Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2689 0 пікір 23 Сәуір, 2011 сағат 06:17

Хасан Оралтай: «Атым – қазақ, ұраным – алаш»

ХАСАН ОРАЛТАЙДЫҢ ӨМIРДЕН ӨТКЕНIНЕ БIР ЖЫЛ БОЛДЫ

Сүйiспеншiлiк түрлi-түрлi болады десек, соның iшiнде ең қасиеттi де қымбатты сүйiспеншiлiк - ол ұлтын сүю деп бiлемiз. Өйткенi басқадай сүйiспен­шiлiктер барлық жануарларда да бола бередi емес пе. Ұлтын сүю бар да, сол сүйiспеншiлiкпен ұлты үшiн қызмет етiп, елiн сүйiндiру тағы бар. Мұның алдыңғысы әрбiр адамда бар десек, соңғысы екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Бiрақ Хасан Қалибекұлы Оралтай екiнiң бiрi емес. Ол өзiнiң жаратылысы бөлек, сезiмi терең, тал­ғамы жоғары, ұстанымы мықты, мақсаты айқын азамат екенiн өмiр тәжiрибесi ар­қылы дәлелдеп кеттi. Оның бүкiл ғұмыры шынымен де "Елiм-айлап өткен өмiр" болды деуге тұрады.

ХАСАН ОРАЛТАЙДЫҢ ӨМIРДЕН ӨТКЕНIНЕ БIР ЖЫЛ БОЛДЫ

Сүйiспеншiлiк түрлi-түрлi болады десек, соның iшiнде ең қасиеттi де қымбатты сүйiспеншiлiк - ол ұлтын сүю деп бiлемiз. Өйткенi басқадай сүйiспен­шiлiктер барлық жануарларда да бола бередi емес пе. Ұлтын сүю бар да, сол сүйiспеншiлiкпен ұлты үшiн қызмет етiп, елiн сүйiндiру тағы бар. Мұның алдыңғысы әрбiр адамда бар десек, соңғысы екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Бiрақ Хасан Қалибекұлы Оралтай екiнiң бiрi емес. Ол өзiнiң жаратылысы бөлек, сезiмi терең, тал­ғамы жоғары, ұстанымы мықты, мақсаты айқын азамат екенiн өмiр тәжiрибесi ар­қылы дәлелдеп кеттi. Оның бүкiл ғұмыры шынымен де "Елiм-айлап өткен өмiр" болды деуге тұрады.

Хасан Қалибекұлы Қытайдағы қазақтардың жоғары жiк отбасында дүниеге келдi. Оның балалық шағын бақытты өттi деуге келер. Оның ес бiлгеннен естiгенi мен көргенi (әкесi Қалибек Райымбекұлы және оның үзеңгiлес жолдастарынан) қазақ халқының тағдыры мәселесi және ұлттық теңдiк пен азаттық үшiн күрес болды (ХХ ғасырдың 40-жылдары Шығыс-Түркiстанда ұлт азаттық қозғалыстары қайнап жатты, әкесi Қалибек сол қозғалыстың жетекшiлерiнiң бiрi болды). Бала Хасан тым жастай өте саясиланған қоғамдық ортада өстi. Ол азамат болған кезiнде (17 жасында) әкесiмен бiрге, отбасы ел-жұртымен амалсыздан атамекенiн тастап, Тарым шөлiн басып, Гималай тауын асып, Кәшмiрге босып барып, одан Түркияға қоныс аударған аса машақатты да азапты алыс жолды басынан кешiрдi. Бiрақ сол бес жылға созылған босқындық тозақ өмiр Хасекеңнiң жiгерiн титтей де мұқалта алмаған, керiсiнше, оны шыңдап қайсар жiгiтке айналдырған екен.

