Дәурен Қуат. Құрылтай қарсаңында бір қазақ қамауға алынды
Ашғабадта Бейсенқұл Бегдесінов дейтін бауырымыз абақтыға жабылып жатыр. Бейсенқұлдың жазықсыз жаламен ұсталғанын ұлдары Әлібек пен Әмір ғаламтор арқылы хабарлауда.
Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған хаттарында Әлібек пен Әмір әкелерінің аяқасты тұтқындалғаны бір шаңырақтың астындағы жандардың зәре құтын ұшырғанын баяндай келіп, араша сұрайды.
«Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы, - дейді Әлібек пен Әмір, - Сіз беделі зор адамсыз. Сіздің сөзіңізге Батыс әлемі де құлақ асып, есептесіп отырады. Сіз қазақстандықтардың ғана емес, дүниежүзіндегі қазақтардың да «Ұлт көшбасшысы» - Елбасы ретінде танылдыңыз. Сіз Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары тағдырдың айдауымен жан -жаққа ауа көшкен қазақтардың басын Атажұртқа жинауды қолға алған едіңіз. Сіздің бастамаңызбен сырт жайлап, шалғай кеткен иен қиырдағы еліңіз Отанына қуана қоныс аударды. Олар ертеңгі болашағына бек сеніммен өмір сүруде».
Ашғабадта Бейсенқұл Бегдесінов дейтін бауырымыз абақтыға жабылып жатыр. Бейсенқұлдың жазықсыз жаламен ұсталғанын ұлдары Әлібек пен Әмір ғаламтор арқылы хабарлауда.
Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған хаттарында Әлібек пен Әмір әкелерінің аяқасты тұтқындалғаны бір шаңырақтың астындағы жандардың зәре құтын ұшырғанын баяндай келіп, араша сұрайды.
«Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы, - дейді Әлібек пен Әмір, - Сіз беделі зор адамсыз. Сіздің сөзіңізге Батыс әлемі де құлақ асып, есептесіп отырады. Сіз қазақстандықтардың ғана емес, дүниежүзіндегі қазақтардың да «Ұлт көшбасшысы» - Елбасы ретінде танылдыңыз. Сіз Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары тағдырдың айдауымен жан -жаққа ауа көшкен қазақтардың басын Атажұртқа жинауды қолға алған едіңіз. Сіздің бастамаңызбен сырт жайлап, шалғай кеткен иен қиырдағы еліңіз Отанына қуана қоныс аударды. Олар ертеңгі болашағына бек сеніммен өмір сүруде».
Кешегі үркіншілік заманда еліміздің батыс аймағынан үдере көшкен халықтың бір шоғыры түркімен жерінен пана тауып, қызылдардың қырғынынан бас сауғалап жан сақтап қалып еді. Әлібек пен Әмір Елбасымыздың құзырына жолдаған ашық хаттарында туысқан түркіпен халқына деген ризашылықтарын алғаусыз көңілмен жеткізеді. Содан соң: «заңгер ретінде қылмыскер жазасын тартсын, ұлдары ретінде әкеміздің жазықсыздығына сенімдіміз, оған тағылған айыптың бәрі жалған, қазақ ретінде Сіздің жосықсыз жайтке саяси пәрмен туғызып, Тәуелсіз Қазақстанның болашақ азаматы - Түркіменстандағы қазақ диаспорасының жетекшісі, біздің әкеміздің тағдырына араша түсіп жаладан аман есен алып шығуыңызды сұраймыз» деген өтініш айтады.
Бұндағы бізге беймәлімдеу болғанымен Бейсенқұл отағасы Түркіменстандағы қазақтың тілі мен дәстүрі үшін, көші-қоны мен өзге де мұқтаждықтары үшін жан аямай жұмыстанып жүрген қайраткер кісі екен. Бейсенқұл Оңайұлы «Елімай Түркіменстан» қазақ мәдени орталығын құрып Түркіменстандағы АҚШ елшілігінің тарапынан қаржылай көмек алудың келісіміне қол жеткізеді. Аталған орталық қазақ мәдениеті мен тарихына қызғып қарайтын зиялы қауымның рухани сұранысын өтеуге жұмыла кіріседі. Бірақ... өкінішке қарай, билік тарапынан Түркіменстандағы қазақ-мәдени орталығының қызмет етуіне тиым салынады. Естеріңізде шығар, осыдан жыл жарым бұрын Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы да белгісіз себептермен жабылып қалған еді. Ал, Қазақстанда өзбек мәдени орталығы былай тұрыпты, Өзбек театры (Шымкент қаласында) бар. Түркімен мәдени орталығы болса да алаңсыз өмір сүруде.
