Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 4653 3 пікір 5 Қазан, 2018 сағат 09:32

Жол айырығындағы Қытай

Қытай ықпалы, Қытай үрейі, Қытай моделі дегендер қазір әлемде ең жиі талқыланатын тақырыпқа айланған. Қырық жыл қарқынды дамып, экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын түзеуде, дүниежүзілік нарыққа тауар ұсыну мен қаржы жеткізуде айтақалсын жетістіктерге жеткен Қытай, төраға Си билікке келгелі әлемдік әңгімелерде “айтары барын” ашық білдіре бастады. Бар әңгімме “таңғажайып” делінетін экономикалық өсімнен бастау алады. Қырық жыл бойы орташа 9.6%-тік қарқынмен өскен Қытайдың ЖІӨ 2011 жылы әлемдегі екінші орынға мықтап жайғасты. Оның басқалай әлеуеттік көрсеткіштері де жершарындағы біріншіліктерді бағындырды.

Мысалы, ол әлемдегі ең ірі экспорт-импорт елі, ең ірі тауар экспорттаушы ел, ең ірі валюталық қор иеленуші ел, ең ірі өндіруші-өңлеуші ел, тағысын тағылар. Бұл өз кезегінде Қытайға, атап айтқанда, Қытай билігіне сенім берді, рух берді және желік берді.

Ары қарай, “Қытай арманы” идеясы көтерілді, Азия инфрақұрылымды инвестициялау банкі құрылды, “бір белдеу-бір жол” стратегиясы жарияланды, жібек жолы қоры жасақталды, Дэннен кейінгі мезгілде бұлжымас ұстаным болып келген “ақырын жүріп, анық басатын” дипломотиялық стратегия “арындап ықпал жасау” стратегиясымен алмастырылды...

Атай кетерлігі, бұл бастамалар әуелгіде әлемдік қауымдастық тарапынан игі нышан ретінде жылы қабылданды және ретімен әм Қытай үшін сәтті дерлік жолға қойыла бастады. Осыдан қуаттанған және экономикалық әлеуетіне бекем сенген Қытай әлемдік көшбасшылықтан дәмесі барын ашық аңғартты. Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі АҚШ басшылығымен жасақталған халықаралық қатынастар жүйесінің әділетсіздігін, оның тек Американың ғана ыңғайына жұмыс жасап жатқандығын, оның әзіргі еларалық қатынастарды реттеуде қол болмай қалғандығын алға тартып, осынау “сыңаржақ” жүйеден бас тартып, көз алдағы халықаралық байланыстарды “адамзаттың тағдырластық қауымдастығы” тұрғысынан қайта қарауды, әзіргі реал жағдайға сәйкесетін әм баршаға бірдей пайдалы “жаңаша сыйпатты халықаралық қатынастар жүйесін” енгізуді ұсынды. Демек, ол қазіргі режимге бағынушыдан жаңа режим жасақтап, соның ережелерін бекітуші болуға ниетті екендігін паш етті.

Ал бұл бастамалар мен әрекеттердің идеологиялық-теориялық қайнар бұлағы-реформатор Дэнның Қытайлық өзгешелікке ие социализм теориясы болатын. Оның мәні  социализм ұстындарын байырғы қатып-семген Марксизм қағидаттары қалпында қабылдамай, оны Қытай өмірінің ерекшеліктеріне қабыстыра және оған нарықтық қағидаттарды үстей пайдалану болып табылады. Осы идеологияның жетегінде еңсерілген айтуға тұрарлық  жетістіктер жайлы дамудың “Қытайлық тәжірибесі”, “Қытайлық жолы”, “Қытайлық моделі” дейтін ұғымдар пайда болған. Көптеген дамушы елдер Қытай тәжірибесін енгізуге ұмтылысын байқатып, Дамыған елдер де айқара ашылған Қытай нарығына мүдделелік тұрғысынан ден қойған-ды.