Хасан Оралтай қоғамдық iстерге 1954 жылы Түркияда араласты. Ол өзiнiң алғашқы еңбек жолын Iзмiр қаласындағы тарихи ескерткiштер сататын дүкеннiң сатушысы болудан бастады. Бiрақ ол қарабасының қамын күйттеп кетпедi. Өйткенi оны толғандырған маңызды мәселе - сан мыңдаған қазақтардың атажұрттан Анадолыға қоныс аударуының себеп-салдары едi. Сол кезде ол жас болса да саяси сарапдалдығымен мәселенiң сипатын дәп басып таниды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқының Кеңес Одағында, әлде Қытайда болсын саяси жаныштаулар мен жазықсыз қырғындауға ұшырай беруiнiң басты себебi - қоғамдық саяси жүйеде екендiгiн, яғни коммунистiк жүйеде екендiгiн терең түсiндi. Осы жүйенiң залалы тек Абақ-Керей қалибектер әулетiне ғана емес, жалпы қазаққа апат әкелiп тұрғанын қоғамдық тәжiрибеден таныды. Сондықтан ол өзiне коммунистiк жүйемен күресудi өмiрлiк мақсат етiп қойды. Бiрақ ол күресудiң жаңа тәсiлiн - ақпараттық күрес жолын таңдады да, қолына қалам алды. Сөйтiп, Хасан Оралтай Iзмiрлiк журналист Өздемiр Аталанмен бiрлесiп жазған "Himalaya Dastani - Гималай Дастаны" атты көлемдi еңбегi "Ege Ekspress" газетiнде 40 күнге таяу жалғасты жарияланды. Бұл мақалада атажұрттан ауған елдiң Қытайда және босқындық жолда көрген азаптары пайымдалған.

Алайда өткен ХХ ғасырдың 50-жылдары түркиялықтардың көбi қазақ деген халықтың кiм екендiгiн бiлмесе керек, онда барған қазақтардан "қытаймысың?", "жапонбысың?" деп сұрай бередi екен. Бұған намыстанған Хасан Қалибекұлы Түркия жұртшылығына қазақ деген халықты таныстыру үшiн көлемдi еңбек жазуға кiрiседi. Ақыры ол 1961 жылы "Еркiндiк жолындағы Шығыс-Түркiстан қазақ түркiлерi" деген кiтап жазып, өз қалтасынан 8000 түрiк лирасын (сол кезде бұл ақшаға бiр үй сатып алуға болады екен) жұмсап, баспадан шығарып елге таратады. Кiтаптың алғысөзiнде автор: "Бұл кiтабымда сiздерге, адамзат тарихының ХХ ғасырындағы ең бiр қорқынышты бөлiмiн, Отан және азаттық жолындағы iстерi дастан­ға айналған Қазақ түрiктерiнiң коммунизмге қарсы күресiн түсiндiруге тырысамын" - дейдi. Сондай-ақ ол қазақтардың ком­мунизм­ге қарсы болуының себебiне тоқтал­ғанда, "түркi тектес болуымыз, орыс пен қытайға құл болуды тiлемеуiмiз, ерiктi адам болып өмiр сүрудi көксеуiмiзде" деп тұжырымдаған ("Елiм-айлап өткен өмiр", Ыстанбол, 1999, 219 б.). Бұл сөздер Хасекеңде сая­си көзқарастың айқын қалыптасқанын аңғартады. Содан бастап ол коммунистiк жүйеге қарсы күреске шығып, ақпарат саласына қадам басады. 1961 жылдан "Бүйiк Түркелi" деген журналды, 1965 жылдан "Коммунизмле САУ­АШ" деген газеттi (кейiн журналға айнал­ған) шығарып, Мұстафа Шоқайдың жолын жалғастырды. Ол Мұстафа Шоқайды үлгi тұтты, Алашордасы ойшылдарының идеясын қабылдады және оны жалғастырды. Сондай-ақ ол алашшылардың бай мәдени мұраларынан өзiне сарқылмас рухани қуат алып отырды. Сондықтан да ол ғұмыр бойы Алаш идеясын үгiттеп, алашшылардың арманын армандап, мәдени мұрасын насихаттады. 1965 жылы "Бүйiк түрiкшiл Мағжан Жұмабайұлы" деген атпен баспадан шығарған кiтабы соның бiр дәлелi iспеттес.

Хасан Оралтайдың тiлеуiн Алла жөн көрсе керек, ол кiсi 1968 жылы Германияның Мюнхен қаласындағы АҚШ-тың "Азаттық" радиосы қазақ бөлiмiне қызметкер болып қабылданады. Хасекең осы радиода 1995 жылдың шiлде айына дейiн (зейнетке шыққанға дейiн) жұмыста болып, жай қызметкерден бөлiм директоры мiндеттерiн атқарды. Мiне, осы отыз жылдай уақыт - Хасан Қалибекұлының елi үшiн "Елiм-айлап" жүрiп жемiстi еңбек еткен кезеңi болды.

