Мемлекеттік тілдің ахуалы жөніндегі сараптама: Саяси кедергі (жалғасы)
Саяси кедергі
Қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңдама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.»
Саяси кедергі
Қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық үдерісін қамтитын жұмыс тілі болуға тиісті және мемлекеттік органдар мен ұйым, мекемелердің қолданысындағы басты тіл болуы керек. Өзге тілдер заңдама бойынша жергілікті деңгейде қолданыс табуы мүмкін. Алайда, конституцияның 7-бабының 1-тармағына оның 2-тармағының қайшы уәжі мемлекеттік аяда қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қойғаны өз алдына, конституцияның 7-бабының 1-тармағын оның 2-тармағы жоққа шығарып тұр. Екі тармақ бір біріне қайшы болмас үшін ең болмаса, 2-тармақ былайша болуы керек еді: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тiлмен қажетті жағдайда тең қолданылуы мүмкін.»
1-тармақтың құзыретін айқындайтын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң он төрт жыл бойы қабылданбай келеді. Оның үстіне, 2-тармақтағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.» деген уәж қоғамда және құқықтық салада «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде мемлекеттік тілді алмастырады.» деген уәж ретінде қабылданған. Бұл қабылдамның нәтижесінде, орыс тілін қоғам үшін міндетті ортақ тіл ретінде орнықтыру үдерісі аяқталды. Қалыптасқан бұл жағдайда, қазақ тілі қазақстандық өзге диаспорлар тілінің қолдану деңгейінде қалып отыр.
Мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде ресми және заңдамалық жағынан толық мойындалмаған; бұған мемлекеттік тілді дамытудың міндетін атқаратын мемлекеттік органның жоқтығымен көз жеткізуге болады. Тіл саясаты жөніндегі уәкілдік орган болып табылатын Тіл комитеті (орысша: Тілдер жөніндегі комитет) мемлекеттік орган деңгейінде емес, ведомостволық (министрлік қарауында) құзырдың аясында болғандықтан, мемлекеттік міндетті атқаруға қауқарсыз, құзырсыз. Сонымен бірге Тіл комитетінің міндеті мемлекеттік тілді емес, Қазақстандағы барлық этнос тілдерін дамытуға міндеттелген. Оның үстіне атқарылып жатқан шаралардың барлығы да әуесқойлық ауқымдағы өңірлік, ұйымдық, мекемелік, әртекті және әр сипатты, әрмақсатты, әрдеңгейлі. Тіл комитеті өзімен өзі, өңірлік тіл басқармалары өз беттерінше әкімдік құзыр аясында әрекеттенуде, істе бірыңғай тігіңкі (вертикал) бағыныстағы мемлекеттік міндетті атқаратындай мемлекеттік ұйымдық сипат жоқ. Облыстық, қалалық тілдерді дамыту басқармалары тікелей әкімдіктердің құрылымы, олар Тіл комитетіне қаржылық және әкімшілік тараптан бағынбайды.
Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекеттік жалпы міндет ретінде ешбір мемлекеттік органдарға талап қойып, салмақ салып отырған жоқ. Сайып келгенде, елде нақты анықталған тіл саясаты жоқ. Елдегі басты тіл құзыры мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің пайдасына айқындалмаған. Декларативтік түрде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі болғанымен, шынайы ахуал бойынша елдегі басты тіл орыс тілі болып табылады. Қазақ тілін дамыту бірегей мемлекеттік міндет емес, елдегі этностар тілінің бірі ретінде, сәл-пәл басымдықпен дамыту ғана қолға алынуда және атқарылған нәтижелі істен гөрі, сөз бен уәде, даңғаза насихат басым.
Тіл саясатының негізгі нысаны ретінде қазақ тілін дамыту жатқызылмаған, нысан ретінде оған барлық 130-дан аса этнос тілдері жатқызылып отыр. Алайда, бұл тіл саясатының салиқалылығы емес, оның жүйесіздігі мен мақсатсыздығын тудырып отыр. Жүзден аса тілді бір елде дамыту мүмкін еместігі ескерілмеген. Мемлекетте мемлекеттік тіл ғана дамуға жататыны, ал қалған тілдер этностық ортақ қатынас құрал мен этностық мәдени нысан ретінде қорғауға алынатыны саяси нақты мақсат ретінде айқындалмаған және саясатқа айналмаған.
