Айнаш ЕСАЛИ. ТҰМАНДЫ АЛЬБИОН. ТОҒЫЗЫНШЫ ТОҒЫСУ
Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы биыл Лондонда өтті
Тағдыр айдап барған талай қандасымыз әлемнің 40-тан астам мемлекетінде тұрмыс кешіп жатыр. Еуропаның он шақты елінде 12-15 мың қазақ тұрады. Сондағы ағайындардың бір жерге басын қосып, санаулы күн болса да атажұртта жүргендей сезімге бөлейтін Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы биыл тұманды Альбионда өтті.
Сонымен, әлемнің әр тұсына тарыдай шашыраған қандастарымызды ұйытып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат МАМАШЕВПЕН әңгімелесіп, Еуропадағы бауырлардың атажұртқа аманаттаған дұғай-дұғай сәлемін тыңдадық.
- Талғат Асылұлы, қаржылық дағдарысқа қарамастан, Еуропадағы қазақтар Лондонда тоғысты. Қазіргі ахуал құрылтайды өткізуге кедергі болған жоқ па?
- Еуропа қазақтарының 9-шы мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі Кіші құрылтайын биыл Ұлыбритания астанасында өткізуге қол жеткіздік. Әлемді жайлаған экономикалық қиыншылықтарға байланысты түрлі пікірлер болды. Бірақ, біз жылдағыдай үлкен делегация емес, шағын топпен барғанымыз жөн шығар деген ұйғарымға келгенбіз.
Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы биыл Лондонда өтті
Тағдыр айдап барған талай қандасымыз әлемнің 40-тан астам мемлекетінде тұрмыс кешіп жатыр. Еуропаның он шақты елінде 12-15 мың қазақ тұрады. Сондағы ағайындардың бір жерге басын қосып, санаулы күн болса да атажұртта жүргендей сезімге бөлейтін Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы биыл тұманды Альбионда өтті.
Сонымен, әлемнің әр тұсына тарыдай шашыраған қандастарымызды ұйытып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат МАМАШЕВПЕН әңгімелесіп, Еуропадағы бауырлардың атажұртқа аманаттаған дұғай-дұғай сәлемін тыңдадық.
- Талғат Асылұлы, қаржылық дағдарысқа қарамастан, Еуропадағы қазақтар Лондонда тоғысты. Қазіргі ахуал құрылтайды өткізуге кедергі болған жоқ па?
- Еуропа қазақтарының 9-шы мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі Кіші құрылтайын биыл Ұлыбритания астанасында өткізуге қол жеткіздік. Әлемді жайлаған экономикалық қиыншылықтарға байланысты түрлі пікірлер болды. Бірақ, біз жылдағыдай үлкен делегация емес, шағын топпен барғанымыз жөн шығар деген ұйғарымға келгенбіз.
Лондондағы Кіші құрылтай ойдағыдай өтті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы болып табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Сіздерді Лондонда өтіп жатқан Еуропа қазақтарының дәстүрлі Кіші құрылтайының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан он жыл бұрын атажұрттарыңыз - Қазақстан Республикасының қолдауымен Германияның Кельн қаласында бастау алған кіші құрылтайлар бүгінде Еуропада тұратын қандастарымыздың басын қосып, топтастыратын ауқымды іс-шараға айналды. Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстанда үш рет дүниежүзі қазақтарының басын қостық. Алыс және жақын шетелдерде тұратын бауырларымызға ұдайы мәдени-рухани қамқорлық жасалып келеді. Өткен жылы қабылданған "Нұрлы көш" бағдарламасы арқылы алыста жүрген ағайынның ат басын атажұртқа бұруына жағдай жасалуда. Қазіргі әлемдік дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Еліміз сынақты кезеңнен сүрінбей өтудің барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыруда. Дағдарысқа қарамастан, шетте жүрген бауырларымызбен арадағы байланыс нығая беретін болады. Жан-жақты қарым-қатынастың одан әрі өрістей беруіне сіздер де елеулі үлес қосасыздар деп сенемін. Баршаңыздың отбастарыңызға ырыс-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін", деген сәлемін Еуропаның 10 елінен келген 600-ден астам диаспора өкілдеріне жеткіздік. Биылғы басқосудың бір ерекшелігі - Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайына Моңғолия, Ресей, Сингапур, Пәкстан, Түрік елдерінен де аз болса да ағайындар келіп қосылды.
