Итке итаяғы, бөріге бостандығы қымбат
Ерте заманнан жеткен аңызда: «Көрші елдермен болған алапат соғыста жаулары түркілерді тегіс қырып салады да, жараланған бір баланы қасқырдың қаншығы асырап алып, бала аман қалады». Сөйтіп түз тағысы ұлттың сақталып, ұрпақтың жалғасуына себепші болған екен. Сондықтан түркі тектес халықтар өздерін Көк Бөріден тарағанбыз деп, қасқырды кие тұтып, қасиетті аң санайды.
Нағыз көкжал қасқыр қауіп төнгенде ұяластарын құтқару үшін: «Құтылу маған серт, құтқармау саған серт» деп қуғыншылармен іштей серттесіп, аңшыларға көріне жортады екен, сабаз. Басқа аңдардың бәрі тамақ берген адамның дегеніне көніп, құлқынның құлына айналады. Тек қасқырлар ғана қолға үйренбейді. «Итке итаяғы бөріге бостандығы қымбат» деген содан қалған . Әртүрлі аңыздар - өрлігіне ерлігі сай келіп, күштіге бас имейтін, төзім мен ептілігі қатар жүретін, әділетсіздікке төзбейтін, ешкімге кегін жібермейтін қасқырдың қасиеттері ұрпағына жұғысты болса екен деп тілеген бабаларымыздың арман-қиялынан туса керек.
Қазақтар мінезді, сертіне берік, ержүрек жігіттерді көкжалға теңейді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына қарай Құдайсыз қоғам құруды көздеген Ленин бастаған діннен безген коммунистер бүкіл мұсылмандарға қасірет әкелді.
Түркістан Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы К.Сорокин: «Мұсылмандардың барын тартып алуда, алып қана қоймай, өздерін өлтіруде. Біздің әскерлер қорғаудың орнына тонап, қанға бөктіруде... Үрейі кетіп, берекесі қашқан халық босып жатыр... Партиядағы жолдастар... жағдайды түзеу үшін ешқандай шара қолданар емес... Маскүнемдік пен бейбастақтық белең алған, әлбетте осының бәрі үшін партия кінәлі. Мұсылман пролетариаты орыстан көмек сұрайды, орыс оған сенбейтінін айтады. Мұсылмандарды түртпектеп, қудалап түбіне жетуде... Ақ-қарасын ажыратып жатпай, дүние-мүлкін, қатын-баласын құртып жіберіп жатқан біздің отрядтардан мұсылман кедейлерінің соры қайнауда... осыншама қорлық-зорлық көре тұра, олардың бізге қандайлық достық сезімде болары айтпаса да түсінікті емес пе? Оларды біздің өзіміз ұлтшыл етудеміз...», - деп жазады. (Тұрар Рысқұлов, Төңкеріс және Түркістанның түп халқы», Мембаспа, Ташкент, 1925ж.,101 бет).
Бұл шовинист Иван Тоболин айтқан: «Маркстік тұрғыдан алғанда, экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір өліп бітуге тиіс», - деген Мәскеудің сұрқия саясатының заманы болатын. Үміт артқан үкіметтің халыққа жасап жатқан осындай қиянаты мен зорлық-зомбылықтарының куәсі болған түркінің көкжалдары: татар - Мірсейіт Сұлтанғалиев, башқұрт - Зәки Валиди, қазақ - Ахмет Байтұрсынұлы, қазақ - Тұрар Рысқұлов, өзбек - Низамиддин Ходжаев, қазақ - Ғабдулхаким Бөкейханов, татар - Саид Ғалиевтар 1920 жылдың маусым айында Мәскеуде, Шығыс халықтары өкілдерінің Орталық бюросының кеңесін өткізеді. Осы кеңесте Тұрар Рысқұлов: «Түркістан мен Қазақстанда Қазан төңкерісі болған жоқ. Орыстар билікті тартып алды да, жеке дара билеп-төстей бастады. Бүгінгі күні бұрынғы губернатордың орнына орыс жұмысшысы отыр. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Орыс отаршылдары мен орыстың Қызыл Армиясын Ресейге қайтару керек. Кеңес үкіметі ұлттық қозғалыстарды қолдауы тиіс. Мұнда ешқандай ұлтшылыдықтың нышаны жоқ. Түркістан мен Кавказда партия ұйымдары құрылып, бірыңғай мұсылмандардан тұратын Қызыл армия жасақталсын»,- десе, Зәки Валиди: «Баршқұртстанда патшаның шенеуніктері Ақпан төңкерісінен кейін жұмыстан қуылып, Қазан төңкерісінен кейін қайтадан қабылданды. Ол аздай Кеңестік аппарат қызметіне патшаның шенеуніктері кіріп алған. Мұндай саясат Шығыстағы төңкеріске зиянын тигізеді. Сол үшін Шығыстағы басшылықтың тізгінін өз қолымызға алып, орталықпен алыстан ғана сыйласып тұрғанымыз абзал»,- дейді.
