Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ. ҰБТ-ға министрлiктiң көңiлi толып отыр
Сонымен, кеше жетi күнге созылған ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) науқаны аяқталды. Жылдан жылға талаптары күшейтiлiп келе жатқан сынақ барысын биыл министрлiк пен ҰҚК мамандарының өздерi тiкелей қадағалап, барынша қолға алған сияқты. Себебi, бұдан бұрынғы ҰБТ кезiнде түрлi дүрлiгу мен өрескел заң бұзушылық фактiлерi жер-жерде орын алғанын ескерсек, биыл мұндай құйтырқы амалдардың жолы кесiлiптi.
Естерiңiзде болса, былтырғы ҰБТ-да “Алтын белгiден” үмiткер кейбiр талапкерлер межелi 45 баллды жинай алмай, моральдық күйзелiске бой ұрынса, биылғы көрсеткiш көңiл қуантарлықтай. Тiптi, былтыр сынақтың айналасында дау-дамайдың ушығып кеткенi соншалық, бұған Үкiметтiң өзi араласып, аяғында министрлiк басшылары қатаң ескертулер алған едi. Бұдан кейiн тiзгiнiн қатайтқан Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев арнайы реестерге тiркелген сұрақ-жауаптардың сыртқа шықпайтынына уәде берген-дi.

Алайда, кемшiлiксiз ештеңе болмайтыны белгiлi. ҰҚК қызметкерлерi тестiлеудiң алғашқы күнi дұрыс жауаптар жазылған кодты 3000-3500 долларға сатуға әрекет жасаған қылмыстық топты құрықтады. Бұдан өзге тест тапсыратын жерге ұялы телефон, басқа да электронды техниканы алып кiрген оқиғалар да тiркелген. Бiрақ жылдағыдай көп емес. Содан болар, биыл ҰБТ-ның айналасындағы алып-қашпа әңгiмелер де сап тыйылды. Ұлттық тестiлеу орталығының директоры Исатай Сағындықовтың айтуынша, биыл ҰБТ-ға деген талап ерекше қатаңдатылған, сондықтан да сорақы олқылықтардың орын алуына жол жоқ.
Әзiрге ҰБТ-ның толыққанды нәтижесi шыға қойған жоқ. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң баспасөз өкiлдiгiне хабарласқанымызда, маусымның 4-8 аралығындағы алдын-ала қорытындыны мәлiм еттi. “Бiздiң есебiмiз бойынша, 99 мың 566 үмiткер тест тапсырды. Оның iшiнде ең төменгi меже — 45 баллды жинай алмағандардың саны — 14 мың 582. Ал 100 баллдан және одан көбiрек жинағандар 10 мың 185 болса, ең жоғарғы 125 баллға қол жеткiзгендердiң саны 6-ға жеткен. Айта кету керек, биылғы ҰБТ-ның алғашқы көрсеткiштерi қуантып отыр” — дейдi.
Көпшiлiктiң көңiлiн күптi қылған ҰБТ осымен алтыншы мәрте өткiзiлдi. Осы уақыт аралығында сынаққа талай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Қысқасы, жыл сайын жыртығы жамалып келе жатқан ҰБТ үмiткердiң бiлiм көкжиегiн айқындай ала ма? Талай бiлiмдi өрендердiң сынақтан мүлт кетiп жатқанына не себеп? Мәселен, белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай теледидарға берген сұхбатында, бұл жүйеге түбегейлi қарсы екендiгiн бiлдiрдi. “Әсiресе, ҰБТ-да театр, өнер жолын таңдаған талапкерлер өзiнiң тұла бойындағы талантын көрсете алмайды. Керiсiнше, қазақ өнерiне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жастар бiлiм алады. Бiзге қазiр сыншылар, дарынды кино әртiстерi, талантты режиссерлер жетiспейдi” – деген едi. Шынында да, ҰБТ-ның театр және өнер саласына келетiн үмiткерлердi таңдауға келгенде қауқары шамалы. Сол себептен де театр сыншысы талапкердiң қасиетiн бiлiп, оны бағалалу үшiн жүзбе-жүз кездесетiн сынақтың болғанын қалайды. Әрине, ҰБТ жүйесi елiмiзде қай уақытқа дейiн өмiршеңдiгiн сақтап қалатындығы белгiсiз. Бiр бiлетiнiмiз, алып Ресейдiң бiлiм саласында да бiрыңғай мемлекеттiк экзамен (ЕГЭ) төңiрегiнде дау-дамай бәсеңдер емес. Бұл жүйе былтыр эксперимент ретiнде жүргiзiлсе, биыл үмiткерлердi жоғары оқу орнына қабылдайтын сынақ болып енгiзiлдi. Ресейдiң Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко: “ЕГЭ — өз мүмкiндiгiн ұлғайтып жатыр. Биылғы қорытынды жүйенi жақсы қырынан көрсететiнiне сенiмдiмiн” десе де, Ресей федерациясының спикерi Сергей Миронов: “ЕГЭ-нiң тағдыры жайында қандай да бiр оңтайлы шешiм айтуға әлi ерте. Соңғы кезде эксперимент ретiнде енгiзiлген бұл жүйе шын мәнiнде, экспериментке жатпайды. Бұл жүйе мектеп түлектерiнiң бiлiмiне баға бере алмайды. Керiсiнше, ұстаздар мен талапкерлер, ата-аналар арасында өзара түсiнiспеушiлiктер орын алуда” деген ойын бiлдiредi.
Алайда, Ресейдiң бiлiм саласы ЕГЭ-нi жаппай түрде биылдан бастап ғана енгiздi. Бiр жылдың iшiнде әртүрлi пiкiрталастар өрбiп жатқан алып мемлекетте батыстық жүйенiң кемшiн тұстарын анықтау үшiн арнайы сауалнамалық анкеталар да ұйымдастырылуда. Бұл әрине, келешекте сынақтың сапалы әрi жүйелi түрде өткiзiлуiне жасалып жатқан алғышарттар екенi белгiлi. Ал, бiзде ше? 6 жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан ҰБТ-ның жыры түгесiлер емес. Елiмiзде сыбайлас жемқорлықтың дендеп алғаны соншалық, жыл сайын заңсыз әрекеттер орын алып, тест жауаптарын сатып, пайда тапқысы келген мәнсапқорлар ұсталып-ақ жатыр. Үкiмет тарапынан қатаң ескерту алған министрлiктiң тек биыл ғана бар күшiн салғаны көрiнiп тұр. Соған қарағанда, Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың биылғы науқанға көңiлi тоқ сияқты. Ал, бiз ҰБТ-ның қаншалықты әдiл өткенiн, бiр-екi күндiкте шығатын толыққанды нәтижеден көретiн боламыз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті 11 маусым 2009 жыл