Міне бұлар Қытай билігіне мынадай сенім ұялатты: социализм идеологияларынан бас тартпай-ақ нарықтық қатынастарды игеруге және қалыптастыруға болады, Қытай адамзаттың дамуы мен осызамандануының әспеттеліп келген батыстық үлгісінен тың әм онымен параллел жаңа жолын ашты!

Ары қарай биліктің осы танымын тәпсірлеп, сенімін бекемдейтін неше түрлі дәлелдер мен дәйектер, негіздемелер мен теориялар жарыса қауашақ ашты. Дамудың Қытайлық жолының сырын дәстүрлі экономия теорияларынан ада әдістемемен түсіндіретін алабөтен жаңаша экономикалық теория “тапқырлауымыз”(?) керек дейтін; адамзат дамуының Қытайлық дәуірге аяқ басқандығын дәріптейтін; елдің Америкадан барлық жағынан озып кеткендігімен сүйіншілейтін; экономикалық өмірде туындаған келеңсіздіктердің бәрін нарықтық реттеуге жіберуден көретін; айта берсеңіз, елдегі қартаю үдерісінің тууды жоспарлау саясатының жемісі санап, Дэн реформаларынан ілік іздейтін; т.б. осы сарындағы дәйектер мен дәріптемелер, әләуәйләр мен әфсаналар қаптап кетті! Бұл онсызда бағытынан айнығалы тұрған билікке дем берді. Сөз жүзінде реформашылдық бағыттан ауытқымау мен есіктің бұрынғыдан да айқара ашылатындығы, экономиканың ғаламдану үдерісіне онан ары кірісу ниеті қайталай ескертілгенімен, қазіргі ұстанымдағы идеология елді солшылдық бағытқа бұрып барады.

Осындайда елді көріп тұрып құрдымға жіберуді қаламайтын мемлекетшілдер шыр-пыр болуда. Елдегі барлық жетістіктердің тек табанды әм толассыз реформалар мен әлемдік қауымдастыққа жатырқамай кірігудің нәтижесі екендігін; табыс атаулы болса, оның тек қана әлеми тәжірибеде неше ғасырлық сыннан өткен нарықтық реттеулерді енгізудің жемісі екендігін; қоғамдық қайшылықтардың шегіне жетіп, реформалауды қайта бастаудың кезек күттірместігін; ЖІӨ бойынша жершарындағы екінші орынға шығудың ел әлеуетінің барлық жағынан екінші орынға жайғасқандығынан дерек бермейтінін; жалаң экономикалық көрсеткіштердің елдің қордалы қуатының Америкамен ыйық тіресуге жеткендігін қуаттауға жеткіліксіз екендігін; елдерінің әлемге жетекшілік етудің шарттарынан атымен алшақ жатқандығын дәлелдеп түсіндіріп, отанды сүюдің құр даңғазаға құрылған форматынан бас тартуға шақырған ізгі тілекті, шынайы жанашыр зиялы қауым мен ұлт патриоттарының жанайқайы жаңғыруда.

Көз алдағы Қытай қоғамында саяси тұрғыда компартия билігінің қоғамдық өмірдің бұрыш-бұрышына дейінгі үстемдігін қамтамасыз ету мен реформашыл жылдар жылт еткен демократия мен еркіндік ұшқындарын сөндіріп алмауға деген ұмтылыстың арпалысы, экономикалық тұрғыда өмірге дендей кірген нарықтық реттеу құралдарын онан ары жетілдіру мен экономикалық алаңда мемлекеттің рөлін арттыруға болған ұмтылыстың кереғарлығы, идеология шебінде компартиялық биліктің дәстүрлі үлгісін қайта тірілту мен либералдық-демократиялық ұстындарды құрдымға жіберіп алмаудың текетіресі, бұқаралық өмірде компартияға көзсіз табыну мен батыстық өмір салтына аңсарлықтың тайталасы қиянкескі жүріп жатыр. Қысқасы, жершары жан санының ширегін ұстайтын, әлемдік экономикалық өсімге үлестілігі 30%-ке жеткен, халықаралық алаңда дамушы елдердің сөзұстары есебіндегі алып ел жол айырығында тұр.

Мұхамедхан Қонарбайтегі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397