Ал, М.Сұлтанғалиев: «РКП(б) –ның бағдарламасы Шығысқа емес Батысқа арналып жасалған. Оны өзгертпей осы күйінде қолдану мүмкін емес. Неге біз Шығыс халықтарының мүддесін қорғамайтын бағдарламаны қолдауымыз керек. Сондықтан РКП(б) –ның бағдарламасын өңдеп , оның Шығысқа арналған нұсқасын жасау үшін, бүкіл Ресейлік мұсылман коммунистерінің съезін шақыру керек»,- деген ой тастайды.
Қатысушылар: «Бүкілодақтық мұсылман коммунистерінің съезін Орталық комитеттің рұқсат берген-бермегеніне қарамай, съезд Мәскеуде емес, Баку мен Ташкенттің бірінде өткізілсін. Резолюцияны пысықтау үшін комисия құрамына Саид Галиев, Мирсейт Сұлтанғалиев, Зәки Валиди, Тұрар Рысқұлов енгізілсін»,- деген шешімді бір ауыздан қолдайды. Бұл кезде Рысқұловтың басшылығымен Түркістанда мұсылман жігіттерінен құрылған 30 мың атты әскер жасақталып, соғыс өнеріне жаттығып жатқан болатын. Осы кеңеске қатысқандардың Зәки Валидиден басқаларының бәрі 1937-1940жылдары атылып кетті.
1923 жылы Кремльде өткен IV Ұлттық кеңеске қатысушылар Сұлтанғалиевті контреволюциялық күштермен (басымашылармен) байланысқаны үшін «ұлтшыл» деп жабыла айыптап, партиядан шығарады. Осы кеңестегі Рысқұловтың сөзінен кейін Сталин: «... Сұлтанғалиевтің кемшілігін бетіне басып партияға адалдық танытпадың, Сұлтанғаливпен идеологиялық байланыстасың, мақсаттарың бір екенін жасырасың...»,- деп кінәлағанына Рысқұлов: «Сталин қателеседі»,- деп, ешкім бетіне қарап сөз айту түгілі атын айтуға қорқатын көсемге тайсалмай жұрт алдында ашық қарсы шығып, нағыз көкжалдық мінез танытады. «Түркістан тұтас бол, Түркі тілдес түгел бол» деп барлық күш-жігерін бүкіл түркі әлемін біріктіріп, қуатты мемлекет етуді армандаған асыл азамат, ақырында өз идеясының құрбаны болды.