Хасекеңнiң радиода жұмыс iстеудегi сая­си мақсаты айқын едi. Сондықтан ол "Жұмысқа ерте барып, кеш қайтып, ұзақ отырып iстегенiм үшiн (overtaime) қосымша ақша талап етпеймiн. Радиодағы ол iстердi мен "Отаныма, қазағыма қызмет" деп бағалайтынмын. Өйткенi ол кезде, қолда бар мүмкiншiлiктермен қазақтың мүддесiн қорғап, сөзiн сөйлейтiн бiрден-бiр радио - "Азаттық" радиосының қазақ бөлiмшесi едi. Сол үшiн мен жұмысқа ерте барып, кеш қайтып, бiр ауыз сөз болса да қазақтық тұрғыдан айтуға, айттыруға тырысуды ұлттық мiндет, парызым" (аталған кiтап 310 б.) деп санаған. Сондай-ақ ол өзiнiң тiкелей түйсiгiмен "бiр күн келедi, сол күнi, халқымыз орыс пен қытайдың отаршылдық озбырлығынан да, коммунистiк зұлым-зомбылықтан да құтылады" (325 б.) деп сенген. Бiрақ "оны көрем деп дәмеленбеген" едi. Солайда ол өзiне-өзi жүктеген ауыр да, күрделi мiндетi мен парызын абыроймен атқарды. Хасекеңнiң сол радио арқылы жүргiзген ақпараттық күресi қызыл империя - Кеңес Одағынның ыдырау­ы­на, Қазақ елiнiң тәуелсiздiк алуына, шеттегi қазақтардың тарихи Отанына оралуына пәрмендi ықпал еттi. Соның нәтижесiнде ол өзi сол радиодан Қазақстанның тәуелсiз­дiгiн әлемге жариялау бақытына ие болды.

Хасан Қалибекұлының азаматтық ұстанымы мен қоғамдық көзқарасы айқын болды. Ол қазақтарға қатысты кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын және ұлттық мүдденi дәрiптейтiн. Хасекең қашанда: "Мен рушылдықты жек көремiн. Менiң атым - қазақ, тегiм - түркi, дiнiм - ислам, ұраным - Алаш, кiтабым - Құран, руым жоқ" (508 б.) деп айтып жүруiнде үлкен мән бар. Ол әрiптестерiмен кезi келген бiр әңгiмесiнде: "Алашшылар Арғын да емес, Адай да, Керей де, яғни Орта жүз де, Кiшi жүз, Ұлы жүз де емес, олар нағыз қазақ болатын. Олар рушылдықты жоюдың бiрден-бiр жолы - ұлтшылдық екенiн жақсы бiлген. Ұлтын сүйген адам ұлтшыл болады. Ұлтшыл адам рушыл болмайды. Ұлтшыл болу деген, яғни өз ұлтын сүю деген - барлық басқа халық, басқа адамды да сүю деген сөз. Өз ұлтын сүймеген, бәрiнен бұрын өз ұлтының мәселе-проблемасын шешуге тырыспаған адам басқаны жарылқай алмайды" (481 б.) - деп түсiндiргенi бар. Мiне, бұл ұлттық деңгейге көтерiлген тұлғаның көзқарасы мен азаматтық ұстанымы. Бажайлап бақсақ, Хасекең өмiрде өзiнiң осы ұстанымын қоғамдық байланыстарға арқау ететiн сияқты. Бұлай дейтiнiм, мен Хасан ағаймен ешқандай туыс­тық қатынасым болмаса да ол кiсiмен жиырма алты жыл бойы өте жақын байланыста, яғни туған бауырындай қатынас­та болдым. Бiздi тығыз байланыстыр­ған бас­ты нәрсе - ұлттық сана-сезiм мен саяси көзқарастың ұқсастығы сияқты.

