Елбасы тапсырмасымен жер қатынастары саласы цифрландырылып жатыр- маман
Елбасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жер қатынастары саласын цифрландыру тұрғындарға қызметті бұрынғыдан жақсартады. Бұл туралы БҚО жер қатынастары басқармасының бас маманы Дияр Сұлтанғалиев айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресте жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі екендігін атап өткен болатын.
Осыған орай Елбасы жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырып, аталған мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты пайдаланушыларға және инвесторларға беру керектігіне тоқталған еді.
Жолдауда айтылған міндеттер мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында өңірде жер қатынастары саласын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылдың маусымымнан бастап Орал қаласы әкімдігінде «Қолжетімді әкімдік» атты мемлекеттік қызметтерді көрсетуге және құжаттарды қабылдау мен өңдеуге арналған орталық жұмыс істеуде. «SMART Орал» көп функционалды қызмет көрсету орталығы ашылды, онда 640 қызмет түрі ұсынылады.
Сондай-ақ биылдан бастап www.zem.kz электрондық порталы іске қосылды. Бұл порталдың жұмысы жер қатынастары құрылымдарының құжат айналымын цифрлық оңтайландыру жолымен қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Порталда мүдделі тұлғалардың 12 аудан және Орал қаласы конкурс және аукцион арқылы берілуі жоспарланған жер учаскелерінің схемалары, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер учаскесін алу үшін кезекте тұрғандар және ықылассыз жер пайдаланушылар тізімін қарау мүмкіндігі бар. Азаматтар мен заңды тұлғалар сауда-саттығына қойылған ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттардағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты қарай алады. Порталдағы қолжетімді ақпарат тұрақты түрде жаңартылады.
Дияр Сұлтанғалиевтің сөзіне қарағанда, биылғы тоғыз ай бойынша барлығы 15 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар электрондық порталға кіріп, қажетті ақпараттар алды. Сонымен қатар 5 қазанда электрондық порталда Ақжайық ауданы бойынша алғаш рет республика төңірегінде ағылшын тәсілімен коммерциялық мақсаттағы жер учаскелеріне жалдау құқығын электрондық аукцион арқылы сату өткізілді. Алдағы уақытта аталған портал арқылы облыс бойынша жер сауда-саттығын өткізу жоспарланып отыр.
«Биылғы жылдың наурыз айында Орал қаласы әкімдігімен уәкілетті құрылымдарға жер учаскесін таңдау актісі бойынша келісу процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін www.easy.zko.org.kz порталы жасақталып, іске қосылды. Бұл келісу мерзімдерін 2-3 айдан 5-10 күнге дейін қысқартуға ықпал етті. Нәтижесінде, өтініш берушінің 20-дан аса келісуші ұйымдармен тікелей байланысы алып тасталып, жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды», деді Д.Сұлтанғалиев.
Abai.kz