Сенген үкіметінің басқа ұлттарға «бұратана» деп ат қойып, жері мен бар байлығын иемденіп, оларды қара жұмысқа жегетін құл мен есікте жүретін күң қылуды көздеген патшалық Ресейдің арам пиғылының жалғастырушысы екеніне көзі жеткен Зәки Валиди 1923жылы қыстың күні Иран арқылы шекара асып, ғылыммен айналысу үшін Европа асады. Кетерінде ауырып жатқан пролетариат көсемі В.И.Ленинге жазған хатында, Сталиннің Рудзутак арқылы өзін партия қатарына қайтадан қабылдауға уәде бергенін айта келе: «...1919 жылдың 20-шы наурызында қабылданған «башқұрттың өз армиясы болады» деген қаулыны 14 ай өткеннен кейін, 192 жылдың 20-шы ақпанында Сталин екеуің бұзып, қайтадан қаулы шығарып армияны өздеріңе тікелей бағынатын қылдыңдар. Бүгінде башқұрт армиясы толықтай жойылған. Осыдан кейін сендерге қалай сенемін... Менің Кеңестік Ресейден кетуім Ресейдің Оңтүстік-Шығыс мұсылмандарының тарихында жаңа кезеңді бастайды. Мұсылмандардың өздерінің құқықтары жолындағы күрестері ресейдің ішкі мәселесі ғана болып қалмай, дүние жүзінің назарын аударатын халықаралық проблемаға айналады. Менің мақсатым-осы күрестің мән-мағынасы мен тарихын әлемге жария ету... Сендердің жүргізіп отырған саясаттарың бостандықта өмір сүргісі келетін басқа ұлттарды күшпен бағындырып, тұтқында ұстау. Сондықтан Кеңестік Ресей әр халықтың нөмір бірінші жауы болып қалады...Абай болыңыз, жіберген қателіктердің бастауында сіздің өзіңіздің тұруыңыз мүмкін»,- дейді. (Будьте осторожны, возможно у истоков совершенных ошибок стоите Вы сами). Бүкіл түркілердің жоғын жоқтап, Ұлы Мақсат жолында туған жерді тәрік еткен көк бөрінің ұрпағы 1970 жылы 80 жасында Түркияда өмірден озады.
1934 жылы Сталин Сұлтанғалиевті түрмеден шығарып, шетелде тұратын рухтас досы Зәки Валидиді есебін тауып КСРО-ға шақыр деген талап қояды. Валиди келсе басыңа бостандық беремін деп уәде береді де, оған Саратов облысында тұруға рұқсат етеді. Сол кездеге саяси ахуалды салмақтап, қандастарына өзінен гөрі шет елдегі Зәки Валидидің пайдалы екенін ойлаған Сұлтанғалиев Сталиннің ұсынысынан бас тартады. Айтқанына көнбеген Сұлтанғалиевті 1937 жылы қайтадан тұтқындап, 1939 жылы ату жазасына кесіп, 1940 жылыдң 28 қаңтарында үкімді жүзеге асырады. Халқының болашағы үшін көкжалдық рухын таптатпай құрбан болып кете барды, қайран арыс азамат.
1918-1933 жылдар арасында қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтардан қазақтар 70 пайызынан айырылып, жүздері жасырылмай ашық аспан астында ит-құсқа жем болды. Аштан қырылып, көмусіз қалған адамдардың моласына айналған Қазақстанға 1933 жылдың 1-ші ақпанында Ресейден 1 млн. адамды қоныстандыру туралы Г.Ягоданың қолы қойылған №50062 директива шықты. Бұл құжатта көшіп келушілерге жұмыс орындарын ашып, үй тағы басқа тұрмысқа қажетті аурухана, мектеп салу жайлы іс-шаралар ұйымдастырылу жайлы айтылады. Осы жылдың 13-ші ақпанында Ягода мен ГУЛагтың бастығы Берман Сталинге жазған №50073-ші хатта 2 млн. адамды Қазақстанға жер аудару жоспарларын қалай іске асырып жатқандары жайлы есеп береді.
1937-1940 жылдары сол қырылған халықтың өміріне араша түскен қайраткерлеріміз қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Осы бір азалы кезеңде ұлттық кодтың күзетшісі-көкжалдық мінезден айырылған қазақтардың табиғи болмысы өзгеріп, рухы сөнуге айналған өліара кезде, Сталин бастаған Кеңес үкіметі басшыларының зұлымдығын Гитлердің бүкіл әлемге үстемдік жүргізуді көксеген қанқұйлы жауыздығы тоқтатты. Бұл енді өртті өртпен сөндіргендей құбылыс болды. Қолдан жасалған қиянаттан еңсесі түсіп, есінен айрылған Алаш ұрпақтары «Ел шетіне жау тиді» дегенді естігенде шалажансар денелерге қан жүгіріп, аруақтанып шыға келді. Мыңдаған қандастарымыз өздері сұранып соғысқа аттанды. Ата жауы жоңғарларды жеңгеннен кейінгі қазақтың қас дұшпанмен емін-еркін, бетпе-бет келіп шайқасқаны осы болды. Зұлым саясаттың езгісінен теперіш көріп, өшуге айналған ұлттың көкжалдық рухы майдан даласында қайта оралды. Ұлы Қазыбек бабамыздың: «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса күң боламын деп тумайды» деген ұранды өсиетін тұмар қылып таққан әр қазақ тектілігін әлемге паш етті. «Қазақ – ел емес» дегендердің аузына құм құйылды.
Осы кезең қазақ ұлты үшін – зерттелмей жатқан негізгі тарихи ақтаңдақтардың бірі. Кеңестік дәуірде өмір сүріп, өмірден өтіп кеткен академиктер мен шаштарын қырау шалған бүгінгі күнгі ғалымдарды тарихымыздың ақтаңдақтарын саралауда көкжалдық мінез көрсетпегені үшін кінәлауға да болмас. Бұл енді тәуелсіздіктің азат ауасымен тыныстаған тарихшылардың жаңа легінің еншісінде...
Сөз зергері Ғабиден Мұстафин: «Дүниеден өзің кеткенмен, ізің қалса болғаны. Сол ізбен келіп, сырыңды ашады кейінгілер»,- дейді. Ұлттық кодтың құпиясы «жаным – арымның садақасы» деп, тектіліктің туын жықпай, ел үшін өздерін құрбандыққа шалған ерлердің өршіл рухтарында. Бір анығы: сол сұрапыл жылдары «халық жауы» атанып, атылып кеткен боздақтардың бәрі кейінгі ұрпаққа өнеге болатын ұлттың қаймақтары. Заман өзгергенмен көкжалдардың күресі тоқтаған жоқ. «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қырғыннан кейін 1960-шы жылдары естерін жия бастаған шовинистердің империялық пиғылы бас көтеріп, асты мен үсті байлыққа толы қазақ жеріне қайтадан көз аларта бастайды. Қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен Кеңес Одағының басшысы әпербақан-коммунист Хрущевтың мысын басып, Қазақстанды бөлшектеуден аман алып қалған Жұмабек Тәшеновтың өмір жолы исі түркі жұртына үлгі-өнеге. Бір әттегенайы, Көк Бөрінің киесі қонған асыл азаматқа Елордамыз Астанада осы уақытқа дейін бір ескерткіштің орнатылмауы елдімізге сын. Ғасырлар тоғысында бір туатын ұлы тұлғаның бейнесі бәйтерекпен иық тірестіріп тұрса «жаңғыртып жер сарайын» (Қасым Аманжолов) келетін ұрпақтың рухы асқақтар еді ғой.
Осындайдан әңгіме туады. Америкада оқып журген қызына барған таныстарым көшеде «кімсіңдер» деп сұрағандарға қызы «чайна», яғни «қытаймыз» деп жауап беріп, «қазақпыз» десең мұндағылар «борат» деп кемсітеді деп қорланыпты.
Осындайда еске түседі. 1987 жылы қабардин-балқар еліне отбасымызбен турист болып бардық. Бірде елдің орталығы Нальчик қаласында автобуста келе жатқанымызда, жетпістің жуан ортасына келген балқар ақсақал орнынан атып тұрып, «қазақтар отырыңдар» деп орын берді. Біздің «отырмаймыз» дегенімізге қарамай иін тірескен көліктің ішінен жолаушыларды тұрғызып бізді отырығызып көңілі жайланғаннан кейін: «Айналайындар, 1940 жылдары елдеріңе аш- жалаңаш жер аударылып барғанда қазақ ұлтының арқасында аман қалдық. Қазақтар бізді бөтенсімей, бір үзім нанымен бөлісіп, бауырларына тартты. Сендерге біз түгілі ұрпақтарымыз өмір бойы қарыздар», -деп, көзіне жас алды. Көзі ашық, көкірегі ояу кәрия отырғандарға қазақтардан көрген жақсылықтарын еске түсіріп, тамыры бір түркілер туралы әңгіме айтты. Оқу орындарында басқа жұрттың тарихын оқыған біздер үшін бұл ерекше жаңалық еді. Содан қояр да қоймай қонаққа шақырып, ағайын-туыстарын жиып, жандары қалмай құрмет көрсетті. Аға ұрпаққа деген құрметіміз артып, өзіміздің қазақ болып туғанымызға мақтаныш сезімі пайда болды.