Хасан Қалибекұлы өзiнiң "Елiм-айлап өткен өмiр" кiтабында (352-353 б.) Үрiмжiде менiмен қалай танысқанын жазды. Ол оқиға менiң де жадымда мәңгiлiкке сақталып қалды. 1984 жылдың шiлде айы едi, мен Хы Чиңлияң (He Xing liang - қазақ тiлiнiң маманы) деген қытай жiгiтi екеумiз Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының (екеумiз де осы академияның ғылыми қыметкерi едiк) ұйғарымы бойынша, Нығымет Мыңжанидың мемлекеттiк тапсырыспен жазған "Қазақтың қысқаша тарихының" қолжазбасын қытай тiлiне тез аудару үшiн Академияның Үрiмжi қаласындағы Хуа цяо (Hua xiao) қонақ үйiнен алып берген бiр бөлмесiнде жатып-тұрып, күндiз-түнi жұмыс iстеп жатқанбыз. Хасан аға Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясының аз санды ұлттар тiлдерiн зерттеу институтының шақыруымен алғаш рет Қытайға барып, осы қонақ үйге түскен екен. Дәл сол кезде мен қонақ үйден сыртқа шығып бара жатып, бiздiң академияның Әмина Ғаппар (институт директоры), Нығымен Мыңжани (институт директорының орынбасары) Сыртқы байланыстар бөлiмiнiң қызметкерi Чжан (Zhang) және бiрнеше қазақ кiсiлердiң Хасеңдi әуежайдан қарсы алып, қонақ үйдiң қабылдау залына ендi ғана енген кезiнде жолығып қалдым да, Нықаңнан бастап ол кiсiлердiң бәрiне сәлем берiп, қол алып амандастым. Сонда Чжаң маған келiп: "Сен бұл кiсiнi (Хасан Оралтайды) қайдан танисың?" - дедi. Мен "тарихшымын ғой, бұл кiсiнi ғана емес. Бұл кiсiнiң әкесiн де жақсы бiлемiн" дедiм. "Жарайды, сен академияның адамысың ғой, басқа адамдардың ол кiсiмен келсе-келмес таныса беруiне болмайды" дедi. Сонымен күнде Хасекеңмен осы қонақ үйдiң мейрамханасында кездесiп, тамақтан кейiн сыртқы залда отырып әнгiме­лесiп жүрдiк. Қытайдың тәртiбi бойынша шетелдiк қонақтарға тартылатын тағамдар мол әрi сапалы болады да, бiздерге берiлетiн тамақтары қарапайымдау келедi. Бiрақ Хасекең шетелдiк қонақтарға арнал­ған үстелге отырмай, қайта-қайта бiздiң отырған үстелiмiзге келiп алатын. Даяшылар ол кiсiнi өзiне арналған үстелге барыңыз  десе, "мен жалғыз отырып тамақ iше алмаймын ғой" деп әзiлдейтiн. Сол күндерi екеуара болған қысқа-қысқа әнгiмемiз бiздердi үлкен түсiнiкке жетеледi. Сонда Хасекең менде "Ұлттық сананың бар екенiн" (353 б.) байқаған екен. Бәлкiм, менiң Хасекеңе өте ұнаған жерiм де осы болар. Содан ол Германияға қайтқаннан кейiн, қанша қарбалас болса да маған үзбей хат жазып, тiптi Германиядан кiтаптар (Заки Уәлиди Тоғанның "Түркiстан және жақын тарихы" және бас­қа кiтаптар), журналдар жiберiп тұрды, мен де iнiлiк iлтипатпен хат жазып, ағалық қамқорлығына алғысымды бiлдiрiп жүрдiм. Рас, Хасен аға маған ғана емес, белгiлi ғалым Нығымет Мыңжаниға да кiтаптар жiбердi. Тiптi, Шынжаң халық баспасының бастығының орынбасары С.Найманға "Қазақ Совет энциклопедиясын" толық көшiрiп түптетiп поштадан жiбердi. Ондағы ағайдың ойы - Қытайдағы қазақтардың ғылыми және мәдени өресiнiң өсуiне өз септiгiн тигiзу екенi белгiлi.

Мен 1993 жылы Қазақстанға келдiм, 1994 жылы көктемде Хасекеңмен Алматыда кездестiм. Хасекең менi қатты құшақтады, "мен сенi Алматыда кездестiремiн деп ойлаған жоқпын. Құдайға мың мәрте шүкiршi­лiк, тәуелсiздiктiң арқасында екеумiз осында кездестiк ғой" дедi, тебiренiп. Содан соң ол кiсi Алматыға жиi келiп тұрды, әр келген са­йын бiз кездесiп, шүйiркелесiп үзақ-үзақ әнгiмелесiп жүрдiк, халықаралық телефон арқылы да ауық-ауық хабарласып тұрдық.

