Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9152 8 пікір 4 Қазан, 2018 сағат 10:22

Түркілер арабтарға ешқашанда «құл» болған емес

Бірден келісіп алайық, мен «әсіредіншіл» тұрмақ, қазіргі күндердегі айтылып жүрген «дәстүрлі» (осы термин де ұғымды емес, меніңше «тарихи қалыптасқан» немесе «Халықтық Ислам» деген дұрыс сияқты) діншіл де емеспін! Бұл жазбама түрткі болған мәселе, кейде өмірде, әлеуметтік желілерде кейбіреулердің Исламға «тас лақтырып, қаралап» қарауы және ең сұмырайлығы, сондайлардың өлеуреп-өзеуреп ата-бабадан қалған санамызға сіңген мұраға, солардың наным-сеніміне деген оңбағандық көзқарасы! Ең сорақысы – сондайлардың өз қазағымыздан шығатыны! Сонда бұндайлардың ата-анасы, ата-әжесі кім болған және «солардың басына барып тағзым етуге ұрпақтарының жарамағаны ма?» деген қынжылыс-өкініш-сұрақтар өз-өзінен туындайды екен. Өмірде бұдан асқан сорлылық, сатқындық бола қоймас...

Атам қазақ «Елу жылда ел жаңа...» дейді, олай болса сол, көз алдымызда өткен осынша мөлшердегі дәуірден мысалдар келтіре отырып және жалпы «Шығыс» (араб, түрік) туралы тәптіштеп жазған бірер ориенталистердің кей еңбектерімен таныс екенімізді басшылыққа ала отырып, өз ойымызды білдіріп көрсек. Осы айтқан зерттеушілердің (нанымды жазатындары) «шығысқа, азиаттарға т.б.» (Еуропалық тұрғыдан) «мұрын шүйірулік»-еуроцентризм тұрғысынан қарайтыны және олардың саяхат барысындағы жазбалары мұсылман әлемінің (Осман империясының) тарихтағы екінші рет құлдырау тұсына келгені де белгілі! Сондықтан, олардың жазғандарының көптеген тұстары сынау-келемеж тұрғысында екені де және көптеген жерлерінің шындыққа өте жақын екені де байқалып тұрады. Әрине, бар айтқандарына түгелдей сенуге де болмайды, өз ойыңмен қорытынды жасай да білу қажет! Мысалы, менің бұрынырақта бір жазғаным бар: «...Янушкевич Сөк Төрені өз әйелін сатуды сұрады деп айыптайды! Өздеріңіз ойлаңыздаршы, сонда сексеннен асып кеткен қарт кісі, оның емшекте баласы бар әйелін қайтпекші?! Міне, бұл сөз шындыққа жанасады ма?.. Немесе Шорман Би қолын салып қазаннан етті алып шықты деген ше?..». Ойлану керек шығар... сондықтан, кейде шынымен ойлану керек!

...Исламды қаралаушы кей «қазақ өкілдері» (деуге болса) түрлі былапыт сөздерге барады. Ал, бұндай қаралау дінімізге мүлде таңсық емес! Оны өтірікке шығаруға ұмтылғандар қатарында біздің сандалбайлардан әлдеқайда ғұлама - әлемдік дін өкілдерімен қоса, пұтшыл-шаманистер де, атеист, агностиктер де болған. Оларға қарсы мұсылман оқымыстылары (көбіне сабырмен) апологетикалық тұрғыда жауап беріп келеді. Сондай «сыншыларға» қарамастан, мұсылмандар қатары күн санап өсуде (ұмытпасам 10 шақты жыл бұрын Рим Папасы мұсылмандардың саны христиандармен теңескенін (кей деректерде олай емес) айтқан еді), сондықтан, олардың, дініміз туралы жақсы жақтарын мойындайтын да көптеген аспектлері бар: Мұсылман әлеміндегі ұстанушылар өміріне Исламның өмірдің барлық саласында атқаратын ролін басшылыққа алуы; Ислам ең соңғы әлемдік дін, сондықтан потенциалын өміршеңдікпен жоғалтпай келетіні; Түгел дерлік мұсылман елдері отарға түскенімен де, қаншама қорлық көргенімен де, ұстанушылардың дінге адалдығы, тәуелсіздік жолындағы азаттық күресті бастауы; Исламның жалпы ғылымға, философияға, адамзат дамуына еткен үлкен әсері; Ислам қағидаларының қарапайымдылықпен санаға түсініктілігі; Исламның басқа халықтардың сенім-санасын сақтауына көмегі, соған өзінің де бейімделуі; Нәсілшілдіктің (расизм, шовинизм) жоқтығы; Мұхаммедтің ең соңғы пайғамбар екеніне деген шексіз сенім; Пайғамбардан бастап көптеген ел басқарушылардың, ғалымдардың дүниеқоңыздықтан адалдығы... т.с.с.

