Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
2119 0 пікір 19 Қараша, 2018 сағат 20:40

Түркістанда электронды қызмет қарқынды дамуда

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

Түркістан облысында көлік саласы бойынша жол картасы жасалынып, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Зерде» АҚ-мен келісім орнатылған. Бүгінгі күні көлік компаниялары мен инвесторлар арасында электронды билетті енгізу туралы меморандумға қол қойылды.

Пилотты жоба Түркістан қаласындағы № 1А бағытындағы қоғамдық көліктерге енгізіледі. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев мәлім етті.

Сонымен қатар бір уақытта GPS трекері арқылы электронды билет жүйесі орнатылатын болады.

Түркістан облысында цифрландыру жүйесін дамыта түсу мақсатында білім беру саласы бойынша педагогикалық құрамды жинақтау процесі автоматтандырылған. Облыс бойынша жұмыс іздеу және жұмыссыздық пайызын төмендетіп, қолжетімділікті және қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін «jumys.sitcen.kz» жүйесі енгізіліпті.

Бұрын педагогикалық лауазымға үміткерлер мен педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері бос орындар туралы мәлімет алу үшін әр мектепті аралау қажет болса, электронды жүйе арқылы өтінішті онлайн-режимде тапсырып, ашық конкурстық іріктеуден де өтуіне мүмкіндік береді

Сондай-ақ «Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекке қою және жолдама беру» процесін автоматтандыру жүйесі 358 мекемені қамтып отыр. Басқа аудандар мен қалаларда жұмыстар жүргізілуде. Аталған жүйелер түрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, азаматтар үшін барынша ашық түрде және қолайлы болуын қамтамасыз етеді.

Ағымдағы жылы Түркістан облысында цифрлық білім беру ресурстарын енгізу аясында 1500 BilimBook ноутбугын және 200-ге жуық интерактивті панелдері сатып алынып, нәтижесінде оқушыларды компьютермен қамту деңгейі едәуір артатын болады.

Жүздесу кезінде ақпараттандыру саласының мамандары Түркістан облысында  «DAMUMED» мобильді қосымшасына 58933 пайдаланушы тіркелгенін алға тартты. Бұл өңірдің белсенді пайдаланушыларының 6,8 пайызын құрайды. Жалпы, көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарланған. Оның айтуынша, мобильді қосымшаның көмегімен дәрігерге 28 645 қабылдауға жазылу, 1 249 үйге шақырту, 5 032 жүктілігіне байланысты есепке тұру және 23138 рет 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарын тіркеу сынды қызметтер пайдаланылған.

Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау саласы бойынша 100 пайыз техникамен қамтамасыз етіп, толығымен қағазсыз құжат айналымына өту жоспарланған. Сондай-ақ мобильді қосымшасымен тұрғындардың 30 пайызын қамту көзделіп отыр.

Abai.kz

0 пікір