Құбаш Сағидоллаұлы. Мемлекетқұраушы ұлттың тұтасуы қалай болуы керек?
Қазақстанда басқа ұлт мәселесі жоқ, «қазақ мәселесі», әсіресе мемлекетқұраушы ұлт төңірегіне топтастырудың маңызы күннен күнге артып келеді. Қаймана қазақтың қарасы 70 пайызды иектеп қалған кезде ел ішіндегі заңды ұлттық үрдістерді жөргегінде тұншықтыруға тырысып бағатын бөтен пиғылдағылардың жымысқы тірлігіне енді төзбеспіз. Зиялылардың көкірегіне шер құйған, әлдекімдерге есесі кетіп жатқан қазақтың заңды мүддесімен санаспауға ешкімнің қақысы жоқ. Әлхамдулилла, 67 пайызға жеткен шақта «береген қолым алаған» дегендей, қазақтың шерлі тарихта көрмей кеткен несібесін талап ететін күн туды. Сол тарихи 67 пайыздан бастап мемлекетқұраушы ұлттың консолидациясы жүйелі һәм тегеурінді түрде жүзеге асуы тиіс.
Жалған консолидация жарға жығады
Қазақстанда басқа ұлт мәселесі жоқ, «қазақ мәселесі», әсіресе мемлекетқұраушы ұлт төңірегіне топтастырудың маңызы күннен күнге артып келеді. Қаймана қазақтың қарасы 70 пайызды иектеп қалған кезде ел ішіндегі заңды ұлттық үрдістерді жөргегінде тұншықтыруға тырысып бағатын бөтен пиғылдағылардың жымысқы тірлігіне енді төзбеспіз. Зиялылардың көкірегіне шер құйған, әлдекімдерге есесі кетіп жатқан қазақтың заңды мүддесімен санаспауға ешкімнің қақысы жоқ. Әлхамдулилла, 67 пайызға жеткен шақта «береген қолым алаған» дегендей, қазақтың шерлі тарихта көрмей кеткен несібесін талап ететін күн туды. Сол тарихи 67 пайыздан бастап мемлекетқұраушы ұлттың консолидациясы жүйелі һәм тегеурінді түрде жүзеге асуы тиіс.
Жалған консолидация жарға жығады
Ұлттар арасындағы мәдени-әлеуметтік, экономикалық-саяси сала бойынша бәсекелестік АҚШ-тың ішкі ахуалын өзгертіп бара жатыр. Самуэль Хантингтонның «Біз кімбіз?» деп бас қатырғаны осы жайт. Американың қырық құрау халқын топтастыруға бағытталған демократиялық үрдістер, мемлекеттік саясат өз кезегінде АҚШ-тағы этникалық топтардың деградациясына да қызмет етіп жатыр. Енді 10-15 жылдан кейін әлгі Хантингтон қанқұса болып отырғандай «нағыз америкалықпын!» деген АҚШ патриотын таппайтын боламыз. Әнеугүні футбол матчында Ресей басылымдары орысы көп Қазақстан құрамасын «қазақтар» деп атап жатты. Ұлтын елдің атымен атау әлемде қалыптасқан үрдіс. Соған сай ел ішіндегі өзге ұлттарды қазақ деп атаудың әбестігі болмаса және оған ешкім намыстанбаса керек. Мемлекет құраушы ұлт - қазақ халқының мүддесі - елдің территориялық тұтастығын сақтау, төл мәдениеті мен төлтума дәстүрін қайта түлетіп, кең қолданысқа жеткізу, ауылдан қалаға қарай жылжып, шын мәнінде, саяси ұлтқа айналуына мүмкіндік беретін қалалық ұлтқа айналу, жоғары технологиялық салаларды игеріп, кәсіби біліктілігін шыңдау, мемлекеттік тіл - қазақ тілін көркейту, сырттағы қандастарын қайтару.
Саясаттанушы Рүстем Қадыржановтың айтуынша, Қазақстан халқының консолидациясы, саяси лидерлік арқылы берік топтасқан. «Саяси лидерлік» деп отырғанымыз Елбасы Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен сындарлы саясаты арқасында көпэтникалы елімізде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім бар. Жедел дамып келе жатқан экономикалық өрлеу өз кезегінде ел тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етті. Ең бастысы, қазақ халқының өзгелер үшін өзегін жұлып беретін асыл қасиеті мен бекзат болмысы көпэтникалы мемлекетіміздің тұтастығының кепілі екенін естен шығармаған жөн. Ал Әзімбай Ғалидың сөзімен ашып айтқанда, жаңа консолидация - елді қазақтандыру саясатын батыл қолға алу.
