Серік Ерғали. Отарлық әліпбиден құтылудың жолы
Қазіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды практикалық мәселесінің бірі - қазақ әліпбиі. Алайда, халайықтың алдамшы бағытқа бұрылып бара жатқанын айтқым келеді. Біздің жұрт қарып пен әліпбиді шатастырып жүр. Қарып - бар болғаны дыбысты таңбалайтын таңба ғана, ал әліпби тілді жазбалауға арналған таңбалық жүйе. Қазіргі кезде қазақ тілі үшін маңызды нәрсе - таңбаның қандай екендігінен гөрі, әліпбидің қандайлығы.
Егер біз осы мәселенің басын ашуға талпынсақ, онда - қазақ әліпбиі деп жүрген бүгінгі әліпбидің қазақ тіліне қатысы шамалы екеніне көзіміз жетер еді. Сонда қарыпқа емес, маңызды нәрсе болып табылатын әліпбидің мазмұнына назар аударар едік. Қысқасы, қазақстандық қазақтар қолданып отырған қолданыстағы әліпби қазақ тіліне арналған емес, ең әуелі орыс тілін аман-есен жазуға ыңғайланған әліпби екендігі айдан анық. Осы әліпбимен біз 70 жыл бойы иттесіп келеміз. Өз тілімізді өгей тілдің жазу үлгісіне салып, өзге тілдің әлеуетін меңгерумен әуреміз. Бір қызығы, ойсыраған осы қалпымызға ой тастаған аузы дуалы, тұлғасы дуалды кісілердің ғылыми деңгейде мәселе көтермей, басын түйеқұсша жасыруы қайран қалдырады.

Шын мәнінде, қазақ тілінде сауатты жазып, барынша өз тілімізге жуық әліпбиді қолданып отырған шығыс түркістандық бауырларымыз екенін мойындайтын уақыт болды. Сондықтан да олардың тілі қытайшаға тәуелді емес, ал біздің тіл орысшаға бейім және соған барынша тәуелді. Тәуелді болғанда жазбаша да, ауызша да. Біз «ит» деп жазып, «шошқаны» танып жүрміз! Әрі кеткенде 30 дыбысқа 42 таңбаны арнап, басымызды шыр айналдырып, тілімізді барынша күрделендіріп, емленің «есін тандырып», өзіміз де, өзге де шошитын халға жеттік. Одан арыға барыспай-ақ қояйық - бәрі белгілі, талай айттық, талай жазылып жүр. Сонымен, мәселені неден бастау керек?
Мәселені ең әуелі, естуімізше, осыдан жетпіс жылдай бұрын бір ағамыздың, бір күнде жасап шыққан «кирилше» әліпбиін тілімізге икемдеуден бастау керек. Артық әріптерді жойып, қазақ тіліне керек дыбысқа сәйкес таңбаны ғана қалдыру арқылы әліпби реформасының бір сатысына көтерілеміз. Алайда, артық әріпті қысқарту да оңай деуге болмайды, ол қазақ тілінің жазбасын қамтитын арнайы Тұжырымдамаға сүйенуі тиіс. Әліпбидің қарыптан айырмасы оның жүйе екендігінде. Сол себепті, жүйенің болмашы жерін өзгерту арқылы өзге жүйе алатынымызды ескеру керек.
Әйтпесе, кейбір даулы әріптерді қысқарту да дауға ұластыруы мүмкін. Мысалы, бір ғана «Алла» сөзін жазуға қолдану үшін араптық Һ әрпін (сол секілді В,Ф әріптері т.т.) атойлап қорғайтындар болатыны белгілі. Оның үстіне бір әріпті қысқартқанның өзінде тілімізде жаңаша емле пайда болатынын ескеру керек. Сондықтан Әліпби реформасының тұжырымдамасы (ӘРТ) лингвистикалық тұрғыдан барлық даудың басын ашатын ғылыми және ресми құжат болып табылар еді.
Айталық, 42 әріпті қысқартып, отызын қалдырдық дейік. Мәселе мұнымен шектелмейді. Әлгі қысқарған әріптердің орнына жаңа әліпби негізіндегі сөздердің жаңаша жазындысын сіңіру де оңай шаруа емес. Мысалы, Ч әрпін қысқарту арқылы оның орнына ТШ жазу керектігін жұртты дағдыландыру мен қажетті электрондық және басқа құралдарға енгізіп, сіңірудің өзі біршама уақыт пен қаржыны, программалар әзірлеуді қажет етеді.
Компьютерге арналған Дұрыс жазу тексермесіне (ДЖТ) арналған программаның өзі біршама жыр болуы мүмкін. Десек те, осының бәріне жанкешті әрі талай дауға басын тігуге даяр лингвист-ұлтпаттар керек-ақ. Ондай ғалымдар тобы қазірден бастап мәселені қоғамдық негізде болса да қолға алғаны жөн. Ал, Үкімет бұл мәселе жөніндегі құзырлы жұмыс тобын құрып, кіріссе қанеки! Алайда, оған үлкен күмәніміз бар. Қазақстанның ұлттық мемлекет еместігі де, қазақ тілінің шын мәніндегі мәртебесіздігі де осындай мәселеде көрініп жүргенін жасыра алмаймыз. Біздің өзбек, түрікпен, әзербайжан ағайындардан артта қалуымыз да осындай тұрпатымыздан.
Нақтылай айтсақ, әліпби мәселесі екі сатыны шешуден тұрады: бірінші, осы күнгі әліпбиді реформалау арқылы шынайы қазақ әліпбиінің уақытша «кирилше» нұсқасын қоғамға сіңіру; екінші кезекте, сіңіскен әліпбиді ағылшындық қарып негізіне көшіру. Уақыт жағынан, алғашқы саты 3-5 жылды қамтыса, соңғы саты бес жылдан артылмайды.
Неге ағылшын қарпы? Егер де түрік, өзбек, әзербайжан бауырлар секілді латын қарпын жасақтасақ, екі есе ұтылуымыз мүмкін. Оның кирилшеден артықтығы шамалы болады. Себебі, барлық техникалық, электрондық программаларды қайта жасап, уақыт пен ақшаны шығындауға тура келеді. Ал ағылшын әрпі әзір тұр және оның қыруар техникалық әлеуеті де дайын. Тек қана әліпбиді соған негіздеу қалып тұр. Бұл турасында еңбектеніп жүрген азаматтар да жеткілікті.
Әрине, жазуды өзгерту аса жауапты жұмыс болғандықтан, ол үдерістен қоғамның барынша жеңіл өтуін қарастыру керек. Әліпби реформасын екі сатыға бөлудегі мақсаттың өзі - аталмыш жобаны жеңілдету, халыққа әрі жаңа әліпбиді, әрі жаңа емлені қақалатындай «асатудан» аулақ болу. Десек те, әр мәселені шешудің оңай жолдары бар. Мысалы, әрбір компьютерге енгізілген ДЖТ арқылы кез келген сөздің дұрыс жазылуын оңай бақылауға, тіпті, соның көмегімен жазуға болады. Сондай-ақ, электрондық кеңістікті жаңа әліпбиді сіңіру полигоны ретінде қолдану мүмкіндігі бар.
Қалай болғанда да, қазақ тілі үшін бүгінгі өгей әліпбиден құтылу жағын неғұрлым тезірек қолға алмасақ, уақыттан ұтыла түсетініміз айқын. Өкініштісі сол, ғылыми орта ресми бастаманы күтіп, ертеңгі мәселенің қиындығы халыққа түсетінін ескермей отыр. Егер де лингвистеріміз әліпби жағдайын тездетіп бастап, талдап, мәселені барынша шынайы деңгейге жақындатса, ресми (биліктік) шешім қабылдау да оңай әрі дұрыс болар еді. Шамасы, авторитаризмге дағдыланған ұлттық сана бұл жолы да «сарайлық» шешіммен шектелгісі келіп отыр. Бұл әліпби мәселесінде қатерлі нұсқаны қабылдауға апаруы мүмкін.
Біз онсыз да келешек ұрпаққа мәселенің бәрін үйіп-төгіп қалдырып, ал оның несібесін бүгін ішіп-жеп жатқан елміз. Ең болмаса, әліпби мәселесінде батылдық пен шешімгерлік танытуымыз керек-ақ.
Сөз соңы
Осы мақала арқылы аталмыш мәселені талқылауды бастауды ұсынамыз және талқылау әліпби реформасы төңірегінде болғаны абзал. Айтылар басқа сөз бен дау-дамай бұған дейін айтылып болғанын ескергеніміз мақұл.
«Абай-ақпарат»