- Англия Еуропада жатқанымен, ұстанымы бөлек ел ғой, Шенген аймағына кірмейтіндіктен, бұл мемлекетке виза алу да қиямет-қайым. Осындай жәйттер Кіші құрылтай өткізуді қиындатқан жоқ па?
- ...16 миллионнан астам халық тұратын Лондонда қай ұлттың өкілі жүрмеген?! Соның ішінде 45 қазақ отбасы тұрады. Бірақ, бірін-бірі қолдап отыратын қандастарымыз үлкен шараны ойдағыдай атқарды. Бұл елдің екінші ерекшелігі, бір ғана Лондонда 3 мыңнан астам қазақ студенті оқиды. 600-ден астамы "Болашақ" бағдарламасымен, мемлекеттік гранттармен оқып жатқан жастар. Бүкіл Ұлыбританияда қазақстандық студенттерді жинасаңыз 5 мыңға жетіп жығылады. Сондағы студенттеріміз түрлі қоғамдық ұйымдар құрған. Жастарымыз қазақ диаспорасымен жақсы қарым-қатынас орнатыпты, барлық шараларына атсалысады. Студенттеріміз осы құрылтайға көп көмек берді. Қонақтарды қарсы алып, орналастырып, тәржімәші болып, игі іске ортақтасқанын көріп, қуанып жүрдік. Елден жылдағыдай көп өнерпаздар апара алмадық. Осы олқылықтың орнын сондағы талантты жастар толықтырды.
- Биылғы Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайын өткізу-өткізбеу мәселесі қиындық туғызғанын айтып қалдыңыз. Бірақ, оны сондағы қандастарымыз шешпей ме?
- Әрине! Бұл - сондағы бауырлардың өз шарасы. Мәселен, олар алдағы жылдары өтетін құрылтайдың жай-жапсарын жоспарлап отыр. Былтыр Норвегияның Осло қаласында өткен құрылтайда алдағы үш жылдың жұмысы жобаланып қойған. Келер жылы Венада бас қосады. Мұның өзі көкейге әбден қонымды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін жылы бүкіл Еуропадағы ағайындар өкілдерінің сол қалада тоғысуы жарасып тұрмақ. 2011 жылы Швецияның Вестерос қаласында жиналады. Алыстағы ағайындар осындай ұйғарым жасап, бүкіл ұйымдастырушылық шараларына өздері ұйытқы болады.
- Ұлыбританиядағы азғантай қазақ отбасының бір-бірімен аралас-құраластығы қалай екен?
- Англиядағы қазақ диаспорасы 1960-жылдары Түрік елінен түріктермен бірге Еуропаға еңбек миграциясымен барған ағайындар. Түбі Қытайдан шығып, Еуропаға табан тіреген қазақтар. Айталық, Лондонда 600-ге жуық түрік тұрады. Солармен ілесіп барған қандастарымыз, өздерінің қазақ екендігін түйсініп, ресми тіркеуден өтіп, қазақ мәдени орталығын құрған. Ол орталық 20 жылдан бері жұмыс жүргізіп отыр. Кейінгі он жылда Исмайыл Кесижи деген бауырымыз осы қазақ мәдени орталығын басқарады. Бұрын Англиядағы қазақ отбасы 40 қана болатын, биыл оларға 5 отбасы қосылыпты. Жастар үйленіп, жеке отау тіккен. Негізінен олар шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Жастары оқып жатыр, түрлі компанияларда жұмыс істейді. Лондонда тұратын Бәшір Жаналтай деген бауырымыз жақында Қазақстанға көшіп келді. Бала-шағасы Лондонда тұрады. Ол - сол балаларын түптің түбінде Қазақстанға көшіріп алуды көксеп отырған қандастың бірі.
- Францияда тұратын қандастарымыздың баласы француз тілінде, Германияда неміс тілінде, Ұлыбританиядағысы ағылшын тілінде білім алуда. Еуропадағы қазақ диаспорасы жастарының тіл білмейтіні жанға бататыны туралы талай айтып едіңіз...
- Еуропа жастарының үлкен мәселесі де осы. Тілдік орта, әрине, жоқ. Оларға тіл меңгерту мәселесінде біраз тірліктер жасалынып жатыр. Нәтижесін уақыт көрсетер. Әке-шешелері қазақша білгенімен, балалары қазақша біледі деп айту қиын. Дәстүрлі Кіші құрылтайларға барып, дөңгелек үстелдер өткізгенде, бірінші талқыланатын жәйт осы. Биыл да сөз болды.
