Жұма, 22 Қараша 2024
4575 3 пікір 30 Қазан, 2018 сағат 09:58

Депутаттар комсомолдың мерейтойына қатысты айтысып қалды

Астанада қазанның 29-ы күні мәжілісте мемлекет пен жеке меншік сала арасындағы серіктестіктің даму келешегі мен проблемалары туралы үкімет сағатында депутаттар комсомолдың құрылғанына 100 жыл толғанына қатысты сөзге келіп қала жаздады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынды ашқан мәжіліс вице-спикері Владимир Божко сөзін комсомолдың мерейтойымен құттықтаудан бастады.

- Бүгін Қазақстанның тәуелсіздік алып, қалыптасып, дамып жатқанына 27 жыл толған кезеңін және бұған бұрынғы комсомолдық мектептен өтіп, соның қатарында өскен комсомолдардың қосқан үлесін еске алған дұрыс болатын шығар. Олардың комсомолдық мектепте ұйымдастыру, шаруашылық жүргізу және саяси жұмыстарды атқаруда жинаған тәжірибесі егеменді Қазақстанды құруда іске асты. Залдағылардың барлығы дерлік осы мектептен өткенін және біздің жастық шағымыздағы жақсы істерді айтқым келіп отыр, - деді Божко.

Бұдан соң оны әріптесі Сергей Звольский қолдады.

- Бүгін барлығыңызды мерекелеріңізбен, комсомолдың 100 жылдығымен құттықтағым келіп отыр. Бұл өте жақсы, барлығымыз (комсомол - ред.) болдық, - деді Звольский.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде депутат Азат Перуашев сөз беруді сұрап, бұған қарсы пікір айтты.

- Құрметті Владимир Карпович, әріптестер! Бізде мәжілістің ресми жиыны өтіп жатыр, сіздер комсомол күнімен құттықтап жатырсыздар. Мұндай мереке жоқ. Әріптестер, мен біздің қандай елде тұратынымызды еске салғым келіп тұр. Біз тәуелсіз Қазақстанда тұрамыз. Біздің күнтізбеде ондай мереке жоқ. Егер кім де кім үшін бұл жеке мереке болса, онда бір-бірлеріңізді мәжілістің ресми отырысында емес, жеке құттықтауларыңызды сұраймын, - деді Перуашев.

Комсомолға қатысты дауды депутат Ахмет Мурадов жалғап, Азат Перуашевке жауап қайырды.

- Мен әріптесім Азат Тұрлыбекұлына қандай елде тұратынымызды еске салғаны үшін алғыс айтқым келіп тұр. Негізі біз 25 қазан күнін жіберіп алдық. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді біз Республика күні деп ұзақ уақыт тойладық. Азат Тұрлыбекұлы, сізді құттықтаймын! Бүгін партия ұстанымы тұрғысынан сенімді түрде айтып жатқанымыз меніңше, сіздің өткен шағыңыз. Комсомолда шыныққандықтан өзіңізді осылай ұстап отырсыз. Аман болыңыз, - деді Мурадов.

Соңғы күндері Қазақстанның бірнеше аймағында бұрын комсомол қатарында болғандар Қазақстандағы комсомол ұйымының құрылғанына 100 жыл толғанын салтанатты түрде атап өтіп жатыр. Мерекелік шаралар Алматы,Семей, Атырау және Көкшетауда өтті. 29 қазан күні кешке Астанада да мерекелік шара өтеді деп жоспарланған.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322