Хасан аға менi Түркиядағы Егей деңiзiнiң жағасындағы саяжайына қонаққа шақырды. Бiрақ мен уәде берiп қойып, үш жылдай жазда уақыт тауып бара алмай жүрдiм. 2009 жылы жазда Хасекеңе телефон шалып сәлем берiп едiм, ол кiсi: "Ей, сен келмейсiң бе? Мен сенi қашанғы күтемiн" дедi, қатқыл дауыспен. Мен қысылғанымнан «Барамын аға» дедiм де, жазда бiрге жұмыс iстеп жатқан "Алаш зерт­теу орталығының" директоры Хайролла Ғабжалеловке: «Маған Түркияға Хасан ағаға бару керек болды», - деп едiм, ол кiсi: «Бiрге барайық» дедi. Сонымен Хайролла Мағауияұлы екеумiз тамыздың 9-ы күнi ұшақпен Түркияға жол тарттық. Хасекең Iзмiр әуежайынан бiздi қарсы алып, Егей теңiзiнiң жағасына орналасқан Өздередегi үш қабатты әдемi салынған саяжайына апарды. Үйдiң бiрiншi қабатындағы үлкен залда Алашордасының туы мен әкесi Қалибектiң үлкен керме суретi қойылыпты. Бiз бес күн осы үйде тұрып, Егей теңiзiне түсiп, емiн-еркiн әнгiмелестiк. Хасекең сол күндерi өте көңiлдi жүрдi. "Нәбижан, сен келiп, ел-жұрттың әнгiмесiн айтып, бiр жасап қалдым ғой. Мен мұнда әдетте күнделiк газеттердi оқимын, интернетке қараймын, кiтап оқимын, бiрақ содан түйген ойларымды бөлiсетiн адам жоқ, әңгiмелесуге адам таппайсың мұнда", - дедi. Хасекеңге рухани жалғыздықтың қатты батқанын сезiндiм, iштей аяп та кеттiм.

15 тамыз күнi Хасан ағамыз бен Әдише жеңгемiз бiр машина жалдап, бiздi Егей теңiзiнiң жағасымен жүрiп жер көрсетiп Iзмiр қаласына апарды. Қаланың көне базарын аралап Хүсар мешiтi (HUCAR - HISARCAMISI) деп аталатын шағын ескi мешiтке келдiк. Хасекең: «Нәбижан, - дедi, - мен 1955 жылы 4 сәуiр күнi осы қаладағы ескi дүниелердi сататын дүкенге сатушы болып жұмысқа келдiм. Содан осы мешiтке Жұма намазға келдiм. Мешiттiң iшiне адам толып кеткендiктен сыртта тұрған жамағаттың қатарына тұрдым. Ол кезде мешiттiң сырт жағы мұндай емес, құм-тастақ болатын. Бiр сәттен кейiн нөсер жаңбыр құйды кеп, елдiң бәрi тарап-тарап кеттi, менiң баратын жерiм жоқ, үстi-басым су-су болып тұрып қалдым. Ол кезде қалаға жаңа келгем, дүкеннiң тар бiр бөлмесiнде тұратынмын, онда не киiм жаятын жер жоқ, не ауыстырып киетiн киiмiм жоқ едi. Көңiлiм қатты құлазыды... Кеше елдiң бәрi еркелететiн, еңбек iстемеген байдың, аудан әкiмiнiң баласы едiм, мiне, ендi барарға жер таппай тұрғаным» - деп қатты толқыдым да, Құдайдан сұрадым, «жаратушы Алла, маған осы қаладан бiр бөлме үй бұйырта көр!» деп тiледiм. Қазiр осы қалада төрт котедж үйiм бар, балаларға бөлiп бердiм. Құдайға шүкiршiлiк, Iзмiрге келген сайын осы мешiтке келiп, сол күнiмдi еске аламын», - дедi. Көзiне жас iркiлiп кеттi, мен де тебiренiп кеттiм. Қасиеттi мешiтте тұрып тiлеген тiлеуiн Құдай қабыл көрген шығар, содан кейiн Хасекеңнiң жолы машақатты болса да сәттi болып, байлық пен құрмет ол кiсiге өздiгiнен оралып отырады. Бiрақ Хасекең қазақы қарапайымдылықты сақтап қала берген-дi.

