Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3064 0 пікір 26 Сәуір, 2011 сағат 05:03

Жасарал Қуанышәлин. Қ.Әбілқайырдың мақаласы – әсіреұлтшылдық және нәсілшілдік

Биылғы жылдың 4-ші және 10-шы ақпан күндері тиісінше «Абай.кз» интернет сайты мен «Қазақстан» газетінде маған мүлде бейтаныс Қанат Әбілқайыр деген біреудің «Шакал кім, шайтан ше?» атты мақаласы жарық көріпті (басқа газеттер мен сайттар да оны жариялауы мүмкін, әрине, бірақ әзірше менің көзіме түскені осылар). Ал, мен бұл жөнінде маған қарсы былтырдан бері Алматы қаласының Медеу аудандық сотында жүріп жатқан... сот үстінде білдім.

ҚОЖАНАЗАРДЫҢ «КӨЗІРІ»...

Мәселе түсінікті болуы үшін оның жәй-жапсарына қысқаша тоқталып өтейін.

Биылғы жылдың 4-ші және 10-шы ақпан күндері тиісінше «Абай.кз» интернет сайты мен «Қазақстан» газетінде маған мүлде бейтаныс Қанат Әбілқайыр деген біреудің «Шакал кім, шайтан ше?» атты мақаласы жарық көріпті (басқа газеттер мен сайттар да оны жариялауы мүмкін, әрине, бірақ әзірше менің көзіме түскені осылар). Ал, мен бұл жөнінде маған қарсы былтырдан бері Алматы қаласының Медеу аудандық сотында жүріп жатқан... сот үстінде білдім.

ҚОЖАНАЗАРДЫҢ «КӨЗІРІ»...

Мәселе түсінікті болуы үшін оның жәй-жапсарына қысқаша тоқталып өтейін.

Ол кезде де, қазір де біреу білсе, біреу білмейді, 2005 жылдың 5-қазанында мен ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотына талап-арыз түсірген болатынмын. Бұған себеп болған президенттің: «У Казахстана, у казахов никогда не было границы. В очерченных сегодняшних границах не было государственности никогда», - деп, теледидар арқылы сол жылдың 24-тамызы күні сөйлеген сөзі. Алайда, менің заңды талабымның орындалмағаны (күткендей-ақ) аз болғандай, ҰҚК... менің өзіме қарсы қылмыстық іс қозғады! Қаскелеңдік зейнеткер, өзін үнемі мақтанышпен Солженицынның, яғни - Қазақстанның үштен екі бөлігін Ресейге қосып алу қажеттігін уағыздаған ұлы орыс шовинисінің «шәкірті» деп таныстыратын және беті бүлк етпей: «Наши предки-кочевники не строили границы, не признавали границы, а на местах их обитания оставались названия ориентиров местности и кладбища», - деп «дәлелдейтін» Сейіткерім Қожаназар дегеннің шағымы бойынша. Ал, былтырғы жылдың 3-қарашасында менің 2012 жылы болатын президент сайлауына үміткер ретінде қатысатындығым жөнінде мәлімдеме жасап, баспасөз мәслихатын өткізуім мұң екен, 8-қараша күні тағы да әлгі Сейіткерім Қожаназар Медеу аудандық сотына: «Жасарал Куанышалин оклеветал и оскорбил меня в своем интервью, опубликованном в газете «Эпоха» 4 августа 2006 года», - деген мазмұндағы жеке шағымын түсірді. (Бір қызығы, төрт жыл бұрын ондай сұхбат жарық көргендігін мен осы шағым арқылы білдім!) Міне, сол қылмыстық іс бойынша 2010 жылдың желтоқсанында басталған сот процесі күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Қазір мен, әлбетте, бұл процестің бүге-шігесін әңгімелемеймін, менің айтпағым - биылғы жылдың ақпанында өткен сот отырысына Қожаназардың, бейне бір жерден жеті қоян тапқандай болып, Қанат Әбілқайырдың аталмыш мақаласымағын менің «жалақорлығым» мен «қорлаушылығымның» «дәлелі» ретінде жалаулата алып келіп, судьяға табыс еткендігі. Яғни, өзім туралы мұндай материалдың жарық көргендігі маған осылайша мәлім болды.

Міне, содан бері Қожаназар сол жарияланымды өзінің «көзірі» тәрізді сот барысында үнемі көлденең тартумен келеді. Бұл жауабымды да мен осы жағдайға орай әбден шыдамым таусылған соң ғана жазуға мәжбүр болып отырмын. Әйтпесе, ондай бықсық мақалаға алтын сөзімді ысыраптап, қор қылмайын деген ұстанымда жүргем.

ҚАНАТТЫҢ КӨРГЕНСІЗДІГІ...

Қ.Әбілқайыр өз мақаласын «Азаттық» сайтының орысша редакциясында 2009 жылдың 28-ші желтоқсаны күні шыққан Сұлтан-Хан Аққұлұлының «Как одним листком бумаги власти остановили массовую голодовку интеллигенции» атты мақаласына орай менің және Хасен Қожа-Ахметтің Мұхтар Шахановқа қатысты айтқан сыни комментарийлерімізді әлдекімдердің жуырда дәптерше түрінде басып шығарып, жұртшылыққа таратуына байланысты жазған екен.

Әлбетте, кім де болса кез-келген адам туралы қандай да болса көзқарас білдіруге толық құқықты. Мәселе тек - көзқарастың қалай білдірілуінде. Ал Қанат Әбілқайыр, өкінішке орай, мазмұндық тұрғыда ақиқаттан, формалық тұрғыда әдептіліктен мүлде ауытқып, өз көзқарасын шектен шыққан көргенсіз, дөрекі  түрде жеткізіпті. Осыған орай бірден ескерте кетейін - әңгіме Хасен екеуміз жөнінде болғанымен, әрине, мен төменде тек тікелей өзіме қатысты жәйттерге ғана тоқталамын.

Сонымен...

«Азаттықтағы» аталмыш материалға берген комментарийлерімде мен адам, азамат және саясаткер ретінде өзімнің заңды құқығымды пайдаланып, НАҚТЫ ФАКТІЛЕР негізінде және халқымыздың «айтылмаса сөздің атасы өледі», «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»  қағидаларына сәйкес Мұхтар Шаханов жөнінде жылдар бойы қордаланып, көптен көкейде жүрген ащы да болса шындық һәм принципті ой-пікірлерімді білдірдім. Менің олай етуіме бұл кісінің соңғы кездегі еш сын көтермейтін оспадар іс-әрекеттері мен қылықтары түрткі болып, бұдан әрі қарай ол жөнінде үндемей қалуға хақым жоқ деп есептедім (ол фактілерді мен өз комментарийлерімде атап көрсеттім, сондықтан бұл жерде қайталап орын алғым келмейді; қажет қылған оқырман оларды не жоғарыдағы сілтеме бойынша сайттың өзінен немесе жұртқа таратылған дәптершеден оқып-білуіне болады).

Мен сөйттім, ал Қанат Әбілқайыр қайтті? Ол менің тарапымнан Шахановқа қатысты айтылған фактілердің ешқайсысын дәлелді түрде теріске шығармағаны былай тұрсын, олардың бір де біреуін тіпті қозғамайды! Оның бар білгені - мүлде айдалаға лағып, бейне бір менде өші кеткен, ата кегі бар адамдай бас салады да, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, әйдә кеп бас-көзге төпейді, жерден алып, жерге салып, оңды-солды «сыбайды»!

Сөзім жалаң болмауы үшін оның осы тұрғыда қолданған тұрпайы сөйлемдері мен сөздерінен, амал жоқ, ұзақтау да болса үзінділер келтірейін:

- «ұлтшылдықтың» терісін жамылған; - тас атушы; - мұнысы арсыздық; - үй-үйді кезіп жүретін өсекші әйелдердің «қатын әңгімелері»; - бұл «қатын әңгімелердің» артында «Желтоқсанның геройы» болғысы келетіндердің мысықпиғылдары ғана жатыр; - қазақ олардың айтқанына еріп, айтағына көніп пе? - өздерінің тілімен айтқанда «аталарының қақ басы»; - мысалға мен және мен сияқты қазақ жастары Жасаралдың да, Хасеннің де артына ермейді; - Шахановтың үстіне «жуынды» төгу акциясы өтеді; - сол жазылғандар сүзгіден өткенде 24 беттік «қатын әңгімені» құрапты; - осы отқа май құйған Хасен де, Жасарал да  өздерінің «түбі шикі» желөкпелер екенін баяғыда-ақ дәлелдеп тастаған; - осы елде Жасаралдың сөзін естімеген адам қалды ма? - иә, билікке қарсы шығып, соттасыпты. Ананы жамандапты, мынаны жамандапты. Жамандаған да жақсы ғой. Бірақ, оның да шегі бар; - әрине, 24 беттік парақша шындықтың бетін аша алмайды. Бұл ел Хасен ағам мен Жасарал көкем ойлағандай оңайшылықпен «зомби» бола салмасы анық. Сонымен қатар, «зомби» де емес. Ал, жасанды батыр болу ешкімнің де қолынан келмейді. - жүз жылдан кейін не боларын «болмашыға зомби бола салатын сіздердің саналарыңыздағы ақымақ халқыңыз» шешеді, Хасен һәм Жасарал көке; - сіздердің ұрпақтарыңыз «біздің әкелеріміз «қатын әңгімені» көпіртетін «өсекші» болыпты» демесіне кім кепіл? - мұндағы шайтан кім, шакал ше?... Еліңіз «Тосам Тозақ-Ахмет» пен «Таста-Арал Жыланшалин» деп жүрмесін...».

Интернеттегі кейбір екі иығын жұлып жеп, ауызына не келсе соны құса салатын иманнан безген, арсыз анонимдерді есептемесе, мен баспасөзде бұрын-соңды өзіме қатысты осыншама шектен шыққан масқара тілдеуді көрген емеспін және көрем деген ой басыма ешқашан кіріп-шыққан емес! Осыған орай Қанат Әбілқайырдың мынадай шатпағын жағамды ұстай отырып оқыған кезде: «Мынаның есі дұрыс па?!» - деген ойға қалдым. Сондықтан, әлбетте, оның мұндай сандырақтарына жауап жазып, өзімнің «түйе емес» екенімді дәлелдеп әуреге түспеймін.

ҚАНАТТЫҢ ӘСІРЕҰЛТШЫЛДЫҒЫ МЕН НӘСІЛШІЛДІГІ...

Мен қазір тек Қанат Әбілқайырдың: «Қазақтан кандидат құрып қалғандай тіркелмеген «Алға» партиясы Козловты кандитаттыққа ұсынуға жел бергенде Жасарал қайда еді? Козловтың шекпеніне кіріп алып, баспасөз мәслихатын өткізіп, өзі де президент болғысы келетінін, Козловпен бірге  билікке қарсы күресетінін, өзінің қолын Козловқа бере салуы да мүмкін екенін айтқаны да кеше сияқты еді. Шахановты «Бутяның» (Болат Әбілов) қала берді биліктің қолшоқпары болды» десіпті. Ал, өзі ешкіден серке сайлап жүргені қаперінде жоқ. Қазақы көзқараспен қарайықшы. Кім болса, ол болсын, Бутя қанша дегенмен қаны қазақ. Ал, Козлов... Оның «президент болам» деген қылығы қазақ жастарына екінші Колбин секілді көрінгені рас. Сол «екінші Колбиндікті» қолдайтын Жасаралды ұлтшыл деуге аузың қалай барады?» - деген адами да, саяси да, заңдық та, имани да тұрғыда сорақы «пәлсәпасына» арнайы тоқталып, жауап жазғанды дұрыс көрдім.

Осыған орай бірден айтарым: мақала авторының бұл сөздері - ешқандай да «қазақы көзқарас» емес, ашықтан-ашық ұлтараздығын қоздырушы барып тұрған жабайы, тұрпайы, пасық ӘСІРЕҰЛТШЫЛДЫҚ пен НӘСІЛШІЛДІК. Былтыр 27-қазан күнгі баспасөз мәслихатында Владимир Козловқа жұмыртқа жаудырып, оны балағаттап, ұлты мен аты-жөнін қорлаушы жалған «желтоқсаншы» бұзақылар мен арандатушылардың бүкіл есі дұрыс қазақ атаулыны жерге қаратқан жиіркенішті әсіреұлтшылдық және нәсілшілдік сойқанының баспасөз бетіндегі жалғасы.

Мен бұрыннан-ақ күнделікті өмір-тіршілікте болсын, қоғамдық-саяси салада болсын, соның ішінде өз еліме, жеріме, халқыма, ұлтыма, мемлекетіме қызмет ету мақсатында да дос, жолдас, серік, әріптесті әрқашан кімнің де болса ұлтына емес, адамгершілік қадір-қасиеттеріне қарап таңдаған және таңдайтын адаммын. Сондықтан да мен, бір жағынан - «қандары қазақ», бірақ нақты іс-әрекеттеріне сай барып тұрған мәңгүрт Масановпен (қара жер жеткізбесін), ұлт сатқыны Бутямен, саяси алаяқ Шахановпен, екінші жағынан - Головков, Своик, Сытник, Мизинов, Свиридов, Алматыдағы «Бірлесу», «Мегаполис», Ақтөбедегі «Диапазон» газеттерінің, «Рифма» радиосының басшылары сияқты және т.б. шовинистермен өмір бойы ашық айқасып келе жатырмын. Яғни, алғашқылары қазақ, соңғылары орыс немесе басқа ұлт өкілдері болғандығы үшін емес, әлбетте, әрқайсысының ел, жер, халық, ұлт, мемлекет үшін зиянды іс-әрекеттері мен қылықтары үшін.

1994 жылы мен оннан астам өңкей қазақ желтоқсаншының талабымен (олар кейін, қашан сол талап орындалғанша, бір жарым ай бойы саяси аштықта отырды!) Желтоқсан көтерілісі бойынша жаңа комиссия құру мәселесін депутат ретінде парламенттің күн тәртібіне қойған болатынмын (сол кезде М.Шахановтың осындай алғашқы комиссияның жұмысын орта жолдан доғарып, өзі Қырғызстанға елші болып кетуіне байланысты). Ал, біздің сол таза қазақи ынтамызға академик Салық Зиманов бастаған қаншама «қаны қазақ» билікшіл депутат өршелене қарсы шыққан кезде Владимир Чернышев бастаған «қаны орыс» депутаттардың бір бөлігі қолдау көрсетпегенде, сөз жоқ, ол комиссия құрылмас еді (өкінішке орай, оның бірнеше айдан соң заңсыз қуып таратылған парламентпен бірге жойылып кетуі - бөлек мәселе).

Халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» даналығы тек «қаны қазақтарға» ғана емес, жалпы «қаны адамдарға», яғни, Адам Ата мен Хауа Ана ұрпақтарына түгел қатысты даналық екендігін ескере отырып, енді, Қанатша айтқанда, «екінші Колбин» және мен «ешкіден серке сайлаған» В.Козловқа келейік...

Қазақтың күйеу баласы Володяның ұлт саласында ұстанатын айқын принциптері, оның өз сөздерімен айтқанда, мынадай: «Менің тамырым Қазақстанда,  ол - менің жалғыз Отаным, сондықтан мен ол үшін неге де болса дайынмын», «Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тіл - қазақ тілін білуге міндетті», «Атавистік (қанға сіңген) шовинизмді еркінсітуге болмайды». Және ол мұны жалаң айтып қана қоймай, нақты іс-әрекеттерімен дәлелдеп жүр.

Қазіргі тіркелмеген «Алға» партиясын кезінде «қаны қазақ» Асылбек Қожахметов басқарғаны белгілі. Міне, сол кезде ол жігіт №1-ші қазақ мәселесі - жер мәселесін қолға алудан бас тартып, илікпей қойды. «Партиямыздың бағдарламасы бойынша да, нарықтың заңдылығына да сәйкес жер жеке меншікте болуға тиіс», - деп, қасқайып қатты да қалды. Ал, оның орнына партия басшылығына келген бойда осы проблеманы тереңінен зерттеп, жерге жеке меншіктің бұқараны қара тақырға отырғызғанына әбден көзі жеткен «қаны орыс» Козловтың тікелей ықпалымен «Алға» партиясы көп ұзамай өзінің бағдарламалық ұстанымын күрт өгертіп, жерді халыққа қайтару жөнінде саяси мәлімдеме жариялады; жер мәселесін «Халық кеңесі» қоғамдық парламентінің күн тәртібіне осы тұрғыда енгізіп, Володяның өзі сонда баяндама жасады; ақыр аяғында «Халық кеңесі» республика басшылығы мен Қазақстан жұртшылығына Жер кодексін өзгертіп, жерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады.

Сондай-ақ, таза қазақ проблемасы, қазақ қасіреті - Шаңырақ көтерілісіне байланысты Алматы қалалық сотында 2007 жылы тоғыз ай бойы жүрген атышулы сот процесінде 25 сотталушыны қорғау үшін тағы да басқа емес, тап осы «Алға» партиясы барлық мүмкіндігін жұмылдырды (14 адвокат жалдады, 13 қоғамдық қорғаушы тартты, екі тілде шығатын «Шаңырақ айнасы-Зеркало Шанырака» газетінің шығарылуын қолдады және т.б.). Одан соң ұзақ мерзімдерге кесіліп, Қазақстанның әр түпкіріндегі түрмелерге қамалған шаңырақтық төрт батыр - Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев, Рүстем Тұяқовқа қамқор болды.

Соңғы жылдары Козловтың жеке ынтасы және бастамасы бойынша «Алға» партиясының қазақша білмейтін немесе нашар білетін аппарат қызметкерлері, оның өзімен қоса, арнайы жалданған мұғалімнің көмегімен мемлекеттік тілді үйрену курсын өтіп жатыр.

Республика билігі былтыр жұрт назарын басқа жаққа аудару мақсатымен әдейі жария еткен «доктринаға» байланысты М.Шахановтың көмегімен жасанды түрде өршіген айқай-шу, дау-дамайды пайдаланып, Қазақстанды ың-шыңсыз Ресеймен кедендік одаққа тығып жіберген кезде еліміздегі партия басшыларының арасынан бірінші болып бұған наразылық білдіріп, қарсы саяси мәлімдеме жасаған - Владимир Козлов.

Ал, күні кеше ғана президенттің Қытайға сапарына орай Рахат Әлиевтің миллион гектар қазақ жерінің «айдаһар еліне» 99 жылға арендаға берілгендігі туралы мәлімдемесі шыққан бойда: «Бұл - Қазақсатанның ұлттық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне тікелей қауіп төндіретін қатерлі қадам, сондықтан осы ақпараттың рас-өтірігін Назарбаевтың өзі айқындап берсін», - деп үзілді-кесілді талап қойған да - Владимир Козлов...

Міне, сондықтан да Володя: «Ертісбаев айтқандай, Назарбаевқа балама жоқ екендігі - өтірік, қажет болса - мен баламамын!» - деп, 2012 жылы президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысатындығын мәлімдеп, саяси сес көрсеткен кезде мен, жоғарыда айтылған жағдайларды өте жақсы білетін болғандықтан, оны толық қолдадым және Козловпен жұптаса отырып өзім де кандидат болуға дайын екенімді жария еттім. Өйткендегі мақсат - қазіргі халыққа қарсы билік жүйесін демократиялық-халықтық бағытта шешімді түрде өзгерту үшін еліміз тұрғындарының 90 пайызға жуығын құрайтын қазақтар мен орыстардың басын қосып, күшін біріктіру екендігін ашық мәлімдедім.

Қорыта айтқанда, мен не себептен қазақтың елі, жері, баянды болашағы үшін шыр-пыр болып, басын қауіп-қатерге тігіп жүрген шын күрескер, қоғамдық-саяси тұрғыда өзімнің одақтасым Володядан ол тек «қаны орыс» болғандығы үшін ғана теріс айналып, өзінің ұлт сатқыны екендігін өткен ғасырдың сонау 90-жылдарынан бері дәлелдеп келе жатқан жалған «күрескер», қағамдық-саяси тұрғыда маған мүлде жат Бутямен ол тек «қаны қазақ» болғандығы үшін ғана бірігуге тиіспін? Менен осындай адами һәм саяси ақымақтықты Қанат Әбілқайыр тәрізді әсіреұлтшылдар мен нәсілшілдер талап еткені үшін бе? Әлбетте, кім не айтса оны айтсын, ал мен ондай ақымақтыққа ешқашан барған емеспін және бармаймын да.