Міне, осының арқасында қазіргі күнде 2 млрд-қа жуық адам өзін мұсылман (90% қазақ елі де жататын сүнниттер, қалғаны шейіттер мен ибадиттер) санайды! Қаншалықты  қарсылықты информациялық «соғыс», мұсылмандарды жаппай қудалау, геноцид, нәсілшілдік төмендету орын алғанымен де олардың қатары күннен-күнге өсіп келеді. Солардың қатарында әлемге танымал жаңашыл-техникалық еуропалық прогресті ғалымдардың да болуы кез-келгенді бірден ойлантуға тиіс! Мысалы, мен өз басым Мұхаммед Алиді, тек спортшы ғана емес, мықты философтар қатарына жатқызамын!

Осыған қарамастан біздің кей қазақ баласының ата-бабамыздың, апа-әжелеріміздің сеніміне қарсы шығатыны таң қалдырады және қарсы шығып қана қоймай ауыздарынан «ақ ит кіріп, қара ит шыққандай» «түкіріктерін шашатынын» қайтерсің! Ақымақтық!

Ислам ғалымдары соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.у.) келгенге дейінгі заманды, адамдардың ең бір бұзылған, зина-шарапқорлық, көпдіншіл-пұтшылдық, азғындықтарға ұшыраған, тіптен қыз туса «шайтан ісі» деп өздері тірідей жерге көмген, әйелге мұра бермеген т.с.с., «Қараңғылық-Жахилет» заманы деседі. Көптеген адамзатқа жат қылық-жамандықтарды (Өлген мал, кейбір аң-құс түрлерін жеу; Алкогольді ішімдік, есірткі пайдалану; Тым жақын адамдардың қаны араласуы-инсецст (қазақта бұл ұғым мұсылмандықтан да тереңірек, жеті ата түсінігі); Өсімқорлық; Өзін-өзі өлтіру; Табиғатқа жат жыныстық қатынас... т.с.с.) Ислам тоқтатқаны да анық!

Пайғамбардан кейін Халифаттар заманында (Исламның Алтын Дәуірі, VIII-XII ғ.ғ.) барлық әлемге бастау-бағыт берген мұсылман өркениеті: араб мәдениеті (әдебиет, музыка философия); Заңдылықтардың орнауы; Ғылымдағы прогресс (медицина, астрономия, география, тарих, математика т.б.); Ел-құрлықаралық коммуникация; Экономика т.с.с... барынша дәуірледі. Көптеген халифтардың адал ісі болашаққа тәлім берген, шамшырақ-үлгіге айналды, олардың көптеген айтқандары әлі күнге актуальдылығын жойған жоқ. Алайда, X ғ. бастап, мұсылман елдерінің дамуында бірінші кері кету дәуірі басталды (кресшілер, көшпенділер, түрік шабуылдары әсерінен деп те айтылады).

