Жексенбі, 24 Қараша 2024
2553 1 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 10:54

Түркістан облысында түйе сүтінен ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды

Елбасы Н.Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында ауылшарушылығы өнімдерін цифрландыруға баса назар аудару қажет деген болатын. Осыған сәйкес, Түркістан облысында түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды.

Өндіріс ошағының жобалық құны – 7,5 млрд. теңге. Күніне 100 тонна сүт өндіретін кәсіпорында қазір жүз адам еңбек етеді. Оның 10-ы қытайлық маман болса, қалғаны – жергілікті тұрғындар.

Бұл – Орталық Азияда теңдесі жоқ, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын жалғыз зауыт. Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорынның құрылысы өткен жылдың қаңтар айында басталған. Биыл маусым айында сыртқы құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарын монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Алып өңдеу кешені толықтай соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Барлық жүйе автоматтандырылған. Цифрлы технологиямен басқарылады. Түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен алдын ала өңдеу цехына жеткізіліп, осы жерде толық өңделеді.

Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығарады. Мысалы, 15 тонна түйе сүтінен 1 тонна дайын ұнтақ алынады. Ал құтыдағы құрғақ ұнтақты суға езіп, шұбат ретінде пайдалана беруге болады. Бір құтының ішіндегі ұнтақтың салмағы – 330 грамм. Егер мұны түйе сүтіне айналдыратын болсақ, 3,5 литр дайын шұбатқа айналады. Зауыттан шыққан дайын өнім негізінен Қытайға экспортталады. «Одан кейін Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспорттау жоспарда бар», – дейді зауыт мамандары. Айта кетейік, кәсіпорын – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны – 21 млн. доллар, яғни 7,5 млрд. теңге. Дайын тауар толықтай экспортқа шығарылатындықтан, өнім сапасына қойылар талап та жоғары.

Зауыт директорының бірінші орынбасары Жазира Озатқызының айтуынша, қазір мұнда 100 адам еңбек етеді. Оның 10-ы қытайлық маман болса, қалған 90-ны – жергілікті тұрғындар. Ал зауытқа қажетті шикізат Түркістан облысындағы шүйе шаруашылықтарынан жеткізіледі. Шұбаттың бір литрін шаруалардан 450 теңгеден сатып алады. Бұл, бір жағынан, өңірдегі түйе шаруашылығының дамуына серпін берсе, екіншіден, ұлттық сусынымыз әлемдік нарыққа шығады. Бүкіл Орта Азия көз тіккен зауыт қазір сынақ мерзімінде жұмыс істеп жатыр. Бұйырса, үстіміздегі жылдың соңында толық іске қосылмақ.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5681