Жалпы мен отыз жылдан астам уақыт саясатта жүрген адам ретінде осы саладағы жастарды жіті қадағалап, байқап отырамын. Алайда, барша саясатты айтпағанда, жер, тіл, дін және т.б. қазақтың негізгі ұлттық құндылықтары үшін болып жатқан арпалыстардың еш те бірінің маңайынан күні бүгінге дейін, неге екенін, мына мақаласындағыдай «ұлт үшін» жұлқынып шығып, Жасарал мен Хасен тәрізді «желөкпелердің» басына әңгіртаяқ ойнатуға жарап қалған «қаны қазақ» Қанат Әбілқайыр атты «жас көкжалдың» өзі түгіл, көлеңкесін де байқамаппын. Сондықтан мен үшін оның «қаһарман» кескінін көз алдыма елестетудің өзі мұң болды. Осыған орай Қанат «батырға» айтар өтінішім - келесі бір «жалынды» мақалаңа оның кейіпкерлерімен қатар өзіңнің де фотосуретіңді басып жіберсең, өте дұрыс болар еді...

ДӘПТЕРШЕНІҢ АҚИҚАТЫ...

Бұған дейін саясат майданында үні шықпаған Қанаттың кенет шоқ басқандай шыр етіп, шоршып түсуіне себеп болған жағдайға орай екі фактіні айқындай кетейін.

Біріншіден, Мұхтар Шаханов туралы менің және Хасеннің комментарийлерімізді интернеттен алып, дәптерше түрінде  басып шығарып, жұртқа таратқан мен емес. Мен болсам, оны жасырмас едім.

Екіншіден, Сұлтан-Хан Аққұлұлының аталмыш материалы орысша шыққандықтан мен өз комментарийлерімді орысша жаздым және тақырыпты да орысша «Об истинном облике Мухтара Шаханова» деп қойдым. Ал, оның астына қосылған "Мұхтар Шакаловтың шайтандықтары туралы" деген қазақша тақырыпқа менің ешқандай қатысым жоқ. Демек, менің аты-жөнімді «Таста-Арал Жыланшалин» (?!) деп бұрмалауға да ешкімнің, соның ішінде пысықай Қанаттың да, ешқандай моральдық құқығы жоқ.

СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ

Бір сөзінде Қ.Әбілқайыр: «...мен және мен сияқты қазақ жастары Жасаралдың да, Хасеннің де артына ермейді», - деп пәлсінген екен. Менің бұған айтарым: «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» тәсілімен жазылған шимай-шатпақ «Шакал кім, шайтан ше?» мақаласының авторы тәрізді тәрбиесіз, көргенсіз, саяси надан, тайыз, шолақ, ұрдажық, әсіреұлтшыл және нәсілшіл жастардың біздің соңымызға ермей, Бутялардың соңына еруі - ол да объективті заңдылық. Ал, біздің әділ ісіміз бен адал ниетімізді қолдап, ары қарай абыроймен жалғастырып әкетуге дайын тәрбиелі, көргенді, ғылыми һәм саяси сауатты, озық ойлы, тәртіпті, иманды, рухты, әсіреұлтшылдық пен нәсілшілдіктен ада, яғни - қазақтың табиғи дархан мінезі, психологиясы мен менталитетінен нәр алған парасатты жастар елімізде, иншалла, жетіп-артылады.

Мен ешқандай теріс және оғаш қылықтары мен іс-әрекеттері арқылы халқымызды ешқашан ұятқа қалдырмайтын шынайы һәм сенімді ұлт болашағы - сондай үлгілі жастардың қарасы күн өткен сайын көбейе түсуін бір Алладан тілеймін! Әумин!

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН

Алматы қаласы, 2011 жылдың 24-сәуірі

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385