Біркелкі мұсылман дінінде түрлі ағымдар пайда болғанын да айта кетуіміз керек, ең үлкен сүнниттік бағыттың өзінде де төрт түрлі (ханафит, мәликит, шафит, ханбалит) бағыттық-заң мектептері (мәзхаб) қалыптасты. Біздің қазақ жататын ханафи-сүнниттер басқа мәзхабтарды, біраз қарама-қайшылықтары болғанымен де, жоққа шығармаймыз және ваххаби-ханбалиттік ұғымдарды, жаңалыққа, өмір ағысына ілеспегендігі, өткен ескі заманғы көзқарастары үшін дұрыс санамаймыз (олардың да отаршылыққа қарсылық әсерінен туғандығы туралы да басқаша айтуға болады, бірақ ол жалпы қазаққа қажет дүние емес)! Бұл, олардың діннің де, жалпы тірі организм сияқты өзгерістерге-дамуға-өркендеуге ұмтылатынын, дамитынын мойындағылары келмегендігінен туындап отыр. Ал, ханафиттер пайғамбардың «өмір орнында тұрмайды, ғылым-білім дамиды, сондықтан үмметім артта қалмауы керек...» дегенін ұстанады, яғни, прогреске ұмтыламыз!.

...Мұсылман діні, әрине, бірінші кезекте араб ұлтына байланысты. Бірақ, араб дегеннің өзіне де қазіргі кейбіреулер бірыңғай-кертартпалықпен қарайтын сияқты! Олай емес екенін түсіну үшін, қазіргі уақытта отызға жуық араб мемлекеттері (көпшілігі көп ұлтты копт, армян, еврей, курд т.б. бірге тұрады) бар екенін және олардың ішінде де ассимиляцияның әсерінен көптеген халықтардың да арабқа айналғанын (египеттіктер, бербер, туарег, «қара» нәсілді халықтар т.б.), оған қоса сенімдеріне байланысты (түрлі христиандар, маронит, друз, алавит, хусит т.б.) сан түрлі екенін де білуіміз қажет. Араб елдерінде тұрғылықты наным тұрмақ, тіл де бірыңғай емес, Африка мен Азиядағы мемлекеттердегі елдері жергілікті диалектілерге байланысты, бірін-бірі түсінбейді де! Міне, солардың бәрінің басын қосып отырған тіл, өте бай, сонау орта ғасырлардан бері бір әрпі өзгермей жеткен, қазіргі күнде жалпы адамзат игілігіне айналған, әдеби - «Құран» тілі! Араб елдерінің тәуелсіздік алған соңғы саяси өмірлері де сыртқы күштердің әсерінен сан түрлі болып қалыптасты, мысалы, екі Иемендік студенттердің бір-біріне деген жаулық-алакөздіктерінің де куәсі болғанбыз...

