«Алтын доп» жүлдесін хорватиялық футболшы алды
Франция астанасы Парижде дәстүрлі «Алтын доп» жүлдесін табыстау рәсімі өтті.
Бұл марапат футбол әлемінде соңғы бір жылда толағай табысқа жеткен спортшыға беріледі. Аталған жүлдені соңғы он жыл бойы португалиялық Криштиану Роналду мен аргентиналық Лионель Месси ешкімге бермей жүрген. Қос үздік аладоп әлемінің бас бәйгесін бес реттен иеленді.
Ал биыл сол үрдісті 33 жастағы хорват Лука Модрич бұзып отыр. «Реал Мадрид» сапында Чемпиондар лигасында топ жарып, Хорватия құрамасын бастап Әлем чемпионатының ақтық сынына дейін жеткен Модрич футбол мамандарының мақтауына бөленді.
Жыл үздігін әлемдегі 176 елдің спорт журналистері дауыс беру арқылы анықтады. Нәтижесінде Лука Модрич 753 дауыс жинап айқын жеңіске жетті. «Ювентустың» шаубылшысы Криштиану Роналду екінші сатыда. Ал франциялық Антуан Гризманн («Атлетико Мадрид») үшінші орынға тұрақтады. Жоғарда біз сөз еткен Лионель Месси («Барселона») бесінші орынды қанағат тұтты.
Abai.kz