Қабылданған тұжырымдамалар мен бағдарламалар қасаң сөзуарлыққа ұрынған, декларативтік сипаты ғана бар, нақты бағыт пен іс-шараны, міндетті анықтауға дәрменсіз. Сондықтан да елде мемлекеттік тілді дамытуға арналған нақты шешім мен заңдама жоқ, бары долбар мен жорамалға негізделген. Нақтыланбаған тіл саясаты мемлекеттік тілдің дамуына бірден бір саяси кедергі болып отыр. Соның нәтижесінде қазақ тілі біртұтас ұлттың қалыптасуына қажетті факторға айналмай отыр. Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде мемлекеттік тілге қолайлы орта мен мүмкіндік жасау саясаты жүргізілмей, тіл саясаты жаттанды шаралармен қамтылған нәтижесіз алданыш ретіндегі көрініске айналған. Тілдік саясатты атқаруға, жүзеге асыруға мемлекеттік міндет ешкімге нақты жүктелмеген және көрсетілмеген, талап айқындалмаған.
Мемлекеттегі ісжүргізім үдерісін бақылау тетігі айқындалмаған. Конституция қабылданған күннен бастап мемлекеттік тілде іс жүргізуге тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, басты заңның құзырына қайшы түрлі мерзімдерді ойлап табу арқылы ісжүргізімді мемлекеттік тілде жүргізуден астыртын түрде бас тартып келеді. Бұл жағынан Тіл комитеті тілдерді дамыту жөніндегі басты Уәкілдік орган ретінде оларды бақылау жөніндегі дербес шешім қабылдай алмайды және оны жүзеге асыру құзыры жоқ. Ал, Мемлекеттік қызмет агенттігі бұл мәселеден өзін өзі мейлінше оқшаулаған.
2.Экономикалық кедергі
Мемлекеттік тілдің дамуына бөлініп жатқан қаржы жалпы алғанда қомақты болғанымен, Тіл комитеті тарапынан құралған бұл бюджет барынша сарапталып айқындалған мақсаттарға емес, жолайы және субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларды қаржыландыруға жұмсалып келеді. Оның үстіне, мемлекеттік тілді желеу етіп бөлінген жергілікті билік деңгейіндегі қаржы да аса қомақты, бірақ олардың қандай мақсатқа және нәтижеге жеткізіп отырғандығы беймәлім. Қыруар қаржы көзінің тиімділігі үлкен күдік туғызады; әсіресе, тіл оқыту мәселелеріне миллиондап бөлініп жатқан қаржының тиімділігі аса төмен, бұл жөнінен әлі күнге мониторинг жасалған емес, әрбір мемқызметшіге қанша ақша бөлінді, оның нәтижесі қандай деген сауал сол күйінде қалуда; жалпы бұл мәселеде тиімді тактика қарастырылмауда. Қыруар қаржы бөліп тіл оқыту үдерісін ұйымдастырғаннан гөрі, тіл үйренушіге әлдеқайда тиімді тілдік орта жасақтау саясаты қолға алынбай отыр.
Мемлекеттік тілді білу ынталандыру жүйесімен қамтылмауда, қазақ тілін білетін мемлекеттік қызметшілерге тиісті сыйақымен де қарастырылмаған. Алайда, қостілді қызметшілер өз міндетіне қоса ісжүргізімді қазақшаға аудару ісін де тегін атқаруда, олардың еңбегі әділетті түрде қорғауға алынбаған.
Мемлекеттік тілдегі ақпарат өндірісі мен өнер, білім және ғылым саласы нақты әрі айырықша экономикалық қолдауға жатпай отыр. Соның кесірінен бұқаралық ақпаратпен қамтудың 10 % - ы ғана қазақ тілді ақпарат өндірісі болғанымен, бұл өнімнің жартысының өзі орыс тілінің аудармалары болып табылады. Сөйтіп, қазақтілді ақпарат өндірісі индустриялық деңгейді былай қойғанда, дербес өндірістік салаға айналмауда. Ал, қазақтілді кино, әдебиет және басқа гуманитарлық өнер шетелдік экспансия ықпалынан шыға алмай, құрсауда қалып отыр. Білім беру мен ғылым саласы ең төменгі қажеттілік болып табылатын қазақ тілінде шығатын әдебиет пен оқулыққа зәрулікті бастан кешуде. Аталмыш жәйт бұл салаларға салықты төмендету, тиісті өнерақы төлеу секілді қарапайым шаралармен де көтермеленбеуде.
