«Конфедерация кубогы – 2018» жарысының алғашқы іріктеуі өтті
Қызылжарда спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогы үшін алғашқы іріктеу сайысы өтті. Таэкван-до, дзюдо, грек-рим және еркін күрестерден ұйымдастырылған турнирдің «Д» тобында Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстарының құрамалары өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі.
Қазақстанда «Конфедерация кубогы» осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оның іріктеу туры еліміздің 4 қаласында өтеді. Келесі кездесу қазанның 13-14 күндері Талдықорған қаласында өтеді.
Оған Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Астана және Шымкент қалаларының құрамалары қатысады. Одан кейін Семейде қазанның 20-21 күндері Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының спортшыларының шеберлігі сыналады.
Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Атырау облысы құрамаларының кездесуі Атырау қаласында қазанның 27-28 жұлдызында өтеді деп жоспарланған. 4 кездесу нәтижесінде әр спорт түрінен бір командадан іріктеліп, ақтық сайысқа жолдама алады.
«Осыған дейін бокстан іріктеу кезеңі өтті. 4 облыс құрамасы іріктеліп алынды. Енді қараша айында қазақ күресінен де мықтылар анықталады. Сайыстың ең басты ерекшелігі – белдесулер бір уақытта, бір залда өтеді. Бұл жарыстың басты мақсаты – Қазақстанның барлық облыстарының құрамалары арасындағы бәсекелестікті арттыру. Сол арқылы аталған спорт түрлерін дамыту. Сондықтан, бұл сайыста командалық есеп қана назарға алынады. Әр балуан жеңген сайын, өз облысына 1 ұпай әкеледі. Демек барлық салмақ дәрежесі бойынша жақсы дайындық керек. Мысалы, бүгінгі жарысқа Ақмола облысы дзюдо мен таэкван-додан команда жібермеген. Бұл – үлкен олқылық. Демек, аталған спорт түрлері бойынша Ақмолада жүргізіліп жатқан жұмыста жүйе жоқ», – дейді спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының өкілі, жарыс ұйымдастырушысы Бақытбек Хамит.
Қызылжардағы кездесу нәтижесінде грек-рим күресінен СҚО құрамасы, еркін күрес пен таэкван-додан Түркістан, дзюдодан Қызылорда спортшылары басым түсіп, турнирдің финалына жолдама алды.
«Жарыс алғаш ұйымдастырылған жылы Солтүстік Қазақстан облысының грек-рим құрамасы үшінші орын алды. Ал былтыр жолымыз болмады. Сондықтан осы жолы көп дайындалдық. Түркістан облысының спортшылары мықты болғанын мойындау керек. Дегенмен, қызылжарлықтар басым түсті. Енді желтоқсан айында Алматы қаласында өтетін жарысқа дайындаламыз», – дейді грек-рим күресінен СҚО құрамасының аға бапкері Қонысбек Түкенов.
Кездесу желтоқсан айында Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.
«Жарыс тартысты өтті. Өзім – Түркістан облысының еркін күрес құрама командасының мүшесімін. Бүгінгі додаға біздің өңірден сайдың тасындай іріктелген 6 балуан келді. 86 келі салмақ жәрежесінде боз кілемге үш рет шығып, алқашқысында қызылордалық Ғалымжан Нөсербаевтан жеңіліп қалдым. Соңғы екеуінде қарсыласымнан басым түстім. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деді ҚР спорт шебері, түркістандық Саид Аббазов.
Конфедерация кубогы 6 спорт түрі бойынша ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ: бокс, таэкван-до, дзюдо, грек-рим, қазақ және еркін күрес. Бұл Қазақстанда өтетін сайыстардың ішінде жүлде қоры ең көбі. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, 5 олимпиадалық спорт түрінің әрқайсысына 25 миллион теңгеден бөлінген. Қазақ күресі елімізде жаңа дамып келе жатқан спорт түрі болғандықтан оның жүлде қоры 20 миллион теңге.
abai.kz