тартыс кезінде Мықтылардың коалициясы секілді ең негізгі одақты құруға болады. Табысқа қалай салық салу соншалық маңызды емес. Бірақ, алдымен ең негізгі нәрсе болуы керек.

КСРО тарайтын тұста Қазақстанда басқа ұстаным маңызды болды, біздің халық өте шашыраңқы еді. Әрқайсысы әр тарапқа бытырап кеткен болатын (бөлінетін сала әрдайым табылады ғой). Біздің жасық азаматтық қоғамда Желтоқсанның идеологиясы мен сабағы емес, Невада-Семейдікі алға шығып кетті: петициялар жазылып, ұжымдық хаттар жөнелтілді. Біздің ұлтшыл демократтар президентке өтініш айтады. Талап ету еркімізді жойып жібергендіктен, өтініп сұрау қисынды да. Кейде бізге саяси мәдениет, мән-жайды білу жетпей жатады дейді, солай да шығар. Бірақ, бізге ең бастысы абырой жетпейді. Қатаң талап ету, мәмілеге жығыла кетпеу жетпейді.

Бізге жалын жетпейді. Ал ондай жалын бойымызда бар еді...

Әрине, саяси ерекшеліктер, халықаралық міндеттемелер бар. Тәртіпке бағыну. Басқалардың мүддесіне сыйластықпен қарау. Әлемге ашық болу. Басқа ұлт-ұлыстармен бірге үлкен мемлекетте тату-тәтті өмір сүру. Қоғамдағы барлығына сыйластықпен қарайтын қарапайым адамның мысалы мемлекетке де тән. Алайда, мұның бәрін жалаулату міндетті емес. Бұлар үшін өмір сүрудің қажеті жоқ, жәй ғана олармен бірге өмір сүру керек. Сонда саяси элита шақырылмаған қонақтың кейпіне түсіп, «кешіріңіздер, бұл қазақтардың мемлекеті…» деп алып, артынша оның көпұлтты екенін айтып ыңғайсыз жағдайға қалмайды.

Осылай болғаны дұрыс деп ойлайсыздар ма? Біз кімнің алдында және не үшін ақталуымыз керек? Әлемдегі бүкіл елде көпұлтты қауым тіршілік етіп жатыр, бірақ бұл бір Халық туралы айтуға кедергі емес! Басқа халықтарды тану мен бағалау деген олардың жақсысын алу деген сөз. America first! Бар болғаны сол ғана. Айтпақшы, мұны айтқан Трамп емес. Бұл сөзді 1916 жылғы сайлау кампаниясы кезінде Вудро Вильсон айтқан. Ол кездегі Америка қандай еді, қазір қандай болды?

Ел Болашағына қатысты ең негізгі түйін осы арада. Цойдың сөзімен айтсақ, «мықты болуға тиіссің, әйтпесе бар болғаныңнан не пайда». Ауылдан шыққан қарапайым халық истеблишментті түсіне ала ма деген сауалдың жауабы да осында. Ең бастысы, оларға айтатындай дүние болуы керек.

Әділ Тойғанбаев, Қазақ Ұлттық Конгресснің жетекшісі

Abai.kz

 

 

 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373