Жалпы араб ұлты туралы қысқаша шолу жасап өткен соң, қазіргі сынаушы қазақтарымыздың кейбір түсінік-айыптарына тоқтала кетелік. Біздің қазақ бір-бірін «Арабқұл» деп жатады, әрине, «құл» дегенде ерте заманғы түсінік емес, бағыныштылық, соның басым ықпалы айтылатын болар! Алайда, ақымақтарым-ау,  біздің түркі, арабқа ешқашанда «құл» болып көрмегенін ұмытпаңдар, олай десеңдер даңқты Бейбарыс сияқты бабалардың рухын қорлағандарың! Оған мысалдар да жеткілікті: Менен бірде жорналшы «Қазақ қай кезден бастап Исламға бет бұрды, сол Алтын Орда дәуірін ғана айтамыз ба?» деп сұрап қалғаны бар, қатты ойланып барып, былай айттым: «Қазақтың түркі екені, түркінің отаны, бел баласы екені даусыз! Олай болса, Алтын Ордадан да арғы, Шыңғысхан заманында көптеген тайпалардың мұсылман екені белгілі және одан да арғы, атақты «Талас» шайқасында арабтардың, бар Ұлы Даланы жаулауға келген қытайға қарсы түркілерден көмек сұрағаны, соның арқасында Ұлы жеңіске жеткені де белгілі! Сондықтан, түркілердің кей тайпа-рулары да, әрине, оның ішінде қазақтар да сол кезден бастап (VІІІ ғ. ортасы) дінге мойын бұра бастады деуімізге болатын шығар...»; Мамлюк мемлекетіндегі сұлтандардың, армияның түркілер екені анық; «Қасиетті жерде» болған М. Твен, өзіне тән әжуалықпен былай жазады: «Бізге түрлі христиандар Христостың креске керілген жері деп 16-17 орынды көрсетті! Бір-бірін жек көретіндері соншалықты, құдай оңдағанда оларды, түрік солдаттары ажыратпаса, күзетпесе бір-бірін қырып тастайтыны сөзсіз...»; Нерваль жазады: «...Қажылықтан қайтқан пайғамбар туын бір сүйіп қалуға, ұмтылатындар көп, әсіресе, қара нәсілділер, ешкімге қарамай жүгіреді! Құдай оңдағанда түрік жандармдары оларды қамшымен сабап әрең тәртіп орнатады...»; Түркілер арабтармен араласа бастағалы, мың екі жүз жылдан асса да, арабтың көптеген сөзін, мәдениетін, дінін қабылдағанымен, кейбір басқа елдер сияқты «жоғарыда айттық) арабқа айналып кеткен жоқ (оған қарағанда кей қандастарымыздың тілін білмей, дінін сатып, айналдырған 40-50 жылда орыс, немесе басқа боп шыға келгеніне ішің удай ашып, күйінесің)..; Түсінгендерге осы айтқандарымыз-ақ жетер...

Әлем мойындаған Әл-Фараби, Ибн Сина т.б. көптеген атақты түркілер біздің мақтанышымыз, алайда, олардың негізгі еңбектері араб тілінде жазылғанын да ұмытпауымыз керек.

Біздің түркі-қазақ, Исламды қабылдағанда мыңдаған жылдар бойғы қалыптасқан салт-сана, әдеп-ғұрыптардың көбін сақтап қалды, оны шариғатпен қатар жүретін «адат» құқықтарынан байқаймыз. Бұрынғы кезде бабаларымыздың сенімі, қазіргілер «тәңіршілдік» (бұл терминді де дұрыс санамаймын, негізі Шоқанға сүйенсек ол сенімдер «шаманизм» деп аталады, сондықтан қазағымның Алланы - Тәңір, Құдай, Жаратқан, Құдірет, Жаратушы Ием деп айтатын синонимдеріне елді шатастырмас үшін, бұны «Тенгрианшылдар» деп атасақ. Оның үстіне қазіргі күнде осы бағытты көбіне қазақша білмейтін, ұлт бейнесінен оқшау қалғандар насихаттайтын көрінеді), «космостық таза дін» деп адасып жүрген, нанымда болғаны рас. Алайда, ол адамзаттың бір даму сатысындағы айналадағы құбылысты түсінуге арналған примитивті көзқарастары еді. Соған қарамастан бұл нанымдардың шариғатқа қарсы келмейтін жерлерін (мысалы: жеті атаға толмай қыз алыспау; парсыдан келген Наурыз мейрамы т.с.с.) қалдыра отырып, біздің қазаққа тән философиялық ұғым, нағыз «Халықтық Ислам» қалыптасты. Ал шариғатқа қарсы жерлері (мысалы: әмеңгерлікпен әкесінің кіші әйелдерін алу; апалы-сіңліліні қатар алу; отқатабынушылардың анасын, қарындасын алуы;) өз-өзінен өмірден алынып тасталған деген ойдамын.