3.Менеджменттік кедергі
Қазақстандағы қазақ тілінің орны нақты айқындалмағандықтан, әлі күнге оны мемлекеттік тіл ретінде қолдану мен лингвистикалық нысан ретіне дамыту шатасқан шаралардың көрінісі болуда. Бұл саладағы менеджменттің төмендігі қазақ тілінің даму және ену нысаны ретіндегі мақсаттардың нақтыланбағанынан туындап отыр. Соның кесірінен, Тіл комитетінің басты бағыты бұлдыр, ішкі құрылымы тиісті бағыттар мен міндеттерге сәйкестендірілмеген. Тіл комитеті мен Тілбілім институтының аражігі ажыратылмаған және Тіл комитетінің өзге салалар мен ведомостовалармен қатынас деңгейі де шешілмеген. Айталық, Тілбілім институты қазақ тілін дамытуды лингвистикалық ғылыми тұрғыдан қолға алу үдерісінде Тіл комитеті қандай деңгейде қатысуы керек, институтқа жоғарғы орган ретінде ме, тапсырыс беруші ме болмаса серіктес ұйым ретінде ме - беймәлім. Ал, сол институт пен Білім және ғылым министрлігінің ара жігі қандай екені тағы беймәлім. Осындай балабажырдың кесірінен қазақ тілінің әлі күнге постиндустриялық ғылыми даму программасы жоқ, әлі күнге қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, фонетикалық және транскрипциялық, сондай-ақ ономастикалық салалар бойынша тұжырымдар мен стандарттардың, программалардың жоқтығынан, бұл салалар бойынша мәселелер қордаланып қалды. Тілбілім институтының да бұл мәселелер бойынша құзыры мен қауқары, қаражат көзі айқындалмаған. Ал, мемлекеттік тілдің енуіне бірден бір мүдделі орган болуға тиісті Мемлекеттік қызмет агенттігінің әлі күнге мемлекеттік қызмет аясындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін қарастырмауы мүлдем түсініксіз жәйт. Ең бастысы, мұның бәрін реттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның болмауы аталмыш мәселедегі парадокстық ахуалды одан әрі қоздыруда.
Жоғарыдағы аталған жәйттердің нәтижесінде, мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін шешу жоғары деңгейлі менеджменттік кірісімге (подход) емес, дилетанттық сипаттағы және қолда бар ресурсты Тіл фестивәлі секілді даңғой да даңғаза, тиімсіз шараларға рәсуәләумен шектелуге негізделген. Тұрақты да сауатты мониторинг пен сараптама жоқ. Коммерциялық және қоғамдық секторлардағы тіл жанашырларының әлеуетін мәселені шешуге пайдалана алу көрініс таппаған. Тіл департаменттеріндегі мамандардың аталмыш сала бойынша іскерлігі мен біліктілігін көтеру мәселесі шешілмеген. Орынды идея мен тиімді тәжірибелер ортақ іске жұмылдырылмаған. Тілді дамыту менеджменті қалыптаспай отыр; мәселені шешуге қоғамдық ұйымдарды тарту шаралары жоқтың қасы. Барлық іс-әрекет қоғамдық ортаның назарын дүркін-дүркін желбуаз шараларға аударып отыруға ғана бағытталған, олар тиімсіз де нәтижесіз және жүйесіз, ғылыми сарапсыз идеяларға негізделген.
4.Лингвистикалық кедергі
Қазақ тілін дамыту барысы кәзіргі кезде лингвистикалық мәселелердің шешіміне тәуелді болып отыр; әсіресе, тілдің орфографиялық және орфоэпиялық, фонетикалық және транскрипциялық, сондай-ақ ономастикалық салалар бойынша тұжырым мен стандарттың жоқтығы, қазақ тілінің одан әрі дамуы мен қоғамдық ортаға сіңісуін тұйыққа тіреуде. Бұл жағынан Тіл комитеті, Тілбілім институты және басқа да құрылымдардың мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша іргелі ұйымдастыру жұмыстары мен зерттемелерді қолға алуы жүйелі жолға қойылмай отыр. Аталмыш органдар мен мекемелердің жұмыстары өз беттерінше, мемлекеттік тілді дамытудың бірыңғай жүйесін қамтымайды, шаралары науқандық сипатта, ортақ стратегия дәйектелмеген және ол сәйкесінше міндет ретінде тиісті мекемелерге жүктелмеген. Соның салдарынан қазақ тілінің лингвистикалық проблемалары жекелеген ғалымдар мен бірен-саран тіл жанашырлары тарапынан жекедара көзқарас ретінде ғана айтылып, мәлімделуде. Ғылыми конференциялар мен отырыстардың қарарлары мен шешімдері, ұсынымдары тыңғылықты іске аспауда, олар қазақ тілін дамыту мен енгізуде стратегиялық және тактикалық жұмыс жоспарын жүзеге асыратын жүйеге айналмауда.
