Ләззат Қалдыбекова: «Қыз қылығы өз қоғамынан алыстап кете алмайды...»
Бүгінгі қазақ қыздары қандай? Бағзы заманнан дала заңына бағынған, еркелігі мен еркіндігін тел ұстаған арулар бүгінгі заман ағымында табиғи қылығын жоғалтып алмады ма?
Жуырда өткен «Қазақ аруы-2011» байқауы осы сауалдардың бетін біраз ашқан сияқты. Көздің жауын алатын арулар тән сұлулығы мен жан жауһарлығын жұрт алдында жария етіп, ел аруы атағы үшін бақ сынасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ге тарта қазақ бойжеткендерінің арасынан суырылып, «Қазақ аруы-2011» бәйгесін алматылық сұлу Ләззәт Қалдыбекова иеленді. Бір қызығы, Ләззат бұған дейін де біраз бәйгенің басын қайырған екен: Халықаралық «Бозторғай» фестивалінің жүлдегері, «Театр көктемі-2010» фестивалінің «Тұсау кесер» номинациясының иегері болыпты. Ал «Сәрсенбілік сұхбатта» 22 жастағы ел аруы - Мұхтар Әуезов театрының актрисасы не айтады? Оқып көріңіз...
- Бұрындары көп қыздың ішіндегі Ләззат едің, енді қазақтың бірінші аруы болдың, бұл атақтың жауапкершілігі қандай екен?
- Әрине, «Қазақ аруы» деген атқа лайықталған соң, мойныма үлкен жауапкершілік жүктелгені рас. Ендігі жерде қазақтың бірінші сұлуы деген атыма кір келтірмей, өзіме жүктелген міндетті абыройлы атқару - оңай шаруа болмайды...
- Қазақтың кез келген қызына жүктелер арулық ар-намысты барша бойжеткен бірдей түйсінбейді-ау...
Бүгінгі қазақ қыздары қандай? Бағзы заманнан дала заңына бағынған, еркелігі мен еркіндігін тел ұстаған арулар бүгінгі заман ағымында табиғи қылығын жоғалтып алмады ма?
Жуырда өткен «Қазақ аруы-2011» байқауы осы сауалдардың бетін біраз ашқан сияқты. Көздің жауын алатын арулар тән сұлулығы мен жан жауһарлығын жұрт алдында жария етіп, ел аруы атағы үшін бақ сынасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ге тарта қазақ бойжеткендерінің арасынан суырылып, «Қазақ аруы-2011» бәйгесін алматылық сұлу Ләззәт Қалдыбекова иеленді. Бір қызығы, Ләззат бұған дейін де біраз бәйгенің басын қайырған екен: Халықаралық «Бозторғай» фестивалінің жүлдегері, «Театр көктемі-2010» фестивалінің «Тұсау кесер» номинациясының иегері болыпты. Ал «Сәрсенбілік сұхбатта» 22 жастағы ел аруы - Мұхтар Әуезов театрының актрисасы не айтады? Оқып көріңіз...
- Бұрындары көп қыздың ішіндегі Ләззат едің, енді қазақтың бірінші аруы болдың, бұл атақтың жауапкершілігі қандай екен?
- Әрине, «Қазақ аруы» деген атқа лайықталған соң, мойныма үлкен жауапкершілік жүктелгені рас. Ендігі жерде қазақтың бірінші сұлуы деген атыма кір келтірмей, өзіме жүктелген міндетті абыройлы атқару - оңай шаруа болмайды...
- Қазақтың кез келген қызына жүктелер арулық ар-намысты барша бойжеткен бірдей түйсінбейді-ау...
- Қазір көпшілікті қазақ қыздарының ашық-шашық немесе қысқа киіп, темекі шегіп кеткені ғана толғандыратын сияқты. Әлбетте, бұл бір ғана қыздардың кінәраты болмаса керек, қоғамда қалыптасқан кері жағдайларға қыздар ғана кінәлі десек, үлкен ағаттық болады. Бұл - үлкен әлеуметтік проблема, онымен мемлекеттік деңгейде айналыспасақ, соңы тіптен аянышты болатын сияқты. Қыздың қылығы өз қоғамынан алыстап кете алмайды. Өйткені қыз дегеніміз - мінезі жібектей есілген, ибалы да инабатты, болашақ ана, асыл жар емес пе? Дегенмен қыздарды қысқа киді деп, қатты сөгуге тағы болмас. Мәселен, мен де бүгінгі заманға сай үлгімен қысқа киім киюім мүмкін. Бұған қарап, қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты білмейді деуге болмайды.
