Сенбі, 23 Қараша 2024
4865 6 пікір 24 Қазан, 2018 сағат 10:38

Халықаралық айтыстың Бас жүлдегерлері - Ринат Заитов пен Мұхтар Ниязовқа 7 000 000 теңге табысталды.

2018 жылғы 20-21 қазан аралығында «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысы өтті.

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра – айтыс өнері – өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы.

Осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жыр арқауы – Астана» атты Халықаралық ақындар айтысын өткізді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау ретінде өз сөзінде «Өздеріңізге белгілі Қазақстанның дүние жүзіндегі орны ерекше, өткен жылы қабылданған «Рухани жаңғыру бағдарламасы» рухани байлығымызды әлемге паш етуге зор мүмкіндік береді. Осы жылы 1 шілдеде алғашқы рет домбыра күнін атап өтсек, түркі елдерінің бесігі атанған Түркістан қаласының облыстық мәртебеге ие болып жатыр, енді міне, бүгін осы ұлттық өнеріміз – айтысымызды халықаралық деңгейде өткізіп отырмыз» - деп атап өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман «Айтыс – қазақтың қанында, ұлттық тамырында бар өнер. Қазақтың өз тегіне, дәстүріне оралтып, халықты ұйыстыратын өнер. Екі күннен бері тапжылмай, ақындарымызды қолдап, қолпаштап отырған көрермендерге рахмет, айтысқа көмек қолын созып, бетін бұрып тұрған билікке, министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлына үлкен рахмет!» - деп зор алғысын білдірді.

Іс-шараға Минатхан Ұларбек, Дәулетқызы Жәмиға (Қытай Халық Республикасы), Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол (Моңғолия), Маратов Асылбек, Усупбек Уулу Мундузбек (Қырғыз Республикасы) сынды шетелдік саңлақ ақындар мен республикамыздың облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары: Заитов

Ринат, Қайназаров Еркебұлан, Қойшығұлов Серік, Байтуов Біржан, Жұмагазина Әсем, Ниязов Мұхтар және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысты.

Айтыс өте тартысты өтті, екі күнге созылған шара кезінде көремендерге лық толы зал бірнеше сағаттан астам уақыт бойы ақындарға аса зор ықылас көрсетті. Іс-шараның әділ-қазылар мүшелері:

Ұлықбек Есдәулет – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Төраға (Қазақстан);

Жүрсін Ерман (Қазақстан) – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

Дихан Қамзабекұлы (Қазақстан) – филология ғылымдарының докторы, профессор;

Шынай Рахметұлы (Моңғолия) – белгілі ақын, жазушы;

Әсия Айыпқызы Беркенова (Қазақстан) – айтыс ақыны;

Әбдіуақап Қара (Түркия) - Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы;

Нұртөре Жүсіп – (Қазақстан) - «Айқын» газетінің редакторы.

Екі күнге созылған айтыстың нәтижесі төмендегідейі:

Бас жүлде иегелері – 7 миллион теңгеден Ренат Зайытов пен Мұхтар Ниязов;

ІІ орын – 1,5 миллион теңгеден Акылбеков Рустем, Сұлтанхан Мейірбек;

ІІІ орын – 1 миллион теңгеден Аханов Мақсат, Калиев Айбек,Серик Қойшығұлов;

Жұбаныш сыйлықтары – 500 000 теңгеден Айдос Рашат, Шұғайып Сезімхан, Асылбек Маратов, Дидар Қамиев пен Аспанбек Шұғатаевқа берілді.

Марапаттау рәсімінен кейін алғыс айту үшін сөз алған Бас жүлде иегері Ренат Зайытов: «Бүгінгі бас жүлде де менікі емес, қазақтың шындығының бас бәйгесі», - деп сөзін аяқтады.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443