5. Қоғамдық кедергі
Бұл кедергі, шын мәнінде, тілдік ортаның қаншалықты екенінен туындайды. Қоғамда белгілі бір тілдік орта қаншалықты болса, тілдің қолданымы да соншалықты деген сөз. Ендеше, тілдік ортаның аумағын қарастыру арқылы қоғамдық кедергіні де анықтауға болады.Тілдік ортаның аумағы ретінде мыналарды атап өтеміз: мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық құрылымдар және қоғамдық ұйымдар, БАҚ. Тілдік ортаны жасақтайтын тілдің екі түрлі сипаты бар: ауызекі және жазба тіл, соған сәйкес қазақ тілінің де қолданым аясы әр алуан болуда. Тілдің аталмыш екі сипатын қарастыру арқылы, бұл мәселе бойынша шынайы көрініске көз жеткізуге болады.
Мемлекеттік ұйымдар
Мемлекеттік тілді ауызекі қолдану мемлекеттік ұйымдарда тұрмыстық деңгейде, одан қалды әшекей ретінде қолдану кең тараған; ауызекі қазақ тілі сәлемдесумен, қызметшілердің өзара жекелей пікірлесуімен ғана шектеледі. Ресми отырыстарда жұмыс тілі есебінде емес, сәлемдесу, кіріссөз бен ақырсөз ретінде, мемлекеттік тілдің атқарымпаздық үдерісі емес, әлдебір рәміздік кейпі ғана қалыптасқан. Мемлекеттік ұйымдарда қазақтілді азаматтардың бар екендігіне қарамастан, оларды сол тілде сөйлеуге икемдеу, міндеттеу немесе ынталандыру мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған. Қазақша сөйлеуге мүдделі азаматтардың сөзі аудармамен қамтылмайды және ол ресми әрі хаттамалық дәстүрге енгізілмеген, техникалық жағынан ілеспе аударма штаттық кестемен және құралдармен қамтылмаған.
Елде үштілді ресми бағыт жарияланғанына қарамастан, мемлекеттік ұйымдар біртілді (орыстілді) қоғамның ғана қажетін өтеуге бағытталған. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі қазақтілді азаматтардың өз тілін өз қызметіне қолдануы барған сайын төмендеп, тұрмыстық деңгейге құлдыраған. Соның кесірінен мемлекеттік ұйымдарда қазақша телесұхбат беретін адамды табу аса күрделі мәселе екендігі басы ашық. Өйткені, қазақтілді азаматтар біртіндеп орыстілдіге айналу арқылы өз тілінде ойын еркін жеткізу қабылетінен ажырау қарқын алған. Осылайша, мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін білмейтін адамға қызмет ету мүмкін еместігі барған сайын орнығып отыр. Бұл ахуал белгілі бір мониторинг пен бақылауға ұшыратылмағандықтан, беталдымен кеткен.
Жазбаша сала бойынша шалғайдағы қазақтілді елді мекендер мен аудандардан басқасында өңкей орыс тілінің айналымда екені дау туғызбайды. Алайда, мұрағат үшін және кейбір тексерімдерге бола ісжүргізімді қазақшаға аудару дағдыға айналған. Бұл аудармашы ұстау шығынын туындатып, қазақтілді қызметшілерге артық жүк болуда, ал аударма қағаздар мұрағат ретінде сақталатын құны болмаса, ешбір ресми жазбалық құндылыққа жарамауда. Себебі, аударынды ісжүргізімдік айналымға түспейтін әрі ісжүргізімнің үдерісін көрсететін жұмыстық құжат болып табылмайды. Сөйтіп, елдегі ісжүргізім үдерісіне мемлекеттік тілдің қатысы мейлінше азайып, жұмыстық мұрағаттар негізінен орыс тілінде хатталған.
«Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру» науқаны өзін өзі ақтамайтын шара. Ол мемлекеттік ұйымдардағы жазбаша тілдік ортаның орыс тілінде қалыптасқандығын, мемлекеттік тілде жазбаша ортаның жоқтығын көрсететін айғақ болып отыр. Тілдік ортаның маңызын түсінбегендіктен, оған қарабайыр жолмен кірісуден туылған тұрпайы әрекет себеп болуда. Нәтижесінде бұл бағыттағы әрекеттен ешбір тыңғылықты тіл дамуы байқалмай отыр. Оның үстіне әлі күнге қандай құжат қай тілде жазылатыны, мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілдегі қандай деңгейді меңгеруге міндеттілігі айқындалмағандықтан, аталмыш істің бәрі құзыры мен мәртебесі беймәлім аудармашыға жүктелген. Сөйтіп, мемлекеттік тіл ресми жұмыс тілі емес, аударынды түріндегі жансыз мұрағаттың шала өніміне айналуда.
Мемлекеттік органдардың бланкалары бірыңғай орыс тілінде басылады, әсіресе, қаржы, салық, құқық органдары бұл көріністе ешбір қымсынбайды. Ал, нотариус секілді жауапты мекемелерді жасақтауда мемлекеттік тіл талап етілмегендіктен, ірі қалаларда қазақтілді іс жүргізетін нотариус табу мүмкіндігі жоқтың қасы.
Биліктің сот, парламент бұтақтарының ресми тілі орыс тілі болып табылады. Мемлекеттік тілде сот үдерісін жатық жүргізетін сот төрешілері тапшы. Қазақтілді азаматтардың мүддесі аударма арқылы орыс тілінде жүргізіледі. Қазақтілді депутаттардың өздері депутаттық сұрауларын атқару билігінің өкілдері үшін орыс тілінде мәлімдеуге дағдыланған және қоғамды соған көндірген.
Ішінара жекелей жүргізілген тестілеу қорытындысына назар аударсақ: тестілеуге жергілікті атқарушы органдардан 1643 мемлекеттік қызметшінің 1352-сі, яғни 82,2 % қатысқан тестілеу қорытындысы бойынша - олардың 33,7%-ның мемлекеттік тілде іс жүргізе алатыны, 35%-ның пайызының іс жүргізуге мүмкіндігі бары, 20,3%-ның іс жүргізе алмайтындығы, 11%-ның тілді мүлде білмейтіндігі анықталды. Бұл - жергілікті деңгейде, мемлекеттік тілсіз де мемлекетті басқару мүмкіндігінің әбден орныққан көрінісі.
2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. Бұл білім саласындағы ел бойынша мемлекеттік тілдегі білім беру жағдайын көрсететін ахуал. Білім беру мекемелеріндегі қазақ тілінде білім мен тәрбие алушылардың, шын мәнінде, ауызекі және жазбаша қазақ тілін меңгеру жағдайы аса төмен. Балалар өз ойын қазақша білдіре алмайды, бұл әсіресе, қазақтілді қала балабақтары мен мектептеріне тән. Бұл мәселені қамтитын арнайы пән жоқ. Алайда, орыстілді балалар үшін бұл «Русская речь» немесе «Родная речь» пәндері арқылы жүзеге асып, орыстілді баланың шешендік және ойлау қабылетін арттыру талабы қолға алынған. «Ана тілі» аталатын қазақ тіліне баулуға тиісті пән бұл үдеден шыға алмауда. Қазақы бұл пән шәкірттерді тек қана қазақтілді әдеби шығармалармен танысуға негізделген. Мұның бәрі сайып келгенде, білім беру саласындағы стандарт пен талаптың бұл саладағы олқылығын көрсетіп отыр.
Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер бұқара алдында БАҚ арқылы негізінен орыс тілінде қатынас жасайды, қазақтілді БАҚтар бұл жағынан мемлекеттік ұйымдардың аудармашысы қызметін атқаруда. Тіпті, жариясөз (пресс-релиз) үстіртін, қатемен аударыла салады болмаса көптеген мекемелерде бұқараға арналған құжаттар орыс тілінде ғана таратылып, қазақтілді баспасөз талабы орындалмайды.
Қорыта келгенде, мемлекеттік ұйымдар мемлекеттік тілдің ауызекі және жазба салаларын дамытуды былай қойғанда, оны қалыптастыратындай орта бола алмауда.
«Абай-ақпарат»