Хасан аға бiздi Iзмiр әуежайынан шығарып салып, қоштасарда маған: "Нәбижан, сенiң маған арнайы сәлем берiп келгенiң керемет болды, сен маған туыс емессiң, құда-жегжат та емессiң, мүдделес адам да емессiң, бiрақ рухани жақын адамсың, рухани жақындық соның бәрiнен жоғары ғой," - дедi. Хасекең тарихтан да, өмiрден де өзiне рухани жақындарды iздеген адам болғандықтан, адамдар арасындағы байланыста рухани жақындықты жоғары бағалайтынын осы сөзiнен де байқадым. Әуежайда бiр-бiрiмiздi қимай-қимай қоштастық. Бiрақ мен ойлаған жоқпын, сол қоштасуым Хасан ағамен ең соңғы қоштасуым болады деп.

2010 жылы қараша айында мен Швейцарияның Цюрих университетiне ғылыми конференцияға бардым. Конференция аяқтал­ған соң Хасан ағаның орнына Құран оқиын деп 28 қараша күнi Цюрих қаласынан Германия­ның Мюнхен қаласына пойызбен жолға шығып, қас қарайғанда Мюнхенге жеттiм. Вокзалдан менi Хасан ағаның күйеубаласы Iсмайыл мен үлкен ұлы Жәнiбек қарсы алды. Iсмайыл мен Нүркамал Хасанқызы маған арнап кешкi қонақасын дайындап, құдаларын да шақырған екен, бәрiмiз бiрге отырып көтерiңкi көңiл-күйде әнгiмелесiп тамақтандық. Одан соң Жәнiбек менi машинасымен қала маңына 20 шақырым жердегi курорттық өңiр - Зарнедiнге орналасқан Хасан ағаның үйiне апарды, егiлiп тұрған Әдише жеңгеммен жылап көрiсiп, құран оқыдым. Жеңгей: "Сен Хасан қайтқаннан кейiн алыстан әдейiлеп келiп, орнына Құран оқыған бiрiншi адамсың, сенi туған бауырындай жақсы көрушi едi, рақмет саған", - дедi. Осы үйде екi қонып Хасан ағайдың асыл қасиеттерiн айтып жеңгейдi жұбатқан болдым. Хасе­кеңнiң үш қабатты еңселi үйi бар екен. Бiрiншi қабаты үлкен зал. Залдың төр жағына биiк шкаф қойылған, оның ойықтарына оңнан солға қарай Мұстафа Кемел-Ата Түрiктiң, Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың және Хасан Оралтайдың үлкен портреттерi қатар-қатар қойылыпты. Алдыңғы үш портреттi Хасекеңнiң өзi қойған екен, Хасекең өмiрден өткен соң балалары сол кiсiлердiң қатарына әкесiнiң суретiн де қойыпты. Бұны өте дұрыс iстеген екен. Өйткенi Хасан Қалибекұлының өмiрде өзiне үлгi тұтқандары, жолын қуған ұлы тұлғалары солар едi. Ендеше, Хасекеңдi ХХ ғасырдың соңында солардың идеясын жалғастырушы ретiнде олармен қатар қоюға, дәрiптеуге әбден лайық деп санаймын. Осы портреттер түрiк халқының, қазақ ұлтының ұлы мұраттас тұлғаларының рухы Хасекеңнiң үйiнде өз жалғасын тауып тұрғандай әсер қалдырды маған. Хасекеңнiң қайсы үйiне барсаңыз да төрiнен Алашордасының туы мен көсемдерi­нiң портреттерiн көресiз де, ойланасыз...

Тарихымызда өткен ұлылардың ұлтын сүю рухы ұрпақтарымызға, мiне, осылай ұласа беруi заңдылық деп санаймын. Хасан Оралтай өз ұлтының, түркi халқының жүрегiнде мәнгi сақталады.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi Халықаралық қатынастар факультетiнiң профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір