Жапон тіліне аударылған қазақ әні
Әнші Роза Рымбаева орындайтын «Заман-ай» әні шыққаннан кейін көп ұзамай Жапонияның Қазақстандағы елшілігі әннің авторы Ұлықбек Есдәулетке хабарласқан. «Қазақ пен жапонның қасіреті бір. Екі ұлт та ядролық сынақтан қасірет көрді. Рұқсат етсеңіз, сіздің және композитор Төлеген Мұхамеджановтың авторлық құқын сақтай отырып, жапон тіліне аударып, әнді орындағымыз келеді», - деп келісім беруін сұраған.
Ақын мен сазгерден рұқсат алынғаннан кейін ән жапон тіліне аударылып, Томоко есімді танымал әншісі сахна төріне алып шыққанда, жапондар әннің әсерінен селтиіп тұрып қалған. Қос қолын қапсырып, өткенді еске алған өкініш, қайғылары көздерінен көрініп тұрды. Олар одан кейін әнді ағылшын тіліне аударып, жазықсыз елге ядролық қару тастаған АҚШ естісін деп Америкаға да жеткізді.
Ал біз де ше? Бұл қасіретті ән жарыққа шығып, жөргегіне орап алғанда күші тайса да, әмірі қалған кеңестік билік әнді шырқатпауға күш салды. Шектеу қойды. Деседе, Семей ядролық полигонының зардабын көз алдыңызға әкелетін әнді ел өзі жалғап әкетіп орындап жүрді.
Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейiрiмге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердiң лайланды-ау тұнығы.
Қайран елiм, қайран жерiм қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Мыңдаған ұрпақ жатырда жатып-ақ жарымжан болды. Қылқаламды тістелеп тұрып сурет салатын бір ғана Кәріпбек Күйіковтің өмірі - сөзіміздің айғағы. Айтпақшы, Жапонияға жолыңыз түсетін болса, Хиросима мұражайының кіреберісінен қос халыққа қайғы жұттырған осы қасіретті ән қарсы алады.
Нұрлан Қазиұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz