Тест тапсырушы түлектің 14,5 пайызы «2» алды
Мектептеріміз «Алтын белгіге» бітіреді деп Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) үкілеп қосқан 3 мыңға жуық үздік түлектің тең жартысы дерлік үмітті ақтай алмады. Одан да қызығы, еліміздегі ең айтулы жоғары оқу орны – КИМЭП-тің студенттері де тест сұрақтарының өздерінше жасалған дұрыс жауаптарын саудаламақ болыпты. Яғни еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алатын азаматтарымыз мемлекеттік құпияны сатып жіберуге әзір боп шықты. ҰБТ жауаптарының заң бойынша мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылатыны белгілі. Абырой болғанда, олардың қолына мемлекеттік құпия түспей қалған. Егер нақты дұрыс жауаптар қолына тисе ештеңеден тартынбай сататыны анық…
Бір аптаға ұласқан биылғы ҰБТ да осындай «жаңалықтарымен» артта қалды. Десе де, кеше Астанада баспасөз мәслихатын өткізген білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев биылғы тестілеудің мектептердегі білім сапасының көтерілгенін көрсеткенін айтып, сүйіншілеп отыр. Оның айтуынша, ҰБТ-ның орташа деңгейі 74,9 балды құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 68 балл болатын. Жүзден асыра балл жинаған түлектер саны да биыл көбірек көрінеді. Министрдің айтуынша, 11 мыңнан астам түлек, яғни барлық тест тапсырушылардың 10,6 пайызы жүзден артық балл алған.
Былтырғы түлектердің 6,6 пайызы ғана мұндай биіктен көріне алып еді. Ал барлық сұраққа сүрінбей жауап беріп, ең жоғарғы бағаға (125 балл) ие болғандар – 8. Өкініштісі, еліміздің алтын орталығы – Астана мектептері түлектерінің ішінде барлық сұраққа қатесіз жауап берген ешкім жоқ. Есесіне, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қалаларынан екі-екіден ең жоғарғы балл алғандар бар.
Тестілеуден ең төменгі меже – 45 балл жинай алмай, «құлап кеткендер» де аз емес. Олардың саны – 15 476. Неге екені белгісіз, министр мырза бұл санға көп тоқталған жоқ. Құлқы да болмаса керек. Ал біз қолымызға калькулятор алып, пайыздық көрсеткішіне дейін есептеп көрдік. Сонда біздің есебімізше, барлық тест тапсырушы түлектің 14,5 пайызы «екілік» алған болып шықты.
Енді тест жауаптарын сатпақ болған ең таңдаулы студенттерімізге қайта оралайық. Министрдің мәліметінше, Алматыда ҰБТ сұрақтарының жауаптарын саудалап жүрген алаяқтар тобы қолға түскен. Ішінде КИМЭП-тің үш бірдей студенті бар. «Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ олардың қолындағы жауаптар өздерінің жасағандары болып шықты, қателері де бар», – дейді министр.
Бесбоғда АЛТАЙ, Астана
12 Маусым 2009
«Алаш айнасы» газеті 12 маусым 2009 жыл