- «Қазақ аруы» атанған бойжеткенге қандай ер-азаматтар ұнайды?
- Маған қарапайым да қайсарлы қазақ ұнайды. Яғни ақылын парасатқа ұштаған, елі мен жерін сүйетін патриот жігіттер кез келген арудың көңіліндегі тұлға дер едім...
- «Қазақ аруы» атағын алған жеңімпаз қыз «Әлем-миссі» бәйгесіне қатысу құқығын ала ма? Мәселен, бұрындары ол байқауға «Қазақстан миссі» ғана қатысушы еді...
- Бұл байқаудың іргетасы жаңадан қаланды. Бұдан былай байқаудың басы-қасындағылар «Әлем миссі» сияқты жоғары мәртебелі сайыстарда сыналуға жолдама беретін мүмкіншілік жасайтын болар. Ол жағын нақты айта алмаймын...
- Байқауға үміткер бес жүз қыздың арасынан топ жаруыңа қарағанда, сұлулығың мен өнеріңе халқымыздың салт-дәстүрін жетік білетіндігің де септігін тигізген шығар? Бойыңдағы қазақи қылық, ұлттық нақыш қайдан дарыды деп ойлайсың: ата-анаңның қанымен сіңді ме, әлде кейін оқыптоқумен қалыптасты ма?
- Мен өзім Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласының тумасымын. Әке-шешемнің бойыма сіңірген тәрбие-тәлімі бірінші кезекте болса керек. Оның үстіне, Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірсем, қалайша қазақы қылықтан ада болуым мүмкін?! Ал қазіргі уақытта қазақтың нағыз өнер тарландары тер төккен «әкемтеатрда» актрисамын. Яғни жан-жағым - қазақылыққа тұнып тұрған өнерлілер ортасы. Ал қазақ болғаннан кейін ана тіліңді білмеу, салт-дәстүрден хабарсыз болу деген мүмкін емес.
- Ал «қазақтың сұлу қыздары ұлттық құндылық ретінде бағаланбайды, байқау өткеннен кейін арулар ұмыт қалады», - деп дабыл қағуға негіз бар ма?
- Қандай да бір игі шаралардың жалғасын табу үшін, оның басы-қасында жүрген ұйымдастырушылар септігін тигізіп, демеп отыруға тиіс. Мәселен, «Еларна» телекомпаниясынан «Қазақ аруы» атты жаңа бағдарлама ашылмақ. Ал мен бір жыл бойы сол бағдарламаны жүргіземін. Бұл «Қазақ аруы» байқауының жалғасын табуына үлес қосар, бәлкім. Әрине, түрлі белесті бағындырып, жарқырай көзге түсу үшін, кім де болсын, талпына білуі керек. Қазір біз алып-ұшып тұрған жастармыз ғой, алар асу, бағындырар белес әлі көп. Шындығында, өнер адамы театр шеңберінде жүріп көп таныла бермейді. Сондықтан теледидар мен кинода өз бағымды сынап көрсем деген ұмтылысым бар. Ол үшін тек тынбай еңбек етуім керек.
- Жұлдызы жарқырап, ел аруы атанған ай маңдайлы аруларымыздың бір-екеуі өзге ұлттың жігітімен дәм-тұзы жарасып, бөтеннің етегінен ұстап кетіп қалғанын білеміз...
- Мұндай жағдай қазақ тілінде дұрыс сөйлемейтін, салт-дәстүрдің мәнін түсінбейтін, орыстанған, еліктегіш қасиетке бейім қаланың кейбір қыздарынан шығады деп ойлаймын. Келісесіз бе, мәселен, ауылдан келген қаракөз қыздар африкалық жігітке тұрмысқа шығып кетпейді ғой. Кезінде Алматыға алғашқы келгенімде, айналамдағы қыздар орысша сөйлей алмайтыныма соқтығатын. Бритни Спирс сияқты киінген олар шетел азаматтарын көрсе, солардың етегінен ұстауға тырысатын. Ал мен әдет-ғұрыпты жақсы білетін қазақтың қызы екеніме мақтанамын. Қазақта неше түрлі керемет азаматтар бар ғой. Замандастарым шетелдіктерге тиіп өздерін де, елін де қорламаса екен деймін...
