Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
5306 0 пікір 30 Қараша, 2018 сағат 13:44

Қ.Тоқаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

ТМД ПАА Кеңесінің отырысы мен Парламентаралық Ассамблеяның 48-ші отырысында ұйымға қатысушы мемлекеттер парламенттерінің басшылары жиырмадан астам маңызды мәселелерді талқылады. Күн тәртібіне «Өрттен ерікті қорғау туралы», «Дербес деректер туралы» секілді маңызы зор үлгі заң жобалары енгізіліп, 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы ТМД елдеріндегі мемлекеттік билік органдарының сайлауларын байқауға әзірлік мәселелері қаралды және ТМД ПАА-ның 2019 жылға жұмыс жоспары бекітілді.

Сенат депутаттары сондай-ақ ТМД ПАА жанындағы қауіпсіздік және жаңа қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы үйлестіру жөніндегі бірлескен комиссиялардың, ТМД ПАА Қорғаныс және қауіпсіздік; Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық; Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялардың отырыстарына қатысты.

Таврия сарайында парламентшілердің қатысуымен Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына арнап қойылған көрме ашылды.

ТМД ПАА Кеңесінің қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында Сенат басшысы қытайлық «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асыруға ТМД елдерінің қатысу мүмкіндігі туралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, әлемдегі экономика мен халықаралық ахуалдағы шиеленістер, санкциялық теке-тірестер, алпауыт елдер арасындағы сауда қайшылықтарының арта түсуі аясында қытайлық стратегияның мән-маңызы арта түсетін болады.

«ТМД елдерінің бұл жобаға белсенді қатысуы Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін өрістетуге, аймақтық сауданы дамытуға ықпал етеді. Одан басқа, бұл санкциялық соғыстардың теріс зардаптарын жоюға мүмкіндік береді», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат басшысы ТМД ПАА-ға қатысатын мемлекеттер бұл жобаға қатысудың тиімділігін қазіргі кезде сезініп отырғанын атап өтті. Осы бастаманы одан әрі дамыту бүгінде күн тәртібінде тұр, бұл жерде көлік-логистикалық дәліздер мен тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға байланысты мәселелерді шешу туралы сөз болып отыр.

«Біз парламентаралық үнқатысуда сауда мен экономикалық ынтымақтастықты дамыту тақырыптарының келешегі зор деп санаймыз. Депутаттар ТМД ПАА аясында заңнамалық, нормативтік база қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады. «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын ілгерілету ауқымды Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін үйлестіруге ықпал ететін болады», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Қазақстан Сенатының Төрағасы Ассамблеяның биылғы жұмысының қорытындыларына оң баға берді. ТМД елдерінің парламентшілері ассамблеяға мүше елдер заңнама, экономикалық, әлеуметтік мәселелерде әр ел өздеріне лайық шешімдерді таба алатын құқықтық іргетас қалыптастырды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, дегенмен, қол жеткен деңгейде тоқтап қалуға болмайды, жұмыс үдерістерін жетілдіру үшін күш-жігерді біріктіру және оны цифрлық технологияның дамуын ескере отырып өркендету керек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963