Жексенбі, 24 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 6368 48 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 16:24

Қазақ неге рушыл?

Өз елім туралы жазyыма қазіргі қазақ қоғамындағы қарама-қайшылықтар түрткі болды. Ақпарат легі қарқындап жүріп жатқан қазақ қоғамында, өз елімде алауыздық болмаса екен, кешегі көзқарасы бір саясаткерлер, дос-жарандар, қарапайым қазақтар арасына қоғамдағы қарама-қайшылықтарға байланысты жік түспесе екен деймін. Себебі, өткен ғасырдың басында өмір сүрген қазақ арыстары «Қазағым қалай ел болады?» деп бар білімін, күш-жігерін, қажыр-қайратын сарп еткен, араларына сұрқия саясат арқылы жік түскеннен ауызбірліктен айрылған, нақақтан құрбан болған, ақырында арманда кеткен еді. Қазақтың басына түскен сол зобалаң енді қайталанбаса екен деген ниетпен, "Қазақ неге рушыл?" деген сұраққа жауап іздеп көрмекпін. 

«Бүгінгі кезеңде бүкіл қазақ халқын рулық сезім жаулап алды. Біреумен жолыға қалсаңыз, ол міндетті түрде алдымен қай жүзден, қай рудан екеніңізді сұрайды. Рас, әркім ата-тегін, руын білгені жөн. Бірақ, рулық сезім бүкіл қазаққа ортақ – елдік, ұлттық мүддені басып кетпеуі керек (М.Шаханов)».

Небір керемет туындыларды дүниеге алып келген әйгілі ақынымыздың осы айтқанына толық қосыламын.

Біздің замандастарымыз, Қазақстанның әр бұрышынан оқу іздеп келген жастар, бір-бірімізден ру сұраспайтын едік. Осы 2000-жылдарға дейін, әртүрлі мекемелерде, жұмыс орындарында кездескен қазақтарда қазіргідей ру сұрасу (негізі жүзге, руға бөліну) сирек кездесетін.

Сол кездерде республика басшылығында, зиялы қауым арасында руға, жүзге бөліну болған деседі, ал жалпы халықта қазіргідей деңгейде болмаған еді. Әрине, ауылдарда руға бөліну болатын, сол ауылдарда тұратын қазақтардың бірталайы рулық жүйенің ең төменгі сатысын ғана біліп, одан жоғарыларын білмеуі де жиі кездесетін. Егемендік алғаннан кейін ұмытылып бара жатқан ата-тегімізді танып-біліп, ардақтау үшін «Ана тілі» газетінде және басқа жарияланымдар мен тайпа-рулардың шежірелерін жинақтаушылардың еңбектері жарияланды, ел арғы ата-бабасын, шыққан тегін біле бастады.

Мені алаңдататыны, қазіргі өскелең ұрпақтың өз руын басқа рулардан артық деп есептейтін сезімге ие бола бастағаны. Ол ол ма, қазіргі ел ағаларында да, ата-әжелерде де осы түсініктердің етек жайып бара жатқаны. Ең қауіптісі, қазақ арасында өз руын мақтан ету, өз руын өзге рудан артық көру. Ал, өз руын мақтан етем десе қай ру өкілінің де мақтан тұтар ата-бабасы табылары сөзсіз. Меніңше, бұл басы бірігуі қиын қазақ үшін өте қауіпті тенденция.

Кейбіреулерден, әсіресе жасы ұлғайған адамдардан біреудің құдаласып жатқан елі туралы «олар жақсы» немесе «олар жаман» деген пікірді естіп жатасың!? Сөйтіп отырып, өз елінің өкілімен немесе өзінің жақын ағайынымен болмашы нәрсеге бола ырың-жырың болып жүргенін естен шығарады.

Бір досым – «Кейде менің руластарым өз руымызды шарықтатып мақтап жатқанда біздің бәріміз мақтауға тұрарлықтай еместігімізді, біздің де неше түрлі екендігімізді, басқалардың да бізден артық болмаса кем еместігін ойлап, ұялам» деген еді. Расында, баяғыда өткен ата-бабамыздың ерлігіне біздің еш қатысымыз жоқ, мақтану керек болып жатса, қазіргі өзің бітірген іспен мақтан.

Жауларымыз тарихтың әр кезеңдерінде қазақ руларын, жүздерін әртүрлі желеулер тауып шағыстырған, араға іріткі салған. Соны қазіргі жауларымыз гүлденген Қазақстанды құрту үшін пайдалануға тырысуда, неше түрлі ақпарат көздері арқылы Қазақ елінің ауызбірлігіне нұқсан келтіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Сондықтан, мені көптен бері толғандырып жүрген ойдың бірі жүзге, руға бөліну қазақ үшін қаншалықты қажет?! Меніңше қажеттілігі шамалы, себебі:

1) әр ақпарат көзі шежіре бойынша әртүрлі деректер келтіреді, сондықтан әр қазақ өзіне ұнамды деректің дұрыстығын дәләлдеп әлек;

2) өз руын басқалардан жоғары қою белең алуда;

3) Қазақстанның әр өңірі және әр рудың өкілдері туралы шыңдыққа жанасатын-жанаспайтын көзқарастар мен өзге жүз, ру өкілдеріне қатысты жаңсақ стереотиптер қалыптасуда (ана ру жақсы, мықты, мына ру нашар, жаман деген сияқты);

4) осы және басқа себептер арқылы қалың қазақ арасына жік салынуда.

Осы жағдайлардан туындайтын басқа да мәселелер жеткілікті, айтып отырғандарым, бастылары ғана.

Әрине, бұған өре түрегеліп қарсы уәж айтатындар да, рушылдықтан ешқашан құтылмаймыз дейтіндер де жеткілікті. Негізі, осы мәселелерге қатысты, әсіресе ру немесе белгілі бір өңір өкілдері туралы жаңсақ пікір айтатындарға менің келтіріп жүрген дәлелім мынадай: Бір жүздің, рудың немесе өңірдің адамы тұрмақ, бір әке-шешеден туған балалардың өзі бір-біріне ұқсамайды. Мұндағы әңгіме түрі емес, мінезі, жүріс-тұрысы, еңбекқорлығы, адамгершілігі сияқты жеке бастың қасиеттері туралы. Ал біз болсақ, бүкіл ру немесе өңір өкілдерін бірдей етіп сипаттай саламыз!?

Қай ұлттың, жүздің, рудың, өңірдің өкілі болсын ішінде данасы да, қу-сұмы да, момыны да, жынды сүрейі де, ақылдысы да, ақымағы да табылады.

Кезінде қазақтар кездескен адамнан жөн сұрауды «Қай туғансың?» деп бастаған, яғни сұрақты танысқан адамды өзіне жақын тарту үшін қойған. Сонда ол не бауыры, не нағашысы, не жиені, не құдасы, не бажасы, не балдызы дегендей, алыс-жақын ағайыны (туысқаны) болып шығатын еді. Қазір «Қай туғансың?» деген сұрағыңызды кейбіреулер түсінбейтін жағдайға жеттік. Заман да, адам да өзгерген, қазіргі кезде «Руың кім?» деп жақын екенін, не бөтен екенін анықтаймыз... Орыс боданына айналғанға дейін руға бөліну қажет болған шығар, кейін оны жауларымыз қазақтың, Ж. Молдағалиевтің сөзімен айтсақ «Жүзге, руға ұнталған көшпе халықтың» бірлігіне нұқсан келтіру үшін іс жүзінде талай пайдаланғаны тарихтан белгілі.

Кей тайпа (ру) өкілдері Д.Трамптың қолына жас баланы ұстап сөйлегенін, басқа да көптеген материалдары монтаж жасап өз тайпасын (руын) қазақтың ішіндегі мықтысы дегенді әлеуметтік желілерден жаудырды. Былай қарасаң жәй, күлкі үшін сияқты, дегенмен оны әр адамның өз өресіне қарай өзінше қабылдайтынын ескерсек, қазақтың бірлігі жағынан алсақ, мүлде зиянды дүние.

Кеңес кезеңінде қарапайым қазақтың көбісі қандықол режимнің құрбаны болған ұлыларымыздың, республиканың дамуы жолында ұзақ жылдар еңбек етіп басқарған Дінмұхамед Қонаевтың, қазақ жерінің тұтастығы жолында ерлік жасаған, қазақ елі үшін басқа да қыруар қыруар еңбек сіңірген Жұмабек Тәшеновтың, батырларымыз Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдиновтың, ұлы жазушыларымыз Мұхтар Әуезов пен Ілияс Есенберлиннің, атақты споршыларымыз Әмин Тұяқов пен Жақсылық Үшкемпіровтің және басқа да қазақтың біртуар азаматтарының қай рудан екенін білмейтін, әр қазақ оларды өзінің мақтанышы ретінде қабылдайтын! Солай болуы тиіс!

Орыстың отарына айналған кезден бастап осы күнге дейін руға бөлінгеннен қандай пайда таптық?! Руымызды, тайпамызды, жүзімізді білгеннің қаншалықты артықшылығы болды?! Пайдасын көрсетіңізші. Мен көрсете алмаймын. Сондықтан, заман өзгеріп кеткенін, қазір руласым деп бір атақты адамды айтып мақтану үшін не бөліну/бөліндіру үшін пайдаланылатын рушылдықтың қажеттігі жоқ деп есептеймін. Мына зырылдаған жаһандану заманында әр қазақ төменгі деңгейдегі руын ғана, тіпті жеті атасын ғана білгенінің өзі жеткілікті шығар?! Даулы әрі толғандыратын мәселе!

Қазақты жамандаса аса мән бермейтін, ал руына тіл тигізсе өре түрегелетін қазақ болуымыздың өзі қорқынышты тенденция екенін мемлекеттік деңгейде мойындап, идеологиялық жұмыстар жүруі керек. 

Шындығына келсек, рулас тұрмақ, болмашы нәрсеге бола ағайындылардың -бірін-бірі көрмей кетіп жатқаны да кездеседі...

Әртүрлі халықаралық жиындарға барғанда байқағаным бізден өзге жұртта дәл осындай бөлінушілік жоқ екен. Көршілес өзбек, қырғыз мемлекетінің өкілдері халықаралық ұйымдармен жүргізілетін жұмыстарды өз ұлты азаматтарының қолмен істейді. Олар руға бөлінбейді, өз ұлтының өкілін сол ұйымдарға тартуға тырысады, бірігіп жұмыс атқарады, жұмысты атқару барысында өзара өз тілінде ғана сөйлеседі.

Біздегі жағдай қалай? «Темір перде» ашылғаннан бастап халықаралық ұйымдарға негізінен басқа ұлт өкілдері еніп алған, ішіндегі бірен-саран қазақтың басым бөлігі өзім жүрсем болды деген ұстанымда сияқты. Қазақтар көбейсін, қазақты тартайық деп өз елінің өкіліне бүйрек бұру жоқ. Әркім өз күйін күйттеп жүр...

Айтпағым, руға, жүзге бөлінгендік қазақтың ауызбірлігіне, бүкіл қазаққа ортақ – елдік, ұлттық мүддеге нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан, қаным қазақ деген әр азамат руға-жүзге бөлінуді емес, дүниежүзілік қауымдастыққа белгілі ұлт дәрежесіне жетудің қамын ойластыруы қажет.

Бұл бағытта қоғамда болып жатқан оң өзгерістер де жеткілікті. Ақын-жазушыларымыз да, өнер адамдары да, қоғам қайраткерлері де қазақтың ру-тайпаға, өңірлерге бөлінгенінің дұрыс емес екеніне, ұлттық намыс пен ауызбірлікке, қазақ туының астына бірігуге қатысты туындыларын шығарып, таратуда. Шіркін, сол шығармаларды тыңдап, көңіліне түйіп, қажетті тұжырым шығарып, іске көшетін қазақтар саны көбейсе! Себебі сан қырлы дарын иесі, журналист Сағатбек Медеубектің сөзімен айтсақ: «Қазір айтқаннан тыңдаған маңызды, тыңдамайтын қазақ көп».

Заманымыз тыныш болса, жоғарыда айтылған қазақ арасындағы қайшылықтар да, руға бөліну де жойылады деп ойлаймын, тек уақыт өтіп, ұрпақ ауысуы керек. Егемендікте туған ұрпақта бізде бар жалтақ психология да, кертартпалық та болмауы тиіс деп есептеймін.

Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған байтақ елімізді сақтап қалу, Отанымызды дамыған мемлекеттер қатарына қосу мемлекет басшылығының ғана емес ұлт бірлігін қамтамсыз етуі тиіс әр қазақтың жеке ісіне айналғанда ғана ұлттық деңгейдегі оң нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Руға бөлініп бүгінгідей жүре берсек, мемлекет болып қалудың өзі қиынға соғарын ескерткім келеді.

Қапар Үсен, ботаник-эколог, биология ғылымдарының кандидаты, Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, 100-ге жуық ғылыми  мақалалардың, бірнеше монография мен оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың  авторы.

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671