- Айтпақшы, қазақтың кең даласына сай ерке мінезді қыздары өздерін діннің шеңберімен шектегеніне қалай қарайсың? Соңғы кездері хиджаб киген қыздардың қатары көбейіп кеткені жаныңа батпай ма?
- Әрине, біз мұсылман болғаннан кейін бес парызды орындауға міндеттіміз. Бірақ осы хиджаб мәселесіне келгенде, екіұшты пікірлердің бары рас. Бәлкім, мен түсінбейтін себептер көп шығар. Өз басым, қазақ қыздарының бүркеніп, тұмшаланып жүргеніне келіспеймін. Мұсылмандықтың шарты, меніңше, міндетті түрде хиджаб киюде тұрған жоқ. Кезінде апаларымыз хиджаб емес, кимешек киді, келіндер орамал тақты, ал қыздарымыз бұрымын көрсетіп, қосетек көйлегін киіп-ақ дінімізден ажырамай, осы күнге жеттік емес пе? Мұнда мен басқанікін де дұрыс емес деп, ешкімді кінәлай алмаймын. Бұл - жеке өз пікірім.
- Енді өнер саласына келейікші, Мұхтар Әуезов театрына келгеніңе көп болмаған шығар... Кесек рөлдерге жете алдың ба?
- Осында қызмет жасағаныма төрт жылдың жүзі болып қалды. Алғаш келгенде «Бес бойдаққа бір той» деген спектакльдегі кішкентай қыздың эпизодтық рөлінде ойнағанмын. Ал әзірге бас-аяғы үш-төрт қана рөлім бар. Айтпақшы, биылғы қоян жылы - менің жылым. Шығыс күнтізбесі бойынша, әр адамның туған жылы өз жақсылығымен келеді екен. Демек, менің жолашар шақтарымның баспалдағы енді басталған сияқты. Әншілік өнерімді де даралап, жақында бір әніме бейнебаян түсірмекшімін. Сондай-ақ аталмыш театр ұжымымен Түркияға «Сұлу мен суретші» деген спектакль қоюға гастрольдік сапар жасағалы отырмыз. Одан келе салып, Талдықорғанға режиссер Дамир Манабайдың «Лоторея» деген комедиялық фильміне түспекшімін. Онда Сәлима деген қыз болып басты рөлде ойнаймын.
- Жалпы, өнерлі жастар арасында қоғамның қандай кілтипанын сөз етесіңдер?
- «Ел болашағы - жастарда» десе, біз «ХитТВ» сияқты жастардың көп көңіл қойып, сүйіп көретін телеарналарынан қазақ өнері насихатталмайтынына қайран қаламыз. Өйткені қазір жас қыздардың көбі осындай оғаш қылықты ақпарат көздеріне қарап бұзылатын сияқты. Құдайға шүкір, қазақтың әндері де, әншілері де көп, бірақ олар «Рахат» сияқты жастар көп көре бермейтін арналардан беріледі. Қазір жастардың арасында ағылшын мен орыс әншілері жаулаған «ХитТВ» арнасы нағыз «хит» болып жатыр. Өзім қазақи оңтүстіктің қызы болғандықтан ба, «ХитТВ» сияқты алабажақ арналарды көп қарай бермеймін. Ал түріктің сериалдары маған өте ұнайды. Ондағы оқиға желісінің мән-мағынасын тамаша жеткізетін қазақша аударылым да керемет. Неге бізде тура солай тек қазақ тілінде сериалдар түсірмейді? Өзімізде де керемет актрисалар бар, неге соларды таңдамасқа? Осы жағын түсінбеймін...
-Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен -
Ардақ ИМАНБЕКҚЫЗЫ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 13 (96) 13 сәуір 2011жыл