Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 5665 76 пікір 4 Қазан, 2018 сағат 09:37

Зікірия мырза, Сіздің жан айқайыңыз, не айқай?

Əссəлəмəғалейкум, Зікірия мырза! Сіздің ҚМДБ-ға деген көзқарасыңыз, имамдарға деген сеніміңіз, өкпе-ренішіңіз жазған дүниелеріңізден "мен мұндалап" сонадайдан көрініп тұрады, ылғи. Сондықтан оны қозғамаймын. Тек осы елдің азаматы ретінде бір-екі пікір айтуға құқылымын деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, сіз, "бозторғайдай шырылдап", қазақ баласының ата-баба дінінен алыстап бара жатқанына күйінесіз! Күйзелесіз! Оларды тура жолға салғыңыз келеді? Сол жолда күресіп те жүрсіз?  Алла Тағала жолыңызды оңғарсын.

Əйтсе де айтқым келгені, сіз, үнемі Елге,  билікке  ашық хат жазасыз? Мүфтияттың берген жауабына не қанағаттанбайсыз, не соқтыға бергенді ұнатасыз. Əрине,  ҚМДБ көп нəрсеге шамасы жетпей жатуы бек мүмкін.  Бəлкім жоғарыға жалтақтап, "қасы - қабаққа" қарағыштап, осы күнімізге тəубə деп жүрмесіне кім кепіл!  Жазғандарыңызға бажайлап қарасам сіздің  ұстанымыңыз ата-бабамыздың сара жолы да, қалған жұрт, (соның  ішінде Муфтият та бар) адасқан секілді?  Осыған дейінгі сіздің жазғандарыңыздың көпшілігін оқыған қазақ ретінде тағы қайталаймын,  бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Мен өзім жұма намазға барып,  Муфтияттың уағызын тыңдайтын болғандықтан, мешіттегі ұзын балақты жамағаттың бірінен боламын. Селдір сақалды ұнатпайтындықтан, қоюлана түссін деп қырып жүремін. Мұсылман жамағатын "Ахи" дегеннен гөрі бауырым деп өз тілімде жақын тартамын. Біреу ата дініме тіл тигізсе, жыным келеді. Бұра тартып, бұрмалауға жаным қас... Өзімді ата - баба жолындамын деп санаймын.  Әруақтарды құрметтеймін, бірақ сыйынбаймын өкінішке орай! СЕБЕБІ АБАЙ АТАМ: "ЖАРАТУШЫ ТҰРҒАНДА, ЖАРАТЫЛҒАННАН НЕ СҰРАЙСЫҢ" деді ғой. Оны сіздің білмеуіңіз де мүмкін емес?!  Алайда, "әруаққа сыйынбадыңдар, одан медет-көмек сұрамадыңдар!" - деп ашуға мініп келесіз. Уағыз айтып жүрген азаматтарды ақыр аяғында адасқандардың санатына қосып қойдыңыз... Муфтият уахабисттермен күресіп жатса,  сіз бір бүйірден "екінші майдан" ашып алғандай əсерге бөлейсіз....

Сəл сабыр етсеңіз, өз жағдайымнан хабар бермекпін. Аллаға шүбəсіз сенген бабаларымдай менде Құранға басымды иіп, Пайғамбарға тағзым етемін. Тақуа болмасам да, шама шарқым жеткенше парыздарды орындаймын.

Əр бейсенбі шелпек пісіріп тараттырамын көрші - көлемге. ....құдайы - садақа есепті.  Келіннің бетін ашуға, сəлем жасатуға, қабірге барып құран оқуға, мүмкіндік болып жатса Қожа Ахмет Яссауи бабама хижрет жасауға, жақсы адамның батасын алуға асығамын.  Жыр - қиссаларды тыңдауға, балаларыма оқытуға тырысамын. Айтыс - термені тыңдасам делебем қозады. Жылқының етін сүйсініп жеймін. Қымыз ішемін. Көкпарға түсемін. Таң атқанша домбыра тартамын. Өлең жазамын.

Аллаға мекен бермеймін. Ешкімді кəпір демеймін.

Өйткені мен тыңдаған уағыздар (ҚМДБ бекіткен мешіттерде) мұның біреуіне де ширк деп шектеу қойған емес. Онда сіздің жан айқайыңыз, не айқай? Өз басым тірі арапты бір-екі рет көргенім болмаса, тіпті танымайды екенмін. Онда мен неге арап болуға асығады екенмін? Демек, бала-шағамда қазақ болып қалады деген сөз. Айтпақшы, сопылықты құрметтеймін. Бірақ бүгінгі сопылардың іс-əрекеттерінің көбі маған ұнамайды.... Ол ұзақ əңгіме. ..

Ата-баба дəстүрін ұстанамын, Ханафи мазхабындамын,  əйтсе де қалған үш масхапқа да құрметім ерекше. ҚМДБ жол көрсетуші - тірегім.  Себебі онда қазақылықты бойларына сіңірген, бабалар аманатына қиянат жасамайтын оқыған азаматтар көп деп ойлаймын... Сондықтан өзімді тура жолда жүрмін деп санаймын. Алайда, Сіздің мақалаңызды оқып отырып өзімді уахабист сезіндім...

Неге?

Нағашыбай Қабылбек

Abai.kz

 

76 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371