Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дат 5233 7 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 17:50

Банк халықты қашанғы тонайды?

1989 жылдары 12 жастағы жүгіріп жүрген ойын баласымыз, үйде «рассвет-307» теледидар болушы еді, ақ қара түсті көрсете тұғын «Спрут-7» комиссар Катане киносында банк  қызметкері біреуге хабарласып «Мисте Антинаре ваш банк  в банкроте» дегені сол-ақ еді, әлгі кісі  жүрегін ұстап  өліп кетті. Сонда Кеңес әкемнен сұраймын «Әке банкрот деген не?» деп, «Әлгі кісінің банкіңде мүлдем ақша қалмапты балам» дегені әлі есімде.

Сөйтсем, адам біткеннің бәрінің ойлайтыны  осы  ақша  екен құрғыр. Онсыз  ешқандай  шаруаң бітпейді екен. Кез келген балмұздақтың өз құны болатыны секілді тегін  ештеңе жоқ екенін түсіндім. Әдебиеттен «Крыловтың баснясындағы» тегін ірімшіктің тек тышқанға құрылған қақпан ішінде  ғана болатынын оқығанымызда  одан сайын аңғара бастадым. Өсе келе  түсіндім, адамзаттың арғы-бергі тарихын қарап отырсам, Перғауындардан бастау алатын қол астына қарайтын сән-салтанатты місе тұтпай, басқа елге жорық жасап күш көрсетіп, жердің асты-үсті байлығын тартып алып байыған үстіне баюды мақсат тұтқан. Оған итермелейтін нәрсе адамдардың аяқ астынан байып шыға келуге деген шексіз құмарлығы болса керек.

Әу баста адамзат алтынды күннің, жарықтық, сән-салтанаттың, биліктің, мәңгіліктің белгісі деп ұққан. Уақыт өте келе, алтын әр мемлекеттің қуаты мен байлығының қайнар  көзіне айналды. Қай елдің алтын қоры көп, сол елдің  тұрмысы асқақ, экономикасы  тегеурінді  екенін көзіміз көріп отыр. Адам баласы алтынның нарқын  білгелі бері, оған деген құмарлық  басылған емес. Сол сары темір  үшін  жан беріп, жан алысқан, атысып-шабысып, ит өлген өлкеге сапар шегіп, жолда неше түрлі  қақтығыстарды бастан кешіп, өліктері  көмусіз  айдалада шіріген. «Алтынның буымен» ауырғандар Американың ашылуымен байланыстырады.

Өз заманында айдарынан жел ескен Христофор Колумб Үндістанға атанды, жолда адасып 1492 жылы 12 қазанда басқа құрлықтан бір-ақ шықты. Қасындағы картограф Америго Веспучи жаңа құрлыққа өз атын теліді. Екі құрлықта 90 миллион халық болған, арадан екі жүз жылдан соң, яғни 1692 жылдары 3,5 миллион өкілі әзер табылған. Мексика жазушысы Октавиа Пастың тұспалдауынша, ацтектер елі-теократиялық мемлекет болғанымен, әр қаланың өз құдайы болғанымен, ұстанған нанымдары біркелкі еді. Күнәға батқан халықты, аспаннан машайық түсіп құтқарады дегенге сеніпті. Оның үстіне, олардың күнтізбелері бойынша, бұрынғы құдайдың өкілеті таусылып, жаңа құдай  іске кірісетін, өлара кезең екен. Испандық конкистадорлар құдай жіберген жазалаушыны күтіп, қаралай алаң болып отырған абыржулы  қауымның  төбелерінен жәй түскендей болыпты. Сондықтан олар 40-жылға дейін онша қарсыласпай  не істесе де, көну керек деген қағида ұстанған.

Жаңа әлемге аяқ басқан Еуропалықтар жергілікті үндістерді қынадай қырып, алтынға малшынған ғажап өлкені  іздеуге  жапа-тармақай кемелерге асықты. Кім  де болса, тегін байлықтан құр қалмауға Америкаға жетуге жанталасты. Алғашқы болып қазына тиелген 4 кемені Себастьян де Белалькасар мен Никола Родригес бастаған ірі экспедиция 1533 жылы 16 сәуірде Испан жағалауына  келіп  тоқтады. Осыдан кейін Эльдорадоның ешқандай аңыз емес  екендігіне халық сенді. «Американы көруге асыққандардың аяқ алып жүре алмайтын батпақтарында, тығыз өскен ну ормандарында, адамға алдырмас таулы  асуларында  өліктері қалды десеңізші»--деп жазды өз күнделігінде испандық  жаһанкез Мартинес. Бүгінгі алтын іздеушілер сол Фрай Маркос де Низа жазып кеткен күнделіктегі жазбаларды бетке ұстап Аризона штатын әлі күнге іздеп жүр. Сары темірдің құдіреті шексіз екендігін осыларды оқып отырып-ақ байқаймыз.

Адам баласының тыныс алу үшін ауа, өмір сүру үшін су  қаншалықты қажет болса, енді  ақша табу да қосылып отыр. Өйткені, ақшаң болса, ол денсаулық, тамақ, киім, білім, жұмыс т.б болып кете береді. Сондықтан Жер бетін мекендеген  7 миллардтан астам  халық  бір-бірімен сауда жасап қомақты қаржы табуға мәжбүр.

Әркім ақшаны әр қалай түсінеді. Біреуге бақ болып көрінсе, біреудің  сорын қайнатады. Жастарға арман, қарттарға  жалған. Біреудің түсіне кіреді, біреудің ісіне араласпаса тұра алмайтын  суреті бар қағаз ғана. Ойлы адамға ағын су іспеттес, ойсызға қол жетпес жармен тең  байдың қызы секілді. Ақша жақсы өмір  сүрудің  негізгі құралдарының бірі болғандықтан, қалаған затымызды  меншіктеу үшін төленетін төлем.  Әрине, сөз жоқ кез келген адам ақшаны  жақсы көретіні бесенеден белгілі. Сол ақшаны кім қалай тауып жүргендігі бір Аллаға аян. Қазақтың дүниетанымында ырымдап  «бай»  болсын деген ниетпен  ұл балаларының  аттарын Наурызбай, Олжабай, Бөгенбай т.б қойып отырған. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» қанатты сөздер қалған.

«Біз ұлы ел едік, қазір ұры ел атандық» 1993 жылы  ҚР Жазушылар Одағын басқарған Әнуар Әлімжанов айтып еді (жарықтық). Сол кездің өзінде бүгінгі  күнді көріп болжап  кеткендей  әсер қалдырады. 2018 жылдың 5 наурызында жарты әлемге жарияланған қолжетімді баспана мәселесін шешеді деген «7-20-25»  әлеуметтік бастамасы көтерілді. Ертегі секілді естілген, түк түсінбей қуанып қалғанбыз. Билік уәде берді ғой, енді орындайтын шығар деп сенгенбіз. Енді ол ертегі екендігі ашыла бастады. Бағдарламаны жүзеге асыратын  оператор  әрі бекітілмеген. Несие лимиті қандай? Бағдарламаға қатысатын баспананың қандай  талаптарға сай  болуы тиіс  екені де белгісіз. Ең қызығы «7-20-25» бағдарламасындағы жұмыс істейтін  әрбір адам алатын болады  деген  негізгі  идея  қатты өзгеріп кеткен. Енді әрбір адамның қолы жетпейтін бағдарлама болып шыға келді. Осыдан кейін  кімге сенеміз.

Ең алдымен 2004-2009 жылдары Ұлттық банктің төрағасы болған Әнуар Сейденов, одан кейін Григорий Марченко, Қайрат Келімбетов сияқтылар жалған жаңалық айтудан жағы талмай, уәдені үйіп-төгіп бере салатын жауапкершіліктен жұрдай, олардың қателіктері қарапайым халық үшін үлкен қайғы-қасірет болды.

Біріншіден, Үкіметтің кепілдігімен шеттен қарыз алып, елімізді өзгелерге тәуелді етті. Екіншіден, үстінен көлемді үстеме пайыз қосып халықты қанады. Енді сол үстемел пайызды төлей алмай зар илегендер қаншама. Үшіншіден, несиені алған адамдардың оны қайтара алмайтынын біле тұра, бей-берекет үлестірді. Төртіншіден, несие ақшасының басын бағамы әрбір сағат сайын аунап тұратын АҚШ-тың долларға  байлап қойды. Осының бәріне көз жұма қарауға бола ма? Өз пайдасы үшін  біздің банктер туған халқының басын  қатерге тікті. Банктеріміздің араны ашылып, тәбеттеріне  тиым болмай қалды. Нәтижесінде көптеген  тұрғындарымыз баспанасыз қалды. Олардың басым бөлігі  осы күнге дейін ереуілдетіп жүр. Тіпті, кейбір қарызын мемлекеттік қазына есебінен жабуға тура келді. Кейбіреулері  бұл соққыға көтере алмай өздеріне қол жұмсап, ең қымбат  өмірлерімен қоштасты. Несиенің қайтарымы жолында  нанын әзер тауып  жүрген байғұс  кедейді соттатып та жіберуден  тайынбайды. Қара халықпен ешкім санаспайды, оларды тек жұмысқа жегіп, «сүлікше сору» үшін  арналған сияқты. Осыдан кейін біздің  банктер қоғамдағы осы мәжбүрлік  пен мұқтаждықты әділетсіз  әрі арсыз  түрде  пайдаланып отыр демеске  амалым  жоқ.

Озық деген шетелдік оқу орындарын бітіріп келген мақтаулы  мамандарымыздың  біліктілігі осы ма? Халық  алған  қарызын қайтармайын демейді, қайтаруға шамасы келмейді. Себебі, нарық бір орында тұрмайды, күн  сайын қымбаттап барады. Әр жылы Н. Назарбаевтың жолдауынан кейін жалақы-зейнетақыға 2-3 мың  қосады да, базардағы азық-түлік  шарықтап шыға келеді. Ақырында сорлайтын  табысы төмен  қарапайым халық. Кезінде Қайрат Келімбетов мырза «Несиені төлей алмасаңдар, неге аласыңдар, алмаңдар, сосын қарыз  болмайсыңдар» деп еді. Басына іс түсіп, мұқтаж болып отырған соң, қалай алмайды.

Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов «Шетелде кәсіпкерлер ғана емес, жеке адамдардың банкроттығы сөз болып оны заң қорғап  жатса, бізде  оны талауға салып отыр. Банк жүйесі мен несие алушылардың  арасындағы қарым-қатынасты жаңа бір жүйеге  келтіру керек сияқты. Тартып алып 100 мың доллардың пәтерін  өз танысына 10 мыңға заңсыз  сатып жіберетіндер қазір аз емес. Сондықтан экономикалық, банктік, қаржылық қатынастарды қайта  қарау керек  секілді. Бірақ, одан  қаншама пайда тауып отырған лоббистер  өзгеріс енгізуге  кедергі болуын тоқтатар емес» деген байламын айтып отыр. Бұл кісінің  сөзінің жаны бар. «Күштінің құйрығы диірмен тартадының кері».

Жұмамұрат  Шәмші

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5638