- Елбасының биылғы Жолдауын құрылтайға түрік тіліне аударып апаруға да осы түрткі болып отырған шығар?
- Еуропаның он елінде жүрген бауырларға он тілде аударып апару бізге қиын болды. Бірақ, бәрі түрік тілін біледі. Дөңгелек үстелде Жолдауды таныстырып, елдегі экономикалық жағдайдан мәліметтер бердік. Қазақша-түрікше тілашар жасап апардық. Қалтаға салып жүріп, күнделікті тіл үйренуге ыңғайлы. 2006 жылдан бері қазақ тілін үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасап жүрміз. Алғашқы нұсқасы 780 сөздік қордан тұрады. Былтыр екінші жетілдірілген нұсқасын жасап апарғанбыз. Биыл жаңа бағдарламаның сөздік қоры 3 мыңға жетті. Тіл үйретуді бірте-бірте күрделендіріп отырмыз. Әйтпесе, бірден жырақта жүріп ана тілін үйреніп алу оңай емес. CD таспадағы бағдарламаны қазіргідей ақпараттық технологиялар заманында көбейтіп алу қиын емес. Мен ондағы қандастарымызға "Қазіргідей компьютер заманында елден қазақ тілін үйрететін оқытушы жіберіңдер деген он жыл бұрынғы әңгімені қойыңыздар", деп айттым. Мұғалім де жіберіп көргенбіз. Барған адамның жылдап жатып, тіл үйретуге мүмкіндігі жоқ. Он күнге барған оқытушыдан не үйренуге болады? Ал жаз кезінде тіл семинарларын ұйымдастырып тұрудың жөні басқа. Франциядағы, Ұлыбритания мен Германиядағы елшіліктеріміз сондағы ағайындардың балаларына тіл үйрету курстарын өткізіп жүр. Алғысымызды айттық.
- Елшілік осы шараны өткізуге демеуші табуға да ұйытқы болғанын естіп, қуанып отырмыз.
- Қазақстан Республикасының Ұлыбритания Корольдігіндегі елшісі Қайрат Әбусейітов бастап, елшілік қызметкерлері осы құрылтайды өткізуге де мұрындық болды. Сырттағы ағайынның бәрі бизнесмен емес. Осы жерде елшілік тағы да көмекке келді. Демеушілер тауып, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бірнеше ағылшын компанияларын бұрып, қарайластырды. Өйткені, бірнеше күнге стадион, концерт залын жалға алу, тамақтандыру, 600-дей адамды қонақүйлерге орналастыру оңай емес. Франция, Германиядағы қандастарымыз көп болғандықтан, олар алыстан келген ағайындарды бөліп алып кететін, ол жақтарда құрылтай өткізу оңайырақ. Мен еліміздің сырттағы елшіліктерімен жиі араласатындықтан, олардың елін сүйетін нағыз азаматтар екендігін көріп, тәнті болып жүремін.
- Осы құрылтайдың жақсы дәстүрі бар, ол - жастар бір-бірімен танысып, араласып, достассын деген ниеттен туған би кеші. Осы кештердің соңы үйлену тойларына ұласқан кездері болды ма?
- Болды, болып та жатыр. 2000 жылдың басында басталған үрдіс еді. Ақсақалдар ойласа келе жасаған үлкен дәстүрдің бірі осы. Футбол турнирі, концерт, көрме өз алдына. Би кешіндегі таныстықтың соңы достыққа, махаббатқа айналып жатқан кездері бар. Мысалы, алдыңғы жылы Швецияға барғанымызда Әлихан Жаналтай сонда барып құда түсіп жатыр екен. Сол балалар 2006 жылы Мюнхендегі би кешінде танысқан. Лондонда биыл бас қосқан бес отбасы да осылайша құралған. Лондондағы қазақ мәдени орталығын басқарып отырған Исмайыл Кесижи де келіншегін Қазақстанға іссапарлармен келіп жүріп тапқан. Сол Шолпанымыз 2-3 баланың анасы, осы құрылтайды өткізуге бір кісідей жүгіріп, еңбек етті.
- Құрылтайдың дәстүрлі думаны - футбол додасы. Биылғы турнирге қанша команда қатысты?
- Жылда Еуропаның он елінен құрығанда бір-бір команда келетін. Биыл Дания мен Норвегия сан жағынан аздау болған соң, бір команда болып келді. Франция мен Англия екі командадан қатысты. Диаспора өкілдері бір команда болды, біздің елшіліктің жас қызметкерлері мен студенттеріміз де бір командаға бірігіпті. 12 команда теңбіл доп тепті. Ақтық сында Швеция мен Голландиядан келген қандастарымыз доп додасына шығып, голландиялық ағайындар бас жүлдені алып кетті.
- Сіздің Лондоннан алып келген фотошежіреңізден "Болашақ" бағдарламасымен оқып жүрген Ботагөз бен Болат Тыныбековтерді көзіміз шалды. Біздің балалар қалай оқып жүр екен? Елге қайтатын ниеттері бар ма?
- Мен осы арада мемлекеттік грантпен, "Болашақ" бағдарламасымен оқып жүрген балалардан бөлек қаншама қазақ студенттері сыртта оқып жатқанын еске сала отырып, оларды қадағалауды еліміздің Білім және ғылым министрлігі реттейтін кез келіп жеткенін баса айтқым кееледі. Бұл - бөлек ойласатын мәселе. Министрлік грантпен оқып жатқан балаларды есептеп, бақылап отыр. Ал басқасы біздің балаларымыз емес пе? Елшіліктегі жігіттер олардың консулдық есепке де тұрмайтынын айтып жүр. Ботагөз бен Болатты баяғыда Мәдениет министрлігінде қызмет істеген кезімнен білемін. Тағдыры қиын, талантты балалар. Оқулары аяқталып қалыпты. Корольдік музыка академиясын тәмамдайды. Олар маман болып, елге қайтып келе жатыр. Магистратураға қалуға аса құлықты емес. "Елді сағындық, сыртта жүріп қалдық. Қарағанды облыстық филармониясымен келісім-шарт жасадық", деп отыр. Бір айдан кейін елге келеді.
- Дағдарыс-дағдарыс деп жүріп Душанбеде де Орталық Азия елдері қазақтарының құрылтайын өткізіпсіздер...
- Жылына бір рет Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайымен жүретін едік. Басқа елдердегі жағдай әртүрлі болатын. Биыл қаржылық қиыншылықтарға қарамай, бірқатар ауқымды тірліктер атқарыппыз. Тек тілек болса, осыны орындаймыз деген ынта болса, бәрі іске асады екен. Сәуір айында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстандағы қазақ диаспорасы бас қосты. Осы елдердегі қандастарымыздың қордаланған мәселелері, әлеуметтік жағдайлары ортақ. Душанбедегі елші Әбутәліп Ахметов те көп көмектесті. Көрші елдермен қатынасу оңай болғанымен, Иран мен Ауғанстандағы бауырлармен қарым-қатынас қиындау еді. Олар да келді. Жеке кездесулерде көптеген жәйттерге қанықтық. Осы құрылтайды келер жылы Бішкекте өткізуге ұйғарым жасап отырмыз. Қырғыз еліндегі елшіміз Бақыт Оспанов та қолдау білдіруде.
- Маусым айының соңында Улан-Батырда өтетін басқосудың жай-жапсары туралы білгіміз келіп отыр.
- Моңғолиядағы қазақтарға көңіл бөлмей жатырмыз десек өтірік болар, бірақ, Өлгийдегі қандастарымызға көп қарайлайды екенбіз. Улан-Батыр айналасында 20 мыңға жуық ағайын тұрады. Моңғолияның Өлгийден де басқа 20 аймағы бар. Солардың бәрінде қандастарымыз күн кешіп жатыр. Олар да "Біз де қазақ емеспіз бе?!" деп өкпе айтады. Сондағы елшіміз Орман Нұрбаев жыл басында ішкі Моңғолияда жүрген қандастарымыздың Кіші құрылтайын өткізсек деген ұсыныс айтқан. Амандық болса, 27 маусымда Моңғолиядағы қазақтар Улан-Батырда бас қосқалы отыр. Мұнан да бөлек Ресейде Кіші құрылтай өткізу жоспарымызда тұр. Күзге қарай Өзбекстанға қазақ мәдени орталығының құрылуына 20 жыл толуына орай тоқайласу мүмкіндігі бар.
- Әңгімеңізге рахмет.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
«Егемен» Қазақстан» газеті 6 маусым 2009 жыл