Алматы әкімі қаланың коммуналдық қызметінің алдағы қысқа дайындығын тексерді
Бауыржан Байбек мегаполистің барлық аудандарына қала тұрғындарының қарды уақтылы тазарту және өзге де өтінімдеріне шұғыл назар аудару үшін «жедел» желі мен учаске бастықтарының, аудан әкімдері орынбасаларының байланыс нөмірлері жазылған ақпараттық стенд орнатуды тапсырды. Бұл ақпарат Алматы тұрғындарына қолжетімді болу үшін Ғаламтор желісіне ашық түрде жарияланады.
Алматы көшелерін реконструкциялау аясында және «Қала адамдар үшін» концепциясын жүзеге асыру барысында коммуналды қызметке жаяу жүргіншілер тротуарларын, аялдамаларды жедел тазарту, аулалар ішін тазартуда ПИК-тердің жұмысын күшейту қажеттігі ескертілді. Осы іске жауапты мердігерлік ұйымдардың жұмысын Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бақылайтын болады.
«Қаланы реконструкциялауға байланысты жаңарған даңғылдар мен көшелерде арнайы техника, оның ішінде көпфункционалды Pony машиналары, мини жүктиегіштер, жеңіл тракторлар жұмыс істейтін болады. Ал жұмысшылар төселген заттарға еш ақау түсірмейтін арнайы құралдарды пайдаланады», - деді басқарма бастығы Әсет Масабаев.
Ол өзінің сөзінде қалада қардан тазартылатын жолдың жалпы көлемі 20 млн. м².екенін айтты. Көшелерді қыста 13 мердігерлік ұйым, 1285 арнайы техника бірлігі тазартады. Жол тазалайтын жұмысшылар санын 1700-ден 3200 адамға жеткізу жоспарланған.
Аудандар бойынша өндірістік базалар құрылған, бұл қар тазалау жұмыстарын 1,5 есе жеделдетеді. Жұмысшылар дислокациясы жанына модульды контейнерлер қойылады, олар сол жерде киініп, жылынып, ыстық ас ішеді. Полиция және Құтқару қызметімен бірге эвакуатор кезекшілігі ұйымдастырылады және сыпыру-жинау техникалары қатар жүреді.
Abai.kz