Қазір жер-жерде «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіштерін қою сәнге айналуда. Дұрыс қой. Қазақстан 130 ұлттың мекені «ұлттар достығының лабораториясы» деп мақтандық. Бәрі орынды. Ал енді бастарына түскен ауыр кезеңде жерімізді паналап, ел қатарына қосылған түрлі этностардың қазақ ұлтына деген ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі ретінде «Қазақ еліне мың алғыс» монументтерін өз елдерінде орнатса нұр үстіне, нұр болар еді. Ескерткіш өткенге тағзым етіп, тарихтан тағлым алатын орынға айналып, халықтар арасындағы достықты нығайтумен қатар, басқа мемлекеттерге қазақтардың дархандығы мен кең пейілдігін мойындататын іс-шараға айналар еді. Аталарының қазақ ұлтынан көрген жақсылықтары үшін Нальчикте кездескен балқар кәрияның ұрпақтары кем дегенде 30 мемлекеттен табылатыны атқан таңдай ақиқат екеніне күмәнім жоқ. Тек осындағы тойшыл ағайындары оларға құлақ қағыс етсе жетіп жатыр. Қазақтар « жыламаған балаға емшек бермейді» демеуші ме еді. Сонда шетке шыққан жастар Америкаға барған қызымыз сияқты қорланбай, басқа жұрттың алдында жүздері ашық болар еді.
«Мың өліп, мың тірілген» қазаққа Жаратушы тәуелсіздік бақытын сыйлады. Ұлтты тарихи тамырынан айырып, қазақтан «қара орыс» шығаруды көксеген Кеңестік идеологияның ниетінің бұзықтығынан болса керек, ай мен күннің аманында КСРО-ның аяғы аспаннан келді. «Біреуге ор қазба» деген сөз осындайдан қалған ғой. Кім біледі, Кеңес Үкіметі тарқамаса, ұлттық кодымызды іздемек түгілі төрімізге «күн көсем» Лениннің портретін іліп, Ресейдің бір Автономиясы болып отырар ма едік?...
Көпшіліктің ішінде: « Егер ұлттық кодты ертерек іздесек бәрі басқаша болар еді»- деген пікірлер де айтылып жатады. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Алла Тағала әлсіз мүмінге қарағанда күшті мүмінді жақсы көреді». «Қап әттеген-ай! Егерде мен бұл істі былай бастағанымда ғой»,-деп айтушы болма. Керісінше, «Бұл іс Алла Тағаланың қалауымен болған іс»,- деп сабыр ет. Өйткені «егер де» деген сөз сәтсіздікке себепші болады»,- деген екен.
Бүгінде Қазақстандық қоғам саяси дағдарыста екені ешкімге құпия емес. Сондықтан ұлттық кодты іздеу - жаңғырудың бастауы деп қарағанымыз абзал. Басқа жол жоқ. Алдау мен алданудың да шегі бар. Қолында билігі барлар халықтың қалтасына қол салып, құлқынның құлына айналуда.
Американың аярлығынан, Орыстың озбырлығынан, Қытайдың қитұрқылығынан қорғап қалатын - Көкбөрінің рухы, көкжалдық мінез! Біз осындай асыл қасиеттерімізден айырылып қалған халықпыз. Содан да болар зұлым саясаттың құрбандары - миллиондап аштан қырылған бауырларымызды өз дәрежесінде жоқтай алмай келе жатқанымыз. Намысы тапталып, жетімнің күйін кешіп жүрген, шеттен елге қарап жаутаңдаған қандастарымызға қамқор болудың орнына алпауыттардың қабағын бағып, пүшәйман тірлік кешіп жүргеніміз.
Сондықтан Тәуелсіздігіміз тұғырлы, басымыз түгел, бауырымыз бүтін болсын десек - руына, жүзіне, ұлтына, партиясына қарамай нағыз көкжалдар біріккенде ғана ақын Темірхан Медетбек жырлағандай:
Еңкейгенге еңкейдім,
Шалқайғанға шалқайдым.
Қысқанда,
Қу ағаштан бушығардым.
Сыққанда,
Қара тастан су шығардым.
Атанды асықтай аттым.
Қарсы келгенді,
Қазықтай қақтым.
Алшайып жүрдім,
Талтайып тұрдым, - деп еш пендеге жалтақтамай, ен далада еркін жортқан Көкбөрі бабаларымыздың асқақ рухының оянуына себепші болады.
Рамазан Құрманбаев
Abai.kz