Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
5277 9 пікір 30 Қараша, 2018 сағат 16:55

Түркістанда Яcсауи музейі салынады

Бүгін Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі селекторлық жиын өтті. Онда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді орындауға байланысты өңірде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта іске асырылатын жобалармен таныстырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Яссауи музейі салынбақшы екенін айтқан.

«Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы ел санасына қозғау салған, «Мәңгілік Ел» болу жолындағы ұлы міндеттерді айқындап берген, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, әрі елді биік мақсаттарға жетелейтін маңызды құжат. Осы құнды Бағдарламадағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыстар қолға алынып, қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін қызғалдақ гүлін қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» шарасы қолға алынды. Елбасымыздың айтулы мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан әл-Фараби ғұлама туралы да айтылды. Бұл бағытта да тарихи тұлғалар мен көне қалаларды насихаттау үшін анимациялық фильмдер мен телехикаялар түсірілді. Алдағы уақытта қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жаңаша жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі 2019 жылы Түркістан облысында «Сәйгүліктер» фестивалі ұйымдастырылатынын айтты. Ұлттық кодты жаңғырту мақсатында өткізілетін шара аясында ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, сондай-ақ ат әбзелдері, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы өтеді деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу жоспарға қойылған. Ондағы мақсат қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесі өткізу арқылы қазақ жері — металлургия пайда болған алғашқы орталықтың бірі екенін паш ету.

Сонымен қатар, Қ.А.Яссауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар атқарылмақ. Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Яссауи музейі салынбақ. Бұл мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Яғни, Ясауи феноменін жоғарылатып, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Сондай-ақ, Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпірінде Яссауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізу межеленген. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі.

Атқарылған жұмыстар мен жоспарға қаныққан Әсет Өрентайұлы шаруаны ширата түсіп, кестеге сай жұмыс істеуді тапсырды.

Дереккөз: otyrar.kz

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963