Хош, сонымен Бейсенқұл ағамыз неден жазыпты? Соған келейік.
Түркіменстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап елдегі өзге ұлт өкілдері атбасын түпкілікті отандарына қарай бұрды. Түркіменстан билігі Қазақстан сияқты күшігі мен мысығына дейін жеке бөлме иеленіп жалғанды жалпағынан кешкен жұртқа жалпақшейшлік танытпай, «көшсең үйді тастап көш» деген әмір жүргізеді. Тек Ресей Федерациясымен ғана арада өзгеше келсім жасалады. Әлгі келісім бойынша Ресейге қоныс аударушы - переселен статусын алған адам үй-жайын, мүкамал-мүлкін сатуға ерікті екен. Көрдіңіз бе, қалай? Әйткенменде, переселен мәртебесі Ресей ішінен нақты шақырту алған отбасына бұйырады. Басқаға жол жоқ. Содан Түркіменстандағы қазақтар (бәрі емес, әрине) дал ұрып Ресей переселені болудың жолын іздейді. Бұл жолды арғы бергіден көргені мен түйгені мол, алыс-жақынмен аралас құраластығы бар Бейсенқұл Оңайұлы тапса керек. Бейсекең салып ұрып Ресей барады, ол жақтан таныс-біліс қарастырады. Сөйтіп біраз қандасын баспанасын сатып көшудің бақытына жеткізеді. Сондай бақыттың ақысына әр отбасы Бейсекеңнің қолына 500 доллар көлемінде қаржы-пұл ұстатып кететін көрінеді немесе осы қаражатты алдын ала беріп Ресейге «іссапармен» аттандыратын болған. Сапардағы адам 500 долларды жырымдап жұмсағанда не қалады? Әлібек пен Әмір «әкеміздің айлық табысы шындағанда 1000 доллардан аспайтын-ды» деп ашық жазады ғаламтор арқылы Елбасымызға жолдаған хаттың баянында. Таяуда, күйіп-ақ кеткір сол 500 долларды Түркіменстан ұлттық қауіпсіздік министрлігінің жансызы Ербол Санбаев деген біреу (Әлібек пен Әмір оны дәл осылай атап отыр) Бейсенқұл Бегдесіновке берген көрінеді. Міне, Бейсенқұл отағасының басты айыбы - осы. Түркіменстан Қылмыстық кодексінің 2 бабы, 228 пункті Бейсекеңнің ісін алаяқтық деп танитынға ұқсайды.
Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің (ҰҚМ) қызметкерлері Бейсенқұл Бегдесіновтың үйіне сәуірдің 11-і күні баса-көктеп кіріп отағасының компьютерін, тағы да басқа жазба құралдарын тәркілеп кетіпті. «Әкеміз қазір қамауда. Тірі ме, өлі ме, білмейміз» дейді Әлібек пен Әмір.
Түркіменстанда 1995 жылы болып өткен халық санағының нәтижесінде 86987 қазақ болыпты. 86 мың 987 қазақтың 70 мыңға жуығы Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облысына келіп қоныстанған. Қалған 15-20 мыңдай қазақтың бірі Бейсенқұл Бегдесіновтың тағдыры анадай болып жатыр. «Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ». Біз порталымыздың доктринасында осылай деп жазғанбыз. Бейсенқұл Оңайұлының тағдыры сондықтан да бізге ойыншық емес. Ендігі жауапты құзырлы орындардан күтеміз.
Айтпақшы, Бекең 27-29 мамыр аралығында Астанда өтуі мүмкін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына шақырылған құрметті меймандардың бірі екен. Құрылтайға қадірлі ағамыздың келу-келмеуі екіталай. Ал, құрылтай дүнижүзіндегі қазақтарға қатысты мәселе өршіген тұста өткелі тұр.
«Абай-ақпарат»