Доминантты ұлттың өрісін кеңейтсек...
Қазақ мемлекетқұраушы ұлт болғанымен, мәдени-рухани кеңістікте доминантты рөлге ие болып үлгерген жоқ. Бұл жерде қазақ мәдениетінің доминанттылығы туралы әңгіме болып отыр. Саяси және интеллектуалды элита, кәсіпкерлік ортаның сүт бетіне шығарлары - қазақтар. Алайда тілдік, діндік және мәдени доминанттылық маңызды факторға айналып отыр.
Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, қазақстандықтар «үлкен қазақ ұлтына» топтасуы керек. Діні өз еркі, бірақ мемлекеттік тілді білуі тиіс. Қазақстандағы азаматтар «үлкен қазақ ұлтына» бірігуге қарсы емес. Мысалы, өзбектер мен ұйғырлардың төртінші некесі өзге ұлттармен жасалады. Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек балаларына қазақша есім қою үрдіске айналған. Бір қызығы, шала қазақтарға қарағанда басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы күштірек. Қазақ басқа ұлт өкілдерінің бақуатты өмір сүруіне жағдай жасады. Енді қайтарымы керек. Өзгелерге қайтару қиын емес, ол мемлекетқұраушы ұлт төңірегіне топтасса, жетіп жатыр.
Консолидацияның жолайырықтары:
Қосполюсті консолидация немесе тілдік тұрғыдан топтасу
Қазіргі кезде көптеген салаларда тілдік тұрғыдан жіктеліс, мемлекеттік тіл мен ресми тілдің арасында бақталастық бар. Сондықтан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мінберлерде түгелдей қазақша сөйлегенде орыстілді ағайындарға жақпай қалды.
Қазақстандандыру немесе азаматтық консолидация
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты - қазақстандық ұлт идеясының негізінде жалпыұлттық азаматтық консолидацияға қол жеткізуге жұмылдырылған. Алайда азаматтық қоғам толық қалыптаспай тұрып, азаматтық консолидацияға еміне түсуіміз қисынсыз болар. Бұл бағытты шенеуніктермен бірге орыстілді оппозиция өкілдері, орыстілді азаматтар қос қолын көтеріп қолдайды.
Қазақыландыру немесе ұлттық консолидация
Ұлттық консолидация - мемлекеттіліктің тарихи-ұлттық діңін құрайтын фактор. Бүкіл қазақстандықтар мемлекетқұраушы ұлттың ғасырлар бойғы дәстүрлері мен құндылықтарына құрметпен қарап қана қоймай, олардың тұрмыстық тіршілігінде кеңінен қолданысқа енуі қажет. Ұлттық консолидацияның қозғаушы күші - мемлекетқұраушы ұлт, қалың қазақ. Қазақ зиялысы мен қазақтілді БАҚ-тың басты тақырыптарының бірі осы қазақтандыру, отарсыздану үрдісі.
Ой-тұжырым:
«Батырлар жырын» тыңдап өскен кез келген қарадомалақ мынадай сұрақтарға: «Кімнің ұрпағынансың?» - «Адам атаның ұрпағынанмын». «Кімнің үмметіненсің?» - «Мұхаммед с.ғ.с. үмметіненмін». «Кімнің мазһабынансың?» - «Имам Ағзам мазһабынанмын». «Кімнің миллетіненсің?» - «Ибраһим Халиулла р.х.ғ. миллетіненмін». «Кімнің силсаласынансың? - «Құл Қожа Ахмет Яссауи силсаласынанмын». «Ұлтың кім? - Қазақ...» деп жетпіс шақты сұрақтарға мүдірмей жауап беретін. Бұл кешегі ұлтымыздың адастырмас рухани темірқазығы, ұлттық консолидациясының айқын көрінісі, қалың қазақты қырық құрау діннен, қырық пышақ болып керісуден сақтайтын алтын діңгегі болса керек.
Құбаш Сағидоллаұлы
«Алаш айнасы» газеті 11 маусым 2009 жыл