Бірде грек зиялы өкілдерімен басқосуда, бірі: «...Сіздер, қазақтар бізге қатты ұқсайсыздар екен, бұрынғы аталарыңыз да «Тенгрианшыл бопты...» деді. Мен де: «...Иә, негізі Сіздердің бұрынғы діндеріңіз жақсы еді ғой, бәрі де түсінікті, хаостан қазіргі атеистік «Ұлкен Жарылыс» теориясына ұқсас, құдайлар пайда болып, Зевс әкесі Кронды жеңіп, көптеген құдайлар пайда болды. Ақыры үш бауыр аспан, жер, жер астын бөлісті де, адамды жаратып, солармен қосылып, жартылай құдайларды шығарды, содан олар адамға айналды, ал құдайлар мәңгіөлмес боп қалды. Біздің орыстардың басын айналдырып, православиені тықпаладыңыздар...» деп әзілді-шынды айттым. Сол кезде бір ұстаз ғалымы: «...Ол енді адамның сәби шағы емес пе?! Адам жетіледі, дамиды ғой...» деді! Ойланып қалдым, қазақтың адал ұлы Мұстафаның «...Адам балалық шағын аңсайды, сағынады! Бірақ, сол кезге оралуы мүмкін емес қой» дегені есіме түсті. Шынымен «Тенгрианшылдық» ол арғы бабаларымыздың ерте кездегі жүріп өткен жолы ғой, енді оған оралу мүмкін бе? Тіптен қажеті бар ма, осыны ойланайық...

...Алақандай ғана аудан орталығында елді шошытқан бір оқиға орын алды! Бізден арғы «Шығыс» дініне өтіп кеткен жалғыз ұл, әкесінің өліміне кеп ыржалаңдап «ол өлген жоқ, қайта тіріледі» деп қисалаңдап билемекші де болған! Ел, басында «жынды» деп ойлап, онысын түсінгенде, қуып жіберіпті!

...Өз басым туыстарының сұрауымен «псевдохристиан» боп кеткен төрт отбасының мұшелерімен сөйлескенім бар! Ең қызығы, солардың екеуі ауылдық жерде тұратын, білімі аз әйелдер... шаптығып, мүлде сөз ұқпайды! Ал екеуі қалада тұратын кәдімгідей ауқатты, оқыған отбасынан еді. Ақыры, үйден, машинадан айрылып, сымпиып қалды! Қазір ана «шын достары» қарамайтын да көрінеді! Екеуі де орыстілді қазақтардан.

...Біздің осы ұстанған «Халықтық Ислам» (қазіргілер дәстүрлі дініміз деп жүр), еліміздің неше түрлі зұлматтардан аман қалуына, ұлт-азаттық майдандарда бірігуіне, жалпы біртұтас ұлт болып қалыптасуымызға шынайы, адал, зор күшпен әсер етті! Соның арқасында, «атеистік социализм-коммунизм» идеяларының «қылышынан қан тамып» тұрғанының өзінде қазақ өз ұлттық болмысын жойған жоқ! Оған мысал ретінде, осыдан бар болғаны елу жыл бұрын ата-ананы қарттар үйіне, баланы жетімханаға өткізу; баланы сату т.б. сұмдықтарды көрмек түгіл, естімегенде едік. Қазіргі күнде «демократия, либерализация, толерантность» дегендерді желеу етіп кірген «сенімдердің» арқасында қазақ естіп көрмеген гей, педараст, педофиль дегендерді (тіпті қазақта осы пәлелердің аталуы да жоқ, тек қана «қызтеке» деген бар еді! Кішкентайымызда өзімізге солай десе, түсінбесек те, жаман екенін сезіп, шат-шәлекей соғысатынбыз) естідік те, көзбен де көріп жүрміз.

Мектептегі кезімізді еске алсақ, ақжаулықты апа-әжелеріміз «айналайын» деп толғанып, тәтейлеріміз (біздер апай демейтінбіз) орамалын (модада детерон болатын) тастамай-ақ сабақ түсіндіретін! Қыздар шашына бантик тағып, сандарын жарқыратпайтын! Халықта бір сыйласым бар еді! Шешен қыздар, тұмшаланбай, жеңіл шарф-орамалдарын маңдайынан желкесіне қарай тартып жүретін, оларға ешкім де қой демейтін! Шешен демекші, бар болғаны 500 шешен бүткіл Москаны 90-шы жылдары, уысында ұстады. Дәл сонысы ұлттық салт пен дін, ауызбіршіліктің арқасы екенін кейбіреулеріміздің ұқпағаны ма?! Отарлықтың көкесін 130 жыл көрген Алжирліктерден, ұмытпасам, басынан, небәрі екі мыңдай адам христиан болған, ал «ел аман, жұрт тыныштағы» біздің кей қазақтың «сатқындық» қылығын қайтпекшіміз!

Қазіргі уақытта жалпы Исламды жеккөрінішті ету идеологиясы бойынша, ортадокстерді, радикалдарды бірыңғай террористер ретінде көрсетеді. Өкінішке орай, біздің қазақтың да кейбірі сондай ағымдарға ілескен! Оларға барынша тосқауыл беруіміз керектігі айтпаса да, түсінікті болар! Өйткені біздің дініміз, ұстанымыз прогресті, ғылыми модернизацияны қалайды. Мысал ретінде, қайтыс болған адамның әлдебір органын ауру адамға трансплантация жасауға барынша қарсы болған «псевдохристиандық» секталар еді! Ал біздің дін басылар оның сауап іс екенін айтты!

Қазақ жастары алдымен ғылымға, білімге ұмтылуы керек, қазақи салт, дініміз де соған уағыздайды! Өкінішке орай, кейбір аға буын өкілдері қазір түрлі сенімдіктерді тықпалайды, олардың мақсаты не, алдына қойған міндеттері бар ма, неге солай біреудің сойылын соғады, неге қазағымыздың бірлігін қаламайды?! Кез келген «ұйым-организацияның» мақсаты ақша табу, бұлардың да мақсаты сол ғана ма?! Тіпті осылардың артынан 200 тіпті 2 мың, болмаса 20 мың, асыра айтсақ 200 мың адам ілессін делік, соның өзінде әлемдегі әрқайсысы 2 млрд-қа жуық мұсылман-христиан-буддистермен салыстырғанда «пілге үрген кәнден» де емес, құмырсқадай болмай ма?! Олай болса, өзі аз ғана қазақты жұлмалап, бөлшектеу неменеге әкелмек?! Соны неге ойламайды, адам болса, адал болса?! Ішіне сыймай бара жатса, шағын ортада талдасын, ал көпшілік алдында өз амбицияларын тоқтатып қойып, ортақ ұлттық мүддені алдыға шығармай ма! Мұсылманша жерленген әке-шешелері, ата-әжелері алдында күнәға батпай-ақ, басына барғанда тағзым етіп, құран оқытып тұрса, дәп содан ешкімге зиян келе қоймас! Солардың нанымын қараламай сыйлар еді ғой, адами қасиеттері болса...

PS: Маған осы жазбаны жазуға түрткі болғаны, өз ұрпағымның қазақи ата салттан кетпеуін қалағаным! Бұл үшін маған ешкім де ақша төлемейді! «Мұсылман, христиан, басқа боласың ба... бәрібір қытайсың» дейтін қытай сияқты емес, біз қазақ аз ғана ұлтпыз, сондықтан біртұтас ел болуға ұмтылуымыз керек! Рушылдыққа бөлінгендерге, тілін, ділін жоғалтқандарға енді келіп дінін жоғалтқандар келіп қосылса, шын біткеніміз осы емес пе...

Мұсылман философиясының қайнар көзі - «Құранның» көптеген аят-сүрелерінің (әрине біз аударманы ғана білеміз) меңзеу-теңеу-образды түрде айтылғанын түсіне білген абзал және кейбір діни уағызшылар қателесіп жатса, қате түсінсек, оған дін кінәлі емес...